Амиштер мен кержактар. Олар кімдер?
Астана. 8 мамыр. Baq.kz - Мінезі жібектей, жұмысына тиянақты адамдар болады. Бірақ мұсылман емес. Уәдесіне берік, жауапкершілігі мол, үнемшіл адамдар бар. Алайда, мұсылман емес. Еңбекқор, идеясы мол, жаңашыл, ғылымда үлкен жетістікке жеткен. Кірпияз, көшеге қоқыс тастамайды.
Бірақ, мұсылман емес. Енді осы мұсылман еместерді кейбір мұсылмандармен салыстырып көрейікші. Біз, мұсылмандар, құлшылыққа мән беретін шығармыз, бірақ айтқан уәдеде тұрамыз ба? Жұмысқа салғырт қараймыз, ғылымда артта қалып жатқанымыз бәлки содан шығар. Өзіміз мұсылман бола тұра, шаш-етектен шашылып ысырапқа барамыз. Дәрет-ғұсылға барынша берікпіз, бірақ көше тазалығын сақтай бермейміз. Бір ғана мысал, менің қиялымдағы Арафат деген нұр шашқан тау сияқты болатын. Сондағы әр жерде шашылып жатқан қоқысты көргенімде, жүрегім қан жылап кетті. Неге бұлай? Сауд Арабиясына барсаңыз, тамақ ішіп отырған дастарқанынан аттап өтетін, жеп отырған нанын қоқыс жәшігіне тастай салатын мұсылманды кезіктіресіз. Ал мұсылман емес елдерде қалай? Оларда мәдениет бар, әдеп бар. Сонда қайсы мұсылман?
Мысырдың бір шейхы Еуропаға барыпты. Қайтып келгеннен кейін айтқаны мынау екен. «Еуропада исламды көрдім, алайда мұсылмандарды кездестіре алмадым. Ал бізде (авт. Мысырда) мұсылмандар бар екен, бірақ ислам жоқ». Расында, мұсылмандар мен исламның қандай айырмашылығы бар? Бүгінгі мұсылман емес халықтардың бойынан мұсылмандық сипаттың көрінуі нені білдіреді? Осындай сұрақ қойсаң болды жұрт бірден «Бәлкім, бұлардың арғы аталары мұсылман болған шығар?» дейді. Шынында, солай ма?
Ел арасында орыстардың арғы аталары мұсылман болған деген әңгіме жиі айтылады. Мысалы, княздар Федор Иванович Мстиславскийдің сауыты мен Андрей Старицкийдің қанжары, Иван Грозныйдың, Александр Невскийдің дулығаларын қарасаңыз, арабша жазуларды, анығында Құран аяттарын көресіз. Өзі христиан адам неге сауыт-сайманына аят жаздырған? Алайда, көп адам бұған иланбайды. Кім біледі, татар, ноғай секілді мұсылман халықтарын басып кіргенде, олжалаған болар. Немесе мұсылмандардың патшалары орыстарға тарту етуі де мүмкін ғой. Бірақ нақты дәлелдер де бар.
ІХ ғасырда өмір сүрген орыс саяхатшысы Афанасий Никитин өзінің «Хождение за три моря» кітабында: «Олло акберь, акши худо илелло акши ходо, иса руход ааликсоломъ; Олло акберь аилягяила иллелло, Олло перводигерь ахамду лилло шукуръ худо афатадъ; бисмилна гирархмамъ ррагымъ. Гирь помоги рабу своему», – деп жазады. Осы кітапқа орыс шіркеулері әбден шүйліккен. Тіпті, бірқатарын өртеп те жіберген. Осыған қарағанда, бір кездері орыстардың тілін кәлимаға келтіргені белгілі болып отыр. Владимир Путиннің өзі бір жерде қызды-қыздымен: «Православие ближе к исламу, чем к католицизму» деп айтып қалды. Путин неге бұлай деді? Оның айтқаны рас нәрсе, өйткені православтардың бетін тырнасаң, ар жағынан мұсылмандарды көресің.
