Рахымжан Отарбай: Түркi халықтарының қаламгерлерiне ортақ сыйлық жарияласам деймiн
– Аға, Сiздiң шығармаларыңыздың бiр ерекшелiгi – төгiлген тiл. “Тiл болмаса ол қандай шығарма, көркем туындыға жан салып беретiн тiл емес пе?” дегенге айтарым, сiздегi тiлдiң өзi басқаларға ұқсамайды. Юмор, тұспал, нәзiк иiрiм, жұрт көрмегендi көру секiлдi ерекшелiктер бар. Құнары қайдан?
– Мына мақтауың буыныма құрт боп түстi-ау. Үш ұмтылып орнымнан тұра алмай қалдым. Тiлдiң бояуы дейсiң бе? Қазақтiкi ғой. Тұнығынан қанып iшкен шығармын. Уызына жарыған ұрпақпыз ғой. Әрi ұстаздарым да мықты едi. Атам-әжем және батырлар жыры. Кiшкентайымнан ойынға жоқ едiм. Үйге қонақ келсе, ата-әжемнiң қасында шошайып отырып алам. Ескiлiктi әңгiмелерiн, көрген-баққандарын, әркiмнiң алуан қылық, мiнезiн көңiлiме тоқимын да отырам. “Апыр-ай, осы бала сөз аңдиды. Мал танымайды. Шаруаға қыры жоқ”, – деп сыртымнан уайым қылатын. Сол сөз маған мал болды ғой.
Кешкiсiн ата-әжем батырлар жырын оқытады. Шам жарығымен. Алдыма аттың тоқымындай нән кiтапты өңгеремiн. Оқи-оқи көбiн жаттап алғанмын. Атам үнсiз зер салады. Әжем тосаңдау оң құлағын кимешегiнен босатады. Ал кеп заулатайын. Алуан оқиғаның iшiнде өзiм жүргендей даусымды құбылтамын кеп. Мақтаған сайын көмейiм ашыла түседi.
...Дiнсiз шал ақылы жоқ өрге қашты,
Қызымды жетiм ұлға бермеймiн деп.
Әжем тап осы тұста:
– Өткен жолы берем деп едi ғой, –дейдi күйгелектенiп.– Сен осы дұрыс оқып отырсың ба?
– Кiтаптағы жазу өзгере ме? Баянды бәрiбiр Қозыға бермейдi. Қарабай қазiр малын айдап қашады.
Әжем Қарабаймен жау. Қарғап-сiлеп дымын қоймайды. Бәйбiшесi де сыбағасын алады: “Жүзiқара байына неге айтпайды, анттан тайма. Аруақ атады. Қызың Қозыдан артық кiмге тимек? Батамызды берiп, ұзатайық деп...”
Қыз Жiбек, Ақжүнiс, Гүлбаршын сұлу мен Айман, Шолпанды да аяп: “Байғұстардың бақтары бiр ашылмады-ау”, – деп отырғаны. “Алпамыс батырдағы” Жәдiгер боп:
... Досың кетiп қасыңнан,
Дұшпаның келiп басыңа,
Мендей болып қақсағыр,
Тарта бер, жұртым, тарта бер!–дегенде өзiм де өксiп жылап алам.
Өзгеге ұқсайын, ұқсамайын менiң ұлы ұстаздарым осылар, қарындасым.
– Аға, айып етпессiз, Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың “Құз басындағы аңшының әңгiмесi туралы аңызын” сiз жазып шыққан деген қауесет бар. Өйткенi шығарманы “зерттегендер” Айтматовтың деңгейiнен сәл төмен, Шахановтың деңгейiнен жоғары дегендi айтады. Әлде осы шығармаға жауап ретiнде “Ешкi жетектеген екеудi” жазған М.Мағауиннiң жазбасындағы “... әлдебiр рахымды жанның отардағы байлығынан шашыраған бiр тамшы сияпат па?” деген сөйлемге қарап, сiзге сiлтеп салып отыр ма?
