Ә.Ахметов: «Елбасы жаңсақ теорияның талқанын шығарды»
Астана. 14 қараша. Baq.kz - Бүгін түс ауа Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық Медиа форумында осы оқу орнының ЮНЕСКО кафедрасында халықаралық дипломат Әділ Ахметов «Батыс БАҚ беттерінде діни толеранттылықты насихаттау мәселелері» тақырыбында бұқаралық дәріс оқып, шеберлік сыныптарын өткізді.
«Қазақстанда соңғы бес жылда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Төрағасының мұсылмандарды кемсітуге қарсы күрес жөніндегі жеке уәкілі ретінде қызмет атқардым. Жақында ғана Венада осы бес жылдық жұмысымның нәтижесін толық баяндап бердім. Оны 24.kz телеарнасы толық және екі тілде елге таратты. Мұның бүгінгі ұйымдастырылып отырған Медиа форумға сөзсіз қатысы бар. Өйткені, әлемде мұсылмандарға деген көзқарас мүлдем өзгерген. Әсіресе, батыс елдерде. Ислам дінін құбыжық етіп көрсету белең алып кетті. «Ол дін емес – идеология» – деген жаңсақ пікірлер қалыптасты. Мұсылман дінін тероризммен, экстремизммен, фундаментализммен байланыстырып, шындыққа мүлдем жанаспайтын көзқарастар қаптады. Ал шындығында бұл дін өте бейбіт дін. Өйткені, «ассалаумағалейкум» деген сөздің түп-төркініне ден қойсаңыз, ол – сізге жақсылық пен мейірімділік тілеп, ізгі ниеттілігін білдіретін сөз тіркестері. Ал енді сөз басын осылай бастауды дәріптейтін дінде қандай терроризм, қандай экстремизм, қандай фундаментализм бар?!. Бірақ, әлемде осындай жаңсақ теорияны әдейі жасаушылар бар. Бұл туралы Американың сәуегей ғалымы, Гарвард университетінде профессор болған Самуэль Хантинг атты азамат осындай теория жасаған. Әлемдердің қақтығысы – экономика мен өркениеттердің ғана қақтығысы емес. Ол идеологияның айырмашылығы негізінде ғана емес, оның ішіндегі діндердің қақтығысынан туындайды. Тіпті, шиеленістер міндетті түрде болады және ол заңдылық деп жаңсақ теория жасаған. Ал енді осы теорияны малданып, кейбір алпауыт мемлекеттер діндер мен діндерді, мәдениеттер мен мәдениеттерді қақтығыстырып, өзара шиеленістіруге тырысады. Өйткені, оның астарында олардың мүддесі бар. Мысалы, Дзержинскидің жоғарыда айтқан алпауыт елдердің мүддесі тұрғысынан жазылған «Ұлы даланың шахматы» деген кітабы бар. Сол кітабында «Еуразия – Американың жүлдесі» дейді. Бұл жаңсақ теорияға байланысты. Ал енді сол шахмат тақтасының бір шаршысы мынау біздің елімізге, байтақ даламызға тиесілі. Яғни, біздің мемлекетке байланысты айтылған. Қайсыбір жылдары Югославияда орын алған ұлтаралық дүрдараздықтың соңы соғысқа айналып кетті емес пе?!. Тура сондай шиеленістер осы жерде болады деп, қақтығыстар қазанына Қазақстанды да тоғытып жіберген. Сондықтан, бүгінгі басқосудың мақсаты осындай алып-қашпа көзқарастар мен концепцияларға қарсы күрес жүргізу үшін, жастардың, соның ішінде жас журналистердің оң көзқарас, дұрыс пікірін қалыптастыру үшін ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі сөзіміз осыған бағытталады. Өйткені, елімізде жүз отыздан астам этнос өкілі бар. Көп ұлтты мемлекетпіз. Ал енді жаңағы Дзержинкидің теориясына сүйенсеңіз, барлық қырғи-қабақ ұрыс-керіс пен қырық пышақ төбелес осы жерде болады да, берекесі кеткен елді алпаут мемлекет басып алу керек еді. Олай емес. Бізді сындарлы ішкі және көп векторлы сыртқы саясатымен басқарып отырған Елбасымыз бар. Ол ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырып, этностарды бір-бірімен жақындастырып, Халықтар Ассамблеясын құрып, жоғарыдағыдай жаңсақ теориялардың быт-шытын шығарды деп айтуға болады. Егер ол теориялар іске асқанда біз баяғыда-ақ жоқ болатын едік. Ұлт ретінде ымырамыз кетіп, мемлекет болудан қалатын едік. Бұл – мінекей, біздің еліміз бен Елбасымыздың дұрыс саясат ұстанып, түзу жол таңдай білуіміздің жемісі» - дейді Әділ Құрманжанұлы.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