АЛТАЙ АСҚАН АЛАШ РУХЫ ЖӘНЕ ЗУҚА БАТЫР
Алаш туралы сөз болғанда айтылмаған сырлар әлі көп. Шынжаңдағы қазақтар өміріне қатысты әр түрлі оқиғаларда көп жағдайда алаш идеясы және алашшылдардың өмірдерегінің бір бұтағы жатады. Соның ішінде тақырыбымыздың тақиясы кигізіліп отырған Зуқа батырдың өмір жолы мен күресі де сондай алашшылдар рухымен тамырласып жатқанын білуіміз керек.
Шынжаң қазақтары өздері қоныстанған байтақ даланы сонау түркі заманынан ата-бабамыздан қалған ежелгі мекеніміз деп біледі. Сондықтанда ел басына ауыр күн туған қилы кезеңдерде Қазақстан жерінде қуғын-сүргін көрген қазақтардың көбі солай босты. Әсіресе, кеңестер одағының орнауына байланысты қызыл империяның тіс-тырнағынан қашқан талай боздақ сондағы қандастарының бауырына паналады.
1916 жылы орыстардың (патшалық ресейдің) әскер алуына қарсы шыққан албан руы мен қырғыздар қарулы көтеріліс жасап қырғынға ұшырады. Бұл тарихта «Қарқара көтерілісі» немесе «Албан қырылған» деген аттармен белгілі. Қырғынға ұшырап, жан сауғалаған 200 мыңға тарта қазақ-қырғыз арт-артынан Шынжаңға қашып өтті. Албандар Іле өңірін мекендеді.
Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы, Әсет Найманбайұлы секілді әйгілі ақындарымыздың қытай жеріне қашып өтуі де осы жылдарға тұспа-тұс келеді. Осыдан кейінгі жерде 1917-1920 жылдар аралығындағы Кеңестер одағының орнауы мен азамат соғысының орын алуына байланысты ақтар мен қызылдардың қырқысы тұсында да талай қазақ ауылы босқындық күйге тап болды.
Өткен тарихтың парақтарына үңілгенде Қытайдың Алтай жеріндегі керейлердің арасына барып қайтқан аға сұлтан Құнанбай: «Түбі біздің елдің бір тиянағы осы ел болар-ау» дейтін сөзін еске алсақ, Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1937), Міржақып Дулат (1885-1935), Садық Аманжолов, Райымжан Мәрсеков бастаған топтың 1918 жылы мамырда Тарбағатайдың Шәуешек қаласына барып қайтуы да тегін емес. Әсет Найманбайұлы осы бас қосуда «Алашқа» атты атақты өлең-толғауын шығарды.
Кеңес одағы құрылғаннан кейін жантүршігерлік тәсілмен жүргізілген тәркілеу, Алаш қозғалысы жетекшілерін жаппай қудалау, тұтқындау, жер аудару және ауылшаруашылығын зорлап ұжымдастыру, күштеп отырықшыландыру, қолдан жасалған аштық секілді зұлматтар салдарынан елі үшін, жері үшін еңбек етіп жүрген талай ұлт зиялысы шет жұртқа бас сауғалауға мәжбүр болды. Қазақстан жеріндегі көптеген қазақ ауылдары арт-артынан Шынжаңға қашып барды.
Қытай асқандардың көп бөлімі Іле, Тарбағатай, Алтай өңіріндегі бұрыннан бар қазақ бауырларына пана көрді.
Айталық, 1929 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан жерінен Әбдікәрім болыс өз балалары Қамбар, Шабдан, күйеу баласы Ғазез Қалбанов және Ысқақ Изетұлы, Тіленші, Әбдіразақ, Қабдыраш, Мәметек бидің немерелері Айдархан, Мұхтархан бастаған бір топ адаммен Қытай аумағына қарасты Алтай аймағына қашып өткен. Әбдікерім Ережепұлы болса Санкт-Петербург орман шаруашылығы инситутында оқыған, Мемлекеттік Думаға делегат ретінде екі дүркін қатысқан, 28 жыл бойы Семей губерниясының Өскемен-Зайсан уезінің Шыңғыстай болысын басқарған, Алаш партиясының программасын жасаушылардың бірі еді. Өз кезінде Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Сұлтанмахмұт Торайғыровтармен де жақын өткен. Ал балалары Қамбар Санкт-Петербургтен заңгер мамандығы бойынша университет тауысса, Шабдан Мәскеу коммерциялық инситутын бітірген болатын. Ал күйеу баласы Ғазез Қалбанов Санкт-Петербург университетінің заң факултетінен оқып, прокурор, сот, адвокат жұмыстарын атқарған еді. Олар Алтайға барғаннан кейін абақ керейдің төрт биінің бірінің мұрагерлік орнындағы Қанапия Мәмиұлының ауылын паналап, барған елінің өнер, білім, мәдениет істеріне де өзіндік үлестерін қосты.
