Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客 » sjanbolat
Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Бiздiң мемлекеттер арасындағы қатынастардың тарихы терең

$
0
0

Бiздiң мемлекеттер арасындағы қатынастардың тарихы терең
06.05.2015 22:14
Шахрат НҰРЫШЕВ, Қазақстанның ҚХР-дағы төтенше және өкілетті елшісі:
– Қазіргі кездегі Қазақстан – Қытай ынтымақтастығының дамуын сіз қалай бағалайсыз? Қандай жаңа кезеңдер мен үдерістерді атап өтер едіңіз?

– Қытаймен жан-жақты стратегия­-лық әріптестікті дамыту – Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдық­та­рының бірі болып табылады. Бұл тек құ­жаттың ғана талабы емес, тарихи және сая­си ақиқат.

Біздің мемлекеттер арасындағы қаты­настардың тарихы терең. Бүгінгі күні бұл қатынастар барлық бағыттар бойынша қар­қынды дамуда. Арамыздағы 1700 ша­қырым жалпы шекара біздің елдерімізді бөлмей, керісінше, жақындататынын атап өту керек.

Соңғы 23 жыл ішінде біз тату көршілік пен өзара түсіністік жағдайында дамып жатқан аймақтағы үлгілі мемлекетаралық қатынастарды орната алдық.

Сонымен бірге ҚР-ҚХР қатынас­тары жоғары және ең жоғары деңгейдегі саяси диалогтың арқасында белсенді түрде тереңдеуде. Мемлекет басшыла­ры­ның өзара сапарларының қарқыны және көпжақты іс-шаралардың аясындағы кездесулері, екіжақты және көпжақты қа­тынастардың өзекті мәселелері бойынша, тұрақты сұхбат орнатылғанын дәлелдейді.

7 мамырда ҚХР төрағасы Си Цзинь­пин Қазақстанға ресми сапар жасайды. Бұл сапар 26 сәуірде өткен президенттік сайлауда Елбасымыздың күмәнсіз жеңісі­нен кейін шетел басшысының біздің мем­лекетке бірінші сапары болады.

ҚР-ҚХР арасындағы қатынастардың жаңа кезеңі екіжақты әрекеттесудің бар­лық салаларындағы жаңа жобалармен толатынына сенемін. Бұған ҚР Прези­-денті Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол»

Жаңа экономикалық саясаты бастама­сын және ҚХР төрағасы Си Цзиньпин-ның – «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және «ХХІ ғасырдағы Теңіз Жібек жолы» атты екі стратегиялық жобасын қамтитын «Бір белдеу, бір жол» бастама­сын іске асыру да өз септігін тигізеді.

Осы орайда Қазақстан экономи­ка­сы­ның құрылымдық дамуына бағытталған «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бір-бірін жарасымды толықтыратынын атап өткен жөн.

– Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялар және экономика сала­ла­рындағы ынтымақтастықты қалай баға­лай­сыз?

– Қытай соңғы бірнеше жылдар бойы Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда се­ріктесі болып келеді. Оның еліміздің жал­пы сауда тауар айналымы көлеміндегі үлесі 20% асады.

Өз алдына, Қазақстан ҚХР-дың Ор­та­лық Азиядағы ең ірі және Шығыс Еуропа мен ТМД елдерінің арасында Ресейден кейінгі екінші ірі сауда серіктесі болып та­былады.

Қазақстан Еуразия құрлығының жү­регінде орналаса отырып, Қытай, Еуропа, Ресей және ТМД мемлекеттері нарық­тарын байланыстырады және Еуроодақ, Орталық Азия және Парсы шығанағын көлік дәліздерімен байланыстырады.

Сонымен бірге 2014 жылы екі ел ара­сындағы теміржол мен жүк тасымалдау көлемі 14,8 млн тонна құрап, оның ішінде қазақстандық тауарлар 8,44 млн тонна болса, қытайлық тауарлар 6,42 млн тоннаға жетті.

Менің пікірімше, Қытайдан Еуропа бағытына жүк транзиттерін Қазақстан арқылы жаңа контейнерлік пойыздармен жіберу, қытайлық компанияларға өз тауарларын Еуропа мен ТМД нарық­тарына шығарудың жылдамдық және се­німділік сияқты артықшылықтарын беру­мен қатар, екі ел аймақтары арасындағы сыртқы сауда байланыстарының дамуына қосымша түрткі бола алады.

