Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客 » sjanbolat
Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Меркі – орта ғасыр өркениеті

$
0
0

Меркі – орта ғасыр өркениеті

13-Наурыз, 2014 Сахара шаһарлары 87 рет оқылды 0 пікір

http://anatili.kz/wp-content/uploads/Merke-300x191.png
Қазақ сахарасы.
Не көрмеген бұл ұлы дала… Талай оқиғаға, талай тарихқа куә. Кешегі дәуірлерде осы далада сән-салтанаты келіскен шырайлы шаһарлар көз тартып тұрған дегенге кім сенер…
Бүгін сол қалалардың орнын кұм басқан. Уақыт желі ескі шаһарларды жермен-жексен еткен.
Археологтар шаһарлар орнын қазғанда, таңғажайып мәдениет қазыналарына тап болып жүр. Байырғы шеберлердің ісмерлігін көрсететін өнер түрі – сәулет өнері. Шеберлер алтын, күмістен неше алуан бұйымдар шығара білген.
Сахара шаһарлары дана бабаларымыз соңдарына қалдырған айшықты белгі. Тарих сыры. Олай болса өткенге үңілу, ежелгі дәуір сырына қанығу – өсетін елдің ұрпағына парыз.

Газетіміздің осы санынан бастап «Сахара шаһарлары» атты жаңа айдар ашуды жөн көрдік. Бұл айдар бойынша оқырман қауымға ұсынылатын мақалаларда қазақ даласында көне замандарда бой көтерген шаһарлар туралы мағлұматтар мен қызықты деректер ұсынылады.

Тянь-Шанның (Тәңір таудың) батыс жағындағы бір жотасы – Қырғыз Алатауы баурайында сан ғасырдан бері Ұлы Жібек жолының күретамырында Меркі қаласы тұр. Қала Меркі шатқалының құзар биігіндегі мұзарт таудан бастау алатын өзен жағасына салынған. VI-VIII ғасырларда қазіргі Меркі орнында көпестер мен қолөнершілер тұрған қала қалыптасып, ал оның айналасында шаруалар арпа-бидай егіп, бау-бақша, жүзімдіктер өсірген. Қала айналасында мал бағушы көшпелілердің көктемде жылқы мен қой табындарын таулы жайлауға айдап, ал күзде Балқаштың құмдақ даласына, Мойынқұмдағы қыстауға түсетін жолдары өткен. Олардың өмірі осылай жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға ұласып, жалғаса берген. Әуеліде олар сақтар, үйсіндер, ғұндар, ал кейін түркілер, түргештер, қарлұқтар, қыпшақтар, қазақтар аталған.

