Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客 » sjanbolat
Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Болашақ данышпандар

$
0
0

Данышпандар даңғазаны сүймейді

30.12.2015
Жолдасбек Дуанабай

296
Томас Эдисон мектептен келген соң анасына ұстазы берген бір жапырақ қағазды ұстатты.

Анасы еңірегенде етегі жасқа тола отырып, ұстазы жазған хатты баласына дауыстап оқыды: «Сіздің ұлыңыз – данышпан. Біздің мектебіміз тым кішкентай. Мұнда ұлыңыздың деңгейіндегі, оны оқыта алатын мұғалім жоқ. Өтінемін, бұдан былай өзіңіз оқытыңыз».
Арада айлар аунап, жылдар жылжиды. Анасының уақыты жетіп, қайтыс болады. Бұл кезде Эдисон өз ғасырының атағы шыққан өнертапқыш еді. Ол күндердің күнінде отбасылық мұрағатты ақтарып отырып, әлгі хатты көзі шалды. Ашып оқыды, хатта былай жазылған еді: «Сіздің ұлыңыздың ақыл-есі дамымай қалған. Біз оны басқа балалармен бірге оқыта алмаймыз. Сондықтан оны үйде өзіңіз оқытсаңыз екен дейміз».
Эдисон сол кезде анасының не себепті көз жасын көлдеткенін ұғып, өзі бірнеше сағатты жылаумен өткізді. Есін жиған соң күнделігіне: «Томас Алва Эдисон ақыл-есі дамымай, артта қалған бала болды. Парасатты да батыр анасының арқасында өз заманының ұлы данышпанына айналды» деп жазып қойды.

Бұл – өмірдің өз шындығы. Ол кезде медицинаның дамымаған уа­қыты, білім алудың да жолы ауыр бо­л­атын. Нан тауып жеудің әуресі көп, бүгін бар адамның ертесіне аш­тан өліп жатқан шағы. Осы се­кілді сан түрлі қиындыққа қара­мас­тан, небір ұлы адамдар дүниеге кел­ді, әлемді дүр сілкіндіретін жаңа­лықтар ашты. Соның бәрі де адам­заттың дамуына жол көрсетті, білім мен ғылымды ұштастырып, келешектің керемет боларын дә­лелдеді.
Шынында да, ғасырлардан-ға­сыр­ларға жалғасқан ізденістердің шек­сіздігі қайран қалдырады. Маң­дай терінің жемісін көруге асыққан адам­дардың айласы да, пайдасы да көп жаңалықтары жаға ұстатуға ай­налды. Тіпті адам ғарышқа да ұшты, роботтарды жұмысқа жегіп қойды, ғимараттар мен үйлердің іші-сырты түгілі көшелерді де күзететін құрал­дар жасады. Адамдарды аурудан айықтырудың, тірі алып қалудың сан түрлі амалын тапты. Айталық, ке­ше ғана ғаламторда қытай дәрі­гер­лері тоқтаған жүректі 7 сағаттан соң қайта соқтырғаны туралы ақ­парат тарады (бұдан бұрын жүректің тоқтағанына 6 сағат өтсе, оны қайта тірілту мүмкін емес деп саналған). Трансплантация жүргізгеннен кейін екі сағаттан соң және донор де­не­ден алғаннан кейін 7 сағаттан соң ғана жүрек соға бастаған. Бұл – ме­­­­дицинада кездесетін сирек құбы­лыс. Жүрек демекші, адамның аман жүруін қамтамасыз ететін ағзаның айналасында жағымды жаңалық­тарды қазақстандық дәрігерлер де та­маша меңгерумен қатар, өз өне­табыстарын өмірге әкелуде.
Жаңалық атау­лы күнде ашыла­ды. Тек оны тәжіри­бед­ен өткізу мен әлемге тарату бір­шама уақытты алады. Мәселен, ал­ғашқы теледи­дар­дың ебедейсіз әрі ауыр болғаны бел­гілі. Оның ор­нын қазір плаз­ма­лық теледидар басты. Ком­пью­терлер де сондай өзгерістерге ұшы­рады. Тіпті қолға ұстап жүре­тін­ноутбуктың шығуы да жұртты селт еткізгені анық. Мы­на­ны қараңыз­шы, Финлян­дияның Solu компа­ния­сы қалта компью­терін ойлап шы­ғарыпты. Сыртқы қа­баты ағаш­тан жасалған құрыл­ғының экраны 10 шаршы санти­метр. Бағасы 350 доллар тұратын ком­пьютер алдағы көктемде жұрт қо­лына тимекші.
Ұят та болса айтайық, неміс ға­лым­дары «электрлі тарақ» ойлап тауыпты. Басы биттеген адамдар бұл тарақты пайдаланса, биттен бір тәулік ішінде құтылады. Денсау­лық­қа ешбір зияны жоқ. Неміс ин­же­нерлері тарақ тістерінің ара­сы­на жоғары кернеулі тоқ жүр­гіз­ген. Тістердің ұштары электрод қыз­­метін атқарып, айналасына энер­гия шашады. Сол себепті элект­родтар арасынан өтетін тоқ ауа молекуласын тотықтырып, оны газ­дан салқын плазмаға айнал­ды­рады. Артынша ауа молекулалары бит­терді қырады. Мұның өзінде шаш арасындағы температура өзге­ріссіз қалады.
Адам бойында болатын битпен күрес ертеден бері жалғасып келеді. Ол ауру тудыратын әрі жұқпалы зиян­кес саналады. Әлемнің көп­теген елi әлі күнге биттен толық арыл­мағанын да айта кеткен орын­ды.Сондықтан неміс ғалым­дары­ның жаңалығы жерде қалмасы анық.
Айтпақшы, жер шары халқын тол­ғандыратын ең күрделі мәселе – сирек кездесетін жұмбақ дерттер. Соның бірі – анорекция. Ғалымдар мұны емдеудің жаңа тәсілін тауып­ты. Осы секілді жағымды жаңалық­тар адамзаттың игілігіне айнала бер­се, одан келер жамандық жоқ. Данышпандар көбейген сайын даму үрдісі жеделдейді. Тек ақыл-ой кү­шін жақсы нәрсеге ғана жұмсағанда ұта­рымыз көп болмақ.
Жаңалық ашу – жасқа қара­май­тын заман келді. Сондықтан да бо­лар, талантты баланың тағдырына алаңдауға негіз бар. Тоғыз жасар Данияр Құрманбаев та жақында жылдам есептеу қабілетімен жұртты таңырқатты. «Бірінші арнаның» «Супердетки. Мужское/Женское» атты бағдарламасының кейіпкеріне айналған ол өзі туралы: «Мені мұға­лім Арайлым Жамбылқызы дайын­дады. Біз абакус есептерін елестете бастаймыз, сосын жауабын шы­ға­ра­мыз. Маған қиын емес. Менталь­ды арифметика маған көп көмек­те­седі: мұқият болуды, тез ойша есеп­­­теуді үйрендім. Бұған дейін тек ба­ғандармен көбейтіп, бөлетінмін, ал енді оны ойша есептеу де қолым­нан келеді. Үзіліс кезінде балалар маған жақындап мұны қалай жа­сайтынымды сұрап жа­та­ды» дейді.
Әрине, Даниярдың ал­ғыр­­лы­ғы­на қатысты жеңіл пі­кір айтушы­лар да бар. Бі­рақ кез келген бала Да­­нияр­­дай бола ал­ма­сы анық. Қайта біз осындай да­рын­ды ба­лаларды қам­қор­лыққа алып, олар­дың жал­­п­ы ор­та­лығын ашып, әр қа­дамын қа­­даға­лауды іске асыр­­сақ, нұр үсті­не нұр бо­л­ар еді.
Тағы бір ақпарат ал­­матылық Әділ­сұлтан Лепес «10 теңсіз­дік­тің ба­ла­малы дәлелі: тұрақты ша­маны айыру­шы тәсіл» атты кі­табын орыс және ағылшын тіл­дерінде Петер­бор­да басып шы­ғар­­мақшы.
