“САЙЛАУДАН КЕЙІН ДЕВАЛЬВАЦИЯ БОЛУЫ МҮМКІН”
aidos_sarym_2013_03_12_0
2015/02/23 Әр тараптан 4 Пікір 481 Рет
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
САЙЛАУДАН КЕЙІН ДЕВАЛЬВАЦИЯ БОЛУЫ МҮМКІН
– АЙДОС АҒА, АЛДА КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ ӨТПЕК. БИЛІКТІҢ ОСЫЛАЙ ТОСЫН ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУЫНА НЕ СЕБЕП БОЛЫП ОТЫР?
– Қазақстанда өткен сайлаулардың тарихына назар аударсаңыз, біз – кезектен тыс сайлау өткізуде алдымызға жан салмайтын елміз. Меніңше, бұл сайлау идеологиясы һәм идеясы тұрғысынан 1999 жылғы сайлауға өте ұқсас болуы мүмкін. Себебі 1999 жылғы сайлау тұсында әлеуетіміз құлдырап, экономикалық жағдай қиындап кеткен болатын. Сол кездегі Шығыс Азиядағы экономикалық дағдарыс, теңгенің құнсыздануы сияқты үрдістер кезектен тыс сайлау өткізуге себепкер болған-ды. Қазір бізге девальвациядан басқа оңды жол қалмады. «Бәрі керемет, барлығы тамаша» десек те, экономикалық жағдайымыз мүшкілденіп барады. Сондықтан билік халықтың көңілі кішкене тоқтау кезде сайлау өткізіп алғанды жөн санайды. Олар сайлау-ды өткізгеннен кейін девальвация секілді халықтың қытығына тиетін экономикалық шараларды өткізуге бел байлайды. Биліктің тосыннан шешім қабылдауының логикасы осыған саяды. Енді өзіңіз ойлаңыз, ертеңгі күні мұнай бағасы тым құлдырап кететін болса, мемлекеттің жайы не болмақ? Қазірдің өзінде Ұлттық банкіміз, мемлекетіміз теңгенің бүгінгі бағамын ұстап отыру үшін талай қаржысын шығындауға мәжбүр болып отыр.
– ДЕМЕК, САЙЛАУДАН КЕЙІН ЖАҒДАЙЫМЫЗДЫҢ НАШАРЛАЙ ТҮСЕТІНІН БОЛЖАП ОТЫРСЫЗ ҒОЙ?..
– Ресей рублі мен Қазақстан теңгесінің арасындағы қайшылықтың салдарынан біздің біраз қаражат Ресейге барып құйылды. Қазір ол жақтың тауарының бағасы арзан болғандықтан, біздің халық Ресейге ағылуда. Бұлай теңгенің бүгінгі курсын ұстап тұру мүмкін емес. Алда тек Қазақстанның емес, көптеген елдердің экономикалық жағдайы қиындайды. Қазір Қазақстанның ең ірі деген компанияларының рейтингісі төмендеп барады. Бұл Қазақстанның шетелдегі акциялары бағасының құлдырайтынын білдіреді. Теңге мен рубль арасындағы айырмашылық та отандық тауар өндірушілерді тығырыққа тіреп тастады.
– БҰЛ САЙЛАУДЫҢ БҰРЫНҒЫ САЙЛАУ-ЛАРДАН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ БОЛА МА? ЖОҚ ӘЛДЕ БҰРЫНҒЫ СЦЕНАРИЙ ҚАЙТАЛАНА МА?
– Менің ойымша, біріншіден, 1999 жылғы қисын қайталанады. Екіншіден, Назарбаевтың ел тізгінін ұстаған жылдардағы қалыптасқан басқару стилі, үрдісі бәрімізге белгілі. Осыған дейінгі сайлауларда біздің көріп, байқап жүргеніміз екі-үш-ақ тәсіл. Сол тәсілдерден өзге ештеңе болмайды деп ойлаймын. Қазірдің өзінде біреулер кезектен тыс сайлау өткізуді, ал екіншілері референдум жасауды айтып жатыр. Ертең президентіміз шығады да: «Мен Конституцияның талабы бойынша сайлау өткізу керек деп ойлаймын», – дейді. Меніңше, сайлаудың сценарийі осылай өрбиді.