Рас, православтардың діни түсінігі бұрын мүлдем бөлекше болатын. Билікке Романовтар әулеті келген кезде, ортодоксальды христиандықты ұстанатындардың қолтығына су бүркіп, дін саласында төңкеріс жасады. Ескі сенімдегі адамдарды әбден қудалады. Бағынбағандарының басын шапты. Деректер бойынша, сол кезде 20 мыңдай адам «жаңа дінді қабылдағанша, өлгенім артық» деп өздерін өртеп жіберіпті. Осылайша жаңа дінді күштеп тықпалады. Тепкіге көнбегендері, орман-тоғайды паналап бытырай қашты. Мына қызықты қараңызшы, ескі дінді ұстанған сол халық әлі де бар екен. Біз оларды Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласына барған сапарымызда көрдік. Оларды жергілікті жұрт «староверлер» дейді. Рас, бүгінгі староверлердің христиандардан айырмасы аз. Біраз, арғы аталары ұстанған дін исламнан айнымайды екен.
Риддер тарихи өлкетану мұражайынан жайнамазға, таспихқа ұқсайтын қызық жәдігерлерді көрдік. Сөйтіп, бұлардың не екенін мұражай маманы Елена Путенцевадан сұрадық. «1654 жылы Романовтардың тапсырмасымен Патриарх Никон орыс православие шіркеуіне реформа жасады. Мәскеулік діни кітаптар XVI ғасырдағы грек кітаптарымен сәйкестендірілді. Константинополь Соборының пәтуасы бойынша, саусақпен шоқынудың өзгеше ережесі бекітілді. Мұның соңы орыс монастырларының пайда болуына әкеп соқтырды. Никонның атсалысуымен 1655 жылы Успен соборы салынды. Міне, осы діни реформаға кейбір орыс шаруалары түбегейлі қарсы болды. Жаңа дінді күштеп мойындатуға көнбеді. Сөйтіп бірі – Польшаға, енді бірі – Белоруссияға, тағы бірі Алтай Республикасына қоныс аударды. Реформаға қарсы шығып, үдере көшкен сол топ «староверлер» деп аталды. Олардың өзге православтардан өзгешелігі болатын. Православтар құдайға құлшылық еткенде иіліп қана тағзым қылады. Ал староверлер болса «подстилкаларды» жерге төсеп, маңдайын соған тигізеді. Егер старовер өзін күнәһар сезінсе, күніне мың рет осылай кешірім сұраған. Староверлер де мұсылмандар секілді таспих ұстады. Оны «листовка» деді. Листовканың парақшаларын санап отырып, дұға оқыған» деді мұражай қызметкері. Шынында, подстилка дегендері – жайнамаз, листовкасы таспих қой. Бұлар мұсылмандардың мүлкі емес пе еді?
Негізінде, кержак атауы «керженец» сөзінен шыққан. Нижегород губерниясында Керженец өзені бар екен. Бұлардың көпшілігі сол жерден тараған. Мұражай маманының айтуынша, Риддердегі кержактар Ресейден Алтайға ауғандардың тұқымы екен. Бұлардың болмысының өзі қызық. Саяқтау өмір сүргенді қалайды, бөтен діндегілермен сөйлеспейді. Өздерінің сенімдерін ғана құрметтейді. Ерлері сақал қойып, әйелдері орамал тағады екен. Жаулықты кеудесін жабатындай қылып түсіреді. Мұсылмандар сияқты бұлар да құлшылық алдында дәрет алады. Кітаптарында «Молитесь чистыми руками» деп жазылған. Соңында манағы листовканы тартып отырып, дұға қылады. Бір қызығы, кержактар картоп жемейді екен. Картопты «шайтанның алмасы» деп есептейді. Шәй орнына, қайнаған су ғана ішеді.
