Бақбақтың біз білмейтін тұстары
Бақбақ – көп жылдық көктем гүлі. Оны ел ішінде сарғалдақ, тозанақ деп те атайды. Республикамыздың барлық өңірлеріне дерлік таралған. Қазақстанда бақбақтың 59 түрі бар. Оның 23 түрі сирек кездесетіндер қатарынан. Ол бұлақ бойларында, көл жағасында, ылғалды жерлерде өседі.
Бақбақ – дәрілік өсімдік. Гүл сабағын, жапырақтарын сындырсаң сүт тамшылары шып-шып шығады. Жапырақтары түп жағында топтасып орналасады. Бақбақтың жапырақтарында каротиноидтық заттар мол. С және В2 витаминдері де оның бойынан табылады. Ал жапырақтарынан – инозит табылған.
Бақбақтың шөбін, тамырын дәрі үшін жинайды. Бақбақ асқа тәбетті ашып, ас қорыту жүйесінің жұмысына көмектеседі. Жалпы бақбақтың біз білмейтін денсаулыққа тигізер пайдасы мол.
*Омырау безі қабынған кезде 31 г кептірілген бақбақ гүлін 250 г суға бір қайнатамыз. Сосын оны бұқтырып ішеміз. Ал бақбақтың шөбін омырауға жылы күйінде жаншып тартып қоямыз.
*Көздің мүйіз қабаты қабынған жағдайда гүл шөбінен 10 г, ақ гүлден 10 г қосып, қайнатамыз. Қайнатпа салқындаған кезде онымен көзді жуамыз.
*Бадамша безіңіз қабынған болса. Бақбақтың 15 г, ошаған тұқымынан 3 г, борпылдақ саңырау құлақтан 3 г, қызылмия тамырынан 3 г қосып, қайнатамыз. Содан оны бұқтырып ішіңіз. Сонда ауруыңыздан оңай айығасыз.
*Созылмалы іш қатуға бақбақты суға қайнатамыз. Содан онымен ауырып тұрған жерді дәке арқылы ысқылап, орап тастаймыз. Ол іштің жұмсаруына көмектеседі.
*Өт қалтасының қабынуына бақбақ тамырынан 62 г, ақ жусаннан 31 г, мысық жалбыздан 15 г қосып, қайнтамыз. Дайын болған қайнатпаны үздіксіз ішіп отырамыз. Осылайша аурудан тезірек сауығамыз.
Мұнан өзге кейбір елдерде бақбақтан тосап, шарап сынды сусындар жасайды. Енді бір елдер осы гүлді отбасы мүшелерін сәтсіздіктерден сақтайтын қасиетті өсімдік ретінде құрметтейді. Сонымен қатар, бақбақты ақшаның нышаны ретінде санайтындар да жоқ емес. Ал біршама ел бақбақты «күннің егізі» деп атайды. Дегенмен, кейінгі кездері бірқатар топ адамдар оны «күн мен айдың балалары» деп атап жүр. Оның сыры, гүл шығыстан көтерілгенде, бетін сол бағытқа алады. Тас төбеге келгенде, басын тік көтереді. Ал батысқа батқанда, сол жаққа мойнын бұрады да, күн ұясына батқанда, ол да жабылып қалады. Оның үстіне, бақбақтың келбеті мен түсі тап бір күннің өзінен айнымайды.
*Ал құлағыңыз ауырса, 2-5 тамшы лимон шырынын тамызыңыз – бұл құлақтың ауруын басады және естуді жақсартады.
Әзірлеген: Гүлжан Серік