Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客 » sjanbolat
Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

ӨЛЕҢСӨЗДІҢ КӨГІНЕН...

$
0
0

ӨЛЕҢСӨЗДІҢ КӨГІНЕН...
http://writers.kz/medialibrary/images//679276_1718255691____________________________________10.jpg

Қазақ елінің, қазақ өлеңінің Фаризасыз өтіп жатқан өміріне қырық күн толды.
«Жастығы мен талантының бірдей жарқылдаған сәтін» көрмеген ұрпақ Фаризаның «шамырқанғанда шарт сынатын болат» мінезін, өлеңі арқылы ойын, сезімін асқақ әрі ашық айта алатын болмысын көрді. Бала, тіпті немереге жарайтын буын ақын жырларын өз жүректерінен шыққан лебіз деп ұқты. «Мазасыз шақ» жинағы шыққан сәтте-ақ қазақ өлеңсөзінің көгіне қалықтап шыққан ақынның артынан аңыз ерді. Әбіш Кекілбаев: «Маған өзінен бұрын сөзі жетті» десе, бізге сөзінен де бұрын «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» деген ән мен аңыз жеткен.
«Махаббаттың ләззатымен қатар адам төзгісіз машақатын» (Пушкин) ғазалдарына өріп, ішкі арпалысын жасырмай жырына қосты. Қазақ қызына жат деп есептелетін бұл қылық Фаризадан кейінгі ақын қыздарға үлгі болған-ды.
Мен сонда жылап қалғам,
Сен сезбедің. Кетті ұшып жыраққа арман.
Бұның бәрі неліктен? Білесің сен –
өзіңді ұнатқаннан.
Сосын-сосын жүргеннен ұмыта алмай,
Алып ұшып жеткенде жырақтардан.
Кездеріңді алдымда құлап-талған,
Өліп-өшіп өртенген кезеңдерің,
сосын...түк болмағандай безергенің.
Осыларға түсінбей мың ақтарғам,
Басым қатып шешілмес сұрақтардан.
Сезіміңнің соншалық жалғандығы
Сен үшін бір сәт екен арман құны!
...Мен сонда жылап қалғам,
Өзіңді жек көргеннен және де
...ұнатқаннан!
Фариза Оңғарсынованы кейінгі ұрпақ жамиғатқа сөзі өтетін екі адам болса, со­ның бірі деп қабылдады. Айтқаны заң, бұйырғаны орындалмай қалмайтын адуынды ана деп түсінді. Жыры қызыл сөзден аулақ, тегеуріні тепсініп тұратын, ішкі қуаты мол ақын ретінде жақсы көрді. Қатал болса да әділдігін айтатын, жақыны болса да кем­шілігін жасырмайтын, халық дегенде бұғып отыра алмайтын қазақтың батыр пер­зенті деп сүйді.
Әдебиетші қауым жұлдызы оңынан туған, бағы өзгелерден бес елі артық екенін айтпаса да, іштей мойындады. Өлеңге адалдығын, қанымен біте туған талантын сезді. «...Өмірдің өткелдерінен қиындық көп көргеніммен, өртеніп от басқаныммен, өзіңмен қоштаспадым мен; күлкімді, жайлы күнімді, азапты, қайғы-мұңымды өзіммен бөліскенің үшін, қатем мен жеңістерім үшін, менің мынау қиындау тағдырым болып, о баста көріскенің үшін, Өлең, мен сені аялап өтем!” деген ақын өмірден озғанынша осы сертінен айнымағанын көрдік.
«Фариза... Көп қазақтың құлағына бұл сөз Париза болып шалынады. Оның кө­лі­гі­нен түсіп жатқанын көріп, ағылып алдынан шыққан ағайынның: “Пәризамыз келіп қа­лыпты ғой!” – деп еміренгендерін талай естідім. Пәриза... Пәризамыз... “Пәлі, ри­за­мыз” дегендей болып естіледі» деп жазған екен Әбіш ақсақал. Қазақ поэзиясына дүр­кіреп келіп, сол екпінмен күркіреп өте шыққан, қазақ ақын қыздарына соны соқ­пақ салып кеткен аяулы жанға, ардақты адамға соңында қалған халқы да разы!

--------------------------------------------------------------------------------

Фариза

Таңданған талантына тау, даласы,
Паңданған падишалармен бар таласы.
...Шынияз, Шернияз бен Шәлгез ақын,
Аңыраған Асанқайғы арғы атасы!

Арлаған адалдықты, ардақ ойды,
Жұртымен жоққа көнді, барға тойды.
Қайсарлық – қайран елін қамқорлаған
Қалған ғой Қазтуғаннан қарға бойлы.

Ержүрек, ерке мінез, еркін-басы,
Ерекше Махамбеттей өр тұлғасы.
Әулиесі – Әбу абыз, Хамит ақын,
Ақындар Атырауының төл тумасы.

Сайланған сәйгүліктей ер-тұрманы,
Жұмекен, Меңдекештер бертін жағы.
Қолдаса қолтығынан қос Зейнолла,
Тулаған талантының толқын жалы.

... Қалды елде бал дәурені, бал жескені.
Аяулы, ардақтысы, арда өскені –
Дарынның даңқтысы, шабыттысы
Нарынның Нұралыдай наркескені.

