Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客 » sjanbolat
Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Шыншыл ғалымның сөзі

$
0
0

Қазақ білімді болған сайын тәуелсіздік тұғырлы бола түседі

Қазақ білімді болған сайын тәуелсіздік тұғырлы бола түседі
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап егемен еліміздің дамуына еселеп үлес қосып, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі, ШҚМУ-нің ректоры қызметтерін абыроймен атқарған, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, келер жылы құрылғандығына 20 жыл толатын Өскемендегі Қазақстан-Американдық Еркін университетінің президенті Ережеп Әлхайырұлы Мәмбетқазиевпен сұхбат жүргізудің сәті түсті. 

– 1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін жер-жерде алаңға шыққан жас­тарды қудалап, оқудан шығарып жат­қан кезде сіз өз басыңызды бәйгеге тігіп, сол кездегі Өскемен педагоги­калық инс­титутының ректоры ретінде сту­дент­терді жазықсыз жазалауға, оқудан шығарылуына жол бермей, араша түсу арқылы тәуелсіздікті жақындату жолында үлкен еңбек сіңірдіңіз. Сол кезде алаңға шыққан жастардың өр рухы  мен отаншылдық сезімін бүгінгі бейбіт күннің жастарының бойынан көре аласыз ба, қазіргі жастарға қандай баға бересіз?

– Шынымен де сол кезде 17 студентті жауып тастады, оларды шығарып алдым. Олардың істеген ештеңесі жоқ, тек көшеге жиналған. Осы хабарды естіген бойда бірден прокурорға бардым. Прокурордан:

– Неге алдың? – деп сұрадым. 

– Ераха, өзіңіз де білесіз ғой, болып жатқан жағ­дайды, – деді ол.

Мен: Жібер оларды, ол студенттер менің балам емес, университеттің баласы.  Ауылдың баласы – қазақтың баласы. Ата-аналары баласын маған сеніп, тәрбиелеуге жіберді, мен оларға жауаптымын. Олар­дың еш кінәсі жоқ, – дедім. Сонда да болса олар бір-екеуін ұстағысы келді. 

Мен ол студенттердің ата-аналарына пединституттың атынан телеграмма жі­бердім. Содан ол хабарды естіген соң Зайсаннан, Тарбағатайдан және Күршімнен, жер-жерден ата-аналары келді. Ол кісілерді сол кездегі бірінші хатшы А.В.Мелкинге барып жағдайларыңызды айтыңыздар деп жіберген едім. Сөйтіп, ақыры ол студенттерді аман алып шықтық. Ол жастар жай жастар емес, бойында намысы бар жастар. Қазір біз намыс дегенді ұмытып бара жатырмыз. Олар жас та болса, өзінше ерлігі бар, елді, қазақты сүйетін жүректі жастар. Өкінішке орай, қазір кейбір жастар тек байысам, жесем, киін­сем, қыдырсам деген мақсатпен өмір сү­реді. Бұлай болмайды. Жастарға еңбек керек, жүрек керек, ғылым мен білім керек және сол білімді дәл бүгін жинап алған­дары ләзім. Қазір дер кезінде білімге бет бұрып, жинап алса, одан кейін тәрбие­ні жинауға болады. Дей тұрғанмен де, желтоқсанда алаңға шыққан жастардай жас қазіргі жастардың ішінде жоқ деп кесіп айтудан аулақпын. Кешегі мен бү­гінгі күннің жастарының арасында айыр­машылық болар, бірақ бүгінгі жас­тардың бір ерекшелігі – олар білімді жастар. Біз – аға буын жастарға түсіндіруіміз керек. Әр адам ойлануы керек, «Мен мемлекет үшін не істедім, елімнің дамуына қандай үлес қоса аламын?» деген ойдың жетегінде өмір сүруі керек. Жастарға айтарым, әр уақытта табысқа жетем десең, еңбек істе. Еңбексіз табысқа жету екіталай. Сөзбенен, әкеңмен, шешеңмен, туысқандарыңмен табысқа жете алмайсың. Табысқа жететін тек өзің. Сондай табысқа жетсе, ол табыс нәтижелі болады. Білімді адамды ешкім жолдан тайдыра алмайды, ал білімі жоқ адамды жолдан тайдыру оңай.