– Ерте ме, кеш пе осы сауалдың алдымнан шығатынын сезiп жүретiнмiн. Және көп қаламдастарымның көкейiн тесiп жүрген нәрсе едi. Шындығы былай. Алдымен айтарым, мен осы айтулы екi тұлғадан өлшеусiз жақсылық көрген адаммын. Тiзбелеп кетсем, көпке созылар. Айтматов пен Шахановтың достығын ел бiледi. Бiшкекте елшiлiкте жүрген кезiмiз. Екi ағам әңгiмелесiп отырып: “Осы бiрлесiп кiтап жазсақ қайтедi?” – дестi.
– Екi елдiң тарихы мен тағдырын қозғайық, билiктегiлердiң тағы мен бағын айтайық, арасында өз өмiрiмiздiң кейбiр белестерiн де кiрiстiрiп отырайық...
Сонымен болашақ кiтаптың тараулары мен тақырыбы талданды. Мен де өз ойымды қостым. Кейбiр деректердi бердiм. Сөйтiп, әркiм өз үлесiн жазатын боп Шықаң Брюссельге аттанды. Мұхаң Бiшкекте қалды. Екеуi екi жақта жатып алып жарты жыл жазысты. Қолжазбаларының үзiндiсiн бiр-бiрiне телефонмен оқысады. Көбiне келiсiп, кейде тiптi шекiсiп алады.
Шекiсетiндерi – Мұхтар аға жедел, шалт қимылдайды да, Шықаң болса асықпайды. Өзге жұмысы, жазуы бастан асып жатқан шығар. Содан кейiн бiрi қазақша, екiншiсi орысша жазады. Сәйкессiздiктер де аз емес.
Алты айдан соң жазғандарын бiрлесiп талқылады, талдады. Тарау-тарауға бiрiктiрдi. Содан соң Шыңғыс аға: “Рахымжан бауыр, сен менiң жазғандарымды тiгiсiн жатқызып қазақшаға аудар. Қол көмегiңдi бер. Кiтап алдымен Алматыда қазақша, содан соң барып орысша, қырғызша шығады”, – дедi. Аударып шықтым. Мұхаңның жазғанын да сол аудармаға лайықтап мұртын бастым. Стильдiк жақтан бiр-бiрiнен алшақ кетпесiн деп. Бар-жоғы сол! Бұл кiтапқа менiң сiңiрген еңбегiм 10-15 пайыз шамасында-ақ шығар. Мен мұны екi тұлғаның алдындағы iнiлiк парызым, олардан көрген шапағатымның өтеуi деп iстедiм. Басқа бөтен ой болған жоқ.
Кезiнде замананың қырына iлiнiп, ұмыт бола жаздаған Мұхтар Әуезовтiң “Қилы заман” повесiн Айтматов iздеп тауып, өзi орысшаға аударып “Новый мир” журналына жариялап, әдебиетiмiздiң асыл қазынасына қайта қосып едi. Ендi мен Шыңғыс ағаның 170 беттiк орысша жазғанын қазақша сөйлете қойып ем, Желтоқсан оқиғасы зұлматын әлем назарына алып шыққан Шахановтың қолжазбасының мұртын баса қойып ем, кейбiреулердiң мұншама шамданатынын қайдан бiлейiн?!
Менiң отарымнан қой өргiзгiсi кеп тұратын ағаларыма әзiрге айтарым осы. Сол ағалардан бiр атақты жазушымыздың төрт-бес тарихи романы қалайша бiр-бiрiне жұғыспас төрт-бес стильде жазылғанын бiздiң де сұрайтын уақытымыз жетер, бәлкiм?..
