Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客 » sjanbolat
Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Шетелдегі балаларды бақылауға аламыз деген – бос сөз

$
0
0

Шетелдегі балаларды бақылауға аламыз деген – бос сөз

Уақыты: 12.03.2014. Бөлімі: "ЖАС ӨРКЕН" ЖШС, ҰЛАН. Ілмек: «Шетелдегі қазақ балалары», Алаң, Жанар Байсемізова, қарлығаш досанова

Жанар БАЙСЕМІЗОВА, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы:

Шетелдегі балаларды бақылауға аламыз деген – бос сөз

http://zhasorken.kz/wp-content/uploads/2014/03/03-300x267.jpg

1999 жылдан бері 9 мыңға жуық бала шетелге сатылыпты. Оның 6 мыңдайы америкалық атанды. АҚШ-тан қазақстандық балалардың жай-күйі туралы ақпарат беруді енді талап ете бастадық. Әзірге тағдырлары белгісіз деген 600-дей баланың 118-і туралы мәлімет алынған. Ал, 30-дан аса елдегі тарыдай шашылған қарагөздердің жай-күйін кім сұрайды? Ресми қағазбен «жағдайы жақсы» дегенге нана салуға бола ма?! Әйтсе де, елге сыймай кеткен кішкентай тағдырлар ол жерде жылап жүрсе, не істей аламыз? Өзіміз жебей алмаған соң, өзгеге өңгеріп жібердік емес пе?! Жуырда бас прокурор Асхат Дауылбаев соңғы екі жыл ішінде балаларды асырап алу кеміп, заңсыз саудалау жиілегенін мәлімдеді. Осы кезге дейін 165 қазақстандық бала заңсыз жолмен «асырап алынған». Елімізде бір баланы шамамен 3 мың долларға сатады екен. Сосын ата-анасыз қалған балалардың шамамен 10 пайызын ғана Қазақстан азаматтары асырап алатын көрінеді. Қалғаны шетел асып кете барады. Осы жайлардан соң, шетел асқан қазақ балалары туралы сұраған оқырмандар көп. Әзірге шетелдегі қазақ балаларының жай-күйін журналист Жанар Байсемізовадан артық ешкім білмейді-ау. Көзбен көргеннің жөні басқа, әрине. Әріптесіміз бізбен эфирде айтылмаған пікірлерімен бөліскен еді.

Ұлан: «Шетелдегі қазақ балаларының» әр хабарын көрген сайын көкейде алуан сұрақ туындайды. Біз экраннан көрген бағдарламалар қаншалықты шынайы? «Шетелдік ата-аналар қазақ баласына өтірік еміреніп тұрған жоқ па?!» деп қаламыз кейде.

Ж.Байсемізова: Әрине, «Бұлары жасанды қылық емес пе, шынымен жақсы көре ме?» деген сауалдар мені де мазаламай қалған жоқ. Бағдарламада өзімнің ойымды халыққа таңбауға тырысамын. Журналист ретінде бейтарап қалыпты ұстану қажет. Дегенмен әр сөз, әр детальмен халыққа ой тастауға талпынамын. Мен айтқан ойды өздері қорытындыласа, астарына үңілсе деймін. Бейнекөріністер алдамайды. Ол жерде адамның шынайы бейнесі бәрібір көрінеді. Әлбетте баланы басқа мақсатта асырап алатындар да болуы мүмкін. Бірақ, біз бұны ешқашанда біле алмаймыз…

Ұлан: Осы күнге дейін біраз елдегі қазақ балаларының жай-күйімен таныстыңыз. Қай елдегі асыранды балаларымыздың жайы тәуірлеу екен?

Ж.Байсемізова: Еуропа елдерінің біразын араладық. Испания, Бельгия, Германия, Италия, Франция, Ұлыбритания, Швейцария т.б. Сондай-ақ, жобаның екінші маусымы АҚШ пен Канада мемлекеттерінде жалғасты. Қазақстандық жетім балалар дамыған елдерде өмір сүріп жатқандықтан, көпшілігінің тұрмысы тәуір. Дегенмен, Қазақстаннан бала асырап алғандар арасында миссионерлер де, тұрмысы жақсы азаматтар, жағдайы орташа, төмен, жалғызбастылар, аралас некедегілер, ажырасқандар да кездеседі. АҚШ-та тұратын қазақ балалары ұлттың тарихынан, мәдениетінен, тілінен, салт-дәстүрінен, тұрмысынан хабардар. Олар қазір ешнәрседен таршылық көр-мей өсіп жатыр. Бірақ, олар туған елден жырақта өмір сүреді…

Данияр Қазақстанның командасында ойнағысы келеді

Ұлан: «Кейін ержеткенде Қазақстан футбол құрамасында ойнағым келеді» деген Даниярдың сөзіне елжіремеген жан жоқ шығар?! Ал Салтанат есімді қыз кейін өзі армандаған Олимпиадаға қатысар. Тек Бельгия атынан. Өкініштісі, шетелге сатылған қазақ балалары туған халқына жатбауыр болып кетердей көрінеді…

