Бұрынғы күйеубаланы кiм өлтiрдi?
ОНЫҢ ЖҰМБАҚ ҚАЗАСЫНАН ӘЛДЕКIМНIҢ ҚОЛЫНЫҢ ТАБЫ СЕЗIЛЕТIНДЕЙ...
Рахат Әлиевтiң өлiмi туралы хабарды қазақ қоғамы енжар қабылдады. “Өлмесе, өмiрем қапсын!” дегендей құдды. Тiптi оның өлiмiн заңдылық деп түсiнгендер де табылды. Әлиевтiң өлгенiн Аустрияның ресми түрде мәлiмдеуiн күтпей-ақ Уикидепия “Рахат Мұхтарұлы Әлиев (Шораз); 10 желтоқсан 1962 жыл, Алматы, Қазақ КСР-ы – 24 ақпан 2015 жыл, Вена, Аустрия” деп жазды. Неткен жеделдiлiк!
Өлiмнiң аты – өлiм деймiз ғой. Бiрақ Әлиевтiң өлiмi – басқа өлiм. Ақ өлiм емес, әйтеуiр. Қазақ қоғамының қайғылы хабарды енжар қабылдауы да содан болса керек. Мұның себебiн түсiну үшiн “Рахат Әлиев кiм?” деген сұраққа жауап iздейiк.
ДАРИҒА ҚҰЛАЙ СҮЙГЕНГЕ ДЕЙIН...
Президент Н.Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева 1985 жылы Рахат Әлиевтi “бiр көргеннен-ақ құлай сүйгенге” (Дариғаның өз сөзi – Е.Р.) дейiн Әлиев көп қазақтың бiрi едi. 1986 жылы Алматыдағы медицина университетiн бiтiрдi. Институттан кейiн дәрiгер-лаборант, клиникалық ординатор, Мәскеу медицина институтының аспиранты болды. 1989-93 жылдары Әлиев ғылыми-зерттеу институтында қызмет еттi. 1993 жылдан бастап 1996 жылға дейiн оның немен айналысқаны белгiсiз. Кейбiр дереккөздер коммерцияны төңiректеп жүрдi дейдi. Хирургтың халатын генералдың кителiне ауыстырғаны да осы тұс. Салық полициясы бас басқармасы бастығының бiрiншi орынбасары, бiр жылдан соң қаржы полициясы департаментiнiң директоры болды. Күштiк құрылымдардың “дәмiн татқан” Әлиев 1997 жылы заңгер атанды да, АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросынан бiр-ақ шықты. “АҚШ көрген” ол 1999 жылы ҰҚК-нiң Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша департаментiнiң бастығы, тағы бiр жылдан соң ҰҚК төрағасының бiрiншi орынбасары болып шыға келдi.
2001 жылы Р.Әлиев “өкiл қайын атасының” кәрiне ұшырағанға дейiн кәсiпкерлердi қалай шырқыратқаны, саясаткерлердi қалай қудалағаны көп айтылды. Әлдекiмдер БАҚ редакциясын өртедi, iргесiне өлген иттi асып кеттi. Әлдекiмдер белгiлi журналистерге қастандық жасады. Әлдекiмдер танымал бизнесмендердi тапсырыспен өлтiрттi, кейбiрiн iз-түзсiз жоқ еттi. Әлдекiмдер саясаткерлердi қудалады...
2001 жылы Әлиевтiң билiктi күшпен басып алмақ болғаны әшкерелендi. Алайда президент Нұрсұлтан Назарбаев күйеубаласына рақымшылық жасап, оны өзiнiң күзет қызметi басшысының орынбасары етiп тағайындады. Мемлекет басшысының сол кездегi мәлiмдемесi жұрттың көз алдында. “Менiң бала-шағам да бизнеспен айналысуға құқылы” деген президент Әлиевке қатысты бүй деген: “Менi кiм күзететiнiн мен өзiм шешемiн!”. Өзi шештi, қалай күзеткенiн де көзiмiз көрдi...
2002 жылдары Р.Әлиев ақыры “жер аударылып”, Қазақстанның Аустриядағы төтенше және өкiлеттi елшiсi болды. “Өкiл қайын атасының” ашуы басылды ма, әйтеуiр, 2005 жылы оны елге қайтарып, сыртқы iстер министрiнiң бiрiншi орынбасары әрi ЕҚЫҰ-мен әрiптестiк жөнiндегi өкiл етiп тағайындады. Сол кезде мұны Алтынбек Сәрсенбайұлы: “Әлиевтiң елге оралуы – соғыс!” деп бағалаған.
“НҰРБАНКТIҢ” ШАТАҒЫ. КҮЙРЕУ
2007 жылдың қаңтар-ақпанында “Нұрбанктiң” менеджерi Жолдас Темiрәлиевтiң жары Армангүл Қапашева өз үйiнде журналистермен шұғыл кездесу өткiзiп, күйеуiн Рахат Әлиевтiң ұрлап әкеткенiн мәлiмдедi. Сол кезде журналистер көп жиналса да, Қапашеваның мәлiмдемесiн батылы барып жариялаған бiрен-саран ғана басылым болды. Соның бiрi әрi бiрегейi – “Жас Алаш”. Шындықты жазғанымыз үшiн сол кезде газетке қауiп те төндi. Бұл ендi басқа әңгiме...
“Әлиевтiң қылмысы әлдебiр себеппен әшкерелендi” дегендi бекерден-бекер айтып отырғанымыз жоқ. “Астана” арнасынан “Нұрбанктiң” сол кездегi басқарма төрағасы Әбiлмәжiн Ғылымовтың “ағынан жарылуын” – Рахат Әлиевтi ашық айыптауын жұрт не нәрсеге жоруды түсiнбей дал болды. Өйткенi ол – Әлиевтiң әлi аттан түспеген кезi.
Осы оқиғадан үш айдан соң Әлиевтi “адам ұрлады” деп айыптап, iшкi iстер министрi Бауыржан Мұхамеджановтың ұсынысымен президент Н.Назарбаев күйеубаласын қызметтен шеттеттi. Дәл сол күнi Р.Әлиев Назарбаевқа оппозиция бола қалды. Ақыр соңында Қазақстан соты президенттiң бұрынғы күйеубаласын барлық мәртебеден айырып, бас-аяғы 40 жылға соттады. Әлиевтiң басынан бақ тайды, Дариға сот үкiмi шықпай жатып-ақ бiр кездерi “құлай сүйген” күйеуiн тастай қашты...
Аустрия Әлиевтiң мәселесiн қып-қызыл саудаға айналдырып жiбердi. Бiрде қамап, бiрде босатты. Қазақстан тарапы қанша күш жұмсаса да, Әлиевтi қайтарған жоқ.
2011 жылдың мамыр айында “Қазтелерадионың” аумағынан жерге көмiлген бөшкеден екi адамның мәйiтi табылды. Прокуратура мұны Ж.Темiрәлиев пен А.Хасеновтiң мәйiтi болуы мүмкiн деп мәлiмдедi. Алайда мұны дәлелдеу мүмкiн болмады. Бұған дейiн Р.Әлиевтi “адам ұрлады” деп айыптап келсе, мәйiттер табылған соң адам өлтiру дерегi бойынша iс қозғалды.
Билiктi күшпен басып алмақ әрекетi, Анастасия Новикованың Ливандағы өлiмi, банкирлердiң мәйiтi табылғаны – Әлиевтi бiрте-бiрте ұйыққа батырып бара жатты...
“ӨКIЛ ҚАЙЫН АТАНЫҢ” ЖЫРЫ
Әлиев өзiн бүгiнгi билiкке басты қарсылас ретiнде көрсетуге тырысты. “Өкiл қайын ата кiтабы” – соның бiр дәлелi. 2009 жылдың мамырында бас прокуратураның өкiлi “Өкiл қайын атаға” тегiн жарнама жасап бердi. “Әлиев жұрттың телефонын заңсыз тыңдаған, мемлекеттiк құпияны ашқан. Бұл кiтапты оқығандарды қылмыстық жауапкершiлiкке тартамыз” деп. Бас прокуратураның өзi осылай деп тұрса, “Өкiл қайын атаны” қалай оқымайсың?!
“Өкiл қайын атаның” дақпырты күштi шыққанымен, берерi татымады. Әлиев жекелеген адамдардың қоясын ақтарғанымен, басты сұраққа нақты жауап бере алмады: Заманбек Нұрқадiловтi кiм атты? Кiм атқызды? Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiне қастандық жасатқан кiм?
Әлиевтiң тұшымды жауабы болмаған соң жұрт қолын бiр-ақ сiлтедi, “осының өзi сау сиырдың б...ғы емес” деп.
Р.Әлиев дақпыртты кiтабында басты сұрақтарға жауапты айтпаған соң, билiк қарсы шабуылға көштi. “А.Сәрсенбайұлына қастандық жасатқан – Рахат Әлиев” деп мәлiмдедi. Бар кiнәнi соған аударды да, Өтембаевты түрмеден босатып алды.
