Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客 » sjanbolat
Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

ҚОРҒАНЫСЫМ МЫҚТЫ ДЕЙ АЛМАЙМЫН

$
0
0

Қанат ИСЛАМ, кәсіпқой боксшы: ҚОРҒАНЫСЫМ МЫҚТЫ ДЕЙ АЛМАЙМЫН
null

10271308_688220204637917_7090472035111768471_o
2015/04/28 Ол - қазақ 6 Пікір 416 Рет
– 23 наурызда Колумбиядағы жекпе-жегіңіз сәтті өтті. Жеңісіңізбен құттықтаймыз! Жалпы, кәсіпқой бокстағы 19 кездесуіңіздің де жеңіспен аяқталатынына сенімді болдыңыз ба?
– Рахмет! Барлық нәрсе Алланың қалауымен болады ғой. Сондықтан сендім немесе сездім деу артықтау шығар. Ең бастысы, кездесуге ұзақ уақыт, яғни екі ай тыңғылықты да­йындалдым. Сол еңбектің нәтижесі деп ойлаймын. Рас, адам толыққанды, жан-жақты дайын болғанда өзіне деген сенімі артады. Жалпы, мен әр кездесу алдында тиянақты дайындаламын. Осы жолы да командамның, жаттықтырушыларымның алға қойған жоспары сәтті аяқталды.
– Дегенмен қарсыласыңызды жеңу оңай болмаған сияқты. 4-раундта нокаутпен құлатсаңыз да, сізге барынша қарсыласып бақты...
– Иә, барынша қарсыласып, маған тойтарыс беруге тырысты. Олай істейтін жөні бар. Өйткені жекпе-жек оның Ота­нында, өз жерінде өтіп жатты. Сол үшін намысты қолдан бергісі келген жоқ. Өз еліңде, өз жанкүйерлеріңнің алдында жеңілу – спортшы үшін өте ауыр жағдай. Оның үстіне бұл кездесу оның жеңіске жетуіне үлкен мүмкіндік беріп отыр. Себебі төрешілер де, комиссия да, тіпті жанкүйерлер де соның жағында. Сол мүмкіндікті беріп қоймас үшін оны айқын басымдықпен жеңуіме тура келді. Егер тепе-тең түсіп қалсақ, онда жеңіс маған бұйырмас еді. Сондықтан кездесуді тезірек аяқтауға тырысып, айқын басымдықпен жеңуге бар күшімді салдым.
– Осы кездесуіңізді видеодан көрген бір жанкүйеріңіз ғаламторға: «Қанат бұрын соққы жібермеуші еді. Қазір қорғанысы нашар. Әлде қарсыласын оңай аламын деп ойлады ма?» деп жазыпты. «Қорғанысым нашар» деп ойламайсыз ба?
– Әр спортшының артықшылығы да, кемшілігі де болады. Мүмкін, менің кемшілігім дұрыс қорғанбауымда шығар. Негізі, о бастан қорғанысым мықты дей алмаймын. Кейде қарсыласыңа әдейі солай көрінуге тура келеді. Өйткені кейбір спортшыларды ашық ұрысқа шақырмасаң, бетпе-бет келмейді. Ал кейде мықты, жойқын спортшылармен қарсылас болғанда міндетті түрде қорғанысыңды күшейте түсесің. Жалпы, жанкүйерлерімнің осылай сын айтып әрі жанашырлық білдіріп жатқандарына қуанамын.
– Кездесулеріңізді қайталап көресіз бе?
– Әрине. Көрмесе болмайды ғой. Мәселен, жазған мақалаңыз жарық көргеннен кейін сіз «Қандай қателік кетті? Қай жерінде кемшілік бар?» деп сын көзбен қарап, қайталап оқып шығатын шығарсыз? Сол сияқты біз де жарыс өткеннен кейін видеоларды көріп, жіберген кемшіліктерімізді бақылап қараймыз. Сосын келесі кездесулерде қайталамауға тырысамыз.
– Осы жеңісіңізден кейін тікелей эфирде «Менің әрбір жеңісім Қазақ елі үшін!
Бауыржан аға, сізге көп рахмет!» деп ерекше алғысыңызды білдірдіңіз...
– Жағымпазданайын деген жаман ойым жоқ. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді ғой қазақ, Бауыржан Оспанов аға – жалғыз менің емес, мен секілді сан мыңдаған қазақтың баласына қамқор болып, қолдау көрсетіп жүрген ел ағасы. Қоғамдағы, еліміздегі үлкен мәселелерге араласып, шешімін табуға септігін тигізіп жүрген азамат. Ең бас­тысы, екеуміздің мақсатымыз бір. Еліміздің көк туын желбіретіп, қазақ елінің атақ-абыройын көтерсек деп армандаймыз. Менің тілеулесім, жанашырым. Сондықтан бірінші Аллаға, екінші Бауыржан ағаға алғысым шексіз!
