ҚАЛЖЫҢҚАЛТА
Усойқы
АЙҒЫР - АСАБА
Жиын-тойда айтылатын көп тілектің басқасын қайдам, әйтеу «Тойың тойға ұлассын» деген тілек Алланың құлағына шалынса керек. Эфирде үй жоқ, жұмыс жоқ деп жылағыш қазекең өмірде тойлағыш-ақ. «Тойға барсаң тойып бар» деуші еді. Қазір керісінше «тойып» қайтасың. Кей тойдан тойып қайтасың, кей тойдан тоңып қайтасың, кей тойдан көресіңді көріп қайтасың, кей тойдан «тірідей» өліп қайтасың.
Әмина Құрманғалиқызы
Баяғыда әжем пақыр терең күрсіне түсіп: «Е, мен не көрмедім» дейтін. Сол кісі айтқандай мен осы жасымда не көрмедім. Құдай-ау, мен айғыр-асабаны да көрдім ғой. Кентавр келіп, той жүргізген екен деп қалмаңыздар, кәдімгі асаба, үлкен бір қаланың асабасы.
Әлқисса, той басталды. Бір кезде дарынын қайдам, қарыны баршылық қара жігіт талтаң-талтаң, алшаң-алшаң басып ортаға шықты. Керілді, есінеді, қақырынды, түкірінді. Екі қолын айналдырып жіберіп физарядка жасады. Мойнын бұрап-бұрап қалып еді, бытыр-бытыр ете түсті. Бой жазуы ма, әлде, шабыт шақырғаны ма, кім білген...
– Ал, – деді асаба,нығыз үнмен. – Тойды бастаймын. Бала-шағаларыңды шулатпай, әркім өз баласына ие болсын. Балалы үй – базар болғанымен, балалы той – позор! – деді де, өз тапқырлығына өзі риза кейіппен күліп алды. Ары қарай тақпақтай жөнелді:
– Ал, кәне, кемпірлер ұйқыдан оянып алыңдар, қатын, қыздар айнаға қарап боянып алыңдар, шалдар насыбайларыңды атып алыңдар, жігіттер, тартатындарыңды тартып алыңдар, бала-шағаны шулатпай тыйып алыңдар, тышатындарың тышып, сиетіндерің сиіп алыңдар, – деді де, қарқылдап кеп күлсін. Асаба күлген соң амал жоқ, кеңкілдеп күлген болдық. Бірақ онымыз күлкіден гөрі жылағанға ұқсады. Сөз беру басталды. Сексендегі кәрі құдағи бастаған бір топ кейуаналар бірі таяқ таянып, буындары сыртылдап, беттеп келеді. Асаба «ана» тақырыбына тереңдеп кетті. Сонау Хауа-Анадан бастап, ауыз әдебиеттегі аруларды шолып, аштық, азамат соғысы, репрессия, Ұлы Отан соғысы тұсына біраз аялдап, Әлияға оқ тиген жерінде, қалтасынан көлдей орамалын алып көзін де сүртіп алды.
– Ойбай, белім! – деп кәрі құдағи отыра кетті осы жерде. Асаба алая бір қарадыда, жалғай берді. Содан трактор жүргізген, қой баққан әйелдерге біраз тоқтап, екі Роза, бір Бибігүлдің тұсына келгенде: «Өлтіре ме тегі, ойбай, аяғым» деп тағы бір құдағи жерге жалп ете түсті. Асаба енді ана туралы әннен бір-екі үзінді айтты да:
– Әне, аналар келеді екі омырауынан ақ сүттері ағып, – деді. О, Тоба! Не жыларымды, не күлерімді білмедім. Көз алдыма кешке өрістен қайтқанда мама сиырлардың тырсиған желінінен сүттері сорғалап келе жататыны елестеді.
Бұл бұл ма, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда» көрдік. Асаба ойын ойнатпақ болды. Ортаға ерлер мен әйелдерді, қыздар мен жігіттерді шақырды. Шыққандар ұйлығып, үрпиіп, асабаға жүрексіне қарасады.
