Майя деген қандай тайпа, оның күнтізбесінде не айтылған?
18.12.2012 10:12
Бүгінде әлем жұртшылығын әбігерге салып отырған ақырзаман туралы әңгіменің кезінде Солтүстік және Орталық Американы мекендеген майя тайпасының күнтізбесінде айтылған жайлардан бастау алғаны белгілі. Яғни ежелгі майялықтар әлемдегі ең тура күнтізбені жасаған. Сол күнтізбеде көрсетілген күндер 2012 жылдың 21-желтоқсанына келіп шектеліпті. Осыны базбіреулер тіршіліктің жойылатын күніне балап, адамзатты алаңдатып қойды. Ал енді осы майя тайпасы қайдан шыққан, олар немен айналысқан, бүгінде ұрпақтары бар ма, әлде тұқым-тұяғымен жойылып кетті ме? Олардың күнтізбесіндегі 2012 жылдың 21-желтоқсаны нені білдіреді? Жұрттың көкейінде бүгінде осындай сұрақтардың да жүргені анық.
Әйгілі түркітанушы ғалым Лев Гумилев өзінің бір еңбегінде майяның түпкі Отаны деп Азияны көрсетіпті. Ол мұндай тұжырымға майя үндістері тілінің түркі тілімен үндестігін аңғарған соң келген көрінеді. Ғалым майя тайпасы Мұз басу дәуірінде Солтүстік Америкаға Чукотка және Аляска түбектерін жалғайтын мойнақ арқылы өткен болуы мүмкін деген пікір айтыпты.
Бір ғажабы, осы майя тайпасы металл, ат-арба, соқа, күш көлігі дегендерді білмеген көрінеді. Олар егінмен де, мал асыраумен де айналыспаған. Джунглиден жемістер терген, өздері жеміс ағаштарын өсіріпті, жабайы жануарларды аулаумен айналысқан екен. Тасты өте көп қолданған, тастан үлкен қалалар тұрғызған. Ал осы тас қалаларды, ондағы алып пирамидаларды олар ненің күшін пайдаланып салғанына ғалымдардың әлі күнге дейін ақылдары жетер емес.
Майя өркениетінің жұмбақтары көп. Бұл тайпа адамдары біздің дәуіріміздің шамамен 830-шы жылдары барлық тас қалаларын тастап, түп көтеріліп әлдебір жаққа көшіп кетіпті. Бір ғалымдардың пікірінше, олар ормандарға кеткен, сосын бөлініп–бөлшектеніп, бір кездердегі дамыған өркениетінен бірте-бірте із де қалмапты. Ал тайпаның өзі түбегейлі жойылмаған, майя ұрпақтары бүгінде бар. Олар Солтүстік және Орталық Американың Мексика, Гватемала, Гондурас, Сальвадор, Панама сияқты елдерін мекендейді. Бірақ бойларында ежелгі мықты кезіндегі қасиеттерден із де қалмаған.
Ал майя тайпасының тұрған қалаларын тастап кеткен себебін бір ғалымдар алапат жер сілкінісінің салдарынан болуы мүмкін десе, енді бірі климаттың бірден өзгеруінен болуы ықтимал дейді. Тағы бір ғалымдар мұхит пен атмосфера құбылыстары алапат құрғақшылық әкелген, сондықтан олар тұрған жерлерін тастап кетуге мәжбүр болған деген ой айтады.
Ежелгі майя дінбасылары аса данышпан математиктер болған көрінеді. Оның нақты бір дәлелі – олардың сол кездің өзінде-ақ өте дәл астрономиялық күнтізбе жасауы. Майялықтар күнтізбесінде бір жылда 365,2421 тәулік бар. Олар Шолпанның Күнді айналу уақытын да аса дәлдікпен анықтаған. Күннің, Айдың тұтылатын кезеңдерін де тура есептеп біліп отырыпты. Араларында адамның, тіпті халықтардың алдағы өмірін болжай алатын сәуегейлері де көп болған.
Майя күнтізбесі бойынша біз қазір біздің жыл санауымызға дейінгі 3113 жылы басталған уақыт циклында ғұмыр кешіп жатырмыз. Ол, жоғарыда атап өткеніміздей, майя күнтізбесінде 2012 жылдың 21-желтоқсанына келіп тұйықталыпты. Бұл уақыт циклының аяқталғанын білдіре ме, әлде күнтізбені жалғастыру қандай да бір себеппен тоқтап қалды ма екен? Ғалымдардың басын қатырып жүрген – осы сұрақ. Ал майя күнтізбесі бойынша, бір уақыт циклынан екіншісіне өткенде әлемде «Ғаламшарлар шеруі» орын алады, онымен қоса галактикадағы басқа да жүйелердің орын алмасуы болады, бұл құбылыс ғаламдық апаттарды туындатады.
Кейбір ғалымдардың жұртты үрейге батырып айтып жүргені – осы құбылыс. Бірақ ақырзаманның қашан боларын бір Құдай ғана біледі. Сондықтан мұндай апаттан тіршілікті Құдайдың өзі сақтасын деп тілейік.