– Аға, “қазақ әдебиетiнiң алтын дәуiрi” деп аталатын 1960 пен 80 жылдың ортасында жарқ етiп шыққан сiздерден үлкен аға буынның шығармалары шет тiлiне көп тәржiмаланыпты. Сiздiң кiтаптарыңыз Қытайдың ең үлкен баспасы Ұлттар баспасынан, Ресейдiң “Художественная литературасынан”, тiптi араб тiлiнде де жарық көрдi. Сiздiң аудармашылармен достығыңыз күштi ғой деймiн, шамасы. Сiз емес, аудармашылар сiздi өздерi iздеп келедi дегендi де естiдiк...
– Кеңес дәуiрiнде небiр марқасқа жазушыларымыздың туындылары көптеген тiлге аударылды. Өйткенi партия қаламгерлердi идеологияның үлкен бiр құралы деп қарады. Қаржы аямады. Кiтап саудасы да гүлдеп тұрды. Қазiр ше? Соның бiрi жоқ. Кеңес заманында цензура болды, социалистiк реализмнiң тар шеңберiнен шыға алмадық деп жүргендерi – жәдiгөй сөз. Айтқан бәрiн де. Қисынын тапқан. Атақ-даңққа, мол дәулетке кенелген. Кердеңдеп жүре алмай қалған. Сол тоқырау деп жүрген кезең қайтып келсе өз басым “Капитализмге өлiм келсiн!” деп есiктi сарт жауып кетер ем. Тек әдебиет үшiн!
Иә, әңгiме, повестерiм жиi аударылуда. Әр құрлықта кiтап боп шығып жатыр. Менi ешқандай аудармашы iздеп келген жоқ. Өзiм iздедiм. Аудармашыны емес, сауатты әрi iскер әдеби агенттi. Таптым. Содан соң ашық айттым: – Сен алдымен менiң орысша аудармаларымды оқы. Жете таныс. Әлем тiлдерiне ұялмай сөйлетуге бола ма? Өтiрiк айтпа. Ол екеумiзге де пайдасыз, – деп. Ол ұнатты. Содан ағылшын, француз, итальян, немiс, испан, қытай, корей т.б. елдердiң баспагерлерiне ұсынды. Олар өздерi аудармашылар тапты. Келiсiмшарт жасалды. Жарнама, баспа шығыны, тираж және т.б. есептелдi. Түсер пайда шотқа қағылды. Маған емес, өздерiне. Аз жүйке емес, әрине. Содан соң ғана кiтабым Африка құрлығында, Жаңа Зеландияда, Қытайда басылды. Болгар тiлiне аударылып, кеше София дүкендерiне түстi деген қуанышты хабарлар келе бастады...
Ал бұл жолды таңдамай, жеке аудармашымен ғана жұмыс жасасаң – таза тоналасың. Нәтижесiнде 500, асып кетсе 1000 кiтабыңды шығарып бередi. Оны қайда өткiзесiң? Әдеби агентi жоқ иесiз кiтапты кiм болсаң да сатуға шетел дүкенi қабылдамайды. Кiтапханасы алмайды. Өртеп кетесiң бе? Сондықтан кiтабын шетел тiлiне аудартамын деген жан алдымен осы жағдаятты сараптап алуы тиiс. Соншама көз майыңды тамызған еңбегiң өзге жұрттың кәдесiне жарап, рухани айналысқа түспесе, босқа шабылудың қажетi бар ма өзi?
– “Бас” деген романыңыздың жарыққа шықпай жатып дүбiрi қатты. Махамбет туралы дейдi, батыр туралы бұрын-соңды жазылған дүниелерден ерекшелiгi неде?
– Махамбет жайлы роман. Бiрақ шығармада тiрi Махамбет жоқ. Алматыда жоғалып кетiп, жертөледе 17 жыл жатқан батырдың басы жайлы хикая. Оқиғаға Баймағамбет пен Қайыпқали, Ықылас пен Қарауылқожа, Исатай мен Махамбет те араласады. Бiрақ олар – бүгiнгi заманның адамдары. Креслода отырған, галстук таққан. Кейбiреуi – оппозицияда. Кейбiреуi iшкiш. Шын Махамбет пен Жәңгiр ханның рухтары айтысып жатады. Апачи мен қазiргi үндiс тайпаларының да тағдыры сөз болады... Иә, кiшкентай ғана роман ұзақ уақыт жазылды. Талай мәрте бiтiрдiм деп тұрып, қайтадан қолға алдым. Қазiрде бiр ауруға тап болдым, өз-өзiмнен сөз қызғанатын. Басы артық қолданған сыңар сөз маған кесел боп жармасады. Соның да кесiрi шығар. Роман осы күзде баспа бетiн көрер деп отырмын.