Қуғын-сүргін салдарынан Қытай жеріне қашып өткен ендігі бір топ Шәкәрім қажы ауылының адамдары еді. 1931 жылы 2 қазан күні Шәкәрім қажы Қарасартов жағынан жазықсыз атылған соң, Зият Шәкәрімұлы, Бердеш Әзімбайұлы Тәкежанов, Мәнәкеш Әзімбайұлы, Қожақапан, Төлеуқазы қатарлылар әуелі Тарбағатайға, онан соң Алтайға қашып барады. Өкінішке орай, Зиятта 1938 жылы Сталиндік бұйрықтың құлы болған Шың Сысай жағынан қолға алынып, із-тозсыз жоғалтылды. Бердеш Әзімбайұлы кеңес одағы мен қытай арасындағы достық тұсында, яғни, 1956 жылы Зияттыңұлы Мерекені ертіп, Қазақстанға оралды.
Бұдан басқа ілгерінді-кейінді болып Алтайға жан сауғалап барған Сейітқазы Нұртаев, Кәрім Дүйсебай, Сәлім Жаназаров, Мырзахмет, Құсайын, Ахметқали Жайсаңбаев, Жұптыбай Сағындықов Алтайдан басқа жерлерді паналаған Райымжан Мәрсеков қатарлы асылдың қиықтары бар еді. Олардың да алды болыс болса, арты университет тауысқан асыл текті тұқымнан тараған аса білімді жандар болған.
Осындай қуғын, қудалау сияқты сан түрлі қыспақтан қашып Алтай асқан зиялы қауым өкілдерінің өздері барған өлкеге деген игі ықпалы аз болған жоқ. Солардың өнегесін қабылдаған талай қартты, Алаш зиялыларының ұрпақтарын да көзіміз көрді.
Зуқа батыр Сәбитұлының жасаған кезеңі мен ол жүргізген күрестің басталу, шарықтау кезеңі де тура осы Алаш қозғалысымен сәйкес келеді.
Алаш идеясының арғы төркіні және екі ел қазағының маңызды барыс-келісі Құнанбай қажының Алтайға барғанынан басталғанын жоғары да айттық. Құнанбай дәуірі патшалық ресейдің қазақ даласын басқарудағы болыстық жүйесі арқылы іске асса, сол болыстықтың Зайсан өңіріндегі бір тұлғасы Зуқаның ұлы әкесі Нұрмұхамед абыз болатын. Атадан дарыған асыл тек Зуқаның бойынан өз өнеге-қасиетін көрсетті. Әсіресе, бодандыққа, құлдыққа бас имеу идеясы оның күрес жолындағы басты бағдары болды.
Құлдыққа қарсы шығып, тәуелсіздік жолында басын бәйгеге тіккен Кенесары рухы қазақ даласын қалай шарласа, алашшылдар рухы да сондай өрлігімен еңселі болды. Алаш дәуірінің ат үстінде жүрген әр бір азаматы өзін ұлт қорғаушысы санады. Зуқа батыр Сәбитұлы да осы топтан табылып, ел мен жерін көл қорыған қызғыштай қорғады. Ол дәл сол тұста ақыл ойының кемел кезеңі – ердің жасы елудегі кезі еді. Ақыл жасы алпыста да ат үстінде болды.
Жоғарыда көрсетілген мысалдардағыдай 1916, 1917 жылғы түрлі қозғалыстар, 1919-1920 жылғы ақтар мен қызылдар арасындағы қанды ұрыстар талай қазақ баласының арғы бетке асуына себеп болды.
Осы оқиғалардың ішінде Зуқа батырдың өміріне тікелей қатысты болған бір оқиғаны айта кеткеніміз жөн.
