Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客 » sjanbolat
Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Ақтөбеде террорлық шабуыл жасалды

$
0
0

Ақтөбеде террорлық шабуыл жасалды

Оқиға болған жерден
5 маусымда түске таяу қаланың үш жерiнде Әбiлқайыр хан даңғылындағы “Паллада”, Құрмыш ауылындағы “Пантера” қару-жарақ дүкендерiне бiр мезгiлде қарулы топ басып кiрiп, дүкеншiнi өлтiрiп, қару-жарақты қолға түсiрген. Сол жерде кейбiрi дүкен iшiне бекiнiп, басқалары автоматтарын қолға ұстап, аялдамаға тоқтаған №22 автобусқа кiрiп, жүргiзушi мен кондукторды итерiп тастап, автобусты айдап кеткен. Бұлардың дүкенге қалай кiргенi, автобусты айдап кеткенi көшедегi бейнекамераға жазылып қалған. Автобуста қанша жолаушы болғаны әзiрге белгiсiз, бiрақ бейнекамерада алдыңғы есiктен төрт адамның шығып үлгергенi анық көрiнедi. Автобус Есет батыр көшесiмен жүре отырып, Тұрғындар қалашығындағы IIМ iшкi iстер құрамының әскери бөлiмiнiң қақпасын бұзып кiрмек болғанымен, кiре алмаған. Автобустан түсе салып, әскери бөлiмнiң ауласына кiрмек болғанда, қақпаның алдында атыс басталды. Дәл осы кезде басқа топ әскери бөлiмнiң артқы жағынан жасырынып келiп, Тургенов көшесiнен тағы да шабуыл жасаған.
Терроршылар әскери бөлiмнiң қоймасындағы қару-жарақты қолға түсiре алды ма, түсiрсе қаншасын алып жасырынып үлгергенi әзiрге белгiсiз. Кейбiр ақпаратқа қарағанда, осы жерде үш әскери қызметкер – бiр офицер, бiр келiсiм-шарт­пен қызмет ететiн әскери қызметкер және бiр қатардағы сарбаз қаза тап­қан, бiр сарбаз жараланған. Ал IIМ ресми өкiлiнiң хабарлауынша, екi әскери қыз­меткер оққа ұшқан. Автобустың iшiндегi жолаушыларды кепiлдiкке алған-алмағаны белгiсiз болғанымен, қарулы топтың әскери бөлiмнiң ауласына кiрiп кетiп, бекiнiп алғаны анық. Қарулы топтың қоймадағы қару-жарақты әкеткенiн немесе үлгерме­генiн бiлу қиынға түсiп тұр. Белгiлiсi – қа­лада террорға қарсы операция басталып, барлық орындар жабылып, автобустар жүруiн тоқтатып, тiптi жанар-жағармай бекеттерiне де құлып салынған. Төтенше жағдайлар департа­ментi “112” қызметi қаладағы террорға қарсы операция жүрiп жатқандықтан “террорлық қаупiнiң қызыл деңгейi белгi­лендi” деген ақпарат таратты.
Күштi атыс болған “Паллада” дүкенi­нiң алдындағы жол жиегiнде ақшыл көйлектi әйел адамның, немiс овчаркасының, тағы бiр қара футболкадағы ер адам­ның өлi денелерi, ал полиция көлiгi­нiң жанында қара футболка, джинси киген қол-аяқтары байлаулы, тiрi үш жiгiттiң етпетiнен жат­қанын байқадық.
Қаланың ескi бөлiгiндегi Жанқожа батыр көшесiндегi “Пантера” дүкенiнiң айналасын полиция жасақтары түгел қоршауға алды. Көлiк қозғалысы тоқтатылып, адамдардың 100 метрге дейiн жақындауына тыйым салынды. Бiздiң алыстан көргенiмiз, кешкiлiк сағат 7-лер шамасында полиция көлiгiнiң алдында қара киiнген 3–4 адамның өлi денелерi жатты. Бұлар арнайы жасақтың қызметкерлерi ме, әлде дүкенге шабуыл жасаған терроршылардың денелерi ме, бiле алмадық. Сол жердегi адамдардың айтуынша, “Пантераның” дүкеншiсi басып кiргендердi көре салысымен, қызыл түйменi басып үлгерген, сол жерге бiрiншi болып жеткен көшеде­гi патрулдық полиция қызметкер­лерiн дүкенге бекiнгендер атып тастаған.
Кешiлiк сағат 8–9 шамасында облыс­тық жедел жәрдем ауруханасы орналасқан Панев көшесiн полицейлер қоршап, адамдар мен көлiктердi жүргiзбей тастады.
Бiрнеше ауыр әскери техника аурухана ауласына келiп тоқтап, әскери адамдар қаптап кеттi. Бұл жерге негiзiнен әскери бөлiмдегi атыстан жараланғандар мен оққа ұшқандарды жеткiзген. Қару-жарақ қоймасына тығылып алып, атысқандармен жүргiзiлген операцияда әскери бөлiмнiң қанша қызметкерi оққа ұшты, қанша қарақшы қашып үл­гердi, әзiрге ол туралы дерек жоқ.