– ОППОЗИЦИЯЛЫҚ КҮШТЕР БИЛІКТІҢ САЙЛАУДЫ КЕЗЕКТЕН ТЫС ӨТКІЗЕТІНІН ЖИІ СЫНҒА АЛАДЫ. УАҚЫТТЫҢ ТЫҒЫЗДЫҒЫ СЕБЕБІНЕН САЙЛАУҒА ТҮСУГЕ ДАЙЫНДАЛА АЛМАЙ ҚАЛДЫҚ ДЕП ЖАТАДЫ...
– Рас. Бізде көбіне сайлау кезектен тыс өтетіндіктен оппозициялық күштер саяси науқанға дайын болмай жатады. Бірақ мұны сынаудың қажеті жоқ. Қандай билік болмасын халықтың қолдауын, сенімін, мандатын алуға тырысады. Мәселе – олардың мандатты қандай жолмен алатынында. Билік қарсыластарының алдын орап кету үшін осылай кезектен тыс сайлау өткізіп жатыр делік. Демек, қарсыластар бұған да дайын болуға тиіс. Егер сайлауға дайын емес болса, сол партияның, сол саяси ұйымның жұмыстарында ақаулық бар деген сөз. Негізінен саясат заңға емес, логикаға, қажеттілікке бағынады. Егер сайлауға деген қажеттілік туындайтын болса, онда сайлау өтуі керек. Кез келген партия тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн қандай сайлауға болмасын дайын болуы керек.
– ОСЫ САЯСИ НАУҚАНДАРДЫҢ БӘРІ КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ЗАҢДАРЫ ШЕҢБЕРІНДЕ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР МА?
– Қазіргі Конституциямыз кезектен тыс сайлау өткізуге де, референдум жасауға да мүмкіндік береді. Сондықтан кезектен тыс сайлау өткізуді конституциялық механизм деп қарастыруымыз қажет. Десек те, билік әрдайым Конституцияның аясынан шықпауды ойлап отыруы керек сияқты. Кешелі бері «Альянс блогеров Казахстана» деген ресейшіл топ сайлаудың қажеті жоқ екенін айтып дабыл қағуда. Менің ойымша, мұндай тәсіл Ресейге, Қазақстанның оқшаулануын қалайтын реакцияшыл топтарға тиімді. Қазір Конституция аясынан шығып, Назарбаевтың мерзімін сайлау өткізбей созатын болсақ, Батыстың демократиялық мемлекеттері мен сая-си ұйымдары бізден теріс айналады. Ресейден басқа сенетін ешкім қалмай, Ресейдің қолтығына одан әрі кіре түсеміз. Сондықтан жақсы болсын, жаман болсын сайлау механизмінен ажырап қалуға болмайды.
– ЕСКІ СЦЕНАРИЙ ХАЛЫҚТЫ ЖАЛЫҚТЫРДЫ ДЕП ОЙЛАМАЙСЫЗ БА?
– Біздің мемлекет әлемдік үрдістен асып ешқайда бармайды. Латын
Америкасы, Азия және басқа мемлекеттермен салыстыратын болсақ, Қазақстанның ешқандай артықшылығы жоқ. Осы уақытқа дейінгі сайлаудағы сценарийлерді
Назарбаев ойлап тапқан жоқ. Көптеген авторитарлы елдер осы жолды жүріп өтті. Сондықтан біз ескі сценарийді жаңартуды ойлауымыз қажет. Назарбаевтың өзі ел басқарған 25 жылдың ішінде шын мәнінде бір бәсекеге түсіп көрген жоқ. Меніңше, сондай бір бәсеке қажет.
– 1999 ЖЫЛҒЫ САЙЛАУДА БӘСЕКЕ БОЛДЫ ҒОЙ?..
– Иә, ол сайлауда біршама бәсекелестік болды. 2005 жылғы сайлаудың да өзіндік ерекшеліктері бар еді. Мен соңғы сайлауларға сын көзбен қараймын. Назарбаевқа
Ерасыл Әбілқасымов, Амантай қажы, Мэлс Елеусізов секілді азаматтарды жеңу абырой әкелмейді. Елбасымыз бала-шағасының, шетелдіктердің алдында мақтануы үшін өзіне лайық қарсылас керек. Сонда ғана жеңістің қадірі пайда болады. Меніңше, саяси сахнаға жаңа буын саясаткерлерді, жаңа тұлғаларды, жаңа есімдерді алып шығатын уақыт келді. Әйтпесе «ойыншық кандидаттар» президенттікке үміткер дегеннің өзін күлкілі нәрсеге айналдырып жіберді.
– ОСЫ САЙЛАУДАН ҚАНДАЙ КАНДИДАТТАРДЫ КӨРГІҢІЗ КЕЛЕДІ?
– Немістің мықты бір жазушысы «Егер белгілі бір ұлттың тағдыры бір адамға ғана байланып тұрса, ол ұлтқа аямай дүре соғу керек» депті. БІЗДІҢ КЕЙБІР САЯСАТКЕРЛЕРІМІЗ «НАЗАРБАЕВҚА БАЛАМА ЖОҚ» ДЕЙТІН БОЛСА, ОЛ – БІЗДІҢ ҰЛТТЫҢ КЕМШІЛІГІ. ОНДА БІЗДІҢ ҰЛТҚА АЯМАЙ ДҮРЕ СОҒУ КЕРЕК. Демек, 17 миллион адамның тағдырын бір адамның қолына беріп, өзіміз жауапкершіліктен жалтарып отырмыз деген сөз. Менің ойымша, бүгінгі саясаткерлер мен болашақ саясаткерлердің ішінде президенттікке лайық жүздеген адам жүр. Солардың бір-екеуі сайлауға қатысса да жеткілікті болар еді.
– ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХЫНДАҒЫ САЙЛАУЛАРДЫҢ НӘТИЖЕСІНЕ БАҒА БЕРСЕҢІЗ. 90 ПАЙЫЗДАН АСА ДАУЫС ЖИНАУ САЙЛАУДЫҢ ӘДІЛДІГІНЕ КЕПІЛ БОЛА АЛА МА?
– Жоқ, сайлау нәтижесі әділдікке кепіл бола алмайды. Әлемдегі дамыған елдердің сайлау нәтижелеріне қараңыз. Ең көп дауыс жинағандары 70 пайызға әрең қол жеткізіп жатады. Меніңше, «Назарбаев 97-98 пайыз дауыс алуы керек, одан төмен болмауы тиіс» дейтіндер Елбасымыздың жеңісін ойыншыққа айналдыруды көздейтіндей. Елбасының жеңісін 98 пайызға, 100-104 пайызға итермелеу дұрыс емес.
– ҚАЗІР САЯСИ САХНАДА ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДАРЫ ТӨБЕ КӨРСЕТЕ БАСТАДЫ. ОЛАРДЫҢ ІШІНЕН САЙЛАУҒА ТҮСУІ МҮМКІН КІМДЕР БАР?
– Бүгінгі күні «ескі оппозиция» деген ұғым өлді. Жөні түзу оппозициялық партиялар қалмады. АЛДАҒЫ 4-5 ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙТІН, ҚАЗАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЕН ЖҮРЕТІН АЗАМАТТАРДЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ ШАҒЫ БОЛАДЫ ДЕП ОЙЛАЙМЫН. Өйткені демографияның өзі осыған әкеле жатыр. Яғни ұлтшылдар белгілі бір қоғамдық күшке айналуы керек. Қазірдің өзінде саяси-экономикалық білімі бар, мемлекеттік, қоғамдық қызмет сатыларынан өткен Әміржан Қосанов, Расул Жұмалы, Мұхтар
Тайжан секілді жігіттер бар.
Сұхбаттасқан Асыл БІРЛІК
("Жұлдыздар отбасы" журналы, №5, 2015 жыл)
↧
“САЙЛАУДАН КЕЙІН ДЕВАЛЬВАЦИЯ БОЛУЫ МҮМКІН”
↧