ҚАЗАҚТЫҢ ҚАДІРМЕНДІ ҚАЛДАРБЕГІ
Өткінші өмірдің қимас қызығы да, өзек өртер өкініші де аз болмасы белгілі. Сол қамшының сабындай қысқа ғұмырдың аясында адам баласының басына түсетін ауыртпалықтың қиыны – өзің жаныңдай жақсы көретін кісіден айырылу екен. Бұл менің қаршадай кезімде жолығып, ақсақалдық жасқа аяқ басқанымда жанымыз жарасып, жұбымыз жазылмай , сан жылдар сыйласып, сырласып, қатар ғұмыр кешкен аға-досым Қалдарбекті есіме алған сәтте жүрегімді жаралайтын ойлар. Қалекең қапияда қайтыс болғанда аса қымбатты, жанымдай жақынымнан айырылып қалғаныма қабырғам қайысып қайғыруымның сыры мен жыры бөлек. Өйткені, сол сәттен бастап мен өзімнің өмірімнің ең қызықты, ең қайталанбас күндерін біржолата жоғалтқанымды сезіндім. Ал ең өкініштісі, Қалекеңнен тым ертелеу айырылып қалғанымыз. Әрине, өлмейтін адам жоқ, егер де ол асарын асап, жасарын жасап қоштасса әңгіме басқаша.
--------------------------------------------------------------------------------
Қанатты қаламгер, қажырлы қайраткер Қалдарбек Найманбайұлы сынды болмысы бекзат, аяулы азаматпен ұзақ жылдар бойы өмірдің қуаныш- қызығын, қайғы-қапасын бірге бөлісіп, қатар жүргенімді Алланың сыйына балаймын. Қалекең қайтпас сапарға аттанып кетсе де, көзін көрген, араласқан, қадіріне жеткен ел-жұртының бәрі де осындай ойда екендігіне берік сенімдімін.
Осынау шау тартқан шағымызда, оңаша отырған сәттерде өткен өмір жолымыз, кімдермен кездесіп, кімдермен қоян-қолтық араласып, айнымас дос болғанымыз, олардың санамызда сақталған мінез-құлықтары, атқарған қызметтері, жалпы тағдырлары үзік-үзік есімізге оралады. Ал өз басым Қалекеңнен сонау киелі шаңырақ «Лениншіл жаста» – 1961 жылдың жазында танысып-табысқан едім. Содан бергі 44 жылғы өміріміз бірге өтті. Кейін «Жалын» баспасында, сосын Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығында қатарласа қызмет істедік.
Оны бір кісідей білетін, достас, тағдырлас адам болғандықтан, айтылар әңгіме, шертілер сыр аз болмасы белгілі. Бүгінгі естелік соның шет жағасы ғана...
Бұл тағдыр табыстырған аға-достың өмірі мен шығармашылығы туралы көсіле сілтеп, кеңінен қамтып жазылған эссе емес, жадымда сақталған кейбір сәттік сырлар ғана. Мақсатым – көзі тірі болса, ел қатарлы 75-ке толғанын тойлайтын Қалекеңнің отбасы, ағайын-тумалары, жора-жолдастарынан басқа ойлы оқырмандарының да осы мерейтойға ортақтастығын еске түсіріп, жазушымен жүздеспеген бүгінгі жас ұрпақтың да ойына алуына, кітаптарын оқуына қозғау салу. Жалпы, ел-жұртына, билік басындағыларға айтылар сөз және бар...