– “Атырау қаласының құрметтi азаматысыз”. Тiптi сiздiң атыңызда көл де бар екен. Мерейжасыңызды дүбiрлетiп өткiзiп те бердi. Риза шығарсыз?
– Алудай-ақ алған екенсiң дейсiң ғой. Қайтарымы ше? Мiне, тап осы мәселе менi ойлантып жүр. Ел ағасы атанар жасқа жеттiк. Бiзден қандай шапағат?
Атыраудан “Рахымжанның шығармашылық үйiн” салсам деймiн. Аты –менiкi, заты – жастардiкi. Соңымыздан келе жатқан ақын-жазушы, сазгер, суретшi, мүсiншi, қолөнершi iнi-қарындастарым бар. Барар, бас қосар жерлерi жоқ. Солардың алтын ұясындай болса деген ой. Еркiн кiрiп-шықса. Шығармашылықпен айналысса. Алматы, Астанадан, шетелдерден мықтыларды шақырып мастер-класс өткiзсем. Шағын мұражай, көрме залын жасақтасам дейiм. Дайындық жүрiп жатыр. Алла жазса, бiрер жылда ашылып қалар. Осы арманыма жетсем, уайымсыз, басымда музыка ойнатып өлер ем...
– Мемлекеттiк сыйлықтан екi мәрте құладыңыз...
– Анықтап айт, құлатты деп. Адам өз-өзiнен құлайтын ба едi? Өткен шаруа ғой, қайтемiз соны қазбалап?! Саған көкейiмдегi тағы бiр арманымды айтайын. Әлемде отызға тарта түркi халқы бармыз ғой. Әдебиетi, мәдениетi, өнерi мен тарихы ешкiмнен кем емес. Қолдау бар. Бiрақ көбiнесе жеке-жеке. Неге бiрiгiп қатарынан қара үзiп шыққандарға ортақ сыйлық бермеске! Дүниеге мақтанышпен қарайтындай ғып! Осыны ойладым. Әр республиканың Мемсыйлығы ондай дәрежеге көтерiле алмайды ғой. Мен болашақта түркi халқы қаламгерлерiне арнап үздiк романға бәйге жарияласам деймiн. Өз қаражатыма. Екi жылда – бiр берiлсе. Сыйлық – 100 мың доллар! Мәреге жаңа жазылған бiр-ақ роман жетедi. Сарапшылар әр елден таңдалады. Солардың ортақ мәмiлесiмен сыйлық иесi анықталады.
Шашырап жүрген түркi халқының басын қосуға, ортақ үйлесiмге келуiне пияз қабығындай болса да ықпалы тисе деген ой ғой.
– Сiздiң еңбекқорлығыңызға қатарлас қаламдастарыңыздың өзi қызығады. Тiптi қазiр сiздiң шығармаңыздың желiсiмен сериал әлде фильм түсiрiлiп жатқан көрiнедi. Кино саласына бетбұрыс туралы айтсаңыз?
– Соншама не жазып жарытты дейсiң. Бiздiң толқын – екi қоғамның алмасқан өлара кезiне тап болған бақытсыз толқын. Қандай талантты жiгiттер бар едi?! Тағдырлары қақпақыл ғып ойнады. Сауабы жоқ сауда-заман аяусыз тонады ғой бiздi. Айталық, “Молодая гвардия” баспасынан 1991 жылы шығуы тиiс кiтабым 18 жыл жатып жарық көрдi. Осының өзiнен-ақ көп сырды аңғаруға болар... Иә, “Қазақстан” телеарнасының қаржыландыруымен “Жұмбақтаудағы қазына” атты 16 сериялық көркем фильмiм түсiрiлiп бiттi. Қазiр монтаж жасалу үстiнде. Тарихи һәм замани оқиғалардың қосындысы. Әр дәуiрдiң өзiне тән нәубетi бар. Адам тағдыры жайлы аңыз.