Мұнымен бiр кезде қарулы топ қару-жарақ дүкенi мен әскери бөлiмдегi қаруларды алуға ұмтылып жатқанда, бұ­лардың сыбайластары көше­дегi полиция патрулiнiң екi қызметкерiн атып кеткен. Астанадан жеткен арнайы топ әскери бөлiмде операция жүргiздi. Бұл кезде интернет өшiрiлiп, ұялы байланыс қыз­метi тоқтатылды. Ақтөбеде дүйсенбi күнi түске дейiн де интернет болмады. Жек­сен­бiде кеш бата және дүй­сен­бiде таңертең әскери ұшақ қаланың оңтүстiк-батыс ауданында ұшып жүрдi.
Ресми дерекке қарағанда, шабуыл жасаған қарулы топ жат ағымның жетегiнде жүр­ген бұзақылар. “Паллада” дүкенiнiң алдындағы көшедегi бейнекамерада сақалды, қысқа балақты 25-35 жастағылардың кiрiп бара жатқаны түсiрiлiп қалған. Ақтөбеде жат ағым жетегiнде жүргендер көптеп саналғанымен де, олар жергiлiктi билiк тарапынан да, полиция тарапынан да қатты қысымшылық көрiп жатқан жоқ. 2001 жылғы Шұбарши сценарийiнiң негi­зiнде сақалдылар мен полиция арасындағы жанжал себеп болған едi. Құбырдан мұнай ұрлауды ұйымдастырушы полицейлер мен оларға мұнай ұрлайтын сақалдылардың арасындағы қаржылық келiспеушi­лiктен өрт тұтанған болатын. Бiрақ бұл жолы жағдай басқаша. Жат ағымдағылар құқық қор­ғау қызметкерлерiне ешқандай талап қойып жатқан жоқ, тiптi бұларды бұрынғыдай ешкiм қудалап та жатқан жоқ. Соған қарағанда, бұл әлде­кiм­дердiң мұқият ойластырған жоспары сияқты. Не болса да, бiр жағынан әсiредiншiлдердi тұқыртып ұстау үшiн сылтау табылды, екiншi жағынан шеруге шығуға үйренiп қалған жұртты алаңға шығармаудың да айласы болу керек. Екi адамның басы қосылып, алаңға тартса, террор қаупiн сылтауратып қару қолдануларына әбден мүмкiндiк туды. Ешкiм көшеге шықпауы тиiс! Екiншi жағынан, сыртқы күштердiң жақсы ұйымдастырған сценарийi болуы мүмкiн. Елдiң батысын құбы­жық етiп көрсетiп, ау­мақтық бөлшектеуге амал жасаушылардың әрекетi де болар. Былай қарағанда, қару-жарақ дүкенiне, әскери бөлiмге басып кiргендер өздерiн өлiмге байлағандар. Бұлай етуге тек тығырыққа тiрелгендер, не ақымақтар ғана барады. Террорлық шабуыл жасағандар көшенiң бәрiнде, соның iшiнде қару-жарақ дүкенiнiң алдында мiндеттi түрде бейнекамера тұрғанын әбден бiледi. Ендеше олар өздерiн жасыру үшiн бейнекамераларды атпай, қайта түр-сипаттарын анық көрсетiп барады. Соған қа­рағанда, сойқан салушылар өз мақсаттарына жету үшiн өлiмнен де, жазалау сотынан да сескенбеген көрiнедi.
Бет қатталып
жатқанда
Ақтөбедегi террорлық шабуылға орай кеше облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаев баспасөз мәслихатын өткiздi. Облыс әкiмi 12 қылмыскердiң көзi жойылып, бесеуi ұсталғанын мәлiмдедi. Қалған қылмыскерлердiң жеке басын айғақтайтын мәлiметтер жинақталып, анықталуда. Оларды ұстау бойынша жедел iс-шаралар жүргiзiлуде. Облыстық Жедел жәрдем ауруханасына тағы да жараланғандар жеткiзiлген. “Олар негiзiнен жаралы қылмыскерлер”, – деп мәлiмдедi Бердiбек Сапарбаев.
Кеше 66/55 әскери бөлiмiне шабуыл жасалған кезде қайтыс болған үш әскери адамның бiреуi белгiлi болды. Ол келiсiмшартпен әскери қызмет атқарып жүрген Берiк Қалиев деген азамат. Берiк 1978 жылы туған. Әскери қызметке Орал қаласынан шақырылған. Кеше күнi бойы Ақтөбе қаласының iргесiндегi бiрнеше елдiмекенде антитеррорлық операция жүргiзiлдi. Нұр-Ақтөбе ықшам­ауданы, Украинка елдiмекенi қоршауға алынып, атыс болды.
Баян Сәрсембина


Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Trending Articles