Жасың ұлғайғанда ұмытшақ болатының табиғи құбылыс болар: күні кешелері басыңнан кешкен, көзің көрген оқиғалар жадыңнан шығып, бәз баяғы бір кездердегі өткен өмір елестері ойыңа бірден оралатыны бар. Осы естелікті жазып отырғанда Қалекеңнің кескін-келбеті, болмыс-бітімі, мінез- құлқы бейне өзін көріп отырғандай көз алдыма келе қалғаны. Осынау өзім алғаш көргендегі сұңғақ бойлы, ақсары жүзді, сырбаз мінезді, бітімі қоладан құйған мүсіндей мінсіз бозбала өле-өлгенше сол сымбатты тұрпатынан таймай кеткені де Қалекеңнің жаны ғана емес, тәні де сұлу, жігіттің төресі болғандығына дәлел. Оның айқын айғағы, мына кезекті бір бас-қосуда шабыттана сөйлеп тұрған сәтіндегі суреті. Оны маған сыйлаған кезінде «Жалын» баспасында қызметтес әрі достас, белгілі жазушы-аудармашы Гүлзада Мырзахметова. Бір кездегі әріптесін құрметтеп, ұмытпай жүргендігінің жарқын белгісі осы болар. Жалпы, Қалекеңнің жанының жайсаңдығы, кіршіксіз кісілігі, мейірім-қайырымға толы тұлға-жаратылысы оны білетін адамдардың бәрі айтатын уәж. Ол адамдармен араласқанда тек сенімді, уәдесіне берік, адал кісілермен ғана сыйласып, сырласып, достасуға айрықша мән беретін. Алғаш кездескенде тұйықтау көрінгенімен, жүре келе ашық-жарқын мінезі өзі жақсы көрген адамдармен тез тіл табысып, алаңсыз араласып кетуге бейім еді. Сыйлаған адамын алаңсыз ақ көңілімен, адамгершілік қасиетімен баурап, өзіне тартып алатын. Ал мінезі соншама жұмсақ бола тұра, ол өзінің сенімінен, турасын айтатын адалдығынан айнымай, жасының үлкен-кішілігіне, қызмет дәрежесіне қарап ешкімнің алдында да басын иіп, тізесін бүккен жоқ. Бірақ та ол өзінің ой-пікірін шәлкем-шалыс мінез көрсетпей-ақ, сыпайылап, дәлелдеп жеткізетін. Біреулер онысын жалтақтыққа жатқызған да шығар. Ал шындығында жастайынан жетімдік көріп, кісі қабағына қарап өскен жігіт салған жерден біреудің бетінен алып, ұрсыса, ұстаса кетуді ұнатпайтын. Біреудің сыртынан сөз жүгіртіп, жамандап, өсек өртін өршітуді, кектесуді суқаны сүймейтін. Кісілік, білгендік, қазақы қасиет деген осы емес пе?! Ол өзінің қалай өсіп- жетілгенін, адамдықтың ақ жолымен арманына қалай жеткенін ешқашан есінен шығарған емес, тәубасынан жаңылған емес. Сонау бір жылы, сонау бір қоңыр кеште, «Жалын » баспасында қызметте жүргенде, бізді қонаққа шақырған «Юнге-вельт» жастар баспасының Берлиннің қақ ортасына жайғасқан мейманханасында жатып ұзақ әңгімелесіп, сыр шертіскен сәт әлі есімде. Сондағы сырласуымыздың арқауы баяғы балалық шағымызда бастан кешкен қиын-қыстау кезең: жетімдік, жоқшылық, соғыстан соңғы жылдарда көрген тұрмыс тауқыметі. Сол кеште Қалекең айтқан әңгіменің түйіні:
– Қуанышбай бауырым, енді міне, соның бәрі де көрген түстей артта қалды.
Ержеттік, оқыдық-тоқыдық, ел қатарлы ғұмыр кешудеміз. Отбасы, бала- шаға, қызметіміз бар. Жазушылықтың да жемісін жеп жүрміз. Ел-жұрт алдында абырой-беделіміз бар. Кешелері алыс ауылдарда тезек теріп, қи ойып, отын тасып, мал жайып, ертеңді-кеш тыным таптырмайтын тіршілік кеше жүріп, өмір өткелдерінен сүрінбей өтіп, мінеки кісі болдық. Ел ішін қойып, шет елдерге сапар шегіп жүрміз. Осылай болады деп ойлап па едік... Құдайдың бергеніне шүкір, тәубе дейік, достым! Аға-достың ағынан жарыла айтқан осы әңгімесін қалай ұмытарсың?! Өмірден өнеге алу, бар болсаң асып-таспай, жетпей жатса жылап-сықтамай ғұмыр сүрудің тәлімді сабағы осы ғой... Өмірден көргені де, басынан кешіргені де, көп азаматтың жан сыры жүрегімде жаттаулы.
Өз өмірімде, бірге қызмет істей жүріп, Қалекеңмен талай рет сапарлас та болдым. Мысалы, Польша, Германия, Қытай, Түркия елдеріне, «Жалында» жүргенде үш қайтара Мәскеуде өткен Халықаралық кітап көрмесіне бірге бардық. Сондай-ақ, Қалекең өзінің туған жері Жетісайға, Шымкентке де арнайы қыдыртып апарғаны естен шығар ма?! Бір ғажабы осы сапарларда да, қарамағында қызмет істеп жүргенде де, бәзбір бастықтарша кісімсіп, өктем сөйлеп, білгішсініп, ақыл айтып, астамшылық жасап, теріс мінез көрсеткен емес. Бір үйдің баласындай тату-тәтті, сыйласып-сырласып, отбасымызбен араласып, дәм-тұзымыз жарасып ғұмыр кештік. Диляра жеңгеміз де Қалекеңе адал жар болды, екі ұлы, Зауыр мен Дауыры да әке-шешесіне сөз келтірмей, жақсы азаматтар санатына қосылғанын білеміз. Әттең, өкінішке орай, Қалекеңнің тұңғышы Зауыр қайтыс болып кетті, жас кетті, арманда кетті. Ал қаршадайынан қасынан тастамай, қатты жақсы көріп, ел-елді аралағанда өзімен бірге алып жүретін сүйікті немересі Дамир атасының ғұмыр жасын ұзартар деген сенім көңілге дем береді. Әулеттің тамыры үзіліп қалмағанына шүкіршілік дейміз. Ол қазір жоғарғы білімді жігіт.