Ж.Байсемізова: Данияр Германияда тұрады. Асырап алған әкесі – сот төрағасы, анасы – заңгер. Олардың Даниярға дейін туған екі баласы бар. Бірақ неміс азаматтары қазақтың ұланын алақанына салып бағып-қағуда. Осы отбасынан шынайылық сезіледі. Даниярға барлық жағдайды жасаған, туған халқынан тамырын үзбеуге талпынады. «Өскенде Қазақстан футбол құрамасында ойнағым келеді» деген баланың сөзіне асырап алған әкесі: «Ол үшін алдымен қазақ тілін үйрену керек» деді. Сол бағдарламаны «Данияр өскенше елімізде қазақ тілінің де көсегесі көгеріп, қазақ футболы да көркейетін шығар» деп аяқтап едім. Данияр Қазақстанға келіп тұрғысы келетінін айтты. Дегенмен, ол әлі бала, өскенде оның таным-түсінігі қалай өзгеретіні бізге беймәлім. Бірақ, біз Даниярмен және ол сияқты мыңдаған қазақ баласымен қарым-қатынасты жоғалтпауға міндеттіміз. Бельгияда тұрып жатқан семейлік Салтанат та – өте дарынды қыз. Олардан басқа АҚШ-та, Канадада жолыққан қазақ ұл-қыздарының әрқайсысы намысшыл, қазақ десе елеңдеп тұрады. «Бұл балалардың арасынан қаншама алып тұлғалар шығар еді-ау» деп әу баста ойлануымыз керек еді.

Бала асырап алу – 30-40 мың евро

Ұлан: Қазақ баласының құны қаншаға бағаланады? Елден кеткен балалардың жайын арнайы комитеттер дұрыс бақылап отыр ма?

Ж.Байсемізова: Әлем бойынша жетім балаларды асырап алуда АҚШ көш бастап тұр. Екінші орында – Испания, сосын Бельгия. Жалпы, әлемнің 30 елінде қазақстандық жетім балалар бар, тіпті Африкада да. Үндістер де қазақ баласын асырап алған. Көрші қырғыз ағайындар да. Қазақ тұқымының сынықтары шартарапқа шашылып кетті. Енді оларды жинау мүмкін емес. Олардың өмірін үзбей қадағалап отырамыз деу ақылға сыймайды. Әр баланың үйіне кіріп, ата-анасымен танысуға, олардың қандай адамдар екенін білуге, ақыл-есі дұрыстығына көз жеткізуге ешбір құзырлы мекеменің құлқы жоқ. Уақыт та тапшы. Ал шетелдік агенттіктер осы балалардан табыс тауып отырғандықтан, «олардың жағдайы керемет» деп жалған ақпарат берулері де мүмкін. Сондықтан «шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының тағдырын қатаң бақылауға аламыз» деген – бос сөз. Қазіргі бақылаудың деңгейін айтайын. Шетелдік ата-аналар балалар туралы ақпаратты агенттіктерге жолдайды. Агенттік сол елдегі Елшіліктегі консулдық бөлімге, ал консулдық бөлім елдегі Балалардың құқығын қорғау комитетіне жолдайды. Кейде агенттіктер есепті тікелей комитетке жібереді. Шетелдегі Қазақстанның Елшіліктері мерекелерде қазақ балаларының басын қосып тұрады. Мысалы, Бельгия, Италия, Германия, АҚШ, Канада мемлекеттеріндегі консулдардың еңбегі орасан. Нью-Йорктегі Бас консулдық балаларды жиі жинайды. Сондай-ақ, АҚШ-та Сара есімді қазақ қызын асырап алған Сюзен Саксон деген әйел «Қазақ ауылы» ұйымын ашқан. Соның аясында жыл сайын қазақстандық балаларға «Жайлау» атты жазғы лагерь ұйымдастырады. Бұл жерде еліміздің тарихы, мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі, ұлттық тағамдарынан дәрістер өткізіледі. Еуропа елдері бір бала асырап алу үшін 30-40 мың евро жұмсайды. Ал, осыдан бес жыл бұрын АҚШ азаматтары біздің елден бала алу үшін 25-30 мың долларға шығындалатын. Әзірге уақытша мораторийге байланысты америкалықтарға Қазақстан бала бермейді. Еуропа елдері мен Канада 2013 жылдан бастап ондаған баланы алып кетті.

Ұлан: Шетелдік ата-аналар тарапынан сізге эфирде «мынаны айтпаңыз, мына жайды түсірмеңіз» дейтін шектеулер кездесе ме?

