Әбдіуақап Қара, түркітанушы: Қазақ елі үшін диаспора үлкен күш
АСТАНА. 10 қыркүйек. BAQ.KZ – Жақында Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Түркиялық қандасымыз Әбдіуақап Қара іссапармен Астанада болып қайтты. Ғалым осы сапар кезінде BAQ.kz журналистерімен жолығып, шетелдегі қазақтардың, соның ішінде Түркия мен Еуропадағы қазақтардың бүгінгі кешіп отырған күйі жайлы әңгіме ортақтасырған еді. Түркітанушы ғалымның пікірінше Қазақ елі үшін диаспора үлкен күш. Сондықтан шетте жүрген ағайынды Қазақстанның игілігіне дұрыс пайдалану керек дейді.
Біз жастарға Қазақстанмен жиі байланыста болуды айтып, қадағалап отырамыз. Өйткені бүгінгі таңда шетел қазақтарының қазақтық қалпын сақтауы, мәдениетін білуі – қазақ мемлекеттілігінің мүддесі. Өйткені диаспора үлкен күш. Егер диаспора ұлттық мәдениетін, тілін білмесе одан еш пайда жоқ. Сондықтан Қазақстан диаспораны ұтымды пайдаланамын десе ол диаспора да ұлттық тілін, мәдениетін меңгерген болуы керек. Еуропа қазақтары арасында соңғы буын жастар арасында оқымысты, халықаралық фирмаларда жұмыс істеген, білімді азаматтар шығып жатыр. Өкініштісі, солардың барлығы қазақ тілін білмейді. Жергілікті неміс, француз тілдерін жетік біледі. Біз оларды Қазақстан үшін пайдалана алмаймыз. Ол өз тілін білмегеннен кейін Қазақстанды да білмейді деген сөз. Қазақ тілін білсе оның мәдениеті, тарихы, туризмі, экономикасын да қазақша оқып біледі ғой. Сондықтан біз Қазақ елі ретінде бұндағы тиісті ұйымдар шетел қазақтарын, соның ішінде жастарды көбірек шақырып отыру керек. Тіпті, бұл жақтағы ЖОО-на көптеп алған дұрыс. Шетел қазақтарына арналған Назарбаев атындағы арнайы квота бар. Бұл өте жақсы. Біз де жыл сайын Түркиядан балаларымызды жіберіп жатырмыз. Қазір олардың алды жұмысқа да орналасты. 1990 жылдардың аяғында келген жастар оқып, қазақ тілін үйреніп қазір бірсыпырасы Қазақстанда жұмыс жасап, ал кейбірі Түркияға қайтып осы қазақ тілі арқылы екі ел арасында жұмыс жасап жатқанын жақсы білемін. Қазақстанда қалып жұмыс істеген азаматтардың көбі ата-анасын көшіріп әкеліп асырап жатыр. Олардың көші-қонға еш қажеті қалмастан өздері де келді, отбасын да көшіріп әкеліп жатыр. Ешкімге ауыртпалығы жоқ. Керісінше экономикаға пайдасын келтірді. Сондықтан біз осындай жастарды атамекендегі жастармен араластырып, оқу орындарына шақырып, оларға жиі жағдай жасаса деген ұсынысымызды айтамыз. Мысалы жыл сайын өтетін ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» РҒПО-ның қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қазақ диаспораларына арналған Халықаралық олимпиадасы, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өтетін жазғы демалыс және басқа да шетелдегі қазақ балаларына арналған фестивальдерге қатысуда біздің балаларымыз жол қаражаты жағынан көп қиналып қалады. Менің бұл жерде айтар тағы бір ұсынысым – шетел қазақтарына арналған арнайы бір қор болса. Осындай кезде балалардың келіп-кетуіне қол ұшын берер еді ғой. Жастар неғұрлым көп келсе, олар болашақта келген еліне қайтып кетіп жатса да Қазақстанның иммиджін көтеруге үлес қосары даусыз. Сол жақтағы техникалық, экономикалық мүмкіндіктерді де Қазақстанның игілігіне жарата біледі деп есептеймін,-дейді белгілі ғалым Әбдіуақап Қара.
Сұхбаттасқан Майгүл СҰЛТАН