Жақында Үрiмжi, Пекин қаласында болдым. Төте жазумен шыққан “Аспанда ұшқан ақ көбелектер” деген үлкен бiр томдығымның тұсаукесерi өттi. Бұдан бұрын да ханзу тiлiнде кiтаптарым жарық көрген. Тиражы мол журналдары әңгiме, хикаяттарымды дүркiн-дүркiн басқан. Осы жолы Жаң Пан, Лу Давей сынды әрiптестерiм бiр әңгiмемдi кино тiлiне түсiрiп берудi өтiнген. Аты – “Махаббат ертегiсi”. Ханзу тiлiнде. Синопсисi талқылаудан сәттi өттi. Бұйырса, Қытайдың iрi кинокомпаниясы түсiрудi қолға алмақ.
Жалпы, 15 пьеса тудырыппын. Қазақ пен қырғыздың 14 театрында сахналанды. Әшiрбек аға (Сығай) айтатын: “Сен өзiң бiртүрлiсiң, прозаң да, драматургияң да сондай” – деп. “Мен неге жұрттың көшiрмесi болуым керек?” – деп әзiлдеп құтылатынмын. Қайдан бiлейiн. Бiртүрлi болса бiртүрлi шығар. Құдайдың менiң сорыма берген ит мiнезi көп қой. Сол мiнез шығармаларыма да жұғысты болған да. Мысалы, “Абай-сот” деген пьесам бар. 1995 жылы Халықаралық Айтматов театры сахналады. Режиссерi – марқұм Ескендiр Рысқұлов. Аса талантты тұлға едi. Спектакль басталғанда Абай атам Алматыдағы ескерткiшiнен түсiп, бүгiнгi өмiрге араласады. Қаланың әкiмiне кiредi, депутат сайлауының куәсi болады, базарға барады. Абай көшесiнiң күзетшiсi Қоңқамен, сауда жасап отырған бүгiнгi күннiң Тоғжанымен, Әйгерiмiмен кездеседi. Ешқайсысы Абайды танымайды. Сұраса “Ой, ол деген ақын, көп қатын алған бабник”, – дейдi. Бiр ағам алғашқыда пьесамды аса ұнатып, сахналаймын деп, соңында балағаттап кеттi “өзiң бабниксiң” деп. Қайдан бiлейiн...
Ғұмыр жеткiзсе, жоспар көп. Көкжиек те көрiнiп қалды. Жазармыз. Құдай ауызға сөз салсын де...
– Қаламгерлер кiтапханасымен мақтанады. Кiтапханаңыз бай ма?
– Қаламдастардың қолтаңба жазып берген жиырма-отыз кiтабы бар шығар. Өзге ештеңе жоқ. Оның себебiн айтайын. 2002 жыл едi. Атырауда тұрамыз. Әжептәуiр кiтап жинағам. Толстой, Достоевский, Чехов, Әуезов, Нұрпейiсов, Кекiлбаевтардың кереқарыс томдары. Өзiмше байлық көретiнмiн. Ал сол классиктерден зиян шектiм. Алдыма ақ қағаз жайып, бiрдеңе жаза қояйын десем, әлгiлерге көзiм түседi. Алтынмен апталып, күмiспен күптелген кiлең керемет! Төбемнен төнедi. Тынысым тарылады. Қолым қалтырайды. Жазып көр! Бәрi жабылып маған күш көрсетiп тұр. “Бiздей болмақ қайда?” деп. Содан кейiн бәрiн жиып алдым да, қапқа салып, машинаға тиеп, балам оқитын қаладағы №13 гимназияға бердiм де жiбердiм. Рахат болды. Дүние кеңiп сала бердi. Психологиялық қысымнан құтылдым. Олардан аулақ жүрмесе болмайды. Жұтып қояды.
