Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客 » sjanbolat
Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

ШАМЫРҚАНСА ШАРТ СЫНАТЫН ТЕКТІЛЕР

$
0
0

ШАМЫРҚАНСА ШАРТ СЫНАТЫН ТЕКТІЛЕР

Қайран

(естелік-эссе)

Шамдансам, шалқамнан

түсер асаумын,

Шамырқансам, шатынап

сынар болатпын.

Махамбет.

--------------------------------------------------------------------------------

Қабдеш
Жұмаділов

Сіз, тегінде, өмір сүру деген оп-оңай деп ойлайсыз ба? Бұған біркелкі жауап табу қиын. Өйткені, біреуге өмір сүру – жеп-жеңіл, ал екінші біреуге өте ауыр, тым қиын­ға түседі. Тұтас өмірді қойып, жәй күн­делікті тіршіліктің өзін әркім әртүрлі қабылдамай ма. Бұл жағы Жаратушы Құдірет сізге қандай жүрек, қандай жүйке сый­лағанына байланысты. Бір білгіштер адам­дарды хрусталь нервілі, мыс нервілі, қыш нервілі, киіз нервілі деп бөледі екен. Не­кен-саяқ болат нервілі жандар да ұшы­расатын көрінеді. Өмірдің біреуге ауыр, екінші біреуге жеңіл болатыны содан де­седі.
Әрине, хрусталь нервілі дегеніміз – аса жоғары сезімталдықты білдіреді. Ондай адам дүниенің барша ауыртпалығын жү­рекпен сезініп, бәрін өзіне қабылдайды. Осылайша, намыспен тұтанып, іштей өр­теніп жүріп, ақырында «іш қазандай қай­найды, күресуге дәрмен жоқ» дегеннің ке­бін киіп, бір күні күйіп-жанып таусылады. Бұл топқа ең алдымен ақындар кіреді, әрине. Ақындар үшін мына өмірдің әрбір айы­на, әрбір жылына төтеп берудің өзі – бір ақырет. «Мен ертерек бастадым, бітем ерте, менің ақылым өз ісін жасар келте» дейді Лермонтов. Ал Мұқағали «Бұл өмірге отыз бес жыл шыдадым, енді қанша тұра­мын» дейді өзінің ұзақ жасайтынына кү­мән келтіріп. Ақынның сол айтқаны келді, ол тағы он жылға зорға шыдастық берді де, небәрі қырық бес жасында ана дүниеге аттанып кетті.
Басқа халықтарды кім білсін, осы 44-45 деген жас – біздің қазақ ақындары үшін қатерлі кезең. Осы жасқа келгенде біздің ақындар бірден ажал жастығына бас қояды. Өзі өлмесе, отаршыл өкімет оқ атып көмектеседі (Мағжан, Сәкен, Ілияс). Сонымен, кейінгі ақындарға да осы меже жол болып қалды: Қасым, Мұқағали, Жұ­ме­кен, Кеңшілік, Жұматай... бәрі де сол қы­рық бестің төңірегінде дүние салды. Ал бірен-саран ұзақ жасаған ақындар болса, олар – жаңағы «қылкөпірден» не мансапқа сүйеніп, не басқа бір қосымша кәсіппен айналысып, елеусіз өтіп кеткендер.
Біз бұл тізімге киіз нервілі, құл саналы жан­дарды әдейі қоспай отырмыз. Өйткені, олар тым көп қой біздің елде. Ұлтымыздың ұлтанды бөлігін солар құрайды. Қазақтың бодандыққа түскеніне екі ғасырдан асты десек, бұл шамамен жеті ұрпақты өз ішіне алады. Демек, біздегі құл саналы көпшілік жеті атасынан бері құл деген сөз. Біздің қа­та­рымыздан жарамсақ сарай ақын­да­рының көп шығатыны, халқымыздың на­мысқа шаппай, жетекке жүрмей, көт­кеншектеп жатып алатыны содан.
Қорлыққа көнбей, ешкімге кіріптар бо­лып бас имей, шамырқана шарт сынған ақын­дардың бірегейі – Қасым Аманжолов. Менің Қасымға жаным ашиды. Тоба, мұндай да әділетсіздік болады екен! Ол ана­дан жастай жетім қалып, өгей шешенің қысымына шыдамай (көрдіңіз бе, ша­мырқану Қасымға бала кезінен дарыған), үйі­нен қашып шығып, балалар үйінде тәр­бие­ленген адам. Соны әрдайым еске алып:
Өмірден үміт жоқ өзге,
Даланың тердім тезегін.
Әке боп таптың сол кезде,
Советтік менің өз елім, –
деп, Совет өкіметі үшін өзегін жұлып бере жаздайтыны содан. Сол советтік Отанын жау­дан қорғау үшін төрт жыл бойы толар­сақтан қан кешіп соғысты ғой. Сызды окопта екі өкпесінен бірдей суық тиіп, май­даннан жарымжан болып оралды. Сол жауынгер ақынға «Советтік Отаны» не жақсылық жасады? Алматыдағы шіренген шенеуніктер бас сұғатын баспана бермей қор қылды ғой. Бір жыл емес, екі жыл да емес, табандаған жеті жыл бойы. Ал, 1952-жылы қалалық үкімет оған үй бергенде, бұған дейін әркімнің босағасында жүрген ақынның денсаулығы әбден құл­дырап, өлім халіне жақындап қалған-ды.
Соғысқа бармай-ақ, еш бейнет көр­мей-ақ, жәйлі де, сәнді үйлерде тұра­тын­дарды ақын көрмей-білмей жүрді дейсің бе? Білгенде қандай! Бірде 9-мамыр, Же­ңіс мейрамы кезінде, жұртпен бірге шеру тартып, көшеде келе жатқан жазушылар әлдебір салтанатты қоражайдың қасына келіп тоқтапты.
– Мынау кімнің үйі? – десіп әркімдер таң­данып қалады.
– Бұл – Горком хатшысы Түсіпбековтің үйі! – дейді білетіндер. Сонда ызалы Қа­сым бөгелместен:
Түсіпбеков жолдастың үйіне біз,