Оңтүстік-батыс Жетісу аймағында жетісулық деп аталатын андрондық мәдениеттің ерекше түрі өмір сүрді. Елді мекендердің көпшілігі өзен жағасында немесе биік тау мен оның баурайындағы бастаулар мен бұлақтар жанында орналасты және олардың маңында ғибадатханалар, жартас суреттері мен мазарлар болды. Қола дәуірінде кен қазу, оны балқыту маңызды рөл атқарды. Мыс қоры бар жерлерде кен қазылып, қасында қола балқытылып, одан балта, орақ, түрлі әшекейлер, сүңгі мен садақ ұштары жасалды. Қыш шеберханаларында құмыралар жасалды. Меркі маңынан қола балталар, садақ ұштары мен қыш құмыралар табылды.
Ортағасырлық Меркі қаласының негізгі бекінісі Қарасу өзенінің оң жағасында қазіргі Меркі ауылының ортасында орналасқан. Қалашық тік жағалауды бойлай жатыр. Әсіресе, оның мұнаралы қамалы бар орталық бөлігі алыстан көрініп тұр. Қарасу өзені ені 1,5 м., тереңдігі 0,8 м. кішкене ғана ағын су. Қалашық қирандысында сыртқы дуалмен қатар шахристан және қамал мұнараларының іздері анық байқалады. Қаланың дуалы оны ертеде төрт жағынан қоршап, дүниенің төрт бұрышына бағышталып тұрды. Оңтүстік жағындағы дуал толық сырылып тасталған және оны бойлай кешегі күнге дейін қалалық құрылыстар салынған. Қарасу өзені өтетін батыс жақ та сондай күйде болған. Шикі кірпіш (саман) дайындауға топырақ алған жерлер ізі жағаны бойлай кездеседі. Себебі өзен суының шаюы және қалашықтың батыс жағының жарқабатты болуы топырақ алуға ынғайлы болды. Дуалы шығыс жағында салыстырмалы түрде айтқанда жақсырақ сақталған, ал ең жақсы сақталғаны – солтүстік жағы. Дуалдың сыртынан ор іздері байқалады.
Меркі қаласының орталығы мен оның рабадын жан-жағынан «ұзын» қабырғалар қоршап жатыр. Қазір олардың орны сақталмаған. Тек шахристанның оңтүстік жағында 2,5 шақырым жерден 0,5 шақырымдық сыртқы қабырға іздері сақталған. Оның биіктігі – 1,5 м, іргесінің қалыңдығы – 8 м. «Ұзын» сыртқы қабырғаның ішкі аумағында қазіргі заманғы құрылыстар, бау-бақшалар және басқа да ауыл шаруашылық егіндіктер орналасқан. Топографиялық зерттеу жұмыстарының барысында ұзын сыртқы қабырғаның 36 шақырымға жететіні белгілі болды.
2006 жылғы археологиялық қазба кезінде солтүстік қабырғаға таяу жерден аумағы 50х50 м алаңқайдан ХІХ ғ. бірінші ширегінде салынған үлкен аулалы екі тұрғын үй құрылыстарының қалдықтары аршылды. Аумағы 31х31,5 м қазбаның ішінен алты бөлменің орны және т.б. құнды қазбалар анықталды.
Меркі қалашығы орта­лығының батыс бөлігіне, шах­ристан аумағына стра­ти­графиялық кесік салынып, онда қала­шықтың VI-ХІІІ ғасырларда өмір сүр­гендігін көрсететін 18 қабат анық­талды. Стратиграфиялық кесіктегі 1-5-қа­бат­тардан кездескен қыш заттар ХІ-ХІІІ ғасыр­ларға жататындығын көрсетеді. Қыш заттар негізінен жұқа қабырғалы, ша­рықта дайындалған құмыра, табақ, кесе түріндегі және суқұйғыш ыдыстар да кездеседі.
6-9-қабаттардан шыққан қыштар ІХ-Х ғасырларға сәйкес келеді. Олар шарықта дайындалған құмыра, кесе, құм, құмша, тегене сияқты қолмен жасалған тұрмыстық-шаруашылық қыштар, сондай-ақ дастарқан сынықтары, қазан, қазан тәрізді ыдыстардан тұратын қолмен жасалған ас үйлік қыштар кездеседі.
10-18-қабаттардан шыққан қыштар негізінен суқұйғыш және асханалық құмыра, табақ, кесе, құм, құмша, тегене, қазан, келі тәрізді ыдыстар, әдемі оюлы ыдыс қақпақтары, ошақ тұғырлары, дастарқандар. Мұндай ыдыстар Шу, Талас аңғарлары қазбаларында кездеседі және олар VІІ-VІІІ ғасырларға сәйкес келеді.
2007 жылы 2006 жылғы қазбадан 50-70 м солтүстікке қарай орналасқан төбешік қазылды. Қазба барысында пахсадан тұрғызылған қабырғасы бар ғимараттың бұрышы табылды. Жоғарғы мәдени қабатқа жататын болғандықтан, ғимарат құрылыстары қирап кеткен. Қазбаның оңтүстік-батыс бөлігінен екі қабырғаның қалдығы бары байқалды.
