Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ
ҮЙСІННАМА (9)
7.ЕЛЖАУДЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІККЕ БЕТТЕУІНІҢ СЕБЕПТЕРІ
Үйсін ұлысын тәуелсіздікке жетектеген басты адам - Елжау күнби Нәндібиұлы. Бұл беталыс неден туындады дегенге жауап бере кетуге борышымыз, әрине. Бұл туралы мынадай ойларды айтуға болады:
1. Елжау есейе келе өз әкесінің Мөде тәңірқұт қолынан өлгенін білгесін, кектеніп, өшігіп, оның қағанатынан түптің түбінде бөлініп кетуді ойлаған деу. Жылнамалар бұл ойдан ашық дерек бермейді. Бірақ Нәнді бидің Мөде қолынан өлгеніне сенсек, Елжауда бұл ой болмады дей алмаймыз. Алайда Мөде Елжаудың сәби кезінде қайтыс болып кетеді. Елжау Мөденің ұлы Лаушаң заманында есейіп, жігіт болады. Тәуелсіздік алуы оның ұлы Жюнчын (Кеюк, Киік) кезіне тура келеді. Тәңірқұттар өз парасаттарын толық пайдалана отырып, бар құқықты өздеріне әбден шоғырландырғаны және тәңірқұтқа мұрагерлік түзімі бойынша, басты биліктілердің бәрі дерлік оның ноқтаағасы тайпасынан шығуы керектігін айқын жариялағаны себепті, Елжауға кек қайтарудың бөлініп кетуден өзге жолы (тәңірқұттық тақты тартып алу, т.б.) жоқ екені белгілі еді. Қанға қан жолын қуып Мөденің бір ұрпағын, мысалы тақта отырған Жюнчынды жайратудың тым парасаттылық емесін Елжау әрине біледі. Сонымен, бұл әке кегі аса парасатты Елжау үшін, бір себеп бола алса да, ең басты себеп бола алмайтын сықылданады.
2. Елжау немесе Елжауды ұйтқы еткен Үйсіннің ең жоғарғы ығайлары “ортақ өгізден оңаша бұзау артық” санады деу. Мен олардың ішінараларын ғана болмаса, дәл Елжаудың өзін бұған қимаймын. Ол Елжау “бірлік түбі - тірлікті” білмейді дегенге саяр еді. Мұның мүмкіншілігі аз. Әсіресе берекесіздіктің тақсіретін ғасырлап тартқан, енді ғана бас құрап, ес жиюға беттеген Ұлы Дала елінің төбе тобында (тәңірқұтқа таяу сатыда) жүрген парасатты Елжау үшін мұны білмеуі мүмкін емес.
3. Тәңірқұт жүргізіп жатқан соғысқа қол тапсыру, оның шығыны үшін алым-салық беріп тұру жұртын жауыр қыларлық дәрежеге жеткендігі үшін деу. Бұл себеп бар. Дегенмен бұл да басты себепке жата алмайды. Өйткені егер жол ақ, іс дұрыс, болашақ нұрлы болса, оған қажетінше құрбан беру керегін Елжаулар да біледі.
