Академик Һошұр Сламды
құттықтау жиынындағы сөз
Біз Һошұр Сламның Жұңго инженерлік академиясының академигі болғандығын естіп қатты қуандық.
Өйткені, ең алдымен, Һошұр Слам Ғайнижамал екеуміздің Шинжяң университетіндегі кезімізде физика факультетінің толық курсында оқыған жақсы студенттеріміздің бірі еді. Мен физика факультетінің доценті және деканына орынбасар, радиоэлектроника кафедрасына бастық болып тұрған шағымда, Қашқар Пединституты сықылды орындардан ауыстырып әкелген жас оқытушыларымның бірі де бірегейі осы Һошұр болды. Һошұр менің әр жақтылы қызметімді үнемі шын ниетімен жақсы қолдап келді. Менің аз ұлттар тіл-жазуындағы информацияларды комьпютермен өңдеу зертханасын құруыма да, оның зерттеу жұмыстарына да белсене атсалысты. 1985-жылы төртеуміз (мен, Һошұр, У Зоңяу, Жин Жинән), осы зертханадағы зерттеу арқылы қол жеткізген табыстарымызға бола, ШҰАР дың «ғылым-техникалық прогрес» сйлығын алдық. Мен 1986-жылы Оқу-ағарту Комитетіне орынбасар меңгеруші болып ауысып кеткесін, бұл шаруаларды жалғастыруға тіке басшылық еткен де осы Һошұр Слам. Біздің жайшылықтағы қызметтестік, тіпті ұстаз-шәкірттік байланысымыз да көңілдегідей жалғасып келеді. Әрине, мұндайда біз қуанбай кім қуануші еді.
Бірақ, қуанудың ең басқы себебі мұнда ғана тұрған жоқ, әрине.
Бұл – ұлы ұйғыр халқын ғана емес, күллі шинжяңдықтарды қуантатын зор іс. Шинжяңдағы аз ұлт зиялылары арасынан тарихта тұңғыш академик бой көтерді. Шинжяңның Іле өңірінде туылып өскен, өз ана тілінде мектеп пен университетті тауысқан кешегі бір аз ұлт жасы, оқу орындары берген білімді таған ете отырып, өзінің ұзақ жылдық табан ет маңдай тері арқылы үздіксіз ұмтылысымен, ғылым техниканың өзі айланысқан саласындағы қол жеткізген жемісімен бүгін бір миллиярд үш жүз миллион халқы бар Жұңгода академик болып отыр. Демек бұл - талайлардың қолы түгіл арманы да жете қоймаған биік.
Мұндай бір сәтте, біз қуанып қана, құттықтап қана қоймай, Һошұрдың бұл биікке шыға алу себептерін еске алуға тиіспіз. Бұл былайғы ұрпаққа шабыт, көмек, дем беретін болады.
Әрине бұған – яғни Һошұрдың осыншалық заңғарға көтеріле алуына байланысты себептер толып жатыр.
Басты себептің бүкіл ел жағдайындағы оңалуда тұрғаны беп-белгілі. Жұңгода, соңғы 30 неше жылдан бері, батыл реформалар атқарылды, сыртқа есік айқара ашылды. Ғылым мен техника бірінші еңбеккүш саналып, оған айрықша маңыз берілді. Аз ұлттарға, шекара өңірлерге, ол тұстағы әл-ауқат пен білім беруге баса қолдау көрсетілді. Мемлекеттің ұша дамуына ілесе, әр сала, соның ішінде оқу-ағарту жағы да мықтап даму жолына түсті. Дәл сондай тез дамыған орынның бірі Шинжяң университеті. Міне бұл бұл университеттегі зиялыларға, сол қатардағы Һошұр Сламға шабыт берді, қайрат берді, орай берді.
Һошұр Слам өзіне осындай орай жаратқан өкіметке, баулыған оқу орындарына, оқытқан біз секілді ұстаздарына, қолдаған қызметтестеріне шексіз рахметін айтып жатыр. Мұнысы дұрыс. Бұл әрі өзіне орай беріп ес қатқан басты себепті ұмытбағандықтың, әрі кішіпейілділіктің, парасаттылықтың белгісі.
Дегенмен, мен осы сәтте есіме өзге бір жәйітті алып тұрмын. Айта кетейін. Бұл былайғы жастарымызға пайдалы кңес те бола жатар. Егер тыңдарманда менің ойымды қабылдар қасиет болса.
Һошұр Слам шексіз рахмет бағыштаған себептер талайға ортақ екенін білесіздер. Заман да, елдің 30 жылдан бері оңалғаны да, білім беру саласына жасалған ғамқорлық та, Шинжяң унрверситеті де, біз секілді ұстаздары да әмбеге ортақ. Мысалы мен өз шәкірттерімді жанымды сала оқыттым. Жалғыз Һошұрға ғана мейірім ауған емес. Бәріне тең қарадым. Алайда қазірше тек Һошұр ғана академик бола алды. Бұл түптеп келгенде адамдағы ішкі себептің бірінші орында екенін айғақтайды.
Мен – Һошұрдың студент кезінен басталған оқуы мен қызметі үдерісіндегі бейнесіне сенімді куәгерлердің бірімін. Һошұрдың бойында, генетикалық тума ерекшеліктерден өзге, талай қасиеттер бар еді. Бұл арада мен оған тек 5-6 мысал ғана көрсетейін. Мысал,
1. Һошұрда өмірге, содан туындаған өмірді мағыналы да жақсы өткізуге деген күшті құштарлық бар. Соған ол ғылым, білімге, оны иелеуге, зерттеуге қатты қызықты.
2. Өзі берілген саланың жұмысына табандылық, шөгелдік, қайсарлық, мұқияттылық көрсете білді.
3. Өрлік, такаппарлық атаулыдан қашық болып, шынайы кішіпейілдікті сақтады. Білмегенін өзгеден үйренуді намыс көрмеді. Өзгенің артықшылығына, қызғанышпен емес, қызығумен қарап, еліктеуге тырысты.
4. Үйрену тәсілінің ғылыми болуына, уақытты мықты ұстауға баса мән берді.
5. Өзгелермен байланысты қалыпты, әдепті, тату, берекелі ұстай алды. Бұл қолдаушыларын көбейтіп қана қоймай, өзгенің артықшылықтарының өз бойына ағылу орайын да жасады.
6. Отбасылық береке, баянды махаббат, ақылды жардың (Әланұрдың) қолдауы Һошұрдың бар күшін ғылымға шоғырландыруына жағдай жасады.
Зор жиындағы қысқа уақытта бұдан көп сөйлеуге мұрша жоқ. Сөзімнің аяғында, Һошұр мен Әланұрдың мықты денсаулықпен ұзақ жасап, балалрының қызығын көре жүріп, бұдан да зор табыстарға қол жеткізуін тілеймін!