Сыртынан қараймыз да сүйінеміз.
Бір күн түсіп қалғанша хатшы болмай,
Неге ақын болдық деп күйінеміз! –
деген екен... Қазір қайда сол Түсіпбеков? Кім ол? Қазір оның кім екенін адам да, сайтан да білмейді. Ал солар кезінде билік басында отырып, Қасымдардың тағдырын шешті ғой. Амалы құрыған Қасым өмір бойы баспанасын жырлап өтті.
«Маскарадтың» шығарып масқарасын,
Алматыда жортып жүр ерке Қасым.
Мазасын ап Қаратай Құрманычтың,
Жыр етіп жүр өзінің баспанасын, –
дейді тағы бірде. «Ерке Қасым» дегені – өзіне дем беріп көтермелегені. Әйтпесе, Қасымға қайдағы еркелік? «Маскарад» деп отырғаны – өзі аударған Лермонтовтың поэмасы. Ал, «Қаратай Құрманыч» – үй бөлетін жердегі дөкейлердің бірі болса керек. Алла-ай, түкке тұрмайтын біреулер қазақтың ұлы ақынын баспанасыз қал­дырып, қалай қорлаған десеңізші! Ақыры, сондай қайырымсыз жандардан әбден түңілгенде, ақын өзін-өзі былай деп жұ­батыпты:
Берсең бер, бермесең қой бас­панаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытамын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды!
Сөйтпегенде қайтсын, қайран ақын, өзі­не-өзі жігер беріп, қайрағаны шығар. Қор­лық пен мазаққа жығыла кетпей қа­сарысқаны. Бірақ жалғыз үй ғана ма, Қа­­сым­ның басындағы тауқымет? Әлеу­меттік тең­сіздік, жағадан алған жоқшылық, ішіп-жемнің тапшылығы... Ақын соның бәрін се­зінбеді дейсің бе? Оны сезінбесе, «Үс­тім­нен қара пальтом қойды-ау түспей, көк бөрік, көк жағаның заманында» деп, назалы өлең жазар ма еді?! Мұндай қор­лық­ты көрген нәзік жанды, хрусталь нервілі Қа­сымдар шарт сынбағанда қайтеді?
Мен 1956-жылы Қытай үкіметінің жол­дамасымен Алматыға оқуға келгенімде, әттең шіркін, көрсем-ау деп армандаған екі жазушым бар еді. Оның бірі – Мұхтар Әуе­зов те, екіншісі – Қасым Аманжолов бо­латын. Бір арманым орындалды: Мұ­хаң­ды көрдім, университетте алдында отырып, дәріс тыңдадым. Өзімен жеке таныс бол­дым. Орысшаға әлі тісіміз батпай тұр­ғанда, әлем әдебиетінің нәрін Әуезовтен алдым. Ананың омырау сүтінде нәрестеге қажетті қоректік заттың бәрі болатыны сияқты, Әуезов шығармаларында да бізге қа­жетті нәрдің бәрі бар еді. Өйткені, Мұхаң әлем әдебиеті мен мәдениетінің бар асылын бойына сіңірген адам ғой. Сол бұлақтан біз де қанып ішкендей болдық.
Амал не, Қасым Аманжоловты көре ал­май, сан соғып қалдым. Ол кісі біз келерден бір жыл бұрын қайтыс боп кетіпті. Бір тәуірі, сол жылы Қасым шығар­ма­ла­ры­ның үш томдығы шығып жатыр екен. Ен­ді соған шөліркей бас қойдық.
Ол жылдары әлі ақталмаған Мағ­жан­ның, Сәкеннің, Ілиястың шығармалары біздің қолымызға түсе қоймаған кез. Солардың жоқтығын білдірмей, Абаймен екі арадағы бос орынды толтырып, қазақ поэзиясын жаңа бір белеске көтерген – сөз жоқ, Қасым Аманжолов еді. «Қазақтың аласа аспанын, түндіктей түріп бір тастадым» деп, оны ақынның өзі де айтып кеткен.
Иә, қазақтың қара өлеңі ол кезде еш­кімге таң емес-ті. Бәріміз де өлең ұй­қас­тыра алатынбыз. Бізге керегі – тың теңеу, тың образ, бұрын ешкім айтпаған ой-пікір, соны сезім, бір сөзбен айтқанда, жаңаша ойлау жүйесі болатын. Ең ғажабы, Қасым­да осының бәрі бар еді. Өлеңінің әр жолы – тұтас картина. Санаңда мөрдей басылып қалады. «Үстімде сұр шинелім, ақ­саң­дай басып келемін» дейді Қасым. Көз ал­дыңа әлдеқайда шеру тартып бара жатқан әскер елестейді. Сұр шинелді сол саптың бір жерінде аяғының жарасы әлі толық жа­зылмаған ақын да кетіп бара жат­қан­дай. Немесе: «Солдаттың етігіндей жаным сірі» дейді ақын. Бұл да – бұрын ешкім айт­паған сөз. Дүниеде солдаттың етігіндей теп­кі көретін не бар екен? Адам бойындағы ерлік те, қайсарлық та, төзімділік те – сол бір ғана теңеуге сиып тұрғандай. Ал, Маяковский туралы өлеңінде: «Ескі дүние есігін теуіп ашып, кіріп келді ол жүзінен жалын шашып» деген жолдар бар. Көз алдыңда өршіл ақын бейнесі бірден жарқ ете қа­лады. Ал, Низами туралы қалай айтқан дей­сіз ғой? «Қауырсынын қалам етіп ақ қаз­дың, дүниені алдыңа алып хат жаздың» деп­ті ақын. Сонау орта ғасырда өткен поэ­зия алыбы жайында бұдан артық не ай­туға болады?
Қасым не туралы жазса да, әр сөзі тұр­ған жерінде бір аунап түсіп, жақұттай жар­қырап шыға келеді. Басқа қазақ ақын­дары коммунистер туралы ұқсатып жа­за алған жоқ. Ал, Қасым «бойында бұр­қы­раған жалын күш бар, құрыштай шы­нық­тырған жиналыстар» дегенде, сол сәт сен де коммунист болғың келеді. Ал мынау – әйеліне арнаған өлеңі:
Ашуыма ащы етіп,
Жібере көрме бұрыш сап.
Құрысып қалған көңілімді,
Үтіктеп берші дұрыстап...
Отбасы тірлігінен туған осы шумақта қан­дай наз, қандай жарасымды еркелік бар?!
Қай заманда болмасын еңбексіз-тол­ғақсыз құрметке бөленіп, ұпайларын тү­ген­деп, «екі алып биге шығып» жүретін ақын­дар аз болмаған. Ондайлар Қасым ке­зінде де болған, қазір де баршылық. Оларды жұрт «Сарай ақындары» деп атайды. Мансап та – соларда, жақ­сы тұрмыс та – соларда. Кезінде Қа­сым­дай талантқа есеп-теңдік бермеген де – солар. Олар­дың шама-шарқын ұлы ақын да жақсы білген. «Осы күнде шығып жүр, Қасым деген бір ақын, сол болады түбінде енелеріңді ұра­тын» деп әзіл­ге сүйеп, ескерту де жа­са­ған.
Жазбаймын үгітілген бал­шық өлең,
Көңілде көл жасаман тамшыменен.
Серінің сертке таққан семсеріндей,
Өлеңнің өткірін бір алшы менен! –
деген жолдарды Қасым өзінің дарынсыз замандастарына ерегесіп жазған. Бұл – әрі ақынның өзіне қойған сертті талабы, әрі нағыз өлеңнің қандай болатынын оқыр­манға нұсқап көрсеткені. «Аламын ауыр ойдан ауыр сөзді, мақта емес, ми бол­ған соң басымдағым» деген жолдар да сол тұста қаптап кеткен мағынасыз, же­ңіл-желпі жырларға қарсылықтан туған.
Ал, сол замандағы қазақ поэзиясының деңгейі қандай еді? Жасырып керегі не, бірен-саран талантты ақындар болмаса, көпшілігі күнделікті үгіт-насихаттан аспайтын қарабайыр дүниелер болатын. Отан қорғау тақырыбына жазылған «О, пашист, сонша неге кісінедің, әкеңді танытады Д.Снегин» сияқты жолдар, «Автоматым қо­­лым­да, партбилетім төбемде, «Отан үшін» де­дім де, қойып кеттім тереңге» сияқ­ты шу­мақтар ол жылдары көптеп ба­сылып жа­татын. Ал, ауыл тұрмысын жыр­лағаны «Қой шетінде Құрманбай, концерт беріп тұрғандай» рәуішті болып келетін... Міне, осындай дарынсыз, жансыз, жасанды «жырлардан» әбден мезі болып, таза ауа – кислород жетпей тұншығып тұрған қауымға шындық пен көркемдік нәрін тамызып, құтқарып қалған – Қасым Аманжолов поэзиясы еді. Амал не, дәл осы тұста ауыру меңдеткен ұлы ақынның өзін құтқаратын ешкім болмады.
«Ел болса ер туғызбай тұра алмайды» де­генді бұрынғылар тегін айтқан ба? Мен әлі де Қасымды жоқтап, оның орнын толтыра алмай күңіреніп жүргенімде, тағдыр маған көкжиектен енді ғана көтеріліп келе жатқан тағы бір ұлы ақынды жо­лық­тырды.
1956-жылдың қыркүйегі. Мен Қытай­дан таяуда ғана келіп, университетте оқып жатқан кезім болатын. Қазір ойласам, сол бір жыл – бәріміз үшін де ба­қыт­ты жыл болған екен. Қазақстан алғаш рет миллиард пұт астық алған жыл. Сібірде айдауда жүрген азаматтардың, сол қа­тарда Мәс­кеуде бой тасалап жүрген Мұх­тар Әуе­зовтің елге оралған жылы. Қайда барсаң, көтеріңкі көңіл-күй, ашық-жарқын мінез, көңілді күлкі... Ал, осының бәріне Алматыны алыстан аңсап келген менің көзіммен қарағанда, айнала-төңіректің одан ары құлпырып сала беретіні айтпаса да түсінікті.
Ол жылдары университеттің бас корпусы (яғни ректор отыратын ғимарат) сол кез­дегі Комсомол көшесі мен Ұйғыр кө­шесінің (қазіргі Төле би мен Байтұрсынов көшесі) қиылысында болатын. Ол кезде қазіргі «КазГУград» жоқ, университеттің оқу үйлері қаланың әр жерінде шашырай қо­ныстанған. Ал, филологтар мен математиктер жаңағы бас корпуста оқушы еді.
Бір күні осы күнгі қа­­зақтың белгілі ақы­­­ны Оразақын Асқар екеуіміз түс ауа са­­бақтан шы­ғып, енді Виноградов кө­ше­сін­дегі (қазіргі Қарасай батыр көшесі) жа­тақ­ханаға бұрыла бергеніміз сол еді, Оразақын әлдебір жігітпен шұрқыраса кет­ті. Сыңайы, бірін-бірі көптен білетін адам­дар. Үй-іші, ауыл-аймақтың аман­ды­ғын сұрасып жатыр. Содан бір уақытта Ора­зақын әлгі жігітті маған таныстырып:
– Менің Нарынқолдық ауылдасым. Қа­зір Қазақ радиосында диктор болып іс­тейді. Мұқағали Мақатаев деген ақын осы! – деп аз бөгелді де, кезек маған кел­ген­де: –Бұл да – Шыңжаңда көп өлеңдері жа­рияланған талантты ақын. Жиырма күн­нің алдында ғана Қытайдан келді. Университетте бірге оқимыз! – деді.
Жас кезіміздегі зерде (память) дегенің ке­ремет еді ғой. Жаңа «Мұқағали Мақа­таев» дегенді естігенде, өткен жылы «Жұл­дыз» журналына басылған «Хат» және «Біз­дің ауылдың іңірі» деген екі өлеңі жадыма сарт ете қалды. Мен сол арада Мұ­қағалидың қолын ала беріп, «Хат» деген өлең­нің екі шумағын жатқа айтып жібер­дім.
Сағынышым – тек өзіңсің бір ғана,
Ұшып жетті қарлығаш та, тырна да.
Саралақаз жұмыртқалап үлгірді,
Кеше екеуіміз асыр салған жылғада.