4. Елжау тобы Ғұн қағанатының болашағын көмескі санады, тіпті түңілерлік нышандарын байқады деу. Меніңше мұның жаны бар. Ең басты себеп те осы болуға тиісті. Қалғанының бәрі қосалқы себептер. Хань әулетінің атақағаны (高祖) Лю Баң б.з.д. 206 жылы таққа отырса, Мөде одан 3 жыл бұрын таққа шыққан болатын. Лю Баң 12-ақ жыл билесе, Мөде 36 жыл билеген еді. Елжау олардың мұрагерлері заманында ержетті. Ол өзі тұрған елді (Ғұн империясын) ғана емес, соғыс барысында өзге (соның ішінде, әсіресе Хань әулетін) де көріп, біліп жүрді. Миы бар адам әрине ойлайды. 20 неше жыл ішінде екі елде екі түрлі өзгеріс туылды. Хань әулетінде, ғасырлаған тарих қалыптастырған өркениет пен мәдениеттің, көп қала мен қалың жанның үстіне, бір орталыққа мықтап бағынған күшті мемлекеттілік, сол үшін қызмет ететін заң-жарғы, оны қорғайтын әлеуетті әскери жүйе қалыптасты. Ал, Ғұн қағанатында осының бәрі олқы. Бір орталыққа ауызда ғана бағынған бау-хандықтардың (бәрін қосқанда) неше миллион ғана жанымен (қару көтеріп шыға алатыны 300 мың ғана қолымен) патшаның ашса алақанында, жұмса жұдырығында болатын неше он миллиондық хәндерге қарсы толассыз соғыстың, оның керісінше Ғұн ақсүйектері ішіндегі қатая бастаған тақ таласының, елдегі іштілік пен әлеуеттілік жақтағы әлсіздіктердің (табиғи апат, мешеу өндіріс қатарлырдан туындаған кедейлік,... ) т.б. аяғы қайда апарары беп белгілі еді. Елжау елдің ішкі жағындағы шипасы табылмайтынға басқан дерттер мен сыртқы (күші мен айласы үстем) Хань әулетінің түптеп келгенде Ғұн қағанатын құртатынын ерте сезді. Кейінгі тарих, Ғұнға қараған бетінен таймаған баулар түгіл, бүкіл Ғұн қағанатын да құрдымға әкетті емес пе. Сондықтан Елжау ертерек ес жиып, өз еліне нұрлы болашақ іздеді.
Н. Мұқаметханұлының “Үйсіндердің Іле өңіріне ауысу себебін – ұлы иөжілердегі ата кегін қайтару дегеннен гөрі, ғұндардың бақылауынан құтылып, тәуелсіз ел болуды жүзеге асыру мақсатында жасалған қадам десе тарихи шындыққа жақын келеді” дегенінде де осы мағына бар.
Уаң Биңхуалар былай талдайды: “Үйсіндер елдігінен айырылғанда, күнби жарық дүниеге жаңа келген; ‘азамат болып’, ‘кемелетке келген’ кезде де ол ғұндардың қамқорлығында болды, солардың сойылын соқты. Арада көп өтпей ел-жұртын бастап батысқа қоныс аударды... Жоғарыдағы талдаулардан біз үйсіндердің батысқа қоныс аударғанға дейінгі жалпы елдік санаттан айырылған уақыты 17-18 жылға созылғанын, бұл Елжау күнбидің дүниеге келгеннен ‘азамат болып’, ‘кемелетке келгенге’ дейінгі есейіп- ержету кезеңіне тура келетінін байқай аламыз. Содан былайғы жерде ол халқын бастап батысқа қоныс аударады... Олай болса, б.з.д. 177 жылдан бері қарай есептесек, б.з.д. 161 - б.з.д. 160 жылдар үйсіндердің батысқа ауған жылы болып шығады... Тек кейінірек шаруашылығы өркендеп, күш-қуаты күн санап зорайғаннан кейін, жарлықты қабылдамай, ‘ғұндарға қол тапсырудан бас тартады’” [ ].