ӘУЕСҚОЙ БОКСТА ТАНЫМАЛ ШЫҒАРМЫН, АЛ КӘСІПҚОЙ БОКСТА ТАНЫМАЛ ЕМЕСПІН
– Әлеуметтік желілерде тағы бір жанкүйеріңіз: «Бір өкініштісі, Қанат мықты боксшылармен кездесе алмай жүр. Соған қарағанда промоутерінің мүмкіншілігі шектеулі болуы керек» депті...
– Көп адамдар біздің ішкі жұмы­сы­мызды түсіне бермейді. Сондықтан болар, мені Геннадий Головкин сияқты кәсіби бокста үлкен нәтижелерге жеткен спортшылармен салыстырады. Гена – үлкен мектептен өткен спортшы. Ол осындай жетістікке жету үшін талмай еңбек етіп, көптеген қиындықты басынан өткізді. Оның да жарыстарға қатыса алмай, жолы болмай қиналған сәттері болды. Ал қазір Генаның атақ-абыройы артып, әлемдік деңгейдегі мықты спортшылардың қатарына қосылды. Қаншама қиындықты артқа тастады. Қазір соның жемісін көруде. Мен де сондай сатылардан өту керекпін. Әншілер сахнаға шығып ән айту үшін жан-жақты дайындалады ғой, спортшыларға да сондай дайындық керек. Өзін дәлелдеу керек. Кәсіби боксқа келгеніме екі-ақ жыл болды. Бұл – 2-сыныпта оқитын бала секілді деген сөз ғой. Соған қарамастан жанкүйерлерім менің тезірек мықты спортшылармен кездескенімді қалайды (жымиды). «Неге тезірек Гена сияқты дәрежеге жетпейді? Неге теледидардан көрсетпейді?» дейді. Әуесқой бокста танымал шығармын, ал кәсіпқой бокста танымал емеспін. Сондықтан Генаның жүріп өткен жолынан мен де өтіп, оның басынан өткен қиыншылығын мен де көруім керек. Бір сөзбен айтқанда, әлі де тер төгіп, еңбек ету керекпін.
– Ал промоутеріңіз туралы не айтасыз? Промоутеріңізді ауыстыруыңыз мүмкін бе?
– Жоқ. Мен екі жылда 19 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеттім. Шынын айтқанда, мұның өзі оңай емес. Үлкен жеңіс! Рингте көшеде жүрген, спорттан хабары жоқ адамдармен кездесіп жүрген жоқпын. Құдайға шүкір, 19 кездесуімде де жеңіске жетіп, дәрежемді көтердім. Мықтылармен кездесетін сәт енді туады.
– Сізді «Кәсіпқой бокстан Мәскеуде өткен жекпе-жектер сайысына қатысады» деді. Одан кейін «промоутерінің қаржысы болмағандықтан Мәскеуге келе алмады» деген ақпарат тарады. Осының барлығы қаншалықты шындық?
– «Қанаттың қарсыласы ауысыпты, Мәскеуде өткен додаға промоутерi Лопес ақша таппағандықтан келе алған жоқ» дегеннiң бәрi бос сөз. Олармен келiсiм-шарт та жасаған емеспіз. Тек Колумбияда өтетін кездесуімді Ресейдің «Боец» арнасынан көрсету мақсатында ғана арамызда келісім-шарт болды. Бірақ аяқ астынан «1 наурызда Мәскеуде жарыс болады. Қанат келіп қатысуы керек» деді. «Қатысуы керек» деп талап қоятындай олар менің промоутерім емес қой. Келісім беріп едік, бізден бірден қаражат талап етті. Қатысуым үшін маған ақша төлеудің орнына олар менен ақша талап етіп отыр. Ондай заң қайда бар екен?! Осыдан кейін-ақ орыстілді БАҚ-тар «Қанаттың қатысуына промоутерінің ақшасы жоқ екен. Сол үшін қатыса алмады» деп шулады. Осыдан кейін барып орыстардың бағасының біздің қазақтар үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Олар әлі де бізге «ағалық» еткісі келеді.
– Сонымен Неге Мәскеуге бармай қалдыңыз?
– Мәскеуге барып айқас өткiзу бiздiң о баста жос­парымызда болған емес. Біздің бір жыл бұрынғы қаражатымыз шешіліп, алдағы уақытымыздың барлығы жоспарланып қойылған.