Қабырғаның оңтүстік жағынан­ ­2,5 ­м. тереңдіктен ошақ қалдығы табылды. Сақталған қалдығы 0,5 м. деңгейінде екені анықталды. Ошақтың аумағы – 0,5 м. Қалыңдығы 2–3 см сылақ күйген және түсі де кірпішке ұқсас. Ошақ сырты лай балшықпен сыланған. Көп уақыт бойы ашық аспан астында жатқандықтан қатты қираған, сондықтан оның толық аумағын анықтау қиынға түсті.
№1-шаршыдан тандыр аршылды, сақталған бөлігінің аумағы – 0,51 м. Тандырдың жиектері сақталмаған және ең биік жері 0,33 м. Сақталған бөлігінің ортасында кішкене дөңгелек тесігі бар, оның биіктігі 13 см, түп жағында ені 10,5 см. Ішкі қабырғасының бетінде үшкір құралмен сызылған қиғаш тор тәрізді өрнектері бар.
Ұлы Жібек жолының бойын­дағы маңызды орталықтардың бірі саналатын ортағасырлық Меркі қаласын алғашқы зерттеу мен қазудың өзі оның тарихы мен орналасқан жерін және тарихи даму кезеңдері туралы қызықты мәліметтерге қол жеткізді. Қыш бұйымдар жиынтығы қыш қолөнерінің жоғары деңгейде дамығанын, оның көркемдік бағыттарын, Оңтүстік Қазақстан және Жетісу қалалары, Шығыс Түркістан, Шаш, Соғды, Хорезммен мәдени, экономикалық, саудалық қарым-қатынастары болғандығын көрсетеді.
Меркі атауы кездесетін жазба деректер көп емес. Қаланың ежелгі тарихы саяхат­шы­лардан қалған жол жазба деректерде, си­паттамаларда кездеседі.­ ­­629­ ж. будда діндары Сюань-Цзян Суябтан Таразға бара жатқан жолда: «Цянь-цюань (Мыңбұлақ) 200 ли (қытайлық ұзындық өлшемі) жерді алып жатыр: оңтүстік жағы қарлы тауларға, қалған үш жағы жазық далаларға ұласады. Жері ылғалды, орман-тоғайы нулы, қызыл-жасыл желектері көктем айында масаты жібектей құлпырады. Мұнда мыңдаған өзендер мен көлдер бар, сол себепті осылай аталады» деп жазды.
Меркі қаласы туралы мәлімет парсы тіліндегі деректерде Худуд-ал-Алемнің 982-983 жж. жазған тарихи-географиялық зерттеулерге арналған («Әлем шегарасы») еңбегінде кездеседі. Қарлұқтардың (халұқтар) елі мен қалалары туралы айта отырып, бұл аймақ мұсылмандармен, яғни Мәуреннахрмен шектеседі, «Меркі – ауыл, онда халұқтар тұрады және онда көпестер келеді. Бұл ауылдар (Құлан мен Меркі) арасында үш халұқ тайпалары тұрады, олар бистан, хаим, бириш» деп аталады дейді.
ХІХ ғасырдың 50-жылдарынан кейін Оңтүстік Қазақстан жері Орыс империясының геосаясаттық аймағына кірді. Орыс әскерлерінің шығысқа қарай жылжуы 1864 ж. Әулиеата (Тараз) қаласын алуға әкеп соқты. Бұл оқиғаға дейін жаңадан құрылған Сырдария облысы Әулиеата уезіне кіретін аттас болыстың орталығына айналған Меркі бекінісін 1864 жылы көктемінде орыс әскері соғыссыз алған. Ортағасырлық Меркі қалашығын алғаш рет Орта Азияға ғылыми сапармен келген және Шымкент, Тараз, Тарты (Құлан), Меркі, Ыстықкөл жағасы, Іле аңғары арқылы өткен В.В.Бартольд 1893-1894 жылдары зерттеді. Ол Тарты мен Құланды және Меркі мен Меркі ауылындағы қалашықты бір деп жазған.
1964 жылы К.Байпақовтың жетек­ші­лігімен Жетісу археологиялық экспедициясының Луговой бөлімі барлау қазбаларын жүргізді. Онда жасалған кесік қаланың жоғарғы қабаты ХІ-ХІІІ ғасырларға жататындығын көрсетті. Жиналған археологиялық заттар (қыш) қаланың VІІ-ХІІІ ғасырларда болғандығын дәлелдейді.

Арнабай НҰРЖАНОВ,
Ә.Марғұлан атындағы Археология
институтының жетекші ғылыми
қызметкері, тарих ғылымдарының
кандидаты
Ералы АҚЫМБЕК,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
универсиетінің PhD докторанты


Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Trending Articles