Меніңше бұл негізінен қисынды. Алайда “Арада көп өтпей ел-жұртын бастап батысқа қоныс аударды” дегендікте сәл асығыстық бар. Елжаудың соғыстарға қатынасып өз батырлығы мен тапқырлығын көрсетуін 16-18 жас шамасында басталды десек те, оның тәңірқұтқа әбден танымал батыр, шебер қолбасшы болып саналуы үшін тағы да жылдар керек болары сөзсіз. Өз елінің билігін қолына алуы содан кейін ғана мүмкін болмақ. Оған да уақыт қажет. Сосын батысқа көшуді ақылдасуға да, дайындалуға да, көшудің өзіне де едәуір жылдар керек болады. Оны бүгінннің өзінде де бірер жылда біте салар іс дей алмайсың. Сонда “б.з.д. 161 - б.з.д. 160 жылдар үйсіндердің батысқа ауған жылы болып шығады” деу тым дұрыс бола қоймас. Меніңше үйсіндер бұдан жайырақ ауып келеді. Тарихшы Чян Бочуән да “Б.з.д. 161 жылы Үйсін күнбиі Елжау 18 жаста ғана. Жастық кезеңге енді ғана енген... Ең ұзағанда тәңірқұт қол бастатып байқау (‘使将兵’) дәрежесінде ғана. Көп реткі соғыста үлес қосқан (‘数有功’) сатыға жете қоймаған. Мұндайда бір ірі ұлтты бастап, мыңдаған шақырымдық жол басып, жаңа қоныста мемлекет шаңырағын көтере қоюы мүмкін емес... Үйсіндердің батысқа ауып Іле жақтан ел шаңырағын көтеруі б.з.д. 141 жылдың айналасындағы іс болуға тиіс” [ ] деген екен. Бұл Елжаудың 30 дан асып 40 қа беттеген кезі. Меніңше көшуі бұдан ертерек болуға тиісті. Ал, толық тәуелсіздік алуын (тәңірқұтқа әрі құлдық ұрмайтын, әрі сыйласып қатар өмір сүретін кезге жетуін) осы тұс десек келісер.
“Ғұндардың батысындағы Рыжу ханы (бауы) ‘бағындылар басқармасын’ құрып, Қарашәр, Корла, Ақсу, Қарақұмда тұрақты адам тұрғызып, Ғұн бауларынан салық жиып тұрған” [ ]. Талайға шейін үйсіндер де бұдан құтыла алмаған болу керек. “Әр жылдың басында (наурызда. - С. Ж.) баубасыларының тәңірқұт ордасында бас қосып, тәуап қылуы, мамырда Ұлубалықта зор жиын өткізіп, аруаққа, көкке, жерге, жынға атап тасаттық беруі, күзде мал тойынғанда Тилин (Шоқтерек) өңірінде зор мәжіліс өткізіп, мал-басты түгендеуі” [ ] тәңірқұтқа, астанаға “аман-сәлемге бару” саналады екен. “Бұл әдеттегідей діндік, салттық мағына алып қана қоймай, ең маңыздысы, Ғұн қағанатының тәуелді тайпаларды саяси, шаруашылық, идеялық жақтардан тізгіндеуді күшейтуінің тәсілі... болғаны айқын” [ ]. Үйсін бұл шырмаудан да, кенет емес, тек біртіндеп қана сытылуға тиісті.
Демек, Үйсін ұлысының Жетісуға ауып келе салып тәуелсіз бола кетуі мүмкін емес. “Тек кейінірек шаруашылығы өркендеп, күш-қуаты күн санап зорайғаннан кейін, жарлықты қабылдамай, ‘ғұндарға қол тапсырудан бас тартады’” [ ] дегеннің әбден жөні бар. Бәлкім бұған да әлде қанша жыл кеткен болар. Тіпті Үйсінге Хән елшісі Жаң Чян келген кезде де (б.з.д. 119 жыл) Елжау тәңірқұттардың қабағына титтей де қарап қоймайтын күйге жете алған емес. Қандастық, тілдестік, салттастық, діндестік дегенді былай қойғанда, маңайын қоршаған Ғұн қағанатына бағынды да ниеттес талай баулары тұрса. Сол тізесін басып Ғұн қызы отырса. Өз елі ішінде талай ғұншыл ығай мен сығай жүрсе... Ғұн қағанатымен есептеспейтін, ол жақтың қабағына қарамайтын, дипломатиялық сыйластықты ескермейтін жаққа дереу бара қойған емес,әрине.