Сұлтан ЖАНБОЛАТОВ
ЗУҚАНЫҢ АСЫНДАҒЫ СӨЗ
Біз бүгін Зуқа батрырға ас беріп, бір ірі тарихи тұлғаны еске алып отырмыз.
Тарих — адамзаттың өткенін, адам рухын зерттейтін, тек өткенді ғана білдіріп қана қоймай, адам рухани дүниесін қалыптастыруды көздейтін, өткенді зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыратын, бүгінгілердің өткен уақиғаларды кеңінен және тереңінен ұға білу қабілетін дамытатын және болашаққа дұрыс қадам жасауға жәрдемдесетін, үздіксіз даму үстіндегі тамаша қоғамдық ғылым.
Ал, тұлға деген — жеке адамды, саналы іс-әрекет иесі және қоғам мүшесі ретінде, өзіндік адамгершілік, әлеуметтік, психологиялық қырларын ашып, жан-жақты сипаттайтын ұғым, соның әлеуметтік қасиеттерінің жиынтығы.
Адам әралуан. Соған орай, тарих қана емес, тарихи тұлғалар туралы да әр кім әр түрлі қалам тербейді. Бұған Зуқа туралы мен естіген романның өзі үш-төртеу екені-ақ мысал. Бізге керегі – соның ішіндегі тұлғалық сүйекке жататын шындығы.
Мына ас үстінде сенің айтарым мынау;
Шяу Сы (肖瑟) дейтін ханзу азамат «Алтайдың жерлік шежіресін» (地方志) жазғанда, «Зуқа Сәбитұлы 1883 жылы Қазақстандағы Қалбадан Алтай аймағының Сауыр жағына көшіп келеді. Жеңісхан билеген тайпалар арасында дінни оқытумен айналысады. Бір неше жылдан соң Сауырдан Үліңгір бойындағы Бітеуге қоныс аударады. 1904 жылы, 34 жастағы Зуқа өзінің аңшылықпен тапқан тапауатына сүйеніп Меккеге қажылыққа барады. Зуқа қажы кедей бұқараға жанашыр болды. Өкімет ұлықтарының, тайпа басыларының тізесі батып, пана іздеген кедей-кепшікті қасына жиды. Керітартпа өкімет пен тайпа басышыларына қарсы тұрды» деп жазған екен. Біз бүгін сол кедей кепшікке пана болған Зуқа қажыға ас беріп отырмыз. Иләйім аруақ та ұрпақ та разы болсын!
Кезкелген тарихи тұлғаны сол тарихи сатыға қоя зерттегенде ғана дұрыс танитын, әділ баға беретін, шынын айтатын боламыз. Мен Зуқаны ол тірі кезінде Шинжяңды билеген Яң Зыңшинмен, Жин Шоурынмен, ол өлгесін билеген Шың шысаймен салыстыра тануды құптаймын және сол барыста Зуқаны отаншыл азамат, әрі ағартушы, әрі керітартпа өкіметке қарсы батыр деп білемін. Мысалы,
1.Яң Зыңшин халықты надандастыру саясатын жүргізіп еді, Зуқа өзінің қолынан келетін дінни оқу арқылы жұртының сауатын, көзін ашуға жан салды.
2.Жин Шоурін әскерін күшейтемін деп, ақша төгіп, салықты ауырлатып, әрі жемқорлыққа жол қойған, әрі қоғамдық қайшылықты асқындырған, ұлттардың өшпенділігін қоздырған еді, Зуқа қолына қару алып, халыққа пана болып қарсы шықты.
3.Зуқа қызылдардан жеңілген ақтардың армия генралы Бакичті өр алтайға беттетпей, халқын Ресейліктерден қорғады. Кейін Кеңестер одағының ірге кеңейтуіне де қатты қарсы болды. Демек, даулануды сылтауратып Мәскеуге барып, Сталиннен үш рет қабылдауды өтініп, оның аяғына бас ұріп, Шинжяңды одақтас республика етіп, Кеңестер одағына қосып алуды өтінген Шың Шысайға салыстырғанда мың есе отаншыл батыр санауға тиіспіз.
Иләйім, батырға беріліп жатқан мына ас қабыл болсын!
Осы жұмысқа бел шеше араласқан Зуқаның ұрпақтарына, зуқаны құрметтеген Баяхымет Жұмабай секілді зиялы азаматтарға алатаудай рахмет айтамын!