Ең алғашқы нөсер де өтті себелеп,
Әлдеқашан гүлге қонды көбелек.
Бақыт, байлық бәрі де бар ауылда,
Әттең, Сәулем, өзің жоқсың, не керек! –
деп тоқтағанымда, Мұқағали мені бассалып құшақтай алды.
– Бауырым-ау, келгеніңе әлі ай толмай жатып, мына өлеңді қашан жаттап алып жүрсің? – деген таң-тамаша болып.
– Өткен жылы «Жұлдыз» журналынан оқы­ғам, – дедім мен.
– Сол журнал Қытайға да барғаны ма сон­да?
– Барғанда қандай!
Сол күннен бастап Мұқағали екеуіміз таныс-біліс, ағайын боп кеттік. Мен алғаш көргенде Мұқағали тура жиыр­ма бес жаста еді. Сол кездегі ақынның түр-тұлғасы әлі көз алдымда: сұңғақ бойлы, мелжемді, екі иығына екі кісі мін­ген­дей, ұяңдау ұзын шашын желкесіне құлата қайырған, нарттай қызылшырайлы жігіт еді. Бір жерін шертіп жіберсең қан бұрқ ете түсетіндей әсер қалдырған.
Мұқағалимен қарым-қатынасымыз жал­ғаса берді. Келесі 1957-жылы мен Со­вет Одағында оқитын қытайлық студент­тер атынан (ол жылдары Совет Одағында Қы­тайдың алты мыңдай студенті оқушы еді) Мәскеуде өткен Дүниежүзі жастары мен студенттерінің алтыншы фестиваліне қатынастым. Содан қайтып келген соң, бірге оқитын Оразақын: «Биыл елге барып қайтуға кеш қалдың. Каникулдің қалғанын біздің ауылда өткіз», – деп, мені өзінің еліне ертіп кетті. Міне, осы айларда На­рын­қолда демалыста жүрген Мұқағали­мен тағы ұшырастық.
Әй, сол күндері Шалкөде жайлауында ар­мансыз бір сайрандадық-ау! Шалкөде бойы бие байлаған ауылдар. Оның бәрін түгендемей, кілең бір қызы бар ауылдарға қыдырамыз. Оразақын тұратын «Киров» колхозы мен Мұқағалидың ауылы – Қарасаз («Энгельс» колхозы) арасы жеті-сегіз-ақ ша­қырым. Көп ұзамай біздің топқа жас ақын Еркін Ібітанов қосылды. Ол да – Қарасаздан, Мұқағали екеуі ауылдас. Өзі аудандық мәдениет бөлімінде істейді екен. Жүрген жері – сауық-сайран. Ауыл-ауылды аралап, кино көрсетеді. Қыз-ке­ліншектерді жинап алып, концерт қояды, би ұйымдастырады. Несін айтасың, әлгі «өзім сері, өзім салдың» өзі.
Бір жолы Қарасазға барғанымызда, Мұ­қағали үйіне шақыруға жағдайы болма­ды ма, бізді колхоз асханасына апарып, қо­нақ етті. Мұқағали ол кезде үйлі-баран­ды, мектепті бітірер-бітірместен өзінен екі жас үлкен мұғалима қызға үйленген. Ас­ханада бізден басқа көп ешкім жоқ. Ащы заһардың бірер шөлмегін төңкеріп тастап, дуыл­дасып отырмыз. Аспаздардың әзір­леген асы ұнамады ма, бір мезгілде Мұ­қа­ғали: «Осы ауылдағы бір шалдың шығар­ғаны» деп, бір ауыз өлең айтты:
Аулымызда ашылды сталабай,
Тамағының дәмі жоқ қызталақ-ай!
Бесжылдықты төрт жылда орындамақ,
Шіркіннің жұмысының қысталақы-ай!
Біз сөз саптауына қарап-ақ, бұл өлең­ді шығарған «ауылдың шалы» емес, тап осы арада ақынның өзі шығарғанын біле қой­дық. Мұқағали мен Еркін араларындағы төрт-бес жасқа қарамай, құрдастарша қал­жыңдаса береді екен. Мұқағали бір кез­де қасында отырған Еркінге қарап ал­ды да:
– Түбінде, мына бала сорлап қалатын бол­ды, – деді оны иегімен нұсқап.
– Қалайша?
– Адам деген шама-шарқына қарамай ма, менімен бір ауылда туып несі бар? Кейін мына Қарасазға менің атымды бе­ре­ді. Сонда бұған не тиеді?
– Мұқа, сіз өте дұрыс айтып отырсыз, – деді Еркін оп-оңай келісіп. – Қарасаз – сіздікі. Оған ешкімнің дауы жоқ... Ал ма­ған аудан болмаса, ауыл аздық етпей ме?!
Қыран-топан күлкі.
– Әй, мына қызталақтың дәмесін қа­рай гөр! – деп Мұқағали да екі иіні сел­кіл­деп, мәз боп қалды.
– Басқа ауылдар бар емес пе? – дей­міз біз әңгімеге май тамызып. – Солардың бірі Еркінге бұйыратын шығар.
– Олар да оңайшылықпен орын босата қоймас, – деді Мұқағали. – Бәрі кө­сем­дердің атында...
Айтып отырғаны рас. Нарынқолда он кол­хоз бар екен. Бәрі түгел көсемдердің атында: Маркс, Энгельс, Ленин, Калинин, Крупская, Киров, Ворошилов... Осылай ке­те береді. Араларында бір ғана «Абай» кол­хозы бар. Бұл туралы бір қызық анекдот шыққан. Анекдот емес, болған оқиға. «Абай» колхозының бір жігіті ұзақ жыл «Ле­нин» колхозында мұғалім болады ғой. Бір жағдайда мектеп мүдірімен келіспей қа­ла ма, аудандық оқу бөліміне барып, өз ауылына ауыстыруды сұрайды.
– «Абай» ауылында орын жоқ. Қаласаң, «Крупс­каяға» жіберейін, – дейді бөлім бас­тығы. Сонда күйіп кеткен мұғалім:
– «Лениннен» опа таппағанда, мені «Крупс­кая» жарылқайды деп отырсыз ба? Жі­берсеңіз өз ауылым «Абайға» жіберіңіз! – десе керек.
Бұл әңгімені манадан бері тыңдап отыр­ған НКВД-ның адамы:
– Әй, сен не шатып отырсың? – депті мұ­ғалімге оқты көзін қадап. – «Лениннен опа таппадым» дегенің қай сандырақ?
Сонымен не керек, әлгі мұғалімді сол ара­да қолға алып, сегіз жылға соттап жі­беріпті...
Көсемдер демекші, Мұқағали – Маркс ту­ралы да, Ленин туралы да дастан жазған адам. Елеп-ескермей қойған өкімет осыдан кейін көзге іле ме, санаса ма деп дә­меленген сияқты. Бірақ ол үміті ақталма­ды. Амал не, мызғымастай көрінген Компартия мен Совет өкіметінің қалай омырыла құ­лағанын, ауыл атын иемденіп алған қы­зыл комиссарлардың да қалай келмеске кеткенін Мұқағали көре алған жоқ. Өзі айтқандай, «Энгельс» колхозы – Қарасаз бұл күнде «Мұқағали ауылы» деп аталады. Ал, Еркін сол өзгеріс­терді өз көзімен кө­ріп кетті. Алай­да, көсемдерден босаған ауыл­дар­­дың ешқайсы­сы ақын Ібі­та­новқа бұйырмады-ау дей­мін.
Мен кейде оңаша отырып, Қасым мен Мұ­қағалиды ойша салыстырамын. Қасым – ұстаз, Мұқағали – шәкірт. Мұқағали Қа­сымды өмір бойы пір тұтып өтті. Аралары небәрі жиырма жас. Бірақ екеуі – екі дәуірдің адамдары. Қасымның өмірі қыр­ғын соғысқа, Сталин за­ма­ны­ның қақаған қы­сына тура келді. Егер Қасымға кейінгі біз­дің тұсымыздағы еркіндік берілсе, қай­ран ақын, қалай көсілер еді?! Сол тар қыс­пақтың өзінде, бір жағы аурумен алысып жүріп, үйсіз-күйсіз жағдайда қанша қа­зы­на қалдырды десеңізші!
Әділетсіздік пен қиянатты Мұқағали да аз көрген жоқ. Бірақ Қасым өмір сүрген қа­қаған қыспен салыс­тырғанда, Мұқа­ға­ли­дың өмірі жаймашуақ жаз секілді. Қанша дегенмен, ол Хрущев пен Бреж­невтің «жылымығында» өмір сүрді ғой. Қасым сияқты үйсіз-күйсіз де қалған жоқ. Ал, денсаулық дегенің – кісі қызығар­лықтай еді. Ел-жұрты – Алматы­ның ірге­сінде. Шал­көдеге барып, қалай шалқимын десе де ерікті болатын... Соған қарамастан, Мұқағали қайғы-қасіретке қалай ерте бой алдырды? Соңғы жылдары неге ащы за­һар­­сыз жүре алмайтын күйге жетті? Бас­ты себеп не нәрсе? Сәтсіз махаббат? Құт­­­сыз отбасы? Әлде алынбаған атақ, бе­­ріл­­меген сыйлық? Көрсетілмеген қо­ша­мет? Осылар ма – ақынның түбіне жеткен?
Әрине, бұлар да бар. Бірақ негізгі себеп емес. Негізгі себеп – қоғамның қырыс қабағында, өмірдің өгейлігінде, әлеуметтік әділетсіздікте. Жәй адамдар елемейтін, көзі үйреніп, еті өліп кеткен жайларды хрус­­таль нервілі ақын бар болмысымен се­зініп отырды ғой. Ақын-жазушы – ұлт көңіл-күйінің барометрі. Қазақ жерінде сы­налып жатқан ядролық қарулар, өзі­міз­ге бұйырмай шетке ағылып жатқан ен бай­лық, кетеуі кеткен қазақ тілі, жабылып жат­қан мектептер ақын назарынан тыс қал­ды деп ойлайсыз ба?
Ал, Мұқағалидың өз басына келсек, ақын өмір бойы қуғын-сүргіннен құтылған жоқ. Қуғын-сүргін – міндетті түрде Сібірге ай­дау емес. Адамды өз ауылынан, өз қа­ла­сынан қозғамай-ақ қуғындауға болады. Мұқағали мектепте мұғалім болып жүріп, жиырма жасында Компартияға мүше болған. Біраз жылдан соң, ақынды әлдебір «тәртіпсіздігі» үшін партиядан шығарды. Ол заманда партиядан шыққан адамның жарым басы кем деген сөз. Жұмыс орны да құтайған жоқ, оны қызметтен талай рет шығарды. Ең соңғы қармаған талы – Жазушылар одағының мүшелігі еді, қуда­лау­шылар оны да бұған көп көрді. Еңбегің ба­­ғаланбаса, басқалар алып жатқан сый­лықтар, атақ-дәреже саған бұйыр­ма­са... Осының бәрін көре тұрып, сорлы ақын құса­ланбағанда қайтеді? Іштегі дерт­ті ащы заһармен тұншықтырмағанда қай­теді?
Мұқағали осыдан кейін бар өшін ақ қағаз бен қара сиядан алды. Іште жатқан шер-шемен, ашу-ыза өлең боп құйылды. Бірақ тілге тиек, ауызға қақпақ қойылған. Көп нәрсені айтқызбады. «Айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасырмай» дейтіні содан. Мұқағалидың басқа ақындардан артықшылығы – ана тілі айдынында емін-еркін жүзетіндігі. Ол нені айтам, қалай айтам деп қысылмайды, сөз іздеп зорланбайды. Уызында жарыған тіл мәйегі оның қаламына өздігінен құйы­лып жатады. Мұқағали поэзиясында Қа­сымда кездесетін айшықты теңеулер аз болғанымен, өлеңдерінің шынайылығы мен қарапайымдылығы оқырманды бір­ден баурап алады. Ұлы ақындарда болатын көп қасиеттер – Мұқағалиға да тән. Соның бірі – табиғатпен іштей табысып, туы­сып кету. «Қабағы күннің қатулы, қар жауа ма қайтеді. Бұлақтар мұңға батуы, мұз қата ма қайтеді» дегенде, ақын да сол өзі айтып отырған табиғаттың бір бөлшегі тәрізді әсер қалдырады. Ал, «Аршаларым, шыршаларым, сендерге арнап мен бүгін ән саламын» дегендегі аршалар мен шыршалар – ақынның аға-бауыр, туыстары секілді...
Осы орайда жазушылар арасында та­лас тудырып келген бір мәселеге тоқтала ке­тейін. Ол – Мұқағалидың одақ мүше­лі­гі­нен шығарылуы жайында. Біреулер сол кездегі Жазушылар одағының басшысы Әнуар Әлімжановты мұқатқысы келіп, «Ол Мақатаевті одақ мүшелігінен шығарып жіберген» деп айыптайды. Ал Әнуарды ақ­тағысы келген біреулер «Ондай ештеңе бол­ған жоқ» дегенді айтады. Бұл күнде оның екеуі де өмірде жоқ. Сондықтан жұрт­ты шатастырмай, мәселенің анығына кө­шейік.
Іс мәнісі былай: шамамен Мұқағали қайтыс болардан бірер жыл бұрын Жазушылар одағына Қазақстан Жоғарғы Со­веті Президиумының Төрағасы Сабыр Ниязбеков келіп, қаламгерлермен кездесу өткізді. Осының алдында болып өткен партия съезінің бағыт-бағдарын жұртшы­лыққа түсіндірмек. Жиналысты Әнуар Әлім­жанов кіріспе сөзбен ашып, Ниязбековке кезек берді. Төраға, бүгінгі тілмен айтқанда, Республика Президенті мінбер­де сөйлеп тұр. Арада бес минут өтті ме, өтпеді ме, артқы қатардың бірінен: «Бұл – не қыртылбай» деген дауыс естілді. Мұ­қағалидың дауысын бәріміз біле қойдық. Ақынның қатты ішіп жүрген кезі болатын. Сірә, масаңдау болса керек. Бұл жолы оны төрдегілер де, залдағылар да естімеген, біл­меген болып, елеусіз өткізіп жіберуге ты­рысты. Алайда, іс мұнымен тынған жоқ. Арада үш-төрт минут өтер-өтпесте тағы да Мұқағалидың «балтавня» деген дауысы саңқ ете қалды. Бұдан ары төзу мүмкін емес-ті. Төрде отырған Әнуар орнынан ұшып тұрып:
– Әй, қайсың барсың? Ананы алып кетіңдер! – деді сол маңда отырған жігіт­терге иек қағып.