Биыл Ляньюньган (Цзянсу өлкесі) теңіз портында орналасқан қазақ­стандық – қытайлық логистикалық тер­ми­­нал өз жұмысын бастады. Бұл терминал ар­қылы қазақстандық тауарларды Жа­по­ния, Оңтүстік Корея, Азия – Тынық мұ­хиты аймағы елдеріне экспортқа шығаруға мүмкіндік ашылады. Бұған қоса, біріккен кәсіпорын халықаралық мультимодальдық тасымалдауларды, жүк тиеу-түсіру жұ­мыстарын, консультациялық және көлік-экспедиторлық қызметтерін көрсететін бо­лады. Аталған терминалда 2015 жылы шамамен 250 мың жиырма футтық экви­ва­лентегі контейнерлерді өңдеу жоспар­лануда.

Сонымен қатар «Батыс Еуропа – Ба­тыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлі­зінің құрылысы аяқталуда. Аталған көлік желісі жүктердің Қытайдан Еуропаға дейін жеткізілу мерзімдерін теңіз жолымен са­лыс­тырғанда 3,5 есе қысқартпақ. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға және жүк­тердің транзитінен табыс алып, логисти­каны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Соңғы уақытта тараптар арасын­дағы өндірістік қуаттар саласындағы ынты­мақ­тастық жөнінде жиі айтылып келеді. Бұл жөнінде толығырақ айтып берсеңіз, оның не екендігін және бұл бағытта қандай жұмыс жасалғанын таныстырсаңыз?

– 2014 жылы желтоқсандағы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэ­цянның Қазақстанға жасаған ресми са­пары барысында тараптар арасында ин­дустрияландыру және инвестициялар салаларында ынтымақтастықты дамыту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Екі ел сарапшыларының төрт ай бойы жүргізген қарқынды жұмысының нәти­жесінде, жалпы сомасы 25 млрд доллар асатын 48 инвестициялық жобалар ірік­теліп, ҚР Инвестициялар және даму ми­нистрлігі мен ҚХР Мемлекеттік даму және реформа жөніндегі комитеті ара­сында индустрияландыру мен инвести­ция­лар саласында ынтымақтастық жө­нінде Меморандумға қол қойылды.

– Өткен жылдан бері ҚР мен ҚХР арасында инвестициялық ынтымақ­тас­тықтың айтарлықтай белсендiлiгі бай­-­қалды. Қазақстан қытайлық компания­лармен ынтымақтастықты орнату бары­сында қандай басымдықтарды басшы­-лыққа алады?

– Ең алдымен, Қытай соңғы бірнеше жылдан бері Қазақстанның негізгі шетел­дік инвесторларының қатарына кіріп ке­летінін айтқан жөн. Тек қана соңғы екі жыл ішінде, тараптар жалпы сомасы 73,5 млрд доллар құрайтын инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде екіжақты құжаттарға қол қойды.

Біздің статистикалық мәліметтерге сәй­кес, 2014 жылы 31 желтоқсанға дейін Қазақстанның экономикасына 18,65 млрд доллар қытайлық инвестициялар тарты­лып, оның ішінде тікелей инвестициялар – 4,08 млрд доллар құрды.

Сонымен бірге ҚХР-ға жасалған қа­зақ­стандық инвестициялар көлемі 3,06 млрд доллар құрап, оның ішінде тікелей инвестициялар – 188,7 млн долларға жетті.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру шеңберінде Қытайда Азиялық ин­фрақұрылымдық инвестициялар Банкі (АИИБ) және «Жібек жолы» қоры құры­луда. Олардың ауқымды қаржы ресурс­тары шетелдегі перспективті жобаларды іске асыруға бағытталады. Ал біздің алды­мызда болса, еліміздің экономикасын ин­дустрияландыру мен жаңғырту мақсаты тұр.

Осыған байланысты, менің ойымша, біз қазақстандық экономиканы әртарап­тандыру мақсатында Қытайдың инвес­тициялық әлеуеті мен сыйымды нарығын тиімді әрі ұтымды пайдалануымыз қажет.

– Жақында Қазақстан-Қытай өткізу бекеттерінде ауылшаруашылық өнімдерін жеделдетіп өткізуге арналған «Жасыл дә-ліз» ашылған болатын. Сіздің ойыңызша, атал­ған шешім қаншалықты дұрыс болды және Қазақстандағы ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлеміне кері әсерін тигіз­бей ме?

