Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客 » sjanbolat
Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

ТЕЙІПЖАН ӘЛИЕВ – 20-ҒАСЫР ҰЙҒЫР ӘДЕБИЕТІНІҢ РУХАНИ СЕРКЕСІ

$
0
0

ТЕЙІПЖАН ӘЛИЕВ – 20-ҒАСЫР ҰЙҒЫР ӘДЕБИЕТІНІҢ
РУХАНИ СЕРКЕСІ

Бала кезімде Шәуешектегі ұйғыр, өзбек, татар мектептерінде оқығаным үшін маған ұйғыр, өзбек, татар тілі мен әдебиетіне ертерек те тіке араласу орайы туылды. Сондықтан сол тұстағы әдеби басылымдарда жүретін Абдолла Тоқай, Ғалымжан Ибрагимов, Шейх зада Бабич, Сәддриддин Айни, А.Қадыри, Ғәпұр Ғұлам, Айбек, Лүтфолла Мүтәллип, Зия Сәмеди, Тейіпжан Әлиев сықылды татар, өзбек, ұйғыр ақын-жазушыларының атымен және олардың талай шығармаларымен бала жастан таныса бастадым.
Бертінде, талай жыл радиоэлектроникамен айналысып кеткендігімнен, бұлардан көз жазып та қалдым. Бірақ бала жастан туылған ықпал ойдан тез шыға қоймайды екен. Сол ойдан шыға қоймаған алыптың бірі – Тейіпжан Әлиев.
Сыртқа айқара есік ашу бастала қалған тұста, Текең ( Тейіпжан Әлиев аға мен өзін осылай атағанымда, мырс етіп күліп, үндемеген еді) Қазақстандық жазушы Ахмет Жүнісовты шақырды. Ахмет келгенде талай күн ол кісімен бірге болды. Екеуі біздің үйге де келіп, Ғайнижамалдың қолынан дәм татып, қызу әңгіме соғып та шығысты. Осыдан соң Текеңмен, не кей жиындарда, не кезіге кеткенде шүйіркелесіп жүрдім. Ауруханада жатқан соңғы күндерінде, көңіл сұрай барып, өмірімде келе жатқанын өзі әбден білетін өлімді қалжың-әзілі араласқан әңгімесімен, ашық-жарқын райымен көңілді қарсы алып жатқан тұңғыш тұлғаны көріп қатты әсерленіп те қайттым.
Йә, сөзді ұзартпай, бұл секілді әсерлі өмір үдерістерінен басты тақырып әдебиетке бұрайын.
Тейіпжан Әлиев алғаш қалам тербеткен дәуір көп ұлтты, көп тілді, көп дінді Шинжяң әдебиетінің гүлдеуге бет алған тұсы болатын. Арада солақайлықтың сойылы шырықты неше рет бұзғанымен, Тейіпжан сықылды ойламды да қайсар жазушылар мен ақындар алған беттерінен қайтпай, қасиетті әдебиетке өздерін шындап атағандықтарын әйгілей алды. Замандастары мен былайғы ұрпаққа мол да тартымды шығармаларын ұсынудан кідіргені жоқ. Олар жағдай оңалысымен шабыт алауын лап еткізіп, тың қайрат, өскелең рухпен тіпті де мол, тіпті де бірегей туындылар беруге кірісті. Бұлардың, сол қатарда Тейіпжан, Омарғазы, Оразанбай сықылды алыптардың менің әдебиетке келуіме мұрындық ықпалы да күшті-ақ болды.
Ұлт әдебиетінің дамуы сол ұлт дамуына тура пропорционал. Ұлт тез өркендесе оның әдебиеті де соған ілесе жоғары қарқынмен өседі. Ал бұл үдерісте ұлт әдебиетінің серкелері бұйдагер болып, өзінің мұрындық үлестерін қосады. Олардың кейі сол ұлт әдебиетінің классиктеріне де айланады. Ұлт әдебиетінің серкелері әдеби жасампаздықтағы жаңалығы, шыққан көркемдік биігі, жұртқа еткен ықпалы, ел іші-сыртына танымалдығы, содан барып кенелген жоғары құрметі арқылы ұлт әдебиетінің мақтанышына, туұстарына көтеріледі. Бұған Жұңгоның Лүу Шүні, Ресейдің Пушкины, Ангелияның Байроны, қазақтың Абайы, қырғыздың Шыңғысы, үндінің Тагоры сықылдылар айқын мысал.
Өзінің неше мың жылдық ұзақ тарихының әр кезеңінде әр тұлғалы әдебиет серкелерін жаратқан ұлы ұйғыр халқы 20-ғасырдың екінші жарымында да өз парасатын әйгілей алды. Сан тақырыпты, мол мазмұнды, көркемдігі жоғары, ұлттық түсі қою, сонылық рухы күшті туындылары арқылы ұлттық әдебиетін жайнатты, шалқытты, гүлдентті. Тейіпжан Әлиев – осы кезеңдегі, атап айтқанда өткен ғасырдың 40- 80 жылдарындағы ұйғыр әдебиетінің танымал серкесі, көрнекті туұстары.
Мұны сіз тейіпжанның алған абыройы, көрген марапаты арқылы тіпті айқын елестетесіз: 1979-жылы Жұңго әдебиет- көркемөнер бірлестігі уәкілдерінің 4-құрылтайы Бейжінде өтті. Құрылтай кезінде Орталық Халық Радиостансасы аз ұлт қаламгерлері ішінен республика құрылғаннан бергі 30 жылда ықпалы ең күшті, беделі ең жоғары болғандарды жүйелі таныстырды. Тейіпжан осы топтан ойып орын алған болатын; Қайта басылған «Жұңго энциклопедиясының» әдебиет томына ұйғыр қаламгерлерінен жалғыз Тейіпжан ғана енді; 2008-жылы Ішкі Моңғол университетінде Аз ұлт Жазушыларын зерттеу орталығы құрылып, аз ұлт қаламгерлерінен Лау Шы бастаған алтаудың мүсіні тұрғызылды. Соның бірі Текең-ді; 1983-жылы Орталық Халық Радиостансасы «поезия даңғылы» дейтін айдармен Тейіпжанның өмірбаянын, шығармашылық табыстарын, қайраткерлік істерін таныстырды; Тейіпжанның өмірі мен шығармашылығы «Жұңго жаңа дәуір әдебиеті», «Ұйғыр қазіргі заман әдебиеті» сықылды Мемлекеттік және Автономиялы Райондық зерттеу тақырыптарына, жоғары оқу орындарының дәрістеріне кіргізілді; «Тейіпжан Әлиев» Шинжяң университетінің консультативтік (таңдап оқылатын) дәрісі саналды; Тейіпжан Әлиев Жұңго Жазушылар Қоғамының төрағасына екі кезек орынбасарлыққа сайланды; Алты ұлт тілінде жарық көретін Шинжяң басылымдарынан Тейіпжан үздіксіз орын иелеп келді; ...
Тейіпжан 1950-1980 жылдары 18 мемлекетке зияраттай барып, оның сегізінде (астаналарында өткен конференцияларда) сөзге шыққан, өлеңдерін оқыған екен. Оның халықарада хат не телефон арқылы хабарласатын, әдебиет өңірінен пікір, тәжірибе алмастырып тұратын әйгілі қаламгерлері 40 неше. ...
Міне бұлар Тейіпжан Әлиевтің Жұңго әдебиетінде ұстаған биік мәртебелі орнын айқын әйгілеп бере алады.
Мемлекеттің, ұлттың әдебиеттегі өресі, қанша ақын-жазушысы барлығымен ғана емес, олардың туындыларының өзге тілдерге әсіресе шетел тілдеріне қаншалық аударылғандығы, әлем елдерінде қаншалық ықпал қозғай алғандығы сықылдылармен де өлшенеді. Тейіпжан бұл жағынан да бәрімізді сүйсіндірерлік үлгі.