Жігіттер өздігінен жүре қоймаған Мұ­қағалиды қолтығынан алып, қаумалап алып кетті. Міне, бар болған оқиға осы. Ал осыдан кейін одақтың басшысы Әлім­жанов жиналыстың шырқын бұзған тентекке қандай шара қолдану керек еді? Бұлар не істер екен деп, жоғарыдан қарап отырған үкімет – мынау. Әр қадамыңды аң­дыған «үш әріп» – анау! Баяғы Сталин за­маны болса, адамдар ондай қылығы үшін «итжеккенге» айдалар еді. Әйткенмен, қазір де әлгіндей тәртіп бұзғандарды жазасыз қалдыруға болмайтын-ды. Оның үс­тіне, ол кезде одақ маңында «қызып» жүретіндер көп-тұғын. Соларға сабақ бол­сын деді ме, Әлімжанов ертеңінде секретариатты шақырды да, Мұқағалиды одақ мүшелігінен шығарды. Бірақ қаулыны Мәс­кеуге жолдаған жоқ, хаттаманы өз тарт­пасына салып қойды. Өйткені, Мұ­қа­ғали да бәріміз сияқты КСРО Жазушылар одағының мүшесі ғой. Мәскеу бе­кіт­пе­ген соң, ол одақ мүшелігінен шық­қан бо­лып есептелмейтін.
Бұл арада Әнуарды айыптаудың жөні жоқ. Ол Жазушылар одағында тәртіп ор­нату­ға міндетті болатын. Тегінде, Әнуар Мұ­қағалиға жаман қараған жоқ. Екеуі бір жыл туған төл ғой. Әлімжанов Мұқағали шы­ғармаларының бөгетсіз басылуына жол ашып отырды. Мұқағалиды жоғары стипендия төлейтін Мәскеудегі екі жылдық әдеби курсқа жіберген де – Әнуар. Ақын ол курсты бітірмей жарты жылдан соң қай­тып келгені болмаса, ол көп адамның қо­лы жетпейтін оқу болатын. Жалпы, біз­дің одақта жазу­шыларға Әнуардай қам­қорлық жаса­ған басшы кемде-кем. Одақ ауласындағы конференц-зал, таудағы Шы­ғармашылық үйі, жазушыларға арналған тұрғын үйлер – бәрі де Әлімжанов тұсында салынған. Ал Мұқағали қайтыс болғанда, дереу секретариат шақырып, оның мү­ше­лігін қалпына келтірді. Ақынды жерлеу рә­сімі жоғары деңгейде өтуіне күш салды.
Менің Мұқағалимен аралас-құра­лас­тығым (қайсыбіреулерше «дос едік» деп мақ­танғым келмейді) жиырма жылға со­зылған екен. Бір-біріміздің жазған­да­ры­мызды қалт жібермей оқып отыратын едік. «Соңғы көш» жарыққа шыққан кезде Мұқағали:
– Сен өрісіңді енді таптың. Айтарың өте көп екен. Оның бәрі өлеңге симайды ғой. Прозаға көшкенің қандай дұрыс бол­ған! – деп балаша қуанып, құттықтағаны есімде.
Айтпақшы, мен Қытайда төрт жылдай сүр­гінде болып, 1962-жылы қайтып орал­ғанымда, әдейі іздеп келіп көріскендердің бірі – тағы да Мұқағали еді:
– Аранның аузынан тірі қайтқаның мұн­дай жақсы болар ма! Ел-жұртыңның тілегі қабыл болған шығар. Көр де тұр, се­нің жасың ұзақ болады! – деп еді мар­құм.
Ең соңғы рет дәмдес болғанымыз ақын қайтыс болардан екі-үш ай бұрын «Алматы» ресторанында өтіп еді. Универси­тетте бірге оқыған, көптен көріспей кеткен Жұмабек Шорманов деген жолдасым бір күні мені іздеп, Жазушылар одағына келе қалғаны. Ол бұрын Нарынқол жақта еді, таяуда Есік қаласына мектеп мүдірі болып ауысыпты. Екеуіміз жұмыс аяғына қарай қазіргі Абылай хан даңғылы мен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы «Алматы» ресторанына қарай тарттық. Жұ­мыс күні ресторанда адам аз, орын көп екен. Сол жақ қапталдағы бір үстелде Мұ­қа­ғали мен композитор Әбілахат Еспаев­тың отырғанын байқап қалдым. Біз оларға соқпай, оң қапталға бұрылып, бір бұрыш­тағы жеке орынға барып жайғастық. Өйт­кені, өз әңгімеміз өзімізде, оқу бітір­геннен бергі «қызықтарымызды» айтып тауыса алмай жатырмыз. Даяшы қызға тапсырысты молынан беріп, асықпай отырмақпыз. Біз алдымызға келген астан ауыз тиіп, бі­рер рюмканы көтерер-көтерместе, сон­дағы даяшы қыздардың бірі салфеткаға жа­зылған хат әкеліп берді. Хат емес, бір шу­мақ өлең:
Қабдешжан, ағаң менен досың отыр,
Екі-үш сомнан ақшасын қосып отыр.
Даяшыға тиыны жетпей қалып,
Абақтыға түсем деп шошып отыр, –
депті де, соңына «Мұқағали» деп қол қойып­ты. Демек, олар бізді манадан бай­қап отырған болды ғой. Енді бөгелудің ор­­ны жоқ, мен дереу орнымнан тұрып, со­­лай қарай бет алдым. Келсем, жағ­дай­лары, шынында да мүшкіл екен. Үстелдің бір бұрышында бірнеше сарқұлақ теңге­лер, ағы мен сарысы аралас бір уыс тиын үйіліп жатыр. Олары дастархан ақысына маңай­ламайды да. Екеуі бір-біріне сеніп қал­­ған ба, әлде өздерінің қолданып жүр­ген бұл да бір тәсілі ме, кесіп айту қиын. Әй­теуір, таныс жігіттердің бірі құтқарар деп отырғанда, қармаққа біз ілінгеміз ғой.