– Бүгінде біз тәуелсіздіктің қадіріне жетіп,  толық түсіне алып жүрміз бе?

– Тәуелсіздік – ұлы ұғым. Тәуелсіздік бізге оңай жолмен келген жоқ. Осы жолда талай тарлан құрбан болды. Ғасырлар бойы сан ұрпақ армандаған асыл мұ­ратымыз ғой. Бірақ та, сол тәуелсіз елде тұру бақыты біздің пешенемізге жазылған екен. Осыдан артық қандай тәуелсіздік, қандай бақыт керек?! Кейде ұшақпен  ұшқанда Алматыдан Мәскеуге төрт жарым сағат ұшасың,  соның 4 сағатында Қазақстанның шекарасынан өтіп,  аржағы жарты сағатта Мәскеуге жетіп барасың. Осыншама ұлан-ғайыр жерді сақтап қалуға қазақтың ақылы жеткен, күші жеткен һәм пайым-парасаты жеткен. Ал сол жердің асты-үсті қазынаға толы мұнайы, газы, темірі мен көмірі, басқа да қазба бай­лықтарымыз жеткілікті. Осының бәріне біз тәуелсіздіктің арқасында ие болып отырмыз. Береке-бірлігі жарасқан бейбіт елде өмір сүрудеміз. Осы күнімізге тәубе деп, тәуелсіздікті тұрақты әрі баянды ете түсуіміз үшін баршамыз еңбек етуіміз керек.

– Қазақ білімді болуы керек. Қазаққа тіл керек, ғылым керек. Өз болашағын ғылыммен байланыстырғысы келетін жас ғалымдарға академик-ғалым ре­тінде қандай кеңестер берер едіңіз?

– Мен 30-дан астам ғылым кандидаты, докторлар тәрбиеледім. Соның ішінде екі-үшеуі ғана мұғалім болып істеп жүр. Ғылымда бір-екеуі жүр, басқасының бәрі банкіге, бизнеске кетіп қалды. Олар – талантты жастар. Кейде мен студенттерге ғылымға бар деп айтуға ұяламын. Өйткені, ғылымның бағасы төмендеп кетті, төлей­тін жалақысы аз. Мен мектептің мұғалім­дерінің ақысына қарап мұғалім бол деп айтуға да қорқамын. Біз –  болашағы бар елміз. Сондықтан қазір ғылымды дамыту керек, ғылымға талантты жастарды шақы­руымыз керек. Оның еңбегіне сай – орын, орнына сай – еңбекақы беруіміз керек. Міне, осылар орындалса, онда ғылым өсе­ді. Қазақ білімді болуы керек. Қазаққа тіл керек, ғылым керек. Менің жастарға айтатыным: егер сендер ерінбей  еңбек етсеңдер ғана қай ғасырда болмасын сендерге көмек келеді.

– Тілсіз – тәуелсіздік болмайды. Тілсіз – қазақ ел емес, тілсіз қазақ – қазақ емес. Қазіргі таңда Қазақстанда мем­лекеттік тілді үйрену қажеттігі толық туындап отыр деп ойлайсыз ба?

– Әлі де туындап отырған жоқ. Қазақ тілін үйрену қажеттілігіне ешқандай күмән келтірмеймін. Мені қазақтың азаматы ретінде қазақ тілінің жағдайы қатты толғандырады. 17 миллион халқымыздың басым көпшілігі қазақ тілін білмеуі біз үшін үлкен мәселе. Ал соны туындатып отырған өзіміз – қазақтар. Елбасының айтатын сөзі бар: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген, соған қатты риза боламын.  Мен кейде кеңседен шығып байқасам, қазақтың ұл-қыздары орысша сөйлесіп тұрады. Егер өзіміз бір-бірімізбен қазақша сөйлес­сек, басқа ұлттар да бізге қосылады деп ойлаймын. Тілсіз – тәуелсіздік болмайды. Тілсіз – қазақ ел емес, тілсіз қазақ – қазақ емес.