Қалекеңнің адами қасиетіне қатысты әңгіменің бір парасы осы. Енді оның азаматтық парызы – қайраткерлік қызметін қалай атқарғандығына тоқталайын.
Ол Елбасының тікелей тапсырмасымен Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығын құру жөніндегі шешімін орындауға белсене, бел шеше кірісті. Қалекеңнің қайраткерлік қабілетінің айрықша жарқырай көрінген кезі – сол әлемнің әр елін мекендеп қалған қазақтардың атажұртына оралуының ұлы көшін бастауға аянбай атсалысуы. Ел-елді аралап, сөзі өтімді, туған жерге туын тігуді, тіпті өздері болмаса да, ұрпағының атамекенін табуын армандап жүрген, жұртын соңына ерте алатын игі жақсы-беделді кісілермен кездесіп, көштің көлікті болуын жүзеге асыруға асықты. Бұл әрине, оңай орындалатын жеңіл-желпі тапсырма емес-тін. Қалекеңнің күн-түн демей, аттан түспей жүріп, екі рет Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайын өткізуді ұйымдастырудың басы-қасында болғаны да белгілі. Оның сыртында Еуропада орналасқан елдерде кіші құрылтайлар өткізгені тағы бар. Осынау елдік-ұлттық мәнді мәселені ұйымдастыруда Қалекеңнің іскерлігі, білгірлігі, ұйымдастырғыш қабілеті танылғанын айту парызымыз. Әлем елдерін мекендеген қандастарымыз Қалекеңді жақын тартып, жақсы көріп, қуана қарсы алып, қимай қоштасып, аса қатты құрметтегенін қызметтес болған жылдары көзіміз көрді. Арада әлденеше жыл өткен соң ғана шаңырақ көтерген Көші-қон агенттігі құрылғанға дейін қандастарымыздың елге келіп-кетуін, біржолата қоныс аударуын, балаларын оқытудың шешімі қиын мәселелерін Қалекең басқарған Қауымдастықтың ұжымы өз міндетіне алып, ойдағыдай атқарды.
Қалекең қызметте де, жазушылық өнерде де өз білім-білігімен, өз жаратылысының қарым-қабілетімен биік белестерге көтерілген Азамат. Ол жастайынан мансапты қызметтер атқарды. Оның «Лениншіл жаста» редактордың орынбасары «Білім және еңбекте», «Ара-Шмель» жорналдарында бас редактор, «Жалын» және «Жазушы» баспаларында директор, Авторлар құқығын қорғау агенттігінің басшысы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының екінші және бірінші хатшысы, Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары (Оның басшысы Елбасы Н.Назарбаев екені белгілі) қызметін атқарғаны осы сөзімізге толық дәлел.
Мен білетін Қалекең аталған мәртебелі мекемелерде өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің, адалдығының, әділдігінің, жұртқа жаппай жанашырлығының арқасында зор беделге бөленіп, абыройын асырды. Қызметтес болған адамдардың ешбірінің көңілін қалдырып, ренжіткен кезін көрген де, естіген де емеспін. Жұрттың бәрі тік жапырыла жақсы көретін, сыйлайтын, сөзін жерге тастамайтын. Олардың әрқайсысының жүрегінде өз Қалдарбегі бар екені күмәнсіз.
Әлбетте, көп шаруасының бірі орындалмай, яғни кітабы нақ сол жылы шықпай қалған жағдайда, оны жүре жамандап, теріс қарап, қисық-қыңыр қылық танытқан қаламгерлер болмады деп кесіп айтсақ қателесеріміз хақ. Жаратылысынан жүрегі жұмсақ, өзіне өтініш айтып, қолқа салған кісілерге жақсылық жасағысы келіп тұратын. Алайда, кейде өзіне байланысты емес себебтен қолынан келмей қалса, уәдесінің үдесінен шыға алмаса, мәселенің мәнісін ұқпай, жазғыру, жаңсақтық, білместік, тіпті надандық емей немене?! Осы реттен болмаса Қалекеңнің тал бойынан титтей де кемшілік таппасымыз Аллаға аян.
