27 Қараша 2013, 21:31АЙРЫҚША ПІКІР160 Алтын діңгек
Алтын діңгек Кәріліктің де дәрісі бар екен...
Өтіп бара жатқан жылдың басында Президент өнер адамдарымен арнайы кездесу өткізіп, екі сағат әңгімелесті. Мемлекет басында отырған, әрбір минуты санаулы адамға осынша уақытты бір салаға арнау – өте сирек ұшырасатын жағдай. Бұл да Елбасының ұлттық өнерімізге, ата дәстүрімізге деген қамқорлығы болса керек. Келіп жағдайымды сұрады.
– Қалай, Сәке, жақсысыз ба? – деді.
– Шүкір Құдайға. «Көбелектің кәрісі жоқ, кәріліктің дәрісі жоқ» деген ғой бұрынғылар. Жоқ, кәріліктің де дәрісі бар екен. Кәріліктің дәрісі – сіздің өнер қайраткерлерімен дидарласқаныңыз. Бұдан артық бізге дәрінің керегі жоқ, – дедім.
Кездесу әсерлі өтті. Жігерленіп шықтық.
Жан жолдасым домбыра...
Көптен сыйласып жүретін құрдас, замандас, көзкөрген ғұлама азаматты кездестірдім. Көзі мұңды. Амандық-саулықтан кейін маған:
– Домбыра тартып жүрсің бе? – деді.
– Иә, тартып жүрмін. Ендігі жердегі жан азығымыз сол ғой. Оны тартқанда бір сергіп қаласың. Бірақ, қайдағы-жайдағыны еске түсіреді, ойға батасың... Өзің қалайсың?
– Шүкір, Аллаға, жаман емес. Домбыра тартуым аз болып барады. Неге екенін білмеймін, соңғы кездері тартудан қалып барам. Дауыстарымыз қобыздың даусына ұқсап бара ма, қалай? Біртүрлі, бұрынғыдай емес, – деп бір тоқтады. Сосын сөзін қайта жалғап:
– Мүмкіндігі болғанша домбыраны тірідей жетім қалдырмай, күмбірлетіп тарту керек. Онсыз да қазіргі кезде теперіш көрген құдіретті аспабымыздың мазасы шамалы. Бабалар тегін айтпаған:
«Жан жолдасым, домбыра,
Сен де өзімдей аңыра,
Ажал құрық жеткен күн,
Қаларсың сен де адыра»,
– деп. Қайран жастық шақ. Сен бір кездері Біржанның «Теміртасын» домбырамен нақышына келтіріп орындағанда тыңдаушың сілтідей тынатын. Анда-санда paдиодан беруші еді, одан да қалдық. Оны айтасыз, небір құдіретті әншілеріміздің үні өшіп барады. Кейбір білгіштер заманның озық техникасына сай емес деген сылтау айтады. Қазақ десең, өзіңе тиеді. Өзбек ағайындар ата-бабасынан қалған ән-күйлерін түгел тазартқан, осы кезге ыңғайлаған. Таңның атысынан күннің батысына дейін көне саздары радиосында сарнап тұр.
Алматыға көрік беріп тұрған – Тәңіртау
Әсем қалада тұрғанымызға, өзіміз ойланып қарасақ, бақытты екенбіз. Менің Алматыда тұрғаныма 60 жыл болды. Осында келдік арман қуып, оқу оқыдық, білім алдық, маман болдық. Әркім өз саласында қызмет жасап, ауылға кеткендер ауылға кетті, қалада қалғандар қалада қалды. Ал біздің мамандығымыз өнер саласы, әртіс болғандықтан, әйтеуір қай қалада болса да, соған баруымызға тура келді. 1959 жылы консерватория бітіргендердің бәрін Әуезов театрына Жандарбеков алып қалды ғой. Содан бері, мінекей, әкемтеатрда аянбастан еңбек етіп, абыройлы болып келе жатырмыз.
Ондағы Алматы қандай еді, шіркін! Менің таңғалғаным, дүниежүзінде қаншама елде болдым, қаншама қалаларды көрдім, ал Алматының соған ұқсамайтын бір ерекшелігі бар. Кейбір қалалар ғимаратымен әсем болып көрінеді. Ал енді Алматы – ғимаратымен де, ғимаратсыз да өте бір көркем қала. Оған көрік беріп тұратын – Тәңіртау. О баста Тәңіртау екен ғой, кейіннен Алатау деп, қырғыздардың айтып жүргені көрінеді. Шерхан ағам солай дейді.