– Қазақ жастарының ағылшын тілін меңгеруі олар үшін қандай мүмкін­діктерге жол ашады деп есептейсіз?

– Ағылшын тілін жетік меңгерген адам халықаралық қатынастарға еркін ене алады. Мәселен, ҚАЕУ құрылғаннан бергі 18 жылдың ішінде 500 адамды шетелге жібердім. Қай университет 500 баланы шетелге жіберіп жатыр? 350 шетел азаматтары бізге келіп сабақ берді. Олар маған туысқан емес, тамыр-таныс емес, тек білімді жастардың жігерін жану үшін, менімен арадағы достығымыз үшін келіп отыр. Соның ішінде 100 адам шетелде жұмыс істейді. Президент 1 сыныптан бас­тап ағылшын тілін оқыту керек дейді. Мен қолдаймын. Егер халқымыздың 

100 пайызы қазақ тілін білсе, соның ішінде 25 пайызы ағылшын  тілін білсе, одан қазақ кеміп кетпейді. 

Біз екі рет АҚШ президентінің «дәс­түрлі таңғы асында» болдық. Міне, осының бәрі тілді білгендіктің жемісі.

– Сіз «еркіндік» деген ұғымды қалай түсінесіз, «еркін университет» деген идея қайдан туындады?

– Бұл сұрақты менен кезінде Нұрекең де сұраған. Сонда мен: «Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, Сіз бүкіл Қазақстан демократиялы болсын деп жариялап жатырсыз, енді мен еркін университет ашып, еркіндікке ша­қырып жатырмын», – дедім. Сөйтіп Елбасы да қолдады. 

Ал енді «Еркіндік» ұғымына келсек,  қазақ халқы жалпы өзі ежелден еркіндікті аңсаған, ен даланы еркін жайлап өскен халықпыз ғой. Тіпті «қазақ» деген сөздің түп төркініне үңілсек, көне түркі тілде­рінде «еркін» деген мағынаны білдірген. Сондық­тан еркіндік біздің табиғатымызға жақын болғандықтан еркін университет ашуды жөн деп таптым. Бұл университет­тің еркіндігі сол, мен студенттерге ұрыс­пай­мын, үйретпеймін, бірақ жеткілікті дәре­жеде білім беремін. Сол білім арқылы ол үйренсе деймін. Студент білім арқылы өзінің деңгейіне жетсе, соны өзі сезінсе, сол – біздің бақытымыз. Айталық, 1000 бала бі­тірсе, соның ішінен 100 бала талантты болып шықса, ол 10%-ы, онда мен бақытты­мын. 

Нұрсұлтан Әбішұлы бір жолы тағы да менен сұрады:  «Мына жеке университеттер керек пе осы?», – деп. Сонда мен керек де­дім. Себебі, университеттердің арасында бә­секелестік керек. Бұрын университеттерде бәсекелестік болған жоқ. Ал бәсеке­лестік бар жерде даму бар, сапа бар. Әр студент еркін білім алса, ғылымға, білімге өз еркі­мен еркін енсе – онда бұл еркін уни­верситеттің жеңісі. ҚАЕУ-дің басты мақса­ты – оқысам, білсем, үйренсем деп, талабымен тас жаратын талантты жастар­дың талабын ұштау. Егер баланың білімге деген ынтасы зор болып, қаражат жағынан қиналса, оның білім алуына ҚАЕУ жағдай жасайды. Ең бастысы, оқысам деген шынайы ниеті болуы шарт. Бойында жалын оты ойнаған жастардың жігерін жанып, жанам деген жүрекке от беру. Қарыштап дамып келе жатқан Қазақ­станның қажетіне жарар білікті кадрлар дайындау.

Автор: Әңгімелескен Жандос ДАЙЫРБАЕВ.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Trending Articles