– Ресейдің бокс және жекпе-жек саласының сарапшысы Сергей Завилейский: «Карлос Гальван – Исламға сай келмейтін қарсылас. Мұндай «әлсіз» қарсыласты таңдау – промоутердің қателігі» деп, промоутеріңізді сынға алды. Бұған не дейсіз?
– Мұндай жел сөздерді мен Алматыға келген соң естідім. Олар мен туралы «бірнеше рет қарсыласын ауыстырды» деп даурықтырды. Мұның барлығы бос сөз. Мен ешқандай қарсылас ауыстырған жоқпын. Олардың сарапшылары жақсы десін, жаман десін, мен өз мақсатыма жеттім, WBA Fedelatin нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын қорғап қалдым. Сондықтан олардың сынымен, пікірімен сөз таластыруға менің мұршам жоқ. Қазір келесі кездесуіме дайындық үстіндемін.
– Осыдан кейінгі кездесуіңіздің АҚШ-та өткенін қалайды екенсіз. Кезекті қарсыласыңыздың кім болатыны анықталды ма?
– Иә, анықталды. Қазір Нью-Йоркте екі жақтың промоутерлері сөйлесіп, келісім-шарт жасалып жатыр.
– Қазақстанда осындай жекпе-жектің өтуіне қалай қарайсыз?
– Жақсы болар еді. Болашақта менің жекпе-жектерім Америкада және Астанада өтуі мүмкін. Алдағы күндерде промоутермен келісіп, уақыт мәселесін шешеміз деп ойлаймын.
– Сізді шетелдік бірнеше клуб өз құрамына шақырған екен...
– Аллаға шүкір, қазір мені Америкада екі-үш келісім-шарт күтіп тұр.
Геннадий Головкиннің америкалық клубтармен келісім-шарты бар. Олар маған да демеуші болып, қаржыландырғысы келеді. Бірақ рингке өз елімнің атынан шығамын.
– Болашақта Қазақстаннан өз атыңыздағы мектептер ашқыңыз келмей ме?
– Әрине, мектеп ашу ойымда бар. Қазір көп жігіттер маған осындай өтініш білдіруде. Спорт додасында «бағымды сынаймын» деген талантты жігіттерді осы жақта да, Америкада да дайындап, соларға жол ашсам деймін. Қазір Америкада кәсіпқой бокстан көп нәрсе үйреніп жатырмын. Спорт саласында жақсы дүниелер үйренуіме үлкен мүмкіндіктер туып жатыр.
– Балаларыңыздың өзіңіз секілді спортшы болғанын қалайсыз ба?
– Әсия, Зере есімді екі қызым және Мансұр деген бір ұлым бар. Олардың таңдауына мен қашанда құрметпен қараймын. Бірақ бокстан басқа спорт түрімен айналысқанын қалар едім. Өйткені бокс – спорттың өте ауыр түрі. Бір үйге бір боксшы да жетер (жымиды).
– Бос уақытыңызда немен айналысқанды жақсы көресіз?
– Мен бала кезімнен кітап оқығанды жақсы көремін. Әлі де қолым қалт етсе кітап оқимын. Өткен жылы Жәнібек батыр бабамыздың 300 жылдығына орай жарық көрген кітаптарды сыйға алған едім, жақында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай шыққан біршама кітаптарды алдым. Осы жолғы жарыс алдында сол кітаптарды оқып, біздің батыр бабаларымыздың жекпе-жек алдындағы толқыныстарын, көңіл-күйлерін сезін­гендей болдым.
– Туған жерді сағынғанда мауқыңызды қалай басасыз?
– Туған жер туралы жыр-термелерді көп тыңдаймын. Жеріміз, табиғатымыз туралы видеолар көріп, сағынышымды басамын. Мен шетелдерде көп жүрдім ғой. Солардың заңдарын, өмір сүру салттарын, тұрмысын көріп, әлемде қазақ еліндей өмір сүруге тыныш, ыңғайлы, қолайлы ел жоқ екеніне көзім жетті. Өз елімде өмір сүріп жатқаныма Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын.
Сұхбаттасқан Самал ӘДІГЕНҚЫЗЫ
"Жұлдыздар отбасы"


Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Trending Articles