Р.Халмұрадов: Қазақ депутаттары қазақ министрлеріне орысша сөйлейді
АСТАНА. 19 қараша. BAQ.KZ Бүгін «Қазмедиа орталығында» Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының қатысуымен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингі өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттар Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жұмысы туралы айтып, қазақ тілінің мәселесін көтерді.
«Қазақ депутаты қазақ министрге орысша сөйлейді. Мен осыған қатты ренжимін. Үнемі қазақтың қазақпен өзге тілде сөйлесіп, өз тілін менсінбеуін, үйренуге деген құлшыныстарының аздығын сынға аламын. Тіпті, ағалық назымды да айттым. Оны олар біледі. Тіл елді біріктіретін фактор. Сондықтан осы факторды ешқашан назардан тыс қалдыруға болмайды», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов.
Қазақстан халықтары Ассамблеясы атынан сайланған Р.Халмұрадов Парламентте және халық арасында қазақ тілінің үстем болғанын қалайтынын және үстем болуы тиіс екенін жеткізді.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС