МӘСКЕУ НЕГЕ МАҚТАЙ БЕРЕДІ?
20/04/2015 1 166
untitled
Бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігінен егемендігін алып, өз алдына бөлек-бөлек тәуелсіз ел болып кеткен республикалар ішінен, неге екенін қайдам, біздің елімізге деген ерекше қызығушылық Ресей тарапынан айлар мен күндерді былай қойғанда, минут-секунд сайын да толастамағанға ұқсайды. Қазақ елі аяқ астынан «күн тәртібіне» енген кезектен тыс президенттік сайлауға едел-жедел дайындалып, кенеттен келген көктемгі көшкінмен арпалысып жатқан уақытта… Мәскеуде тағы бір маңызды мәжіліске жинала-жинала қалды – саясаттың «жілігін шағып, майын ішкендер». «Қазақстан жолы: даму мен тұрақтылық факторы» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосқандар қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуының негізгі де шешуші аспектілері мен еуразиялық интеграция және Ресей-Қазақстан қатынастарының проблемаларын қызу талқылады.
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий ТОРКУНОВ мырза 1993-ші жылы Алматыда президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВпен қалай кездескенін, оның сол кездің өзінде-ақ Еуразия проблематикаларының ұңғыл-шұңғылын түсінікті де қарапайым тілмен қалай әңгімелегенін есіне алды. Оның айтуынша, Назарбаев әрқашанда әлемдегі экономикалық құрылымдарға қатысты жаңа идеялар тудырып, әрқашанда соларды жүзеге асырудың тиімді жолдарын тауып отырғанға ұқсайды.
«Назарбаев жиырма бірінші ғасырдың алғашқы онжылдығында бүкіл әлемді қамтыған жүйелі дағдарыстан шығудың жаңа моделін өмірге келтіру идеясының катализаторы болды, — деді конференция барысында алғашқы болып сөз сөйлеген Торкунов, — ол сонымен бірге әлем саясаткерлері мен экономистерінің халықаралық деңгейде қызығушылығын тудырған бірқатар ұсыныстар да жасады. Оның «Дағдарыстан шығу жолы» атты көлемді статьясындағы идеялардың көпшілігі посткеңестік кеңістікте ешкім күтпеген резонанс тудырды…»
Мінекейіңіз, мәскеулік ректор осылай деп көсілсе, Ресей табиғи ғылымдар академиясының президенті Олег КУЗНЕЦОВ та әп-әжептәуір әңгімелер тиегін ағытты. Оның айтуына қарағанда, Қазақстан жеке-дара экономикалық саясат ұстану барысында өзінің басты межесі ретінде индустриалды-инновациялық даму жолын тиімді таңдаған екен, ал экономикалық дамудың бұл жолы елдің ресурстық-өндірістік потенциалының көңілге қонымды интеграциясын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, сонымен бірге білім беру мен ғылым деңгейінің де тұрақты түрде өсіп отыруын талап ететін көрінеді.
Конференцияда көсіліп сөйлеген білім-ғылым саласының майталмандарынан көршіміз халқының Мемлекеттік думадағы қалаулылары да қалысқан жоқ. Мәселен, Мемлекеттік дума депутаты, Еуразиялық интеграция, отандастармен байланыс және ТМД істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Татьяна МОСКАЛЬКОВА ханым Ресей парламентарийлерінің Қазақстан Республикасындағы тиімді басқару институттарының дүниеге келуіне негіз болған заң шығару тәжірибелерін көп жағдайда күнделікті жұмыс барысында басшылыққа алатындарын атап өтті. Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ТАТЬЯНА ханым, сондай-ақ, үш жүзге жуық келісім-шарттардан тұратын Қазақстан-Ресей қатынастарындағы келісім кешенінің де өте-мөте сапалы дайындалғанын айрықша әңгімеледі.
Қысқасы, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Марат ТӘЖИН, Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор САДОВНИЧИЙ, Ресей президентінің халықаралық мәдени байланыс жөніндегі арнайы өкілі Михаил ШВЫДКОЙ және басқа да белгілі тұлғалар қатысқан осынау конференцияда біздің Елбасымыздың өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезіндегі саяси еңбектері сөз болып, қызу да қызу талқыланды.
Еліміздің сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлаған аталмыш конференцияда қазақ елі мемлекеті басшысының қызметіне жан-жақты (?) баға берілді.
Ал біздің көңілімізге… аяқ астынан «атам заманғы еңбекті» ерекше мақтауды «күн тәртібіне» енгізген конференцияның сондағы мақсаты «НЕ БОЛДЫ ЕКЕН?» деген күмәнді сұрақ аяқ астынан ұялай қалды. Әлде бұл да президенттік сайлау қарсаңындағы халықаралық деңгейдегі «пиар-ходтардың» бірі ме? Мұны біз біле алмадық. Мәскеу мақтап жатыр тағы да, қысқасын қайырып айтқанда. «Біреуді құртқың келсе, оны қайта-қайта мақтай бер» деуші еді баяғының бір данышпандары. Соның кері келіп жүрмесе болды да?!
Марат МАДАЛИМОВ.