Ж.Байсемізова: Иә, қазақстандық балалармен кездесу үшін ең алдымен сол шетелдіктерден рұқсат алынады. Олардың басым бөлігі балаға, өздеріне қандай сұрақтар қойылатынына дейін сұрайды. Көпшілігі бұл жобаны баласыз ата-аналарға көмек болады деп ойласа, кейбірі өздері асырап алған баланың бақытты екенін көрсеткісі келеді. Ал кейбірі олардың Қазақстанмен байланысының үзілмегенін қалайды. Рас, кейбірі эфирде баланың түрін көрсетуге, шын аты-жөнін айтуға рұқсат бермейді. Содан өз дегенімізге ұзақ келісімдерден соң қол жеткіземіз.

Нью-Йорктегі Жанна анасының есімін ұмытпапты

Ұлан: Сізге елдегі туыстарын, досын, туған анасын есіне түсіріп, сыр бөліскен балалар бар ма?

Ж.Байсемізова: Балалардың көпшілігі ес білмей елден кеткендіктен, естерінде ештеңе қалмаған. Италияда Қазақстаннан келген балалармен кездескен едік. Сол кезде бір бала жаныма келіп амандасып, «балалар үйіндегі менің досымды көрдіңіз бе, оған сәлем айтыңызшы» деді. АҚШ-та тұратын Ермек деген он үш жасар ұл бала бар. «Неге менің туған ата-анам жалған ақпарат берген? Неге өз аты-жөндерін, қайда тұратындарын айтпаған?» деген сұрақ қойды маған. Ұзақ үнсіздіктен кейін өз сұрағына өзі жауап қатты. «Іздесе, таба алмасын деген шығар?» дейді. Мен ешнәрсе айта алмадым. Өкініштен, күйіктен, құсадан тынысым тарылып кеткендей болды. Темірлан деген он алтыға толатын жігіт туған әке-шешесіне ешқандай сезімі жоқ екенін айтты. Өйткені, оларды танымайды. Дегенмен, туған ата-анасын өмірінде бір рет болса да көргілері келетінін балалардың көздері айтып тұрады. Дауыстары дірілдеп, көңілдері босап кетеді. Осы сәтте шығармашылық топ та, бала да үнсіз қыстығып қаламыз. Нью-Йорктегі Жанна деген кішкентай қыз анасының есімін әлі ұмытпапты. Ал анасы оны есіне ала ма?! Қабырғаны қайыстыратын сұрақ…

Ұлан: Шетелдіктер мен өз отандастарымызға бала асырап алуда қойылатын талап-шарттар бірдей ме?

Ж.Байсемізова: Шетелдіктерге қойылатын талаптар әлдеқайда көптеу. Шетел азамат-тары алдымен өз елдеріндегі агенттіктердің көмегіне жүгінеді. Көптеген психологиялық тексерулерден өтеді. Олардың бұрын сотталған-сотталмағаны, қандай да бір жауапкершілікке тартылған-тартылмағаны, кішкентай кезінде қандай отбасында өскендігі – бәрі-бәрі жіті тексе-ріледі. Осыған қарамастан, қазақ балаларын асырап алған шетелдіктер арасында ақыл-есі дұрыс емес адамдар да баршылық. Америкалық отбасының қазақстандық балаларға әлімжеттік, қорлық көрсеткен оқиғалары естеріңде шығар? Сондықтан біздің елден бала алған барлық шетелдік азаматтардың ойы кіршіксіз таза деп айтуға келмейді. Мемлекет өз азаматтарымыздың бала асырап алуын жүйелесе, жеңілдетсе деген тілегім бар.

Ұлан: Түйіндей келе, балаларымызды шетелдіктерге асырап алуға бергеніміз қаншалықты жөн дер едіңіз?

Ж.Байсемізова: Дамыған елдердің бірде бірі сыртқа бала бермейді. Ал, біз дініне, ұлтына қарамаймыз, оңды-солды тарата береміз. Бір жағынан, жетім атанғанша, қай ұлт болсын асырап алғаны дұрыс па деп те ойлайсың. Бірақ, қазақтың қанша тұқымы мұхит асып жатыр. Олар елден мәңгілік алыстайды. Сол балдырғандарға өзіміздің қорған бола алмағанымызды ойлап күйінемін. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы қазақтың трагедиясын ашып көрсетіп жатыр. «Ұланның» кішкентай оқырмандары есейгенде Қазақ елінде жетімдер үйі болмайтын шығар. Шетелдерде қандас бауырларың өсіп келе жатқанын ұмытпаңдар, балалар.

Түйін: Қазір әйтеуір бұрынғыдай 30 елге шашыратып жібермейміз. Тек 8 елге бала беретін болдық. Украиндар шетелдіктерге бес жастан асқан балаларын ғана асырап алуға береді. Бізге де ескеретін жайт екен. Елімізде асырап алушыға ай сайын жәрдемақы төленсе, сол жетімдерді бауырға басар қорған өз елімізден де табылар, бәлкім. Ресейде бала бағып алғандарға жәрдемақымен қоса, баспана мәселесіне де жеңілдік қарастырады екен. Ал өзі баспанасыз жүрген қазақтар жетім қалған бауырына қалай пана бола алады?!

Қарлығаш ДОСАНОВА

(«Ұлан», №10. 11.03.2014)


Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Trending Articles