Дүниежүзінде таулар көп, кейбіреулер әншейін бір ат шауып шығатын төбенің өзін тау деп, жер-көкке сыйдырмай мақтап, өмір бойы жырлап өтеді. Олардың жыраулары да, ақындары да, айтыскерлері де бар. Ал енді біздің мына Алатауымыздың биіктігі, әсемдігі – дүниежүзінде өте сирек кездесетін бір табиғи құбылыс. Менің бір байқағаным, осы кейінгі жылдары біздің Алматыда жүретін қарлығаш дейтін қасиетті құс жоғалып кетті. Екі жыл болды мінекей, жоқ, келмейді. Мен соларды сағынамын. Әлде осы Алматыға көз тиді ме деп те қорқамын. Өйткені, келгендердің барлығы тамсанып, таңғалады ғой. Былтырғы апат таудағы тұрған шыршалар мен қарағайлардың бәрін жермен-жексен етті. Міне, солардың өзі де – бізді ойландыратын жағдайлар.
Алматы керемет, бірақ, тұрғындары көшенің кез келген жерінен кесіп өте береді екен...
Қаламызда қанша жұмыс жасалып жатса да мән бермей жүре береміз. Әрине, қаланың әсемдігі ең бірінші – жолы мен тазалығынан басталады. Содан соң халқының мәдениетіне байланысты. Айталық, адамдар арнайы жүргінші жолынан басқа жерден өтпейтін болса, ол қаланың мәдениеті жоғары деп есептеледі. Баяғыда Ленинградтан «БТД» дейтін театр келді. Сонда Юрский Сергей Юрьевич дейтін актер болды, қазір де бар. Мен содан «Алматы қалай?» деп сұрадым. Ол: «Ой, Алматы керемет, бірақ, тұрғындары көшенің кез келген жерінен кесіп өте береді екен. Бұл жақсы емес, бұл әдептілік емес», – деді. Сөйтіп, мақтап-мақтап келді де, бір ауыз сөзбен пышақсыз «бауыздай» салды.
Ал енді театрдың, Алматының дамып, көркейіп келе жатқанын ел көріп отыр. Қаншама тұрғын үй, ғимарат салынды. Спорт құрылыстары да жоғары деңгейде, қыстыгүні жоғарыдан төмен қарай сырғанап түсетін ғимараттың өзі қандай әсем. Бұл біздің Алматыға көрік берді.
Медеуге келсек, бұл – ертеден келе жатқан, Алматымызға сән беретін қасиетті орын. Медеу деген кісінің де өзіндік тарихи бар. Мұз айдыны, басқа да спорттық кешендер салынған шатқал сол кісінің жайлаулары екен. Кеңес заманында ол кісінің аты қалды, жаман кісі болмаған шығар деп ойлаймын. Кемтарларға көп көмек көрсеткен дәулетті жан болса керек. Демократия орнаған соң жақсы жерлерге қолынан келгендер үй салып тастады. Бірақ, жекеменшіктің қиындығы да аз болған жоқ. Бұрын, шіркін, кез келген жерге отыра қалып, рахаттанып демалатынбыз. Суы қандай еді. Ал қазір оның бәріне мүмкіндік жоқ. Өйткені, қазір Алматыда ұлтарақтай жердің иесі бар.
Тәуелсіздігіміздің көк Туы алғаш Алматыда желбіреді
Алматы қаласының тарихы жөнінде көптен бері сөз болып жүр. Әлі күнге бір тиянақты шаруалар болады-ау деген үмітпен келе жатырмыз. Бір кездерде Алматының 150 жылдығы деді ме, соны тойлағансымақ болды. Ол Храпуновтың дәуірлеп тұрған уақыты болатын. Елеусіздеу, жетім қыздың тойындай болып өтті. Біреу біліп, біреу білмей қалды. Ал енді қазір Алматының 1000 жылдан астам тарихы бар екендігі ғылыми түрде дәлелденді. Осыны біз атап өтуіміз керек. Алматының тойын қалай етіп атасаңыз да жарасар еді. Бұл өзі қасиетті жер. Бұл қала да біздің астанамыз болды. Халықтың тағдырына қатысты небір жақсы шешімдер, бүкіл қазақ халқын қуантатын тамаша жақсы істер осы шаһарда атқарылды. Егемендік алып, Тәуелсіздігіміздің көк Туы алғаш Алматыда желбіреді. Содан соң астана Арқаға көшті.
Бұл да игілікті шаруа болды, өйткені, біздің саясатымызға сай келді. Мына жағымыз – Қытай, мына жағымыз – орыс. Орыс орманына кіргізбейді, Қытай қорғанына жолатпайды. Әрқайсысы алпауыт ел. Екі алпауыт елдің ортасында азғантай ғана халықпен зор көлемді жерді иеленіп тұру оңай емес. Бұл үшін өте ақылды әрі сындарлы саясат керек болды. Бұл – көршілермен жақсы болудың бір жолы. Қиындық көрсек те, азап шексек те, оның бәрін кек сақтамай, бүгінгі күннің шешімімен олармен тату-тәтті, жақсы жағдайларда болу керек қой деп ойлаймын.