Зуқа кезеңінде Алтай асқан алашшылдар немесе соған тікелей қатысты болған біраз адамдар қарадан шығып хан болған ақылдың ұясы Мәми бейсінің ауылын тапса, қара күштерден ығысып, қанды қақпан басқандар Зуқа ауылын паналайтын еді. Қарамаққа екеуі екі таудың бұғысындай оқшау көрінгенімен, бірі қарсы жағын ақыл-айламен алса, екіншісі қанға қарумен жауап беріп арыстанның айбатын танытты. Осылайша алтын Алтайдың қапталындағы қос көкжалға айналып еді.
Бұл ауылдарды паналаған алашшылдар да олардың осы қасиеттерінен оңды пайдаланды. Мәми бейсінің Абай, Шәкәрім ауылымен, Әбдікерім болыс ауылымен болған хикаясы өз алдына бөлек әңгіме. Ал Зуқа батыр ауылын паналағандар ішінде аты-жөнін жасырған, өзге атпен жүрген талай қуғындағы жандарды айтпаған күннің өзінде ел ішінің ескі хикаясын қайта жаңғыртуға тура келеді.
Алтай алыптарының ішінде мейлі Зуқа батыр, мейлі Оспан батыр болсын қызылдармен отаса алмағаны айдан анық. 1920-1921 жылы қызылдан жеңіліп, Алтайға қашып барған Бакиш генаралдың алдынан шығып, оның өз ел-жерін ойрандауға мұрса бермей, Моңғолия асырып қуған Зуқа батыр ерлігі бір қарағанда қызылдар ұпайына тура келгендей. Шын мәнінде Алтай көтерілісінің қайсы кезеңін алып қарасаңызда олар жауын ақ, қара, қызыл деп бөлген жоқ. Кім еліне, жеріне, дініне, діліне тиіссе соған қарсы тұрды. Сонымен қасық қалғанша күресуге дайын болды.
1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Кеңес одағының билігі орнай бастады. 1917-1918 жылдары Зайсанда қызыл гвардия бөлімдері жасақтаса, Алаш орда өз бөлімдерін жасақтады.
1917 жылы көктемде Міржақып Дулатов пен Халел Ғаббасовтың нұсқауы бойынша Зайсан қаласының бай саудагерлері мен ауылдың би-шонжарлары Алаш орда үкіметінің Зайсан қаласындағы алғашқы ұйтқысы болған «Теңдік заман» деп аталған ұйым құрды. Оның құрамына Арғынғазы Боштаев, Сақари Жабаев бастаған 40-тан астам адам кірді.
1918 жылдың көктемінде Зайсан қаласы маңында болыстардың шонжар-бектері «Кеңөткел» сьезін ашып, Колчак үкіметіне көмектесудің жобасын кеңесті. Бұл үлкен шараны басқару үшін төбе басы (хан) етіп Ахметжан қажыны тағайындады. Осы 1918 жылдың жазында Семейдегі Алаш үкіметінің өкілі болып Зайсанға келген қазақтың тұңғыш заңгері Райымжан Мәрсеков жергілікті ауқатты топтың өкілдерімен мәслихат өткізді.
Мәслихаттың шешімі бойынша «Теңдік заман» ұйымы қайта құрылып, «Алаштың Зайсандық бөлімі» деп аталады да, өз алдына әскери бөлім ұйымдастырылады. Алаш бөлімінің құрамында «Теңдік заманының» бұрынғы мүшелері: Бәзікен Өскенбаев, Сақари Жабаев, Әубәкір Кәкешов, Арғынғазы Өтешов тағы басқалар кіреді. Ислам дінін нәсихаттап, жүзеге асыратын дінбасы тағайындады. Жүніс Татановтың үйіне штабын орналастырып, алаштың әскери құрамы жасақталды.
Мұрағат құжаттары бойынша Зайсан қаласына тұңғыш рет Кеңес үкіметінің орнауы 1918 жылдың 22 ақпаны деп көрсетілген.
Қызыл армиядан жеңіліп, соққы көрген патша полктары, Колчактың 8-корпусының қалдықтары, Антоновтың ерекше міндет алған отряды, атаман Аненковтың қара киімді гусарлары және Алаш армиясы Зайсан жерінде қызыл армияға табандылықпен қарсылық көрсетті. (Қ. Алтыбаев, «Атамекен Зайсан», Өскемен-2006ж. 75 бет).