ЛИТВИНЕНКО, БЕРЕЗОВСКИЙ ...ӘЛИЕВ
Рахат Әлиев отырған түрменi Ресейдiң бiр телеарнасы көрсеттi. Аты “Вена түрмесi” демесеңiз, заты бiздiң елдегi түрмелерден артық емес секiлдi. Бiр қызығы, орыстардың өзi мұны “жұмбақ өлiм” деп бағалапты.
ТМД елдерi институты Орталық Азия бөлiмiнiң жетекшiсi Андрей Грозин Рахат Әлиевтiң қоқыс қапшығының бауына асылып қалғанына сенбейдi. “Ол (Р.Әлиев – ред.) – өзiне-өзi қол жұмсайтын адам емес. “Ұяттан өртендi, ар-ожданы қинады” деген ұғым Әлиев мырза үшiн жат. Сондықтан, “өзiне-өзi қол жұмсады” дегенге сенбеймiн. Менiң ойымша, Березовский немесе Литвиненконың өлiмi сияқты Әлиевтiң өлiмiнiң де жай-жапсарын бiле алмайтын сияқтымыз”, – дептi А.Грозин.
Грозин Березовский мен Литвиненконың өлiмiн не үшiн айтып отыр? Өйткенi Әлиевтiң өлiмi де Березовский мен Литвиненконың өлiмiне ұқсайды. Тiптi бұл үш оқиғадан бiр адамның қолының табы сезiлетiндей. Күнi ертең “қазақ билiгi Әлиевтi өлтiру үшiн орыстың арнайы қызметiндегi жалдамалы жендеттердi жұмсапты” деген әңгiме шықса, еш таңдануға болмайды.
Жақында Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдiң қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшысы Николай Патрушевты қабылдады. Қауiпсiздiк кеңесiнiң отырысы өттi. Сыртқы барлау” “Сырбардың” басшысы ауысып, А.Жанқұлиевтiң орнына Ғ.Байжанов тағайындалды. Әлиевтiң өлгенi туралы хабардан кейiнгi осындай апас-қапас оқиғалар түрлi ойға жетелейдi.
НЕГЕ ҮНДЕМЕДI?
Кеше Қапшағай қаласынан Нұрбек есiмдi оқырманымыз хабарласып былай дедi: “Рахат Әлиевтiң өлiмi билiкке тиiмдi болғанымен, қоғамға пайдасы жоқ. Алтынбек Сәрсенбайұлы айтқандай, шибөрiлер бiрiн-бiрi таласа, шындықтың ауылы жақындай түсер ме едi, бәлкiм. Шындықты ұзақ күтетiн болдық ендi”. Оқырманның ойына алып-қосарымыз жоқ.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы құдасы Мұхтар Әлиев қайтыс болғанда көңiл айтқан. Бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев өлгенде үндемедi. Президент былай тұрсын, тiптi Дариғаның өзi бұрынғы күйеуiнiң өлiмiне қатысты жақ ашпады. Жазғырудың жөнi жоқ шығар, бiрдеңе айтқанда не дейдi? Президент “өзiм тәрбиелеп ем” демейдi, ал Дариғаның “бұрынғы күйеуiмнiң қылмысына куәмiн” демесi екiбастан белгiлi ғой...
erik_r@bk.ru
Ерiк Рахым
Әмiржан ҚОСАНОВ, саясаткер: ...«РАХАТИЗМ» ҚҰБЫЛЫСЫ ЖОЙЫЛҒАН ЖОҚ
– Рахаттың өлiмi, ең алдымен, Ақордаға тиiмдi. Өйткенi басталғалы тұрған сот процесiнде ызалы бұрынғы күйеу бала талай-талай құпияларды жайып салар едi ғой. Қазiргi президенттiң отбасының мүшесi ретiнде ол бас билiктiң көп қызығын көрдi. Ұлттық қауiпсiздiк комитетi басшыларының бiрi болып, мемлекеттiк құпияларға да қол жеткiздi. Билiктiң iшкi механизмдерiн бүге-шiгесiне дейiн таныды. Қарапайым адам бiле бермейтiн жайттармен танысты. Яғни, ол сотта сөйлей бастаса, қазiргi билiктегi талай адамның арты ашылып қалар едi. Өз басым, Рахат секiлдi тұлғалардың билiк туралы ащы сынына толықтай сене бермеймiн, өйткенi көп жағдайда ол адамдар тек өзiне тиiмдi тұстарды басып айтады да, өздерiне көлеңке түсiрер оқиғалар жайында басқаша сөйлейдi, яғни субъективизмге салынып кетедi. Бiрақ қалай дегенмен, мейлiнше толық картина қалыптасуы үшiн ондай пiкiрлер де айтылуы тиiс. Осы тұрғыдан алғанда Рахат сияқтылардың ақпараты өте қажет едi. Әрине, оның түрмеге дейiн талай нәрсенi айтуына болатын едi. Менiңше, қалай дегенмен, Әлиев соңғы күнiне дейiн өзi тiрелген тығырықтан шығу әрекетiн қарастырды, бәлкiм, соның жолында Ақордамен құпия келiссөздер жүргiзген де болар, сол себептi өзiне мәлiм талай жағдаятты iшiнде сақтап, өзiнiң “көзiрi” ретiнде ұстаған шығар. Ол жағын бiр Құдайдың өзi бiледi. Және де Ақордамен сондай сепараттық келiсiмдерге баруға ниеттi кез келген адам бiр нәрсенi түсiнуi керек: ол келiсiмдерде ешқандай кепiл жоқ, бәрi бiр сәтте өзгерiп кетуi мүмкiн!