Есімов – ешкімге ұқсамайтын, басқаша әкім
Алматыда қаншама жолайрықтар салынып жатыр. Әр әкім келген сайын өзінің бар мүмкіндіктерін пайдаланып, Алматыны көркейтуге бар күшін салып келеді. Ахметжан мырза келгелі де көп өзгеріс болды. Бұл да бір ешкімге ұқсамайтын, басқаша әкім болып шықты. Маған бір ұнағаны, қала ішіндегі келеңсіз жағдайларды орын-орнына қоя білді. Алматыға кезінде қарағаштарды көп еккен. Қарағаштар – қаланың ағашы емес, даланың ағашы. Өйткені, бұл ағаштардың тамыры тереңге кетеді. Желдің өтінде тұратын ағаш қой. Солтүстіктен де, оңтүстіктен де, шығыстан да, батыстан да соққан желдің барлығына да ыңғайланып, мықты боп өседі. Ал қалада ондай емес, жел жоқ. Сәл-пәл бір дауыл соғатын болса қопарылып түсіп, не құлайды, не сынады. Астында машиналар, үйлер... тіпті, адам да қалып жатады. Кісі өлімі болған кездер де орын алған. Сондықтан қаладағы ағаштарды тазалау, саялы, берік ағаштар отырғызу бағдарламасын мен өзім өте құптаймын.
Айналмалы жол салғаны бізге өте қолайлы болды. Қазір әуежайға қаланың кез келген айналмалы жолымен 10-15 минутта жетіп барасыз. Бұл да – жақсылықтың нышаны. Онан кейін, қаланың ауасы да тазарып келеді. Халыққа аса қажет заттың бірі – ауа. Оның қадір-қасиетін біле бермейміз. Адам оттегі болмаса өмір сүре алмайды, өледі де қалады. Адамға ғұмыр сыйлап, өкпесін, денесін, қанын тазалап отыратын – ауа.
Әрбір студенттің қолында бір-бір алма жүретін...
Екінші қажет дүние – су. Алматыда бұрын арықтардың бәрінен су ағып жататын. Алмалары самсап тұратын. 1954 жылы оқуға осында келген кезімізде әрбір студенттің қолында бір-бір алма жүретін, арықта ағып келе жатқан алманы сүртіп-сүртіп жей беретін. Одан ауырып жатқан олар жоқ, қайта беттері алмадай болып қызарып шыға келетін. Ол бір сондай кезең еді-ау. Қазір біз айрылып қала жаздаған апортымызды қайтадан отырғызып, қайтадан өсіріп жатырмыз. Айта берсек, Алматыда жаңалық көп. Қаланың қоғамдық көліктері шетінен жаңарып жатыр. Жаңа жылға дейін шет елдің заманауи 200-ден астам автобусы келеді. Оның бәрі – газбен жүретін көліктер. Оларға жүргізушілер таңдалып алынатын көрінеді. Бұрынырақта кез келген адам шофер болып, 4 теңге, 3 теңге үшін бірімен-бірі жарысып, қаланың шат-шәлекейін шығарған кездер болды. Соның барлығы ретке келіп жатыр. Оның бергі жағында, құдайға шүкір, метромыз да бар. Бұл да бір қуанышты жағдай. Метроға түсіп көрсеңіз, жаздың ыстығында іші деген бір жұмақ. Әттең, әлі бекеттер аз әрі қысқалау болып тұр... Енді ол көбейеді және ұзарады ғой.
Осы метроны бітірген соң 40 жыл бойы жөндеу көрмеген Республика сарайы қайта жөндеу мен өңдеуден өткізілді. Қос қуанышқа ортақтасу үшін Елбасымыз Алматыға өзі келіп, метроны ашты. «Осы метро не ары емес, не бері емес болып, әбден мазамызды алып жүр еді. Тоқтатайық десек, оны көму үшін 3 есе артық қаражат керек екен. Тәуекел жасап, бас-тап едік, ақыры бітірдік. Бұл бір игі іс болды», – деді Президент сөзінде.
Брежнев жайлы қызық әңгіме
Осы жерде Нұрекең Брежнев жайында бір қызық әңгіме айтты. «Брежнев өзінің ең жақын досына «Социалистік Еңбек Ері» атағы мен «Ленин» орденін беру туралы жарлыққа қол қоймақшы болып, оны өзіне шақыртыпты. Досын құшақтап, беті-аузынан сүйіп тұрып «Айналайын досым, Отан соғысында бірге болдық, талай қиындықты бірге көрдік, сені сүйемін, сен де мені сүйесің, міне, құдайға шүкір, мына марапатты да менің қолымнан алайын деп отырсың. Мына жұлдызы – маған, ордені – саған болсын» деп арқасынан қағып жіберіпті дейді». Жұрттың бәрі ду күлді.