Ұлттық киімге қатты мән береді, көбіне ашық түсті киім киеді. Әйелдері ұзын сарафан, сәнді көйлек киеді. Тіпті түнде де орамалын басынан тастамайды. Ешқашан шалбар кимейді. Ерлері ешқашан сақалын қырмайды. Ұзындығы тізеге дейін жететін жейде, биік жұмсақ етік киеді. Галстук таққанды өлердей жек көреді. «Иуда повесился на веревке» деп, галстук таққандарды Иудаға ұқсағысы келгендер деп есептейді. Керісінше, белбеуге қатты мән береді. Ел алдына белбеусіз шығуды күнә деп түсінеді. Белбеусіз жүруді шектен шығу деп қабылдайды. Ішімдік ішу, темекі тарту, абортты үлкен күнәлар қатарына жатқызады. Кержактар, тіпті өркениеттің жетістіктерін көзге ілмейді. Интернет, тіпті теледидар қолданбайды. Оралхан Бөкей: «Біздің Алтайда Кеңес өкіметінің орнағанын елуінші жылдары естіген кержақтар бар» депті. Соған қарағанда, бұлардың саясатқа да қақ-соғы жоқ.
Сырт келбеті еврейлерге ұқсағанмен, өмір тіршілігі мұсылмандарға келетін тағы бір халық бар. Олар – амиштер. Амиштерді АҚШ-тан, Канададан кездестіруге болады. Амиштердің негізгі отаны Швейцария екен. Бұлар Мартин Лютер секілді протестант реформаторлардың тепкісіне ұшыраған. Ақырында, 1693 жылы кержактар сияқты қуғынға ұшырап, 200 отбасы Еуропаны тастай қашқан. Амиш сөзі сол кездегі көсем-дері Якоб Амманның атына байланысты шыққан екен.
Америкадағы амиштердің ең көп шоғырланған жері – Пенсильвания, Огайо, және солтүстік Индиана. Көпшілігі шаруашылықпен айналысады. Өздері не өсірсе соны талғажау етеді, дүкенге бармайды. Керісінше, өздері ет, құс, сүт, жұмыртқа, ірімшік өндіріп сатады. Олардың жасаған ағаш жиһаздарын американдықтар қырылып алады екен. Себебі, сапалы. Үйлерінің барлық жиһазын өздері қолдан жасап алады. Тіпті балалардың ойыншығына шейін матадан тігеді.
Ешқайсысы көлік мінбейді, ат арбамен ғана қатынайды. Жерді де ат жегіп соқамен жыртады. Тіпті олар электр энергиясын да пайдаланбайды екен. Электр сымдары о дүниемен байланысты үзеді, бұл дінге қайшы деп түсінеді. Қажет жағдайда, тек газ генераторын ғана пайдалануға рұқсат, ал орталықтандырылған электр жүйесін қабылдамай-ды. Сондықтан да теледидар, радио, интернетті қолданған емес. Барынша, фотоға да түспейді.
Бұлардың да мұсылмандармен ұқсас-тығы көп. Неке қиылмайынша, қыз бен жігітке бірге болуға рұқсат берілмейді. Тәртіпке, тазалыққа қатты мән береді. Қарапайым ғана киінеді, сән әлемнің не екенінен хабары жоқ. Амиштердің киім киістері де өзгеше. Әйелдері бір түсті кең көйлек киеді, алабажақ киім киюге, шаш қиюға тыйым салынған. Үйленген жігіттер міндетті түрде сақал қояды, ал мұртты басады. Сақал дегеннен шығады, сақалы жоқ еркекті ешкім көзге ілмей, адам құрлы көрмейді екен. Осыны білген кейбір есерсоқтар бірде өздері ұнатпаған амиш жігітті жабылып ұстап алып, сақалын қырып тастапты. Сол қылығы үшін олар 15 жылға бас бостандығынан айырылған екен. Тағы бір қызық жайт, амиш бозбала кәмелетке толған кезде, ары қарайғы өміріне өзі таңдау жасай алады. Амиш болып қалғысы келсе, тіпті жақсы. Басқа американдықтар сияқты өмір сүргісі келсе, оған да рұқсат. Бірақ туған жерін, отбасын мәңгілікке тастап кетеді. Басқа христиандар сияқты баланы туыла сап шоқындырмайды, ақыл тоқтатқан кезде дін таңдауды өз еркіне береді. Былайша айтқанда, мұсылмандар сияқты «дінде зорлық жоқ» деген ұстанымда.