О.Жәутіков атын­­дағы респуб­ликалық маман­дан­­дырыл­ған да­рын­ды балаларға арналған физика-математика орта мек­теп-интернаты оқу­шысының моног­ра­фиясына Санк-Петербор мемлекеттік элек­т­ротех­ни­ка­лық университеті қы­зығу­шы­лық білдірген. Қазақстан­нан шық­қан вундеркинд туралы уни­верси­теттегілер оның Болгария ғылыми-инженерлері бәйгесіндегі жеңісінен кейін білген. «Біз бұл кі­тапты тең­сіз­діктің көп тәсілі жи­нақ­талған­дық­тан, бастысы Йенсен теңсіздігі қам­тылғаны үшін басып шығару туралы шешім қабылдадық. Бұл ең­­бек оқырманның ой-өрісін кеңей­­теді. Өйткені өмірде мамандар кейде осындай тәсілге де жүгініп жа­т­ады, ал мұнда оның жүзі бар» дей­ді жоғары оқу орнының өкілі Сер­гей Винников.
Вундеркиндтің ұстазы Ибрагим Ибатулин: «Әділсұлтанның кітабы, ең алдымен, экономистерге қызық бо­лады. Өз зерттеулерінде олар ма­тематикалық аппаратты қолдануға қор­қақтайды, сөйтіп, қарапайым сызбалы функцияны жөн көреді. Алай­да экономикада орын алып жат­қан процестер, кейде әлдеқайда күрделі боп келеді» дейді.
Қазақтанда дарынды балаларға ар­налған мектептер баршылық. Бі­рақ олардың бар жетістіктерін бір ар­наға тоғыстыру мен жаңалық­та­рын аяқсыз қалдырмаудың жолын қа­растыруға мүмкіндік аз секілді. Сондықтан өте дарынды балалар-ды бір мектепке жинап, олар тура-лы ком­пьютерлік база жасау қажет.
Мысалы, Facebook әлеуметтік же­лісінің негізін қалаушы және бас директоры Марк Цукербергтің жұ­байы Присцилла Чан тегін бас­тауыш мек­тебін ашқалы жатыр. Олар әлеу­меттік желілерінде жаз­ғандай, са­бақ үш жастан басталады. Оқушы­лар­ға 12 жас, яғни мектепті аяқта­ған­ға дейін медициналық қызмет көр­сетіледі. «Присцилла бі­лім мен ден­саулық сақтауды бірік­тіретін жаңа білім беру түрін іске қосқаны үшін қуаныштымын» деді Марк.
Оның алғашқы оқушылары аз қамтылған отбасылардан болмақ. Мек­теп 2016 жылғы тамыздан бас­тап өз жұмысын бастайтын болады. Мұны керемет идеялардың бірі де бірегейі деуге болады. Осы секілді әлемдік тәжірибені жедел қолға алу, замана үрдісінен қалмау – Білім және ғылым министрлігінің басты міндеті болуы тиіс. Өйткені Қазақ­станда ғылымға құштарлық бәсең­сіген жоқ. Өкінішке қарай, біз ғы­лымға құштар балалардың басы-қа­сында болатын мықты ұстаздардың білімі мен білігін толық пайдалана алмай отырмыз.
Ұлыбританияда бизнес сала­сын­­дағы 2010 жылдың «Ең үздік жас іскер» сыйлығын қазақстандық Ольга Кубасова жеңіп алған. Өске­мен қаласының тумасы 26 жас­тағы жас ғалым қатерлі ісік дертіне шал­дыққандарды ажалдан араша­лауға сеп болатын ғылыми жаңалық ашқан. «Азаттық» радиосына бер­ген сұхбатында ол: «2007 жылы құ­рылған Image Analysis Ltd компа­ниясының алғашқы өнімі дәрі­гер­лердің ревматизм-артрит сырқаты бар науқастарға нақты диагноз қо­юы­на көмегі бар бағдарлама болды. Бірнеше минуттың ішінде түсіріле­тін томографиялық сурет артритке шалдыққан адамның дерті туралы нақтырақ мәлімет беріп, адам өмі­ріне қауіп төндірген алғашқы бел­гілерді анықтайды.
Бұл компьютерлік бағдарлама артритті емдеуде дәрігерлер үшін таптырмас құралға айналып отыр. Осы­ған дейін радиологтар рентген арқылы сүйектерді көріп, магнитті-резонанс томографиясымен сүйекті қаптап тұрған ұлпаны зерттеп кел­се, енді Image Analysis компа­ния­сы­ның жасап отырған бағдар­ламасы томография көрінісіндегі көмескі тұстарды айқынырақ көрсете ала­ды.
Мұның ерекшелігі науқасқа диаг­нозды дәл әрі жылдамырақ қоя алады. Мамандар үшін өте тиімді әрі нәтижесін тез шығарады. Бір сәт­те диагнозды анықтап, оның дең­гейі туралы мәліметтер береді. Әдет­те артритпен ауыратын адам қол-аяғын рентгенге түсірген кезде бір қалыпта ұзақ жата алмайды. Тексеру кезінде дене мүшесі аздап қоз­ғалып кетсе, мамандар қате диаг­ноз қоюы мүмкін. Бұл клини­ка­лық ортада жұмыс процесін жақ­сар­ту үшін ең жақсы құрал болып отыр» дейді.
Осы секілді дарынды жастардың шетелде қалып қоюына жол бермек керек. Қайта аса күрделі де қажетті саланың білікті мамандарын Отанға оралуына, ойын барынша іске асыр­уы­на, қаржылай қолдаудан қашпау мәселелерін қарастырған жөн.
Жақында Астанада жылдың ең үздік жас ғалымдары марапатталды. Бас жүлде Назарбаев университе­ті­нің түлегі Дана Ақылбековаға бұ­йыр­ды.
Жас ғалымдардың жұмысымен танысуға келген Үкімет басшысы: «Менің ойымша, бұл бағытта алға жыл­жуға мүмкіндік беретін инсти­тут­тар құру – ол мемлекеттің мін­де­ті. Ал не істеп, қалай жұмыс жасау бойын­ша Үкімет көмек бере алмай­ды. Өздеріңіз өз идеяларыңызды жү­зеге асыруларыңыз қажет. Әрбір мемлекет, әрбір Үкімет жетекшісі елін­де Силикон алқабының бол­ға­нын қалайды. Бірақ кез келген мем­лекет мұны жасай алмайды. Бұл орай­да, біздің міндет – сіздерге қо­лайлы жағдай жасау болып отыр» деді.
Бірақ қолайлы жағдайдың арғы жа­ғында көп мәселелер де қылаң бе­­ре­тіні анық. Біз соны шешудің жо­­лын қарастыруымыз керек се­кілді.
Әрине, жас ғалымдардан қаш­қалақтап отырған ешкім жоқ. Үкі­мет­тен бөлінген миллиарттаған тең­ге жақсы жобаларға бөлініп, жаң­алық авторларына қолдау жа­салуда. Биылдың өзінде болашағы бар 10 жоба анықталып, сыннан сәтті өтті. Бірақ жастар сол өнер­та­бысын қалай іске асырады? Олар­дың ел ішінде таны­малдылығын қа­лай арттырамыз? Осы сұрақтарға жауап іздеген жан бар ма?