Меніңше, Тейіпжанның бұл жетістіктері негізінен алғанда мына себептерге байланысты:
1.Парасаттық назары кең де биік. Бұ талай тарапты қамтитын ұғым. Соған мысалды да көп ұсынуға болады. Бірақ мен бұған байланысты өңірден тек Текеңнің халыққа қаратқан лапылдаған сүйіспеншілік сезімін, өзге туысқан ұлттарға әділ де достық райын ғана айтайын. Ол мұндай сезімі мен райын, бейне өзге ұлы жандар секілді, өмірдегі реал байланысы арқылы ғана емес, өзінің поезиялық жасампаздығы арқылы да әйгілеп өтті. Оның әсер мен ләззатқа бөктіретін өлеңдерінде халыққа деген ыстық махаббат та лауылдап тұрады. Ол өз тағдырын халқының тағдырына мықтап байлаған еді. Оның сезімі халқының сезімімен біте қайнаған-ды. Ол «Кеше мен ертең» сықылды өлеңдерінен тіпті айқын көрінеді. Ол:
Ел үшін еңірегенім мақтаныш боп діліме,
Елмен бірге шаттандым-ақ, күлкі ойнап түріме. –
дегендей асқақ идеяға ие болғаны үшін, өз өнерінің қайнары мен тірегі саналатын халқының мүддесін аяқасты ететін намыссыздықтарға, халық басына төнген ауыр апаттарға, бейжай қарамай, қарсылығын білдіріп, отан, халық үшін жанкештілікпен, ашу-ызамен батыл үн қатты. Сол бір апатты жылдарда, ауыр халдегі ағайындарына өлеңдері арқылы қайрат, медет, шабыт, дем берді. Талайлар оның жүрекке жылу, бойға дәрмен құятын жырларын айтып, тіпті оны халық өлеңдеріне айландырып та жүрді. Поезиялық туындылардың кең де биік парасатсыз мұншалық ықпалды болуы мүмкін емес, әрине.
Тейіпжан назарында халық дегеннің аумағы ұланғайыр. Ол өз ұлтын қатты сүйетін. Бірақ оның сезімі тек мұнымен ғана шектелмеген. Оның кең жүрегіне барлық ұлттар, бүкіл адамзат сыйған. Оның бір рубаясында «өлеңді ұжданмен жазам!» дейтіні де содан.
Тейіпжан Әлиев ШҰАР Әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінде, жазушылар одағында басшы боп тұрғанда, өзге туысқан ұлттар әдебиетіне де баса мән берді. Талай рет олардың әдебиеті жайлы ғылыми талқы жиындарын өткізді, оларды береке-бірлікке шақырды, олардың да зор құрметіне бөленді.
Тейіпжанның «Ұлт» дейтін өлеңі оның мен атап жатқан идеясын тіпті де паш етеді. Мен сіздерге оны аудармай түп нұсқасы бойынша берейін:
Сүйімән дәйдү һәр кім миллитіні.
Милләтні сатқучимұ дәйдұ шұны.
Сүйүшнің рас ялғыны шұндин аян:
Йәмду иоқ миллитінің қайғұсини.
Тыллысаң һаман башқа милләтні сән,
Боламсән миллитиңниң қәһриманы?
Милләткә башлап киләр иетимчилик,
Милләтниң мұндақ надан «миһрибаны».
О милләт пүтүнләйла дашқал болұп,
Бұ милләт кам-күтісіз алтұн әмәс.
О милләт пәгадикі палаз болұп,
Бұ милләт төргила хас дүрдүн әмәс.
Меғизы, шакылы бар һәр нәрсиниң,
Һәй ақыил, шұндақ чүшән милләтнимұ.
Бейидұ милләтниңмұ пәзилиіті,
Чүшәнсә өзидикі илләтнимұ.