Үйді құлшылық жасайтын орынға айналдыру керек деген ұстанымдары бар. Құлшылық жасар алдында аяқтарына шейін жуып, дәрет алады. Бұлар да староверлер секілді өздерін ең таза жолдамыз деп есеп-тейді. Иса көктен түседі, сосын мың жылдай ел басқарады деп сенеді.
Өмір сүрудегі ұстанымдары: рухани құндылықтарды сақтау, ауыр жұмысқа жегілу, әйелдің еріне бағынуы, қарапайым киіну, мемлекеттен жәрдемақы талап етпеу, техниканың барлық түрін тәрк ету. Және бір-біріне жәрдемдеседі. Мысалы, бір амиштің үйі өртеніп кетсе, қалғандары жабылып, жаңа үй тұрғызып береді. Бұларда ажырасу, ыдыс-аяқ сылдыры деген атымен жоқ. Әр отбасында 6-10 баладан болады, баласының көптігімен мақтанады. Тойлары да қарапайым дастарқанда өтеді. Ұзатылатын қыз көкшіл көйлек киеді. Бірақ ешқашан боянбайды. Тіпті бұларда неке жүзігі деген де ұғым жоқ.
Сол сияқты жерлеу рәсімдері де қарапайым. Марқұмның бейітіне басқа христиандар сияқты гүл қоймайды, оны айта-мыз-ау құлпытасына қайтқан адамның аты-жөнін де жазбайды. Бәрінің құлпытастары бірдей болады.
Амиштер кішкентай бала сияқты. Жеку, ұрсу дегенді білмейді. Мысалы, бір амиштің сақалынан тартсаң немесе жағынан салып жіберсең, ол саған дүрсе қоя бермейді. Керісінше, сенің әрекетің үшін өзін кінәлі сезініп, құдайдан кешірім сұрайды. Американдықтар сол үшін де амиштерге құрметпен қарайды екен. Осыдан екі-үш жыл бұрын, Америкада мынадай жағдай болыпты. Чарльз Карл Робертс деген американдық жігіт есінен адасып, амиштердің мектебіне баса-көктеп кіреді. Ақылынан алжасқаны сондай, 7 амиш қызды қанжоса қылып, артынша өзі атылып өлген. Міне, сол 7 қыздың аналары қанішердің үйіне барып, әйелінен кешірім сұрап, күйеуінің кінәсіз екенін айтыпты. Тіпті артында үш баласы қалғанын біліп, қор ашып, балалардың оқуына қажетті ақша жиып беріпті.
Амиштер мен кержактарды неге айтып отырмыз? Әңгіме кейбір христиан, басқа да діндегілерден мұсылмандық сипат байқалатыны турасында екен ғой. Кім біледі, осыншама ұқсастығы бар болғанына қарағанда, ел айтып жүргендей олар да бұрын мұсылман болған шығар? Исламнан ажыраған, бірақ мұсылмандығы қалған. Әрине, бұлай болмауы да мүмкін. Бірақ осының өзі бізге сабақ емес пе? Рас, біз, мұсылманбыз. Амалымызға да берік шығармыз. Бірақ сол мұсылмандығымыз іс-әрекетімізден қаншалықты байқалып жатыр? Сын сағатта мұсылмандығымызды сақтай алып жүрміз бе? Туыс, дос, бауырға қамқормыз ба? Мысыр шейхы Еуропадан исламды көргенін айтыпты. Кім біледі, басқа діндегілердің осындай мұсылманшылығы бір күні исламды қабылдауына себеп болар. Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қиямет жақындағанда күн батыстан шығады» дегенді бекер айтпаған ғой.