Сол кездесуде Елбасымыз Алматы жөнінде, Алматыға деген өзінің махаббаты жайында көп әңгіме айтты. Астанаға неге көшкенімізді, сол кезгі саясатты сөз етті. «Бұл не деген ессіздік, не деген бассыздық, халықтың тұрмысы нашар кезде қала салу ақылды шаруа емес. Алматыдан Арқаға көшіп, астынан су шықты ма...» дегендер де болғанын айтты. «Алматы – өзімнің туған жерім, өскен елім. Халық үшін, қазақ үшін, ел үшін сондай саясатқа көшу керек болды. Бірақ, Алматы менің назарымнан шықпайды. Бұрынғы болған әкім Иманғали көп жұмыс атқарды. Қазіргі Ахметжан да аянып жатқан жоқ. Жақсы жұмыс істеп жүр. Қаржы бөліп жатырмыз. Түбінде біз ұстанған осы саясаттың бәрі дұрыс болып шықты», – деді.
Бізбен отырып шәй ішті, әңгімелесті, сөйтіп қоштастық та кеттік. 1000 жылдан астам тарихы бар Алматының осындай қалаға айналғанын дұрыстап тойлауымыз керек қой деп ойлаймын.
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...»
Мемлекет Басшысының Алматыдағы резиденциясында әдебиет және өнер қайраткерлеріне президенттік және мемлекеттік стипендияларды тапсыруға арналған дәстүрлі басқосу болды. Бұл – 1995 жылдан бері келе жатқан, салтымызға айналған басқосу. Рәсімге Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, жазушылар, ақындар, әртістер, суретшілер, музыканттар, Қазақстанның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткерлер қатысты. Мемлекет Басшысы шығармашыл және мәдениет интеллигенция өкілдерін стипендияға ие болуларымен құттықтай отырып, стипендиаттар құрамы қоғамның көпұлтты құрылымын көрсететінін атап өтті.
Жолдаудағы міндеттер айтылды. Президент Жолдаулары – ел болашағының бағдары. 2030 бағдарламасын алайық. Алға қойылған міндет – әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру болатын. Шүкір, бұл талапты өз межесіне жетті деуге әбден болады. Қазір Қазақстан әлем бойынша 51-орында тұр. Экономикасы дамыған, қыруар шаруалар атқаруға қауқарлы ел. Қалыптасқанына, яғни негізін қалағанына небәрі 20 жылдан енді ғана асқан жас мемлекет үшін бұл аз жетістік пе?
Мемлекет Басшысы Қазақстан мәдениетінің жаһандық мәдени мұраның ажырамас бөлігіне айналуы тиістігін, әлемге танылған, мысалы, қытайлық, ресейлік, жапондық, кореялық және өзге мәдениеттердей болуы керектігін сөз етті. Осы орайда, қазаққа қатысты және жалпықазақстандық мәдени мұраны жаһандық деңгейде тарату тетіктерін ойластырудың маңыздылығы, бұл үшін ақпаратты алға жылжытудың жаңа технологиясын іске қосу қажеттігі айтылды. Бұған келешекте өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, сондай-ақ, әлемдік ауқымдағы өзге де іс-шаралар мен форумдар тамаша мүмкіндік беретінін сенімді түрде жеткізді.
Жаңа Жолдауында Елбасымыз республика халқының алдына тағы да үлкен міндет қойды. 2050 жылға арналған стратегиялық жоспармен таныстырды. Осы орайда бір айта кететін мәселе – Елбасымыз қандай мәселе көтерсе де, қандай меже белгілесе де ең алдымен ұлтаралық достық пен татулыққа үлкен мән береді. Бұл жолғы Жолдаудың да өзегі – халықтар достығы. Халықтың бір-бірімен тату болуы – мемлекеттің нығаюының, әл-ауқатының жақсаруының, өсіп-өнуінің сенімді кепілі. Қазіргі кезең – бәсеке заманы. Бәсекеге төтеп беру үшін қабілеттілік керек. Осыны үнемі құлағымызға құйып келеді.
Американың Дениал деген оқымысты көріпкелі «Әлемге осындай Президент көбірек керек. Егер барлық мемлекет басшысы Қазақстан Президенті сияқты ойлап, іс істейтін болса, әлем халқының жағдайы әлдеқайда жақсы болар еді» депті.
Елбасымыз жұртшылықпен болған бір кездесуінде «Не істесек те ақылмен істейік, арзан сөзге ермейік, жалған сөзге тізгін бермейік. Тарих жолы ұзақ, асықсақ та аптықпайық, Қазақстан халқы жұлдызының жоғары болатынына сенемін», – деген еді. Үміт ақталды. Түптеп келгенде, адам тұрмысының жақсы болуына, бейбіт өмір сүруіне татулықтың ғана жол ашатынын айқындап берді.
Президент адам бойындағы парасаттылық пен адамгершілік қасиеттерге көп мән береді. Барлық Жолдауларында осы екі қасиет басымдылықпен айтылып жүр. Онысы дұрыс. Біздің данышпан Абайымыз да бұл тұрғыда өзінің сөзін айтып кеткен.