– Ерлер бір жаққа, әйелдер бір жаққа тұрыңдар! – деп бұйырды асаба. Сонан соң ойын шартын түсіндіре бастады:
– Сендер,– деді еркектерге, – айғырсыңдар, ал аналар, – деді әйелдерді көрсетіп, биелер. Мен команда берген кезде, әр айғыр өз биесіне қарай кісінеп шабады. Сөйтіп, өз биесін қайырып осы жерге әкеледі. Еркектер ыңғайсызданып төмен қарап, қипыжықтап еді, асаба:
– Немене, айғыр боп көрмеп пе едіңдер? Міне, былай, – деп, арқырай кісінеп, бір әйелдің жанына жетіп барып, оқыранып жер тарпып, айнала шапты. Еркектік намысына тиген соң тұрсын ба, қалған еркектер де жаппай арқырай кісінеп, өз қарсысындағы «биелерге» қарай шаба жөнелді. Бір масқарасы сол – бұл жерде әркімнің өз «биесі» ғана емес, жасы келген үлкен әйелдер де, жас қыздар да бар еді. Ойын шартын білмей, «шық, шық» дегенге шыға салған ғой. Қастарына есірген еркектер арқырап жетіп келгенде, бір үлкен әйел:
– Көтек, нағыл дейді! – деп баж ете түсті.
Ата сақал аузына біткен әкесіндей еркек оқыранып жетіп келгенде, бір жас қыз бетін басып шыңғырып жіберді. Тұра ұмтылған қыз әкесі: «Ә, атаңа нәлет!» – деп «кәрі айғырдың» жағасына жармасты... бағытын бәденділеу жас келіншекке қарай бұрып, арқырап бара жатқан күйеуін көріп, «ұятсыз!» деп бір келіншек ұшып тұрды. Әп-сәтте у-шу болып, той топалаңға айналды.
Содан бері тойға бармаушы едім. Өмір ғой. Тағы бір тойға шақырылдық. Беделді адам еді. Әрі-сәрі боп тұрғанда, жұбайым:
– Қорқатын не бар? Бұл өзге өңірде емес, Алматының ылғи зиялылар тұратын «Самалында» өтеді ғой, – дегені. Бардық. Бәрі жап-жақсы жүріп жатқан. Ойын сағаты басталды. Жүрегім зырқ ете түсті. Ортаға биші қыздар (европалық би-ау деймін) шықты. Кеудесі мен бөксесіндегі екі еліні айтпасақ, тыр жалаңаш. Төменгі лыпасының алды бар да, арты жоқ. Таяу отырған жас келіншектен:
– Қарағым-ау, ана лыпаларының арты жоқ қой. Түсіп кетпес пе екен? – деп сұрап ем:
– Татешка, арты құйрықтарының арасында емес пе, – деп, бетіме таңдана қарады. Соны да білмей ме деген таңданыс. Мен өзімнің осыны да білмегеніме ұялып кеттім. Енді мені «мамбет» демей, не десін... Қыздар билеп болды да, тура төргі столдың қарсысына келіп, оқ тигендей сұлап-сұлап жата кетісті. Жатқан күйлерінде екі аяқтарын барынша жоғары көтеріп, бір сәт тынып қалды. Мен болсам қаз-қатар төңкерілген құйрықтарға ұрлана көз тастап, әлі әлгі лыпаның жартысын іздеп отырмын. Көрінбейді-ау, көрінбеді. Оны да қойшы. Қаз-қатар жатқан туырылған он шақты құйрықтан көзімді сәл жоғарылатып, қақ төрдегі столға қарасам, Бақытжан Момышұлы, Ғаббас Қабышұлы бастаған құрметті ағалар басын төмен салыпты. Зейнеп ана ақ жаулығымен бетін бүркеді. Ары қарай:
– Үйшік – иттің ұясы,
Шаш – биттің ұясы,
Кеңсе – әкімнің ұясы,
– деп тақылдады асаба. Сұмдық-ай, әлемдік өркениетке аяқ басамыз деп отырғанда, шашымыз биттің ұясы болса, жетіскен екенбіз.
