Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客 » sjanbolat
Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Үрейлі мекен

$
0
0

Үрейлі мекен

19.03.2014 21:51 Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ

0204

Әлемнің әрбір мемлекеттерінде, қалаларында, елді мекендерінде аңызға айналған үрейлі орындар бар. Ол үй, орман, шөл, сай, үңгір, арал немесе білдей бір қала болуы да мүмкін. Ондай қолайсыз мекендердің қазақ даласында да бары анық.

Әдетте, адам баласы ондай аймақтардан «жын-шайтан жайлаған жер» деп, айналып өткенді жөн көреді. Әйткенмен, тарихы қызық мұндай орындарға саяхатшылар арнайы келіп, тамашалайтын көрінеді. Олар жұрт айтып жүрген әңгімелердің рас-өтірігіне көз жеткізу үшін де ат терлетіп, алыстан келеді. Ендеше таныса отырыңыз.
Американың Калифорния штатында «Винчестерлер үйі» аталып кеткен шаруа қожалығы бар. Бұл қожалықтағы бір ғана үйдің өзінде 160 бөлме, 40 басқыш бар. Ал үлкендігінде шек жоқ. Ішіне кірген адам бөлме­лердің көптігінен адасып, шығар есікті таппай қиналуы да мүмкін екен. Бір адамға осыншама үл­кен үй не үшін керек болды дей­сіз ғой? Баяғы бір замандарда бұл үйде Сара Винчестер тұрған. Оның күйеуі Уильям аяқасты өліп, әйелі жесір қалады. Күн­дердің бір күні Сараның түсіне күйеуі кіріп, бүкіл әулеттің қар­ғысқа ұшырағанын айтады. Жігіттің әкесі Оливер Винчестер атақты қару шығаратын зауыт­тың негізін қалаған екен. Міне, сол қарулардан өлген адам­дар­дың қарғысы әулет адамдары­­ның ұзақ өмір сүруіне кедергі кел­тіреді екен. Сондай-ақ олар­дың елестері де маза бермеген көрі­неді. Бұл сұмдықтың алдын алу үшін әйел елестерді адас­тыр­мақ болып, бөлмелері көп үй салмақ болады. Содан аталмыш үйді сатып алып, алты ай жаз, алты ай қыста да тоқтамастан бөл­меге бөлме қосып, ғимаратты үлкейте береді. Қарғыстан құ­тылғысы келген әйелге балгерлер балға­ның даусы тоқтаған сәтте өмір­ден озатынын да жеткізеді. Жаны ұшқан Сара нәтижесінде, бұл сарайды 38 жыл бойы еш үзі­ліссіз соға беріпті.
Бүгінгі таңда бұл үлкен қо­жалақ саяхатшылардың көп келетін орнына айналған. Үйге ешбір жан жолсеріксіз кіре алмайды. Себебі бұл үйде оңай адасып кетуге болады. Сондай-ақ жүйкесі жұқа адамдар алдын-ала ескертіліп те жататын көрі­неді. Себебі, адасқан жолаушыны үйдің кез келген бұрышында елес аңдып тұруы мүмкін.
Қансорғыш Дракула туралы жайлы білмейтін адам жоқ шы­ғар. Міне, сол Дракула жайлы аңыздың отаны – Румыния. Онда тау басында Бран сарайы бар. Құзар шыңның ұшында орна­ласқан бұл ғимарат алыстан сұсты көрінеді. Бұл сарай жайлы аңыз Брэм Стокердің «Дракула» атты еңбегінен соң жұртқа тез тарады. Кітапта айтылғандарға және ел аузындағы аңыздарға сенсек, 56 бөлмесі бар бұл қор­қынышты мекенде сұлуларды ұрлайтын қансорғыш тұрған. Ал тарихқа жүгінер болсақ, мұнда кезінде қаталдығымен танылған қанішер Влад IV тұрыпты.
Шотландиядағы Овертаун көпірі адамдар үшін қауіпті бол­маса да, басқа тіршілік иесі үшін қолайсыз орын екен. Сондай үлкен емес бұл көпір иттерге ұнамайтын көрінеді. Неге екені белгісіз, бұл көпірден төрт аяқты досымыз оңай өте алмайды. Кез келген ит бұл көпірден себеп­сіз­ден-себепсіз секіріп кете береді екен. Жүздеген иттің жанын қиған бұл жердің құпиясы әлі де ашылған жоқ. Мамандар әзірге құр болжам ғана айта алады. Тылсым күшке сенетіндердің пікірінше, дәл осы көпірдің үс­тінде о дүние мен бұ дүниені жалғайтын қақпа бар. Мұны екі аяқты адам көрмегенімен, аса сезгіш ит жақсы көре алса керек. Екі дүниенің арасын айыра алма­ған ол нәтижесінде осындай қадамдарға барады. Жұмбағы ашылмаған бұл көпірден адамдар да қорықпай өте алмайтын шы­ғар. Атағы шыққан бұл орын үрейлі мекендер қатарында тұр.
Ал Жапонияның Аокигахара орманы адам баласы үшін аса қауіпті. Ит тұмсығы өтпейтін бұл орман жұртқа жаман атымен танылды. Күн сәулесі түспейтін, компас тілі де орынсыз айнала беретін бұл аймақтың да ашыл­маған құпиясы көп. Бұл орманда талай адам өз өмірімен қоштас­қан екен. 1950 жылдардан бері мұнда бес жүзден астам адам өзіне қол жұмсап, қайтыс болған деген дерек бар. Осындай сұм­дық оқиғалар орын алатын аймақ биліктің жіті қадаға­лауында. Соған қарамастан, ай­мақтағы келеңсіздіктердің алдын алу мүмкін болмай отыр.
АҚШ-тың Луизина шта­тында Манчак батпағы бар. Бұл жерді сол маңның тұрғындары «елестер мекені» атап кеткен. Аңыздарға сенсек, бұл батпақта Ругару құбыжығы мекен етеді. Ал елестер жайлы әңгіме 1915 жылдан бастап тарай бастады. Дәл сол жылы қатты дауыл тұ­рып, салдарынан 3 ауыл су ас­тына кеткен. Содан бері бұл ай­мақтың тынышы бұзылыпты-мыс.
Дәл осындай үрейлі мекен Италияда да бар көрінеді. Құр­лықтан шалғайда орналасқан Повеглия аралы елесті мекен саналады. Аталмыш аралға ХІV ғасырда оба ауруына шалдық­қандарды әкеліп тастайтын болған. Бұл жаққа кеткен адам оралмайтындықтан да, аралдың жаман аты шыққан. Талай адам ажал құшқан бұл аралға кейіннен психиатриялық емхана салы­ныпты. Бұл емханаға түскен жарымжан жандар көздеріне түрлі нәрсе елестейтінін айтып, одан бетер шошитын болған. Бүгінде бұл жер адам аяғы бас­пайтын мекенге айналған. Адам­дардың кіруіне рұқсат жоқ. Яғни қызық қуған саяхатшылар өз­дерін арал жайлы аңыздармен ғана жұбатары анық.
Дәл осындай үрейлі арал Мексиканың маңында бар. Қуыр­шақтар аралының көлемі сондай үлкен емес. Тіпті тұрғыны да көп емес болса керек. Десе де, бұл аралда ұсқынсыз қуыршақтар көп. Ағаштар мен жартастарда ілініп тұрған есепсіз ойыншық­тар адам үрейін алары сөзсіз. Аралды мұндай сұрықсыз кейіп­ке енгіз­ген Джулиан Баррера атты тұр­ғын екен. Ол кезінде суға кеткен кішкентай қыздың құрметіне аралды қуыршақтарға толтыр­ған. Олардың арасында аяқ-қолы бүтіндері мүлде жоқ деуге болады. Мұндай қорқы­ныш­ты көріністі тамашалауға ешкім құштар емес дерсіз. Алай­да бұл аралға осы сұмдықты та­машалау үшін арнайы баратын саяхат­шылар көбеймесе, азай­мапты.
Адам баласының арман қа­ласына айналған Парижден де үрейге толы орындарды табуға болады. Қала астындағы қараңғы катакомбалардың жалпы көлемі 187 шақырымды құрайды екен. Иыр-қиыр жерасты жолдарының белгілі бір бөлігі ғана саяхат­шылардың тамашалауына ашық тұр. Ал қалған қараңғы дәліздерді аралауға рұқсат жоқ. Кері жол табу қиын. Шотландияның ең ірі қалаларының бірі – Эдинбургте де Мэри Кинг деп аталатын жерасты тұйық көшесі бар. Бұл көшенің жоғарғы бөлігі орта жолдан қиылып, үлкен қабыр­ғамен тұйықталған. Ерте заман­дарда жап-жақсы жол торабы саналған көшені оба ауруының алдын алу үшін ортасынан бөліп тастаған екен. Яғни қаланың бұл бөлігіне айықпас аурудан көз аша алмағандарды әкеп тас­тай­тын болыпты. Сол ауыр кезеңде бұл жерге дертке шалдыққан кішкентай қызды да әкеп тас­тапты-мыс. Қараңғы көшені шар­лаған жұрт көбіне сол кіш­кентай қыздың елесін көреді екен. Бүгінде жерасты үңгіріне айналған шолақ көшені сол ескі жылдары азаптан ажал құшқан талай жанның елесі кезіп жүрген болуы керек. Аты шыққан жерге аңызқұмар саяхатшылар көп келетін көрінеді.
Байқасаңыз, аты аталған мекендердің барлығына саяхат­шылар барады. Демек, мұндай атышулы мекендер жайлы аңыз жарнама үшін ойдан құралған болуы мүмкін. Десе де, кейбіреу­лері расымен де аңызға бергісіз. Иә, мүмкін осы айтылғандардың арасында ақиқатқа негіздел­гендері де бар шығар.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Trending Articles