Дерек пен дәйек:

Үнді елінің 3-сынып оқушысы Рубен Пол қалта телефондарына арналған қосымша шығаратын «Прудент Гэймс» компаниясының бас директоры болды. Небәрі 9 жасында компания басқарған ол киберқауіпсіздік мәселесіндегі конференцияларда сөз сөйлеп жүр. Ал оның әкесі – баласы басқаратын компанияның бизнес әріптесі. Оның айтуынша, зерек бала ақпараттық техникаларға 5 жасынан қызыға бастаған. Сол кезден-ақ ол Scratch программасында еркін жұмыс істеген. Кейін көп ұзамай мектеп есептерін шығара алатын өзінің алғашқы қосымшасын ойлап шығарыпты.

Сөз соңы:

Мәселен, телеарналардан болмашы нәрсеге күлдіруге тырысатын «ыржалақ» бағдарламаларға көзіміз де, бойымыз да үйреніп барады. Алайда бұл жақсы нәрсе емес. Міне, солардың орнын ұлт болашағына қажетті танымдық бағдарламалар басса, нұр үстіне нұр болар еді.Елдің ертеңі әншілерге емес, ғылымқұмар азаматтарға байланысты. Біз ғылыми бағдарламалар арқылы балалардың сауатын ашып, білімін толықтырып, осы салада саналы түрде жұмыс істеуге құлшындыра аламыз. Сондықтан танымдық бағдарламалар қатарын толықтырып, жас ғалымдардың жаңалықтарын насихаттау үздіксіз жүргізілгені жөн. Бұл ынталандыру елдің келешегін кемелдендіреді. Данышпаны көп ел озады, дарақылары көп ел тозады.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Trending Articles