Махаббатпен жаратқан адамзатты
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және сүй Хақ жолы деп әділетті,
– дейді ұлт ұстазы.
Көрдіңіз бе, Абай бабамыздың осы жыр жолдары бүкіл адамзат баласын татулыққа шақырып отырған ұран емес пе?
Толстой шіркеуден неге кетті?
Абай адам баласының бәрін, тіпті, ұлтына, руына қарамастан сүй деп отырған жоқ па? Орыстың ғұлама жазушысы Лев Толстой өмірінің соңғы жылдарында дін қызметкерлерінен іргесін аулақтап, шіркеуден кетіп қалады. Сондағысы Иса пайғамбардың «Кім болса, ол болсын, орыс болсын, неміс болсын немесе итальян болсын, барлығын бірдей жақсы көру керек. Жау болып келе жатқан адамдардың өзін жақсылап қарсы алу керек, сонда жер бетінде тыныштық орнайды, бейбітшілік болады. Сендер, шіркеудің қызметкерлері, осы пайғамбардың айтқан өсиетін бұздыңдар. Сендер мені «құдайдан безген» деп кінәлайсыңдар. Құдайдан безген мен емес, сендер! Құдайға шын берілгендіктен де Иса пайғамбардың сөзін естеріңе салып отырмын» дейді. Толстой туралы кезінде өте нашар пікір болған. Ақырында бұл сөз жоғары жаққа жетіп, император «Сендер Толстойға тиіспеңдер. Ол құдайдың адамзатқа берген абызы» деген ғой. Сөйтіп барып жаладан әрі жазадан аман қалған.
Сол кезеңде ерегістер, жанжалдар көп шыққан ғой. Соның салдарынан Пушкин дуэльге (жеке-жек) шығып, қарсыласы Дантестің оғынан өлді. Лермонтов та жекпе-жектің құрбаны болды. Тургенев пен Толстойдың арасында да осындай үлкен ерегіс, даулы жанжал болған. Бірақ, ақылды адамдар табылып, солардың араласуымен екеуін әрең дегенде тоқтатқан. Егер де сол жекпе-жек болғанда, Толстой мерт болар еді. Өйткені, Тургенев аңшы болған көрінеді. «Записки охотника» деген кітабы бұл сөзімізді растайды.
Осындай жағдай біздің қазақтардың арасында да болған. Ерегіс, берекесіз жанжал, дау-дамай көрініс тауып отырған. Болайын деп тұрған нәрсені болдырмауға тырысатынымыз бар. Сөйтіп ғайбат сөздер айтамыз. Мұның өзі жеке адамдардың арасында болғанымен, қоғамның өсіп-дамуына кері әсерін тигізіп жатады.
Қазақ – небір аласапыранды, алапатты, от-дауылды басынан кешірген төзімді халық. Өздерінің халі мүшкіл бола тұрып, өзге жұрттың жетімі мен жесірін тентіретпей, телміртпей, соларға қамқор болған халық. Қаншама ұлт пен ұлыс қазақ даласынан, мейірімді халықтың шаңырағынан пана тапты. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй» деген сөзі ақынның аузынан шыққанымен, қазақтың көңіліндегі үні бұл. «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген қазақ емеспіз бе?
Асанәлінің әзілі
Осы секілді ұлағатты ойлар, мерейлі мақсаттар Жолдауға арқау болған.
Бұл жолғы кездесуде жастар көп болды. Ақыны бар, әнші-күйші және бишісі бар, бәрі келді. Олардың ішінде Абай атындағы опера және балет театрында қызмет ететін бір топ өрімдей жас ұл-қыздар бар. Үлкен кісінің өнерге деген көзқарасы (біздің бақытымызға қарай) қай кезде де жақсы ғой. Үнемі қамқорлық танытып жүр. Елбасымыз өз сөзінде Астанада салынған Опера театры туралы айтты.
– Мен Францияның, Италияның, Австралияның, Американың театрларын көрдім. Барлығын көріп-көріп келіп, қазақ өнерінің қара шаңырағы болсын, ән-күйді аңсаған халық келіп мауқын басатын, демалатын киелі өнер ордасына айналсын деген оймен ешқайсысына ұқсамайтын етіп салдырдым. Жақсылықтың нышаны ғой деп жаңа Жолдауымды да сол ғимаратта өткіздім, – деді.
Кездесу сағат 15.00-ге белгіленген екен. Біздер, бұрынғы Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков, Асанәлі және мен сәл ертерек келіп, өзімізге тиесілі стипендиямызды алып, шүйіркелесіп отырдық. Бір кезде бүлдіршіндей жас қыздар мен жігіттер келіп бізге сәлем берді. «Айналайындар, бақытты болыңдар, өнердің өріне өрлеңдер» деп батамызды беріп жатырмыз. Асанәлі мені түртіп:
– Анау бойжеткеннің мүсінін көрдің бе, қандай керемет, – деді.