Яратқан сесиқлиқтин сәскинишні,
Чиқарған хүш пұраққа іштияқны.
Иүймастин сесиқны, мақтанса кім,
Бұлғайдұ өзидикі хош пұрақні.

Меніңше бұл – парасатты, жауапкершілікті, материялистік санаға ие ұлы ақынның биік эстетикалық өресінің адам, ұлт, адамзат жөніндегі реал келбеті. Бұл тағы оның әр ұлттағы барша қаламгерлерге берген насихаты. Бұл бүгін ғана емес, бұдан былай да мәңгілік құнға ие.
2. Әдебиетте төтенше нәтиже жаратты. 59-ақ жыл өмір сүрген Тейіпжан өлеңге бала жастан құмар болыпты. 12 жасынан өлең жазып, «Өспірім дапшы» деген тұңғыш жинағын жариялапты. Содан бергі 47 жылын әдебиетке атаған. Амал не, оның қам-қайғысыз шығармашылықпен өткен кезі 20 жылға әрең толады. Басқа уақыты «оңшылдыққа қарсы күрес», «жерлік ұлтшылдыққа қарсы күрес», «мәдениет зор төңкерісі» секілді дарындыларды жәбірлейтін, азаптайтын, бөзек ететін науқанмен өтіпті. Солақайлар оны сол науқан орайымен үш рет құлатыпты (еңбекпен өзгеруге жіберіліпті, жер аударылыпты, тергеліпті, айыптауға алыныпты, ...), ауыр азапталып, әрі дене әрі рухани тараптан соққыға жығылыпты. Бірақ үш ретінде де мойымас Текең қасқайып қайта түрегелген екен. Тіпті сол азапты күндердің өзінде де қаламы қолынан түсбепті, шабыты көңілінен ұшбапты, айтары есінен шықбапты. Текеңнің 1300 неше өлеңі, 21 дастаны, 23 жинағы, толып жатқан ғылыми не шолу мақалалары осы үдерісте дүниеге келген. Оның ішінен 257 өлеңі мен 3 жинағы ханзушаға аударылып жарияланған. 130 неше өлеңі қазақ, қырғыз, моңғол,сібе тілдерінде жарық көрген. Тағы талайы Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Ресей, Жапония, Германия, Ангелия, Чехослауакия сықылды мемлекеттердің тіліне аударылып кең таралған.
Тейіпжан поезиясы өз кезеңіндегі ұйғыр әдебиетіне кемінде үш дүркін зор ықпал жасады. Мысалы, 26 жас кезінде (1956-жылы) ұйғыр лирикалық поезиясының сүлейі аталған жинағы «таусылмас әнді» жариялап, бір дүмпу қозғады; «Отанға мадақ» топтамасымен патриотизмнің соны бетін ашып, тағы дүр сілкіндірді; 1980-жылдарға келгенде, махаббат лирикасына тән жырлары арқылы талайдан бері махаббат мазмұнында ауыз аша алмайтын күйді бұзып, әдебиеттің тың серпінмен дами түсуіне дем берді.
Текеңнің дарындылығы оның шығармашылық мазмұны мен стилінен толық көрінеді. Оның өлеңдерінен философиялық та, лирикалық та, сатириктік де, махаббаттық та, тарихи да мазмұндарды мол кезіктіресіз. Стил, тәсіл жағы да өте бай.
Тейіпжан ұйғыр поезиясының ұлттық дәстүріне мықтап мұрагерлік ете отырып, ханзу, орыс, қазақ ұлттарының әдебиетінен де нәр алды. Сол негізде идеялығы мен көркемдігі қабысқан сара туындыларды беріп, ұйғыр осызаман поезиясының тың өреге көтерілуіне, 20-ғасырдағы Шинжяң әдебиетінің гүлденуіне өз үлесін қосты. Сондықтан ол осы тұстағы Шинжяң көп ұлтты әдебиетінің серкелерінің, оған негіз қалаушылардың бірі.
Ұйғыр халқынан өткен ғасырдың соңғы жарымында шыққан қаламгерлер көп. Бірақ олардың ішінен парасаттық өресі, шығармашылық жемісі, көркемдік биіктігі тараптарынан Т.Әлиевке жететіндері санаулы. Оның туындылары өз заманындағы ұйғыр әдебиетінің жоғары деңгейіне уәкілдік етіп қана қоймай, көп ұлтты, көп қайнарлы Шинжяң әдебиетінің де жоғарғы өресіне уәкілдік ете алады.
Сан өзгерісі сапа өзгерісін тудырады. Әдебиет дамылсыз өркендегенде ғана тың жетістіктерге үздіксіз қол жетеді. Ұлт әдебиеті сол ұлттың өз ақын-жазушылары арқылы, сол ұлт ана тілімен жазылған шығармалар арқылы дамиды. Йләйім әр ұлттан шығатын Тейіпжандар көбейе берсін!
(«Шинжяң жазушыларының» 2011-жылғы 1-санындағы Меһрай Нұрмәмәттің ханзушадан аудармасы бойынша қазақшаланды)


Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Trending Articles