Нәтижесінде 1920 жылы қазанда және 1921 жылы сәуір-мамыр айларындағы ұрыстарда қызыл армиядан жеңілген ақтар және оларға көмектескен алашшылдар жеңіліске ұшырады.
Ақтар мен қызылдар арасындағы қақтығыста ақтарды қолдап, қызылдарға қарсы тұрған қазақ азаматтарының бір бөлімі қолға түссе, енді бір бөлімі тұс-тұсқа қашып жан сауғалады. Соның ішінде Аспандияр есімді найман азаматы қасында бір топ татар-ноғайы бар Зуқа батырдың ауылын паналады. Зуқа басында далалық перзенттердің әдетімен Аспандияр бастаған топқа үрке қарағанымен шын бейнесін таныған соң, сенімді сарбаздары қатарына қосты.
Аспандиярға қатысты махаббат пен ғадауат хикаясы да осы жерден бастау алады.
Зуқа батырдың бәйбішесінен 5 ұл, 5 қыз – жиыны он бала болған. Сол 5 қыздың кенжесі Сафура есімді бойжеткен еді. Сафура өзін айттырған жігітке көңілі толмай жүргенде Аспандиярмен танысады. Ел ішіндегі ұсақ күбір Зуқа батырдың құлағына тиеді.
Зуқа батыр алдына Аспандиярды шақырады:
Жігітім, еркек болсаң, жасырмай айт. Мен ел ішінен не сыңсың естіп жүрмін?! – дейді қаһарына мінген сыңаймен айбаттанып. Жігіттің ерлігін білетін еді, сынамақ та ойы болған. Қорқақ біреу болса қалтырап қашып кетер деп ойлаған.
Жігіт батырдың жүзіне тік қарап сырын жасырмайды:
Қызыңызды жақса көргенім рас. Оған кінәлі мен емес, менің жүрегім. – дейді бірден.
Сол тұстағы салт бойынша жігіт басы бос саналмайтын айттырған қыз туралы былайша сөзге барса, ол өте үлкен әбестік саналар еді.
Бірнеше сұрақтармен жігітті әбден сынаған батыр, оның иілмеген нар тұлғасына разы бола, отты жанарына мейіріммен қарады:
Жарайды, ˗ деді, ˗ сөзін күбірге жақындатып, ˗ ер екенсің. Саған қояр екі шартым бар. Бірінші шарт маған қалың мал төлейсің, екінші шарт қызды қолымнан емес, жолымнан аласың, ˗ деді.
Соқа басын зорға сүйретіп жүрген жігіт кедейлігін мін көріп төмен қарайды. Сонда Зуқа батыр оған:
Аталарымыз есеңді ешкімге жіберме деуші еді. Зайсанда қызылдар үкіметін жақтап, өзіңе де жау болған, кезінде менің адал малымды басып қалған жамағайын туыстарым отыр. Қалың малды солар береді. Сосын өзің ортасында болған алашшылдардың қазіргі хал-күйі қалай, соны жасырын түрде біліп келесің және қажетті кісілерге менің хатымды табыстайсың. Бірақ ит үрмесін, бит білмесін, - деп жымияды. Сөз төркінін түсінген Аспандияр басын изеді.
Ал, екінші, - деді батыр, - қызды да дос-дұшпан бетіме салық қылмайтын, құдаларым да ренжімейтін амалын қарастырып, үйімнен аттанып бара жатқанда жолай аларсың! Арғы жағының жұмбағын өзің шеш!
Олардың бұл кесімдері бүгінгі біз баға бере алмайтын батырлар арасында ғана болатын дара шешімнің әпсанасы еді.
Осылайша, біздер үнемі айтатын «үш отау» ұғымын көтерген Зуқа батыр Сәбитұлы өзінің ең сенімді деген жігіттерін қазіргі ШҚО-ның Зайсан ауданына және Моңғолияның Ұланбатор өңіріне аттандырады.
Аспандияр бастаған топ күндіз бұғынып, түнде жортып, Зайсанға жетіп, міндетін адалдықпен атқарып оралады. Шөпбай бастаған батырлар Ұланбаторға таяу маң – Манкол-Төңкіл өңіріне барып, ел аужайын түйіп, қызылға бүйрек бұрған жаңа үкіметтің үйірлі жылқыларын қуып келеді.
Бұл арада айта кетерлігі, осы Аспандияр оқиғасынан бұрын да Зуқаның Зайсан жеріндегі дін өкілдерімен белгілі қарым-қатынаста болғаны дер едік. Оның басты кезеңін батырдың қажылық сапарынан қарастыруға болады. Ол тұста Шынжаңның Алтай өңірінің қажышылары мен қазіргі ШҚО-ның қажышыларының бір бағытта жол жүруі мен өзара қоныстық және қандастық жақындығы бір-бірімен байланысты қоюлатып отырған.
Осылайша ұлт азаттық қозғалысына арқау іздеген Зуқа батыр Зайсан ауданындағы өзінің көне таныстарына хат жазып, ондағы алашшылдармен байланысқа шығады. Шындығында бір Алтай тауының бас-аяғында, Ертісті өрлей-құлдай қоныстанған керей-найман рулары сол тұста өз қажыларын бармақпен санап қана біліп отыратын еді. Осы жағынан қарағанда Алаштың Зайсандағы төбе биі Ахметжан қажының Алтайдың арғы-бергі бетіндегі қажылармен байланыста болмауы мүмкін емес. Осы жолдардың авторының да Зайсан жерінен ауған аталар ұрпағы екенін еске салсақ, менің нағашыларым болған Шылғаубай ұлдары Қазақбай, Мазақбайдың да Зуқа батырмен байланыста болған ескі әңгімесі айтылатын. Олар 1931 жылы Зайсан түрмесін бұзіп шығып, арғы бет асса, атам Мұқай Баршабайұлының бәйбішесі Хадиша Шоңайбайқызы да Зуқамен аталас ауылдардың қызы болып, біздің ауылда қызылдар үкіметі орнағаннан кейін арғы бет асқан екен. Осылайша Алашшылдардың осыдан бұрын Мәмиге хат жазып, одан қолдау болмағанын білетін Зуқа ендігі жерде елдерге шашылған қазақ ұлтының жаңа азаттығы үшін әр түрлі талпыныстар жасайды. Алайда, кеңес одағымен достық қарым-қатынас орнатып отырған Шынжаң билеушісі Жин Шурын үкіметі оның жолына қақпан құрып, мерт қылу амалын қарастырды. Солай болды да.
Нәтижесінде Аспандияр Сафураны алып қашып, Зайсанға барады. Ел ішіндегі тыңшылар арқылы оның қыбыр-жыбырын сезіп, әйгілі Зуқа батырмен байланысып жүргенін білген Зайсан қызылдары оны тарпа бас салып өлім жазасына өкім етеді. Бұл шамамен 1923-1924 жылдары болған оқиға. Артында қалған Сафура ащы толғақтан көз жұмып, оған да Зайсаннан топырақ бұйырады.
Бұл хикаяның соңғы трагедиясын білмейтін батыр ұрпақтары 1980 жылдарың соңына қарай Сафураның дерегін іздеп Зайсан ауданына барады. Қолдарына оның сонда барғанда түскен жалғыз дана суреті ғана ілігеді. Сурет Түркияға жеткенде Шәми Зуқаұлы көзіне жас алып:
Батар қызым қашты дегенде соңынан қуып едік. Көз көрім жерден көрсекте ел-жұртқа көз қылу үшін жете алмадық деп ұзатып салғанбыз. Қайран қарындасым-ай, бізден кеткенде киген киім, дүзік-сырғасына дейін сол екен! – деп көзіне жас алған екен.
Жолы болмаған Алаш қозғалысының қанаты ерте қырқылғаны сияқты Зуқа батырдың тәуелсіздікті, азаттықты аңсаған армандары бұғауланды. Оның көп санды ұрпақтары жан сауғалап Гималай асып, Еуропаға тарыдай шашылды. Бірақ рухы өлмеді. Зуқа батыр және сол тұстағы сан боздақтар рухы және алашшылдармен байланыс орнатып, өз басын құрбандыққа байлаған Аспандияр сынды ерлердің рухы арқылы біз тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Зуқа батырдың күрес рухы – алашшылдар рухы. Алашшылдар рухы күллі қазаққа азаттық алауы болған өлмес рух!!!
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ
Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі
«Қамшы» сілтейді