«Қыздарда да қыздар бар» демекші, асабаның да асабасы бар екен. Шіркін-ай, сөздері судай төгіліп, тыңдаушысын бордай егілткен бір асабаны көрдім. Көкшетауға қыз ұзаттық. Құдалар да арғынға тән ірілігін көрсетіп, тулатып ту бие жығып, құнан қойды үйткізіп, сарала тартып, көсілтіп той жасады. Тойды баршаға мәлім, көрерменге көгілдір экран арқылы таныс Көкшенің айтыс ақыны Әлібек жүргізді. Сөйлер сөзі ерін ұшынан лыпылдап төгіліп тұрған Әлібек, халыққа дүр-дүр қол соқтырып, ду-ду күлдіріп, той тізгінін бір сәт босатпады. Әдемі әзіл, әсем ән, әдепті ойындар, қолма-қол суырыпсалып айтқан шумақтар – бәрі де орынды. Әлібек көне тарих, шежіреге де жүйрік екен. Қыз берген жақ Наймандар еді. Арғын-Найманның ежелгі достығын, туыстығын, сыйластығын айта келе, Әлібек бір өткір әзіл айтты. «Тірісінде найманнан әйел алған жігіт өлгенде жұмаққа барады, өйткені, ол тозақты бұл дүниеде көріп алды», – деген бір анекдот еді. Әңгіме әзіл болса да, найман құдалар қызарақтап қалды. «Қоянның қасуына – мылтықтың басуы» дегендей, тура осы сәтте маған сөз берді. Шамданыңқырап отырған мен Әлібекке соқтыға сөйледім:
Әлібек, айналайын талабыңнан.
Мықты ұста жыр-тұлпардың сағағынан.
Шыңында Оқжетпестің шаңқылдаған
Сен екенсің ендігі бала қыран.
Атақ па асабалық ат бүгінде
Желеу ғой жем боларлық тапшы күнге
Серінің жұртындағы сынық кездік
Қашанғы жатпақшысың қап түбінде? –
деп, Әлібектің соңғы жылдары айтысқа қатыспай, асабалықты кәсіп етіп жүргенін көлденең тарттым. Іздегенге – сұраған, ұрынарға қара таппай тұрған Әлібек іле түсті:
Кім білер менен артық тойдың жайын,
Мен бірақ той туралы сөз қылмайым.
Өзіңізге тартып туған қызың болса,
Күйеу бала болайын, апатайым, – деді.
Күтпеген айтыс. Экспромт. Халық «тағы, тағы» деп дүрілдей қол соқты. Маған да қызық көрінді. Көптен айтыспай кетсем де, осы жерде шабыт шіркін «жүр, жүрлеп» тұрғаны. Жаңа ғана найман құдашаға «көңіл білдіріп» тұрғаны есіме түсе кетті.
Мен:
Әй, арғын, жау келгенде «Наймандайсың»
Апаңның бұл сөзіне шамданбайсың.
Қоянның көжегіндей бұл түріңмен,
Найманның неше қызын алғандайсың! –
дедім.
Енді наймандар жағы дуылдап кетті. Әлібек нағыз шабыт үстінде. Іркілмеді:
Неге арғынның намысын жоқтамаймын.
Өзіңізді көңіліме тоқ санаймын.
Абылай атам алыпты алты қатын,
Найманнан төрт қыз алмай тоқтамаймын.
Шақырсаңыз Семейге бармаймын ба,
Қырандай төрт тарапты шалмаймын ба.
Тірі күнде Найманның қызын алып,
Өлгеннен соң жұмаққа бармаймын ба, –
дегені.
Қап, мына жүгірмекті-ай! Тойда отырғанның бәрі арғындар. Олар қол соғып, ысқырып, шулап, Әлібекті көтермелейді. Найман құдалар үнсіз қалды. Әзіл болса да, ру аты аталған жерде қазақ өзін қан майданда тұрғандай сезіне ме, қалай... Жауап айтпасам, мен емес, Найман деген ел жеңілетіндей сезініп отыр олар.
Әлібек шапқан жерің шаң ғып кетпе,
Шаң ғып кетпе немесе даң ғып кетпе.
Екі қатын алғандар зар илеп жүр,
Төрт қатын аламын деп қаңғып кетпе.
Алысқа кеткен қыздың күрсіні көп,
Сағынышы жүректің дүрсілі боп.
Таң атқанша айтыссақ пайдасы не,
Бұл айтыстың жүлде берер Жүрсіні жоқ, – деп мипаздадым.
Енді біздің жақ шулады. Бұл жерде арғын-найман деп бөліну, ұрандау – рушылдыққа жатпайды. Бұл да қазаққа ғана тән бір ұлттық құндылық. Сөйтіп, ешбір «жұлдызсыз-ақ», ешбір «загатовкасыз-ақ» көңілді той өтті. Той тойға ұлассын, ағайын!