– Сiз қаламгер ғана емессiз, дипломатиялық қызметте де, телеарна басшылығында да iстеп, Ұлттық кiтапхана директоры да болдыңыз. Бiлетiндер сiздi “босаған орынға болмаса, бiреудiң орнына бармайтыны бар. Бұл бүгiнгi күнi ерлiкпен пара-пар қасиет. Рахымжан кезiнде сыйлас жолдастарының көңiлiне қарап “Қазақ әдебиетiнiң” бас редакторлығынан да, ТЮЗ-дың директорлығынан да бас тартқан” дейдi. Рас па?
– Ел айтса, рас шығар. Сұрап отырсың, мысалмен сөйлейiн. 2004 жылы наурыз айында Иманғали Тасмағамбетов шақырды. Алматының әкiмi. Атырауда едiм. Дереу жеттiм. “Рахымжан, ТЮЗ-ға бас директор боп барасың. Өзiң драматургсiң. Театрды көтер! Пәтерiң мен көлiгiңдi әзiр етем. Ал, кiрiс!” – десiн. Ықыласына рахмет! Ал, ол қызметте ежелгi досым, Халық артисi Тiлектес Мейрамов отыр. Екi оттың ортасында қалдым. Қазақша айтсам, Имекең маған ұлы жақсылық жасағалы тұр. Иә десем, ежелгi досыма адам айтқысыз иттiк жасағалы тұрмын. “Ойланайын” деп шығып кеттiм де, Тiлектеске жеттiм. Бар айтқаным: “Орныңда мұқият отыр. Тiзгiндi қолдан шығарма!” – болды. Содан Имекеңе жоламай, қашып Атырау асайын. Ұстатпай қойдым. Өкпеледi, әрине. Жылдар өткен соң Тiлектес осы хикаяны бiреулерден естiп, өкiнгенi бар...
“Жұлдыз” журналы мен “Қазақ әдебиетi” газетiнiң басшылығынан да осындай себептермен бас тарттым. Куә болған жiгiттер жоққа шығармас.
– Ұрлық жасадыңыз ба? Аталарыңыз бай әрi конокрад болыпты...
– Жасадым. Бiр-ақ рет. Сайымжан Еркебаев деген жазушы өттi ғой. Қызық адам едi, жарықтық. Күнгей жағы көп болатын. “Балалар үйiнде” өскен жетiмек. Жоқтық сiңiп қалған, сараңдау. Өзiм нағашы деп жиi әзiлдеймiн. “Қазақ әдебиетiнде” iстеп жүрген кезiмiз. Қарыз ақша сұрадым. Татырмады. Өте зәру едiм. Ақыры қулық ойладым. Жұмыстан шығып, екеумiз кафеге кiрдiк. Нағашымды бар ақшама сыйлап бақтым. Әндетiп үйiне жеткiздiм. Сайымжанның ғажайып кiтапханасы бар. Бiрақ ешкiмге шаңын сүрттiрмейдi. Үйiне барсаң, қойны-қонышыңды тiнтiп шығарады. Ағамыз ұйықтады-ау деген кезде ұрлыққа түсейiн. Тұп-тура 17 кiтабын ұрладым. Дереу Сейфуллин көшесi бойындағы “Букинист” дүкенiне келейiн. 48 сомға өткiзiп шала байиын. Ертеңiне өзiне айттым, “барып өз кiтабыңды өзiң сатып ал, әйтпесе, өтiп кетер”– деп. Кiтапқұмар едi. Баукеспе менi күбiрлеп балағаттап тұра жүгiрдi. Ондай ағаларға да зар болдық қой.
– Өкiнiшiңiз қандай?
