Тұмаудан сақтаныңыз!
Астана. 19 қаңтар. Baq.kz – Қазақстанда ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанудың көтерілуі алдыңғы эпидемиялық маусымдарды талдау бойынша қаңтардың аяғына және ақпанның басына келеді. Кейіннен мамыр айында сырқаттану бірлі-жарым жағдайларға дейін азаяды. Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мамандарының осылай деп ресми мәлімдеп отыр.
Қазақстан Республикасында тұмау вирусының айналымына мониторинг жасау және вирустың жаңа штаммдарын анықтау түрінде тұмауды және тұмау тәрізді ауруларды (ЖРВИ) эпидемиологиялық қадағалаудың тиімді жүйесі қамтамасыз етілген.
Жедел эпидемияға қарсы шараларды қабылдау мақсатында жыл сайын 1 желтоқсаннан бастап ел халқының жіті респираторлық вирустық инфекциялармен және тұмаумен сырқаттану жағдайына және Қазақстандағы, сонымен бірге шетелдегі тұмау вирусының айналымына күн сайын мониторинг жүргізіледі.
Ағымдағы эпидмаусымда ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп сипатталады. Бақылау деңгейлерінен арту анықталған жоқ. Алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттанудың 9 %-ға өскені байқалды. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сырқаттанудың 13%-ке төмендегені байқалады.
Ауырған адамдардың негізгі үлесі 14 жасқа дейінгі балаларға келеді және ол жалпы сырқаттанудың 70%-ін құрайды. Ағымдағы эпидмаусымда тұмаудан болған бір өлім жағдайы тіркелді.
Республиканың аумағына инфекциялық аурулардың әкелінуі мен олардың таралуының алдын алу мақсатында Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде келетін адамдарға қашықтық термометриясын қолдана отырып мониторинг жүргізіледі.
2015 жылдың басынан бастап қазірге дейін Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде 2 млн. 560 мыңнан астам адам тексерілді, этиологиясы инфекциялық және инфекциялық емес ауруға күдікті, дене қызуы көтерілген 30 науқас анықталған.
Зерттеу нәтижелері бойынша тұмау штаммдарының адамантандарға тұрақтылығы және тамифлю мен реленз сияқты вирусқа қарсы препараттарға сезімталдығы сақталғаны анықталды.
Республиканың барлық өңірлерінде тұмау вирусының айналымы анықталды, тұмаудың зертханалық расталған 270 жағдайы тіркелді. Маусымның басында болжанғандай, республиканың аумағында А(H1N1), A(H3N2) және В тұмау вирустары айналымда.
Алдыңғы жылдардағы сияқты Қазақстан аумағында парагрипп, респираторлық-синцитиалды инфекция, риновирустық және аденовирустық инфекция сияқты тұмауға жатпайтын инфекциялар да анықталған.
Тұмаудың алдын алудың барынша тиімді әдісі вакцинация болып табылады.
Бүгінде республика бойынша тұмауға қарсы 1 млн 700 мыңнан астам адам егілді (халықтың жалпы санының 10,0 %-і), оның ішінде жергілікті бюджет қаражатынан 1 089 139 адам (созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры ауруларымен ауыратын, иммун жетіспеушілігі, әлсіз және жиі ауыратын балалар, медицина қызметкерлері және жүкті әйелдер), жұмыс берушілер есебінен 500 мың адам, ақылы клиникаларда 135 мың адам егілген.
Вакцинациядан басқа тұмаудан қорғанудың тағы бір тәсілі бар – ол ерекше емес профилактика. Ерекше емес профилактика организмнің өзінің қорғаныш күштерін нығайтуға бағытталған және вакцинациялаумен бір уақытта жүргізуге болады. Ерекше емес профилактика ретінде иммундық түзетуші препараттар (анаферон, интерферон, виферон, интерферон индукторы), вирусқа қарсы жақпамайлар (оксалин, антивир және басқалары), поливитаминдер қолданылады.
Профилактика әдістерінің бірі науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу болып табылады, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, маусымға сәйкес киіну қажет.
Халық көп жиналатын жерлерде, сондай-ақ науқасқа күтім жасаған кезінде науқас адам да, дені сау адам да бетперде киюі тиіс. Науқас үйде болғанда оны оқшаулап, бөлмені жиі желдету және барлық беттерді сүртіп, ылғалды жинау жүргізе отырып, науқасқа жеке ыдыс бөліп, оны тұрақты түрде өңдеген дұрыс болады.
Тұмау профилактикасының маңызды әдістерінің бірі әсіресе ауырған кезінде немесе науқасқа күтім жасағанда қолды сабынмен немесе дезинфекциялық сулықтарды пайдаланып жиі жуу болып табылады.
Арнайы бақылау адам қолының күнделікті мұрын мен көздің бөліндісімен, сілекеймен 300 ретке дейін жанасатынын көрсетті.
Иммунитетті көтеретін профилактиканың қолжетімді әдістерін де пайдалану туралы ұмытпау керек (пияз, сарымсақ сияқты табиғи фитонцидтер, шөптер, қарақат, итмұрын қайнатпаларын көп ішу, құрамында С витамині бар ашытқан қырыққабат, цитрус өнімдері сияқты өнімдерді қолдану, сондай-ақ белокқа бай өнімдерді қолдану).
Тамақты салқын сумен шаюдан бастап контрастылы себезгі мен бассейнді пайдалануға дейін организмді шынықтыру қажет.
Тұмау өзінің асқынуларымен қауіпті, сондықтан респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада дәрігерге бару керек.