– Ия, шыныменде, 2013 жылы жел­тоқсанда Қазақстан – Қытай шекара­сын­дағы «Бақты» (ҚР Шығыс Қазақстан об­лы­сы) және «Покиту» (ҚХР) өткізу бе­кетінде «Жасыл дәліз» жобасының ресми түрде ашылу салтанаты өтті. Аталған өт­кізу бекетін таңдауға оның жағрафиялық орналасуы, сонымен қатар еліміздің же­келеген аймақтарын (Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды облыс­тары) және Ресейді (Батыс Сібір, Алтай аймағы) ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету қажеттілігі себеп болды.

Аталған жобаны іске асырар алдында ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, сақ­тау, тасымалдау және ҚХР кәсіпорын­да­рының осы өнімдерді сату шарттары то­лығымен зерттелген. Нәтижесінде, өткі­зілген бақылау жұмыстарының оң қоры­тындысы өткізу бекеттерінің жұмысын одан әрі тұрақты тәртіпте жалғастыруға септігін тигізді.

«Жасыл дәліз», кейбір жерде айтылып жүргендей, өнімдерді бақылаусыз өткізу арнасы болып табылмайтынын айта кету қажет. Керісінше, екі мемлекеттің кеден және карантин мекемелерінің арқасында «Қос бақылау» жүргізіліп отыр. «Қос ба­қы­лау» кеден саласындағы тәртіп және заң бұзушылықты төмендетуге, сонымен қа­тар тез бүлінгіш өнімдерді жеделдетіп өткізуге (70 минуттан аспайтын) көмек­те­суде.

Одан басқа «Жасыл дәліз» еліміздің ауылшаруашылық өнімдірінің Қытайға экспортын ынталандырып отыр. Алайда осындай тауарлар көлемі мен түрлері (ба­лық, бал және т.б.) аз болғанымен, келе­шекте Қазақстан Қытайға ауылшаруа­шылық өнімдерінің көлемін ұлғайтып, экспортын арттырады деген сенімдемін.

– Қазақстанның 2014 – 2020 жыл­дарға арналған Сыртқы саясат тұжы­рым­дамасында сыртқы саясаттың гумани­тарлық бағытын дамытуға маңызды рөл бөлінді. Бұл шын мәнінде, шетелдегі ҚР азаматтарының құқығы мен заңды мүд­делерін қорғау бойынша жұмыстың ба­сымдылығы аталды. Осы орайда Қытайда қандай шаралар атқарылуда?

– Ең алдымен, шетелдегі қазақстан­-дық азаматтар Қазақстан Респуб­лика­сының қорғауы және қамқорлығында екенін айта кету керек. Олардың құқық­тық жағдайы Қазақстанның заңды акті­лерімен реттеледі, ал шетел­дегі біздің аза­маттарымыздың құқығы мен мүдделерін қорғау Қазақстан Респуб­ли­касы Сыртқы істер министрлігі және оның шетелдегі ме­кемелерінің маңызды басым­дықтары болып табылады.

Екі елдің экономикалық және инвес­тициялық қатынастарының өсуіне орай, қазақстандық азаматтардың Қытайға сапарларының саны айтарлықтай көбейді. ҚХР Ұлттық саяхат әкімшілігінің мәлі­метіне сүйенсек, 2014 жылы ҚР азаматтары осы елге 340 мыңнан астам сапар шеккен.

Сонымен бірге соңғы уақытта жағымды сауда-экономикалық және мәдени-гума­нитарлық серпінмен қатар ҚХР аумағында біздің азаматтардың қатысуымен визалық тәртіпті бұзудан бастап, қатаң қылмысқа дейін баратын оқиғалардың өсуі орын алуда.

Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігі (Бей­жің қ.), Шанхай қ. Бас консулдығы және Үрімші қ. ҚР СІМ Паспорттық-визалық қызметі біздің азаматтарымызға тосын оқиға мен уақиғаларға түскен жағдайында ұдайы түрде барынша жәрдем көрсетеді.

Консулдық жұмыскерлер қызметтік міндеттері бойынша, ҚХР азаматтарына визаны рәсімдеумен ғана шектелмей, Қытай аумағында ұсталған Қазақстан азаматтарының құқықтық қолдауы мәсе­ле­лерімен де айналысады.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Trending Articles