– Пәндемiз ғой. Аз дейсiң бе? Iрiлi-ұсақты. Көкейiмнен кетпей қойған бiреуiн айтайын. Арал трагедиясы! Классик Әбенiң (Нұрпейiсов) бұл саладағы еңбегi, жазған романдары әлем назарында ғой. Ал өзiм 1987-88 жылдары “Қазақ әдебиетi” газетiне “Арал тағдыры – адам тағдыры” атты сериялық мақалалар жаздым. Сырдария, Әмудария, Бөген, Аманөткел, Қаратерең, Мойнақ, несiн айтасың, қызылсирақ боп қыр кездiм. Экологиялық апатқа ұшыраған ел мен жердiң ащы запыранын ақтардым. Дүр сiлкiнiс болды. Соңы Одақ көлемiнде үлкен қозғалысқа айналды. Арал мен Қазалы тұрғындарына үстеме 15-20 пайыз ақы қосылды. Бәрi де кеш едi. Бiр мақаламда “Арал халқын Қапшағай маңына көшiру керек” деп жазыппын. Мұны оқыған ел жиылып кеп “Алматы бiзге көш деп жатыр” деп, облыстық партия комитетiне дiгiр салыпты: “Көшемiз. Ауасы таза, жерi жұғымды. Барып Қапшағайдан балық аулаймыз. Өз кәсiбiмiз...”
Содан көшу басталды. Қапшағайдың маңына қаз-қатар қоныстанды. Қайығын ерттеп мiндi. Ау-құралын қолға алды. Бiрер жыл бәрi жақсы едi... Соңынан өлiм-жiтiм көбейдi. Жас та, кәрi де. Сасып дәрiгерге барайық. Бiлгiр деген бiрi құпиялап сыр айтты. Бақсақ, олардың тұлабойын радиация жайлаған екен ғой. Әр клеткасына дейiн шөгiп қалған. Ал, ол Қапшағайда жоқ. Көрдiңiз бе? Дене қажеттi мөлшердегi улы қорегiн ала алмаған соң әлсiрейдi. Ақыры дiңкелеп бiтедi. Бұл ақиқат Кеңес дәуiрiнде ашық айтылмады. Тiлiмiздi тiстедiк. Көбi “жерсiнбедiк” деп Аралға керi көштi. Нәубеттiң себебiн бiлмедi. Жұмақтай өлкенi жерсiнбеу мүмкiн бе?! Өмiрдегi үлкен өкiнiшiмнiң бiрi – осы!
– Аға, ақ сөйлеңiзшi, өтiрiк айтасыз ба?
– Абай атамның өсиетi есiме түсiп, бiр күнi өзiмдi-өзiм бақтым. Сөйтсем, айтқанымның бәрi өтiрiк. Жиналыстан кешiгiп бастықты, кiтабың керемет деп досымды, ақшаны желге шашып әйелiмдi алдадым. Содан соң өзiме-өзiм таңғалдым. Осы шынымен мен бе? Жоқ, әлде?.. Бiр қызығы, сол өтiрiгiмдi әлгiлер асқан сүйiспеншiлiкпен тыңдайды. Ал, шынымды айтсам, ашулы арадай талап тастары хақ. Келесi күнi жұртты бақтым. Сынықшыдай сылап, сәмбiталдай майыстырған өңшең жалған алдыңды бермейдi. Шындық жоқ. Анда-санда жар басында жанынан безген жалғыздай боп жолығады... Ал осы – бiздiң қоғам.
Осы өмiршең өтiрiк қазiрде жекелеген адамнан ұжымға ауысып, одан топтанып шығып биiк-биiк мәртебелi мекемелердiң дәлiзiнде бауырымен жорғалап жүргендей көрiнедi де тұрады. Одан қағаз бетiне көшедi, одан iс-әрекетке ауысады, одан ұранға айналып бiр күнi төбемiзде iлулi тұруы мүмкiн-ау. Қауiптi... Мемлекетiмiз үшiн!
– Әңгiмеңiзге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айгүл Аханбайқызы.