– Оның не таңғалатыны бар, сенің кезіңде де сондай сұлу мүсіндер болды ғой, – дедім мен.
– Әрине, болуын болды ғой, бірақ бүгінгі жастар ол кездердегіден сұлуырақ сияқты, – деп Асекең де қояр емес.
– «Бұқаның өзі қартайса да, мұрны қартаймайды» деген рас-ау, – дедім. Екеуміз де қосарланып мырс-мырс күліп алдық.
Елбасы дәл белгіленген уақытта келді. Бәрімізге ой сала сөйледі. Еңбек етуге, жастарды еңбекке баулуға шақырды.
2012 жыл шын мәнінде табыссыз болған жоқ қой. Қай салада да ауыз толтырып айтатын, желпіне сөйлейтін жетістігіміз болды. Спортты алайық, тарихымызда болмаған деңгейге жеттік. Спортшыларымыз 7 алтын медальді иеленді. Күміс, қола медальдарға қолымыз жетті. Осы жерде Абрамов пен Әбдісалан Нұрмахановтың бокстасқаны есіме түсіп отыр. Жеңіп тұрған жерінде Нұрмахановқа жеңісті бермеді ғой. Өйткені, бодан елдің азаматтары ол кезде ондай дәрежеге жете алмайтын. Жол жабық болды. Алдыңғы қатарда мемлекетті билеп отырған халықтың өкілдері болу керек деген біз білмейтін қағидалар, қитұрқы саясат дендеген еді.
Кездесу бітті. Елбасымыз орнынан тұрып, шетінен амандаса бастады. Асанәлімен, Жексенбек ағамызбен, сосын менімен қол алысты. Асанәліге қарап:
– Ай, Асеке, аяғың қалай? – деді.
– Жаман емес, – деді.
– Сәбит сенің аяғың туралы анекдот айтып жүр ғой, – деді Нұрекең езу тартып.
– Ой, мұның көзінше ешнәрсе айтуға болмайды. Баяғыда Елубай Өмірзақов пен Серке Қожамқұлов ағаларымыз жұмысқа келгесін бірі аяғының, бірі белінің ауыратынын айтып мұңын шағып жатқанда ішек-сілеміз қатып күлуші едік. Тура сол басқа келді. Аяғым жүріп келе жатқанда басайын деген жерге дөп түспейді, қас қылғандай, жанамалап барып түседі, – деді Асекең.
– Ал енді қазір қалайсың?
– Қазір жаман емес, бірақ, жетісіп тұрғаны шамалы. Межелеген жерге жетпей, кері кетіп жүр. Бірақ, жас бикештерді көрсем, табаным ойлаған жерге тарс ете қалады, – деп қарқылдап күлді. Біз де күлдік. Елбасы маған қарап:
– Қалің қалай? – деді.
– Жаман емес, бірақ, Сіздікіндей емес, – дедім былтырғы сөзімді қайталап.
– Түу, сен де қоймайды екенсің, – деді. Сосын сәл кідіріп:
– Тағы бір сөзің бар еді ғой, – деді.
– Ол біреуі – «Көбелектің кәрісі жоқ, Кәріліктің дәрісі жоқ» дегенім ғой. Бірақ, Сізбен кездесу біздер үшін – дәрі» деп айтқанмын, – дедім.
– Е, мұның өте дұрыс, – деді.
Еңбек еткен халық жаман болмайды
Шынында да ойланып қарасақ, қазіргі өмірімізге ештеңе жетпейді. Жас кезімізде көрген қиындығымыз, әке-шешелеріміздің бастарынан өткерген ауыртпалығы тіл жетпейтін азапты жағдай ғой. Есімізге түссе, әлі күнге жанымыз түршігеді. Еңбек етсе, халық жаман болмайды.
Кездесуде латын әліпбиі туралы да сөз болды. Елбасы бұл үдерістің жақсы дайындықпен және ойластырылып жүргізілуі қажеттігіне тоқталды. XX ғасырда кириллица негізінде қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми мұралардың ауқымды қоры әзірленгенін, ең маңыздысы, қазақстандықтардың болашақ ұрпағына арналған халықтың осынау қазынасы жоғалып кетпегенін, латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік екенін айтты. Мемлекет Басшысы сонымен қатар, қазақ тілін латын әрпіне көшіру жөнінде мемлекеттік комиссия құрылатынын да жеткізді.
Нұрекең кездесу соңында көпшіліктің бәрімен амандасты, бірге ескерткішке суретке түсті. Өнер қайраткерлері Елбасына алғысын айтты. Бәріміз мәре-сәре болып, көңілді тарастық.