Осы елде әншіл, сері, ойшыл ұлдар –
Табылдың әуеніне бой шымырлар.
Жәниба, Әлия мен Бақытгүл бар,
Көрмеген қорлығы жоқ Қойшығұл бар...

Осы елде мың-сан жүйрік қырда желген,
Шашақтап жал-құйрығын жырдан өрген.
Шаңқанбоз – шыға шауып туған елден
Тұтасқан Өлең атты сырлы әлеммен!..

Сақталған сол еліне бар ризасы,
Мақтанған Фаризамен кәрі-жасы.
Апталған алтынменен фамилиясы –
Ұлтының ұлықтаған
ФА-РИ-ЗА-СЫ!

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ.

--------------------------------------------------------------------------------

Жоқтау

Сыңсып барып сұлады сыңар қайың,
Ұлы Дала шығарды ұлардай үн.
Аңыратып Алашты кете бардың,
Анамыз ең жебеуші Ұмайдайын.

Жегідей жеп жауапсыз сұрақтар мың,
Жырыңменен жұртыңа сыр ақтардың.
Қан базарда қапыда анасынан
Құлынындай көз жазған жылап қалдым.

Фариза, Фариза – ақын, Фариза – ана,
Кіріптармыз бір қатал қағидаға.
Бұйырған жазмыш Қадыр, Тұманбайға,
Төлеген мен Жұмекен, Сағиға да.

Жылай жүріп жетілген жетімің – мен,
Жетіміңнің қайтпады беті кімнен?!
Жігітсің ғой, жігерлен, жасыма деп,
Кейде сипап қоюшы ең кекілімнен.

Сан ағысын тағдырдың жалдап шыққан,
Арда күндер енді артта қалды аптыққан.
Жүректерде жырың мен сырың қалды,
Мұқағали рухын ардақ тұтқан.

Фариза қыз – дәуреннің даңқы қалды,
Толған көңіл арнасы жартыланды.
Жабығынан жалғанның мәңгілікке
Арамыздан шын дүние тартып алды.

Фариза-ән енді өзіңсіз шырқалады,
Ашылады өзіңсіз күн парағы.
Қанатында жырыңның ер жетеді,
Қазағыңның сан толқын ұрпағы әлі.

Сан мұңайып, әлі сан шаттанар ел,
Сақталады, жырларың жатталады өр.
«Том-том болып дүкендерден табыларсыз»
Аспаныңа алаңсыз аттана бер.
Алдыңнан жарылқасын!..

Мұрат БЕКЕЙ.

--------------------------------------------------------------------------------

Апа деп жаздым...
Құлады алып Бәйтерек,
Жыр болып жанар қайта кеп.
Туғанына тәубе ақынның,
Туылмай кетсе қайтер ек.

Жоғалттық қолдан жақұтты,
Тоқтатар кім бар уақытты?
Қырандай самғар қыз туған,
Қазағым қандай бақытты!

Өлеңнің өшпес ай-күні,
Алаштың болды айбыны.
Көз жазып қалған қызынан,
Қазағым бүгін қайғылы.

Мұңымыз қазір боталы,
Жоқтау да бүгін жоталы.
Атырау – атам жылап тұр,
Фаризалардың отаны.

Жанға да түсті өгей сын,
Жұбатар жұртың көбейсін.
Жылайды Жайық – анамыз,
Жылама, жаным, дегейсің!

Жырыңмен аспан кеңейсін,
Жұртыңа мәңгі мерейсің.
Ғарышта жанса бір шырақ,
Фариза-жұлдыз дегейсің.

Ажалды қалай бөгейсің,
Ащы бір жырмен демейсің.
Алдыңнан жәннат ашылсын,
Алашың арзу дегейсің.

Жаныңды жырмен демейсің,
Амалың қайсы, не дейсің?
Қуанып тапқан қазағың,
Құлазып қалды дегейсің,
Дегейсің, жұртым, дегейсің.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ.

--------------------------------------------------------------------------------

Түн жылайды

Түн жылайды жұлдыздар селдеп жасы,
Күн жылайды бұлттарға бетін басып.
Ағыл-тегіл асфальт та өкситіндей,
Қаңтардағы Алматы ылай тасып.

Қар жауатын жөні еді қыс басымен,
Ақ бояуын бұлт қимай түнере қап...
Жапырақсыз қарағаш қара байлап,
Жыр басынан ұшыпты үдере бақ.

Екі дүние паш етіп айырмасын,
Фәни-бақи... белгілі жаңылмасы.
Ақ қайыңның жалаңаш бұтақтары –
Жыр әлемнің қайысқан қабырғасы.

Сабыр, сабыр, сабырла, сабырла түн,
Жалған дүние қақпасы жабылғасын.
Қараң-құраң тірілер арасынан,
Мойындаймыз Фариза табылмасын.

Сабыр, сабыр, сабырла, сабырла күн,
Жалған дүние қақпасы жабылғасын.
Шуақ жыры жұбатар мұңлы қызды,
Түсіндіріп мұңсыз жан табылмасын.

Қайсарлықтан із қалды жырларында,
Бір сыққызған көз жасын тыңдарында.
Күрсініп ап бір терең демалатын,
Кең тынысты отты өлең, жыр барында.
Қан тамырда айналар Фариза-жыр,
Жүректерде тәп-тәтті мұң барында!

Қалампыр КЕНЖЕҒАЛИҚЫЗЫ.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Trending Articles