Енді бірер сөзіміз Қалекеңнің жазушылығына арналмақшы. Қайраткерлігі өз алдына, қаламгерлігі негізі, есімін елге танытқан талантының басты белгісі ғой. Ол әдебиетке әдеттегідей шәкірт болып, қалыптасу сатысынан өтпей-ақ, бірден қарымды, тілі төгілген, жазу мәнері қалыптасқан жазушы болып қосылған еді. Олай болатын себебі, Қалекеңнің жастайынан өмірдің қиын-қыстау өткелдерінен сабақ алып, кейін жорналшылық кәсібі уақыт тынысын, қоғам өмірінің жүрек соғысын, адамдар тағдырын танып-білуіне үлкен септігін тигізген еді. Сондықтан да оның қоғамдағы, әлеуметтік ортадағы өзін терең толғандырған өзекті мәселелерді қозғаған, арналы роман-диологиясы «Көктөбе» мен «От пен ойын» және «Қоштасқым келмейді», «Үміт өткелі», «Аптап», «Беймезгіл қонақ», «Шілде», т.б. кітаптары жарық көрді. Қалекеңнің әңгіме-повестері оқырмандарын бейжай қалдырмай, құмарта, қызыға оқитын көркем шығармалардың қатарын толықтырды. Жазушы туындыларындағы тұлғалы кейіпкерлер өз замандастарымыз. Олардың ой-мақсаттары, өмірлік ұстаным-мұраттары бәріміздің де көкейіміздегі сансыз сауалдар мен арман-аңсарларды қозғауымен қымбат. Кейіпкерлерінің өмір-тағдырын санамызда саралай отырып, олардың қарапайым да қайырымды, менмен емес мейірімді, қара басының қамы емес, ел-жұртының бақытты ғұмыр кешуін көксеген, елінің ертеңі – жастардың: ұлтының үлгілі ұл-қыздары болып жетілуін ойлаған жайсаң жандар екендігіне сүйсінеміз. Қаламгердің бізді білімді, адамгершілігі асқақ жаңа заманның адамдарымен жүздестіргеніне шексіз риза боласың.
Қазақ әдебиетінің өркенін өсірген тамаша туындылары талай тілдерге аударылып, орыс, өзбек, поляк, чех, неміс, болгар, т.б. оқырмандарына ұсынылды. Осы жерде бір айта кетпеске болмайтын әңгіме – Қалекеңнің аталған елдердегі жастар баспаларымен тығыз шығармашылық байланыс орнатып, қазақтың аса көрнекті жас жазушыларының кітаптарын шығаруға мұрындық болғандығы. Бұл қазақты көгертіп, рухтандырудың көшелі жолы. Елге еңбек сіңірудің тәлімді тәсілі, табылған ақыл. Жазушының көркем әдебиет баспаларын, Қазақстан Жазушылар одағын басқара жүріп, қаншама жас таланттардың жолын ашуға, қабырғалы қаламгерлердің шұрайлы шығармаларын жарыққа шығаруға, тағы басқа мәселелерін шешуге сіңірген еңбегі де ұланасыр. Осынау есепсіз, қыруар еңбегін ол ел алдындағы парызым деп білді. Міндетсіп, көкірегін көтерген жоқ. Ақырын жүріп, анық басты.
Оның қызмет бабын пайдаланып, лауазымды жерде жүргендігіне арқа сүйеп, өңіріне орден-медаль тағып, сыйлық, атақ алуға қызықпағаны да адалдығының айнасы. Бар болғаны бүгінде бірсыпыра жазушыларға берілген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болғаны. Рас, ел тәуелсіздік алған тұста Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланғаны бар. Сөйтіп, ол барын базарлап өмірден өтті.
Ал енді есімі танымал тұлғаның еліне сіңірген ерен еңбегін ерекше ескеріп, Қалдарбек Найманбайұлының есімі көше, мектептерге беріліп, тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатып, шығармаларының көптомдығын шығару мәселесі мүлде ұмыт қалғаны қайран қалдырып отыр. Қай жағынан алғанда да Қалекеңе ондай құрмет баяғыда-ақ көрсетілуге тиіс еді ғой. Арада он жыл өтсе де бұл шаруаның жылы жабылып жатуы ақылға сыймайтыны ақиқат. Осы орайда кезінде өзі басшысы болған Қазақстан Жазушылар одағы, туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, өзі шаңырағын көтеріп, құрған Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығы игі шараларды қолға алып, жүзеге асыруы қажет деп білемін. Ендігі жерде себеп-сылтау іздеп, мәселені кейінге шегере беру елдігімізге сын. Елін сүйген, еңбегін сіңірген көрнекті қаламгер-қайраткерге лайықты құрмет көрсету азаматтық парыздың бастысы. Қалайда Қалекеңнің жоқтаушысы қасиетті Қазақ елі екенін ұмытпайық!
Қуанышбай Құрманғали,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.