Бұл әңгiме жалғыз Әлиевке қатысты емес. Сондықтан да ол өз-өзiне қол жұмсады дегенге мен сене қоймаймын. Ол өзiн жария адам ретiнде көрсетiп, әлеуметтiк желiде, оның iшiнде Фейсбукте елде болып жатқан оқиғаларға түсiнiктемелерiн берiп, тiптi өзiн “Қазақстан президенттiгiне үмiткер” ретiнде атап жүрдi емес пе? Егер де суицид секiлдi қадамға ниетi болғанда, соның бәрiн сол парақшасында жақсылап тұрып жазар едi ғой. Олай болмады. Жасыратыны жоқ, Әлиев тек iшкi ғана емес, сыртқы факторға айналды. Яғни, оған қатысты жайттар халықаралық деңгейге шығып кеттi. Оның өзi қазiргi билiктiң сыртқы аренадағы беделiне бiршама нұқсан келтiрдi. Шетелдiк баспасөз де үнсiз қалған жоқ. Билiк ендi сол тақырып жабылуы тиiс деп ойлайтын шығар. Бiрақ олай болмайды. Түрмедегi жұмбақ өлiмнiң себебiн Австрия тергеушiлерi май шаммен қарап, зерттер. Оның өзi бiр хикая болмақ. Және де, сөзсiз, ол тергеу амалдарының бiр ұшы Астана жақтан шығып қалып жатса, еш таңданудың ретi жоқ. Менi толғандырып тұрған тағы бiр мәселе бар. Бiзге көп тұсы беймәлiм Әлиевтiң мұрағаты ендi кiмнiң қолында қалды? Онда Қазақстанның жаңаша тарихына қатысты қандай деректер бар? Және де ол “компроматты” ендi кiм және қандай мақсатта пайдаланбақ? Сол деректер ертеңгi күнi бiздiң билiкке ықпал етудiң құралына айналмай ма? Осы және басқа да сұрақтарға жауап беру үшiн Әлиевтiң өлiмi жан-жақты Қазақстан мемлекетiнiң түпкiлiктi мүддесi тұрғысынан зерттелуi тиiс. Өйткенi бұл өлiмдi басқа бiреулер (ел iшiнде және оның сыртында) өз мүддесiне пайдаланып кетуi әбден мүмкiн! Әлиевтiң өлiмiн кезектен тыс болуы мүмкiн президенттiк сайлаумен байланыстырудың еш ретi жоқ. Өзiн “оппозициялық саясаткер” ретiнде танытуға тырысқан оның ел iшiнде соншалықты беделi бар деп ойламаймын. Өйткенi оның қимыл-әрекетiнде саяси себептен гөрi жекебастық себептер басымдау едi, яғни өз отбасына ренжiген ол өз наразылығын жария түрде бiлдiру арқылы, саясатқа араласқысы келдi. Және де ауыр қылмыстарға қатысы бар деген айып тағылған адамның “мен оппозициямын” деуi бiзге, саяси оппозицияға еш абырой бермейдi. Талай адам идея үшiн өмiрiн қиған, түрмеде отырған, қуғын-сүргiн көрген. Сондықтан да өзiн “саяси оппозициямын” деп атау үшiн де белгiлi бiр моральдық, адами критерийлер болуы тиiс деп ойлаймын.
Рахат өмiрден өткенiмен, “рахатизм” секiлдi құбылыс жойылған жоқ. Ол үшiн қоғамда үлкен талқылау қажет. Мәселен, Рахат феноменiнiