Ақорда қысық көз күйеубаланы қаны бiр қазақтан артық көрдi
Рахым Айыпұлының айтуынша, қазақ көшiнiң басына бұлт үйiрiлдi. Қазақ үкiметi тарихи Отанына орала алмай жүрген шеттегi қандастарымыздың құқығын қасақана шектеуге ұсыныс тастады. Оны мәжiлiсшiлер мақұлдап, сенат аздап өзгерiс енгiзiп, президент Н.Назарбаев нүктесiн қойды. Сөйтiп, Ақорда қазақтың ұлттық мүддесiн тағы бiр рет шетке ысырып тастады.
Үкiметтi қандай түлен түрткенiн қайдам, әйтеуiр Экономика және бюджеттi жоспарлау министрi Ерболат Досаев мәжiлiске “Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне еңбек көшi-қоны мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы” заң жобасын таныстырып, шетелдегi қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алу үшiн қазақ жерiне келгеннен кейiн бақандай 5 жыл күту қажеттiгiн мәлiмдедi. Тағдырдың талайымен тарыдай шашылған қазақтың басы әлi күнге шейiн бiр елге бiрiкпей тұрған шақта үкiмет нелiктен мұндай шешiмге келдi?
Рахым Айыпұлы үкiметтiң дәл осы заң жобасы шеттегi ағайынның азаматтық алуын азапқа айналдырғанын айтады. Қандастарымыздың құқығын шектейтiн заң баптары қасақана тықпаланды. Бұл қазақ қоғамының наразылығын тудырды. Десек те елдiң пiкiрi Мәжiлiстi селт еткiзбедi. Сенаттағылар заң жобасын өзгертiп, 5 жыл деген мерзiмдi 4 жылға түсiрдi.
Дәл осы тұста сенатор Қуаныш Айтахановтың уәжi еске түседi. Ол: “Бұрынғы заң жобасында жеңiлдетiлген тәртiппен азаматтық алу материалдарын қарау мерзiмi 3 айдан аспайтын. 5 жыл дедiк, 4 жылға түсiрдiк. Тым ұзақ емес пе? 1 жыл немесе 2 жылға түсiруге болады ғой. Неге бiз оны 5 жылдан түсiрiп, 4 жыл дедiк. Неге оны 1 жыл демеймiз?” деп Ерболат Досаевқа сұраулы жүзбен қарады. Әйткенмен министр 4 жыл деген соң 4 жыл деп табандап тұрып алды. Мысал келтiрдi. Айталық, қайдан тапқан дерек екенi белгiсiз, қандастарымызға балаларының оқу проблемаларын шешуi үшiн (?) 4 жыл қажет екен. Бұл неғылған оқу, нелiктен осыншама жылға созылады, мұны ешкiм талқылап, таразылап жатпады. Тiптi президент те.
Р. Айыпұлы
Рахым Айыпұлының айтуынша, қолданысқа енiп кеткен жаңа заңға не күлерiңдi, не жыларыңды бiлмейсiң. Қазақтың ұлттық мүддесiн бұдан артық мазақ етуге сiрә болмас. Аталған заң жобасы басқасын былай қойғанда, президенттiң 22 жыл бойы жүргiзген көшi-қон саясатын түптамырымен терiске шығарады. Қазақ көшiн түбегейлi құрдымға кетiредi.
Бiздiң байқағанымыз, басқа заңдарды былай қойғанда “Халықтың көшi-қоны туралы” заңы өзгерiске ұшырап, ең маңызды бiрнеше ережелер жойылды. Атап айтқанда, көшiп-қонушы оралмандар квотасы, оралмандарға қоныстандырылған аймаққа байланысты теңдестiрiлген бiрыңғай жәрдемақы төлеу, оралмандарға тұрғын үй сатып алу үшiн қаржы бөлу және еңбекшi көшiп-қонушылардың келуi және болу жағдайы және еңбекшi көшiп-қонушыға рұқсат беру тәртiбi қосымша ережелермен толықтырылатын болады.
Бiр елден екiншi елге қоныс аударып, сiңiсiп кету былай тұрсын, бiр ауылдан екiншi ауылға көшудiң өзi ауыр екенi анық. Шеттегi қандастарымызды бауырымызға тартудың орнына, үкiметтiң бұлай кеудеден итеруiне не түрткi болуы мүмкiн? Министр Ерболат Досаев ойда жоқта мұндай заң жобасын арқалап шығуының мәнi неде?
Әу баста қазақтың сыртқы көшiн көлiктi ету президенттiң бастамасы болатын. Ендеше Назарбаевтың қолға алған тiрлiгiне Досаевтың бет бақтырмай қарсы шығып, табандап тұрып алуы мүмкiн емес. Бұған министрдiң батылы жетпейдi, бұл үшiн Досаев басын бәйгеге тiкпейдi де. Онда кiм қандай мақсатпен қазақтың ұлттық мүддесiн кес-кестеп, тамырына балта шабуға ниеттi болды? Әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi қазақтың басы бiр атамекенiнде бiрiгуi кiмнiң тынышын алып, мазасын кетiрдi?
Досаев айтады, көшi-қон заңына өзгертулер шетелдiк тәжiрибеге сүйенiп енгiзiлдi деп. Мәселен, Германия, Израиль сияқты елдер де сыртта жүрген халқын тарихи Отанына көшiп келуге шақыруда. Алайда, айталық, Германия Қазақстан сияқты қаны, жаны бiр ағайыны дегенде ең болмаса азаматтық алуын көп көрiп, таршылық жасап отырған жоқ. Басқа елде өмiр сүрiп отырған халқымен жолығып, үгiттеп, әлеуметтiк жағдайын сараптап, саралап, Германияға барғанда ел қатарына қосылып кетуi үшiн не iстеу керек, қандай амал жасау керек, бүге-шiгесiне дейiн анықтайды. Қазақстан сияқты қазақ жерiне өз қалауымен көшiп келген қазақтың көзiнiң сорасын ағызып қоймайды, қағазбастылыққа салынып, сандалтпайды, әлi көшiп келмеген, керегесiн кермеген немiске азаматтық берiп, мамандығы болса жұмыс орнын дайындап, баспанасымен қоса ас-суына қажеттi ай сайынғы жәрдемақысын, зейнетақысын қазынадан қарастырып, бауырына басады. Сондықтан халықтың көшi-қоны туралы заңға өзгерiс енгiзу кезiнде үкiметтiң шетел тәжiрибесiне сүйендiк деген сөзi бекер.
Айта кететiн жайт, әртүрлi себептермен шетелдерде қалып қойған қазақтарға үкiметтен бастап Ақорданың жаны ашымайтыны бұл жолы анық байқалды. Бөлiп жарғандық емес, мәселен, “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” заңының “Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау шарттары” деп аталатын 16-бабында Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемiнде 3 жыл некеде тұратын адамдар Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқылы делiнген. Мейлi, ол бөтен елдiң азаматы болсын, басқа ұлттың өкiлi болсын, қандастарымыз сияқты 4 жыл емес, 3 жылдың iшiнде азаматтыққа ие болады. Аталған жаңа заңның жобасын жасаған үкiметтiң, оны қызғыштай қорғаған министр Ерболат Досаевтың, бiр оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдаған мәжiлiсшiлердiң, қанша уәж айтса да тек қана 1 жылға кемiтуге шамасы жеткен Сенаттың, әу баста қазақ көшiнiң көлiктi болуына мүдделi болған президент Н.Назарбаевтың да бұл заңнан хабары болмауы мүмкiн емес. Мәселен, құптап отырғанымыз емес, өзге ұлттармен, әсiресе қытай ұлтының жiгiттерiмен көңiлдерi жарасып, тағдырын тоғыстырған сан мыңдаған қазақ, не болмаса Қазақстандағы өзге ұлт өкiлдерiнiң бойжеткендерi бар. Сол қысық көз күйеубаланың Қазақстан азаматтығын 3 жылда алуға құқығы бар. Ал елден жырақта жүрсе де әлi күнге ұлттық болмысын, салт-дәстүрiн, мәдениетiн сақтап келе жатқан қазағымыз қазақ жерiне келгеннен кейiн Қазақстанның азаматтығына жету үшiн 4 жыл өмiрiн құрбан етедi. Бұл әдiлеттен бе? Бұл қаны бiр, жаны бiр, тiлi, дiнi, дiлi бiр қазаққа жасалған қиянат емей немене? Немесе редакциялау кезiнде ҚР азаматтарымен 3 жыл некеде тұрған қандастарымыз азаматтық алуға құқылы екенi енгiзiлiптi. Сонда деймiз ғой, билiк үшiн, Ақорда үшiн қысық көз күйеубала мен қазақтың баласының қазақ жерiнде құқығының тең болғаны ма?
Рахым Айыпұлының пiкiрiнше, аталған заң баптары қолданысқа енгеннен кейiн, елге оралған өз қандастарымыз табаны күректей 4 жыл бойына өз отанында екiншi сортты адамның күйiн кешiп, рухани және экономикалық шектеулерге ұшырайды. Атап айтқанда, олардың меншiгiнде егiстiк жер, өрiс-қоныс және бау-бақшалы тұрар жай болмайды. Мемлекеттiк қызметтiң есiгi жабық, басқаның төлқұжатымен жүргендердi еңбек ұжымдары да тұрақты жұмысқа алуға құлықты емес. Тiптi, олардың кiнәсiз бүлдiршiндерi де өз Отанында өздерiн жат жұрттық келiмсектердей сезiнiп, өз жерiнде кеуде керiп, алшаң басып жүре алмайды.
Сондай-ақ, Рахым Айыпұлы “ ҚР Халықтың көшi-қоны туралы” заңының 23-бабындағы редакцияға сәйкес: “ҚР Үкiметi оралмандарға қолайлы деп белгiлеп берген аймақтарға қоныстанған этникалық қазақтар ҚР-да тұрақты тұруға рұқсат аларда төлем қабiлетiн растаудан босатылады” делiнген дейдi. Мұндай өзгертуден шығатын қорытынды бұдан былай елге оралған қандастарымыз ҚР Үкiметi оралмандарға қолайлы деп белгiлеп берген аймақтарға қоныстанбаған жағдайда, олар төлем қабiлетiн растаудан босатылмайды деген сөз. Мысалы, елiмiзге өте қажеттi, шетелдерде жүрiп-ақ ерекше танылмал болған бiр ғалым немесе өнер, әдебиет, спорт майталманы көшiп келдi делiк. Заң бойынша олар да Астана немесе Алматыға қоныстана алмайды. Себебi, заң алдында барлық адам тең.
Бұдан мемлекет не ұтады? Бiле бiлсек, бұл адам құқықтарының халықаралық пактiлерiне кереғар. Мұнысы аздай аталған заңның 49-бабына да өзгерiс енген. Яғни, шеттен көшiп келген қазақ тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейiн ҚР аумағында 1 жыл iшiнде 6 айдан кем тұрса, тұрақты тұру құқығынан айырылуға негiз болады. Мәселен, бiр отбасының барлығы емес, оның бiр мүшесi белгiлi себептермен Қазақстанда 1 жыл iшiнде 6 айдан кем тұрды делiк. Оған Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат берiлмесе, рұқсатнамасы заңды күшiн жойса, отбасынан айырылады, қаңғырып далада қалады. “Бұл қарапайым адамгершiлiкке жат екенi өз алдына, халықаралық адам құқықтарына байланысты пактiлерi Вена, Хельсинки және Женева декларацияларына қайшы”, – дейдi Рахым Айыпұлы.
dilara-isa@mail.ru
Дилара ИСА