...Әнге қосылып, шырқап кетті
Астананың 10 жылдығында Президенттің мәдени орталығында талантты ақын Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» деп аталатын поэмасы бойынша дайындалған қойылым көрсетілді. Астананың белгілі әртістері қатысты. Мен де қатысып, Жыраудың бейнесін жасадым.
Спектакльді көруге Президенттің өзі келді. Қойылымның соңы сценарий бойынша, Елбасының сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың әнімен аяқталды. Міне, ғажап, Елбасы әнге қосылып шырқап кетті. Көрермендердің де, сахнада тұрған әртістердің де делебесі қозып, әнді хорға айналдырып жіберді. Қойылым соңында Нұрсұлтан Әбішұлы алғысын айтып, ризалық көңілін білдірді. Сонан соң сахна жаққа қарап: «Дана бабаларымыздың толғауын айтқан Сәбең, Сәбит Оразбаев – әкемтеатрда елу жылдан астам қызметте келе жатқан ақсақалымыз. Біз Сәбеңмен отыз жылдай араласып, сырласқан жандармыз. Жастық шағымызда тауға да шықтық, күннің батысынан таңның атысына дейін ән шырқадық. Өткен өмірде, жақсы сәттерде, қиындық кезеңдерде де бірге болдық. Құдайға шүкір, Сәбең сақал-шашы қауғадай болып, ақсақалдық дәрежеге жетті», – деді. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Елбасының қысқа болса да айтқан естелігінен әрі қуат алып, әрі қысылып қалдым. Төбем көкке жеткендей сезіндім. Шынында да, Елбасымен бір заманда өмір кешу мен үшін зор мақтаныш еді…
Иманжүсіптің толғауын төгілдірді
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары (ұмытпасам, 1974 жыл ғой деймін) болатын. Араласып жүретін Шаншар Манкеев деген азамат қонақ болып, шай ішуге үйіне шақырды. Үйіне кіріп келгенімде маңдайы жарқыраған, қою қара шашты, нұрлы жүзді жігіт қарсы ұшырасты. Бұрыннан көріп-біліп жүрген адамдардай емен-жарқын амандастық. Шаншар мені таныстыруға ыңғайлана бергенде: «Бұл кісіні танимын, телеарнадан «Халық қазынасын» жүргізеді. «Қымызханада» әнші жігіт Шөңгебайды ойнайды», – деп өнерден хабардар екенін аңғартты.
Нұрекеңмен танысқан кезде мен аз да болса атақ-абыройға ие болып, театрдың белді әртісі бола бастағам. Айтса айтқандай, телеарнадан үзбей беріліп тұратын «Қымызхана» атты сатиралық қойылым халыққа танымал еткен еді.
Ұзақ отырдық. Өнер жайында әңгімелестік. Төле бидің толғауын орындадым. Мұқият тыңдап отырған Нұрекең, қайталап айтуымды сұрады.
– Бұл қазақтың баласы
Тегінде нені көрмеген.
Неше бір жайсаң данасы,
Шешен де болып сөйлеген.
Көсем де болған ойменен.
Бірақ, соның бәрі де
Ыдырап жатқан қазақтың
Қоса алмады бастарын.
Алауыз болып ағайын,
Бейбіт жатқан елімді
Жаулап алып, қор қылды.
Көк атты келіп көлденең.
Мен боламын дегендер
Ақтамады сенімді
Көкірек қаққан хандарым,
Лауазымға таласып,
Быт-шыт қылды елімді,
– деген жерін өзі де бірнеше рет қайталады.
Қатаған мен Сүйінбайдың айтысынан үзінді айттым. Нұрсұлтан Әбішұлы тағылымды толғауды соншалықты мән беріп тыңдады.
Нұрекеңе домбыра ұсындық, керемет даусы да бар екен. Ол кезде айтуға рұқсат етілмейтін, әлі ақталмаған Иманжүсіптің толғауын орындады.
«Мен қалайша бұл елде тұрақтаймын,
Көлге біткен майысып құрақтайын.
Зорлық еткен кәпірдің талайларын
Бақыртып сабаушы едім лақтайын»,
– деген шумақтарды екпіндетіп, ерекше жігермен орындады. Бірнеше халық әндерін қоса шырқады. Осылайша елжандылығын, қайсарлығын танытты. Бабалар аманатын сол кездің өзінде-ақ көкірегіне сақтап, соларды жүзеге асыруды алдына мақсат етіп қойған азамат екенін аңғартты.
«Мүмкіндік болса, Қарағанды қаласына келіңіз», – деді маған кетерінде. Бір-бірімізге ризашылық білдіріп тараcтық.
Қалт-құлт етіп қайық тұр...
Жаз айларының бірінде Қарағанды қаласына жолым түсіп, барған соң уәде бойынша хабарластым. Қуана қарсы алды. Арнайы жеңіл көлік жіберіп, қонақүйден Теміртауға алдырды.
Қарапайым екіқабатты үйдің жоғарғы қабатында тұрады екен. Жоғары көтеріліп келе жатқанымда алдымнан өзі шығып, үйіне бастап барды. Зайыбы Сараға таныстырды. Үй жиһаздары өте қарапайым, таза, рет-ретімен жиналған. Сапалы дыбыс жазатын магнитофон мен радио аппараттары үстел үстінде тұр. Арнайы дайындап қойса керек. Үстел мен орындықтардың санына қарағанда, біраз қонақ болатын сияқты. Нұрекең: «Бүгін жақсы отырыс болғалы тұр, Сәке. Кешке Теміртаудың зауытында істейтін азаматтар келеді. Оған дейін көлдің арғы жағына өтіп, саяжайда демалып, суға шомылып қайтайық», – деді. «Қонақ қойдан жуас» деген емес пе?
Көл өте үлкен екен. О шеті мен бұ шеті көрінбейді. Жағада шағын моторлы қайық тұр. Жүргізуші орта жастағы орыс жігіті. Ол бізбен амандасты да, қайыққа отырғасын бірден жүріп кетті. Әне-міне дегенше, үлкен көлдің ортасына жақындап қалдық. Көңіліміз көтеріліп, ыңылдап іштей ән салып келеміз.
Аяқ астынан жел тұрды. Үлкенді-кішілі толқындар пайда бола бастады. Оған да мән бермей ілгері жылжи бердік. Ой, тоба! Бір кезде жел күшейіп, соңы алай-дүлей дауыл болып кетті. Жан-жағымызға қарасақ, жаға көрінбейді. Су шашырап, қайықтың ішіне құйылып жатыр. Қатты желдің қай жақтан соққанын да білмейсің. Дауыл қайықтың бағытын өзгерткен сияқты. Ой, Жасаған ием, бәле қайда, бассаң аяғыңның астында, деген осы. Әп-сәтте дүние төңкеріліп, алай-дүлей болды. Мотор баяғыда өшкен. Қайықшы орыс жігіті: «Боже мой! Я дурак, я пропал, извините, Нурсултан Абишевич!»– деп еңіреп қоя берді. Нұрсұлтан маған қарап:
– Сәке, суға жүзе аласыз ба? – деді.
– Жүземін! – дедім.
Менің батыл жауабыма риза болды білем:
– Онда әрекет жасайық, жылағаннан ештеңе өнбейді, – деді. Осы сөзден кейін іске кірістік.Үстімдегі киімді жылдам шеше бастадым. Нұрекең де киімдерін шешіп, жүзуге ыңғайланды. Қайық қалт-құлт етіп тұр. Орыс шелекпен іштегі суды сыртқа төге бастады. Дауыл тағы бір соққанда қарасам, қайықшы жоқ. Суға құлап кетіпті, қылтиып басы ғана көрінеді. Үсті малмандай. Айқайлап, жан даусы шығып, қайыққа жармасты. Нұрекең көмектесіп жүріп қайыққа мінгізді. Өстіп, арпалысып жүргенімізде көк жүзін торлаған қара бұлт сейіліп, аяқ астынан тыныштық пайда болды. Ескекпен есіп отырып, кері қайттық. Жаңағы кісі түрткілеп жүріп моторды оталдырды. Жүзіне қан жүгіріп, құдайына құлшылық айтып жатыр. Сонымен бір апаттан аман қалған біз үйге де жеттік-ау.
Ән-жырға құмар, сауықшыл жан...
Кешкілік қонақтар да жиналды. Кілең өңдері шырайлы, денелері шымыр марқасқа жігіттер. Комсомолдан көтерілгендер, Теміртаудың негізін қалауға атсалысқандар екен. Дастарқан басында көңілді отырыс болды.
Нұрекеңнің бір ғажабы, менің алғашқы кездесуде айтқандарымның бәрі есінде сақталыпты. Бір досына: «Саған керек болады, ел басқарып отырсың», – деп қалжыңдап алды да, Бигелді ақынның термесін төгілтті:
«Бір сырлы болсын жігіт сегіз қырлы,
Сақтасын жатқа шашпай асыл сырды.
Келеді ең әуелі жырға қосқым,
Ән мен күй, жақсы әңгіме, өлең-жырды.
Екінші болу керек жігіт көпшіл,
Кең пейіл болған дұрыс, болмай кекшіл.
Біреуді алыс, біреуді жақын көрмей,
Жұмысы болсын тегіс әлеуметшіл...».
…Түннің бір уақытына дейін отырып, көңіл-күйіміз көтеріңкі болып тарадық. Иә, Елбасымыз – дәл осындай ән-жырға құмар, сауықшыл жан.
(Мақала С. Оразбайдың
«Өмірдің өзі – театр» атты кітабы негізінде әзірленді.
«Арна-В» баспасының рұқсатымен,
2013 жыл).
Автор: Сәбит ОРАЗБАЙ, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
↧
Алтын діңгек
↧