Мен ұсақ ақшаларын өздеріне қай­тарып бердім де, оларды қарызымен бірге біздің үстелге көшіріп келдім. Үстеме заказ беріп, отырысты одан ары қыздыра түс­тік. Екеуі де – сыйлайтын адамдарым. Мұ­қағали өз алдына, Әбілахат Еспаев – бір кезде «Маржан қыз» атты ән шығарып, саясатпен сіресіп қалған қазақ әуенінің бе­тіне қан жүгірткен адам. Соғыста контузия алған ба, сәл-пәл тұтықпалау. Бірақ өзі жатыпатар, айтқыш. «Мәдениет және тұр­мыс» журналынан болымсыз қаламақы алып тұрып: «Мәдениеттерің тәуір бол­ға­нымен, тұрмыстарың мәз емес екен» дей­тін – осы Еспаев. Тағы бірде Әбілахат Опе­ра театрының маңындағы гүлзарда де­малып отырса, сондағы шалдардың бірі: «Шырағым, қай рудансың» деп тақымдап қой­мапты. Көңіл-күйі болмай, басы ауырып отырған Әбілахат: «Біз – «алқаш» деген ру­данбыз» десе керек. Әлгі шал: «Апырай, ол қай жүзге жататын ру екен?» деп әлі де ұғы­на алмай отыр дейді. Сонда Әбілахат одан ары қағындырып: «Алқаштар – қазір кең тараған ру ғой. Ол үш жүздің үшеуінде де кездеседі» деген көрінеді.
Сол Әбілахат Еспаев қой – дәмдес боп отыр­ған кісіміз. Мұқағали екеуі досжар. Туысы жақын болмағанымен, жаңағы өзіміз айтқан жағдайда екеуі «рулас». Отырысымыз барынша көңілді болды. Мұ­қағали ағыл-тегіл өлең оқыды. Бір кез­де есеп айырысып, тысқа шыққанбыз. Енді тек қызыңқырап қалған қонақтарымызды үйлеріне жеткізіп салу қиынға соғып тұр. Әншейінде тұтықпа Әбілахат масайғанда сөйлей алмай, тілі күрмеліп қалады екен. Әдресін сұрасақ, адам ұқпайтын бір­деңе­лерді айтады. Оның үстіне, Еспаевтің бір жаман әдеті, ішіп алса болды, бәтіңкесін шешіп, айдалаға лақтырып жібереді екен. Жұмабек тал-талдың арасынан оның бәтіңкесін іздеп әуре.
– Оның үйін мен білем! – деді Мұқа­ға­ли.
Сонымен, екеуін де таксиге отырғызып алып, Еспаевті микрорайон жақтағы үйіне апа­рып салдық. Сонан соң орталыққа қай­та оралғанбыз. Мұқағали манағы өзі­міз шыққан ресторанға таяу, Құрманғазы кө­шесінде тұратын-ды. Ол бізді үйіне ен­гізіп дәм татырмақ болып еді, онысынан еш­теңе шықпады. Қанша төпелесе де, «гла­зоктан» сығалаған әйелі есігін ашпай қойды.
Бұл отырыс ең соңғы дидарласу екенін қай­дан білейік. Осыдан кейін мен Мұ­қа­ға­лиды көре алғаным жоқ. Мұқаң ауруханада жатыр екен деп естігенбіз. Кезекті емделуі шығар деп ойлап едік, олай болмады. Арада апта өтпей қайтпас сапарға аттанып кетті. Дәрігерлер ұзақ мерзім пайдаланған ащы заһардан бауыры езіліп кеткен деп тауыпты.
Айналып келгенде, Қасымды да, Мұ­қа­ғалиды да алып жеген – сол баяғы әді­лет­сіз қоғамның ауруы ғой. Алдымен шап­қа түртіп тулатады, жыныңа тиіп – ыза­лан­дырады, арыңа тиіп – ашындырады. Со­нан соң ащы заһар ұсынып, ашуыңды бас­қан болады. Енді біраздан соң тұла­бойыңды заһар жайлағанын бір-ақ бі­ле­сің. Мұндай ауыр сынаққа хрусталь нервілі нәзік жандар төтеп бере ала ма?
«Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын, Шамырқансам, шатынап сынар болатпын» демей ме Махамбет. Қасым да, Мұқағали да – сол Махамбеттің сойынан ғой. Бізде құл саналы, киіз нервілі көмпістер жетіп артылады. Ендігі тілек – өмірде өте аз ұшырасатын хрусталь нервілі, нәзік жанды, шамырқанса шарт сынатын тектілердің тұқымы үзілмесе екен!

(2013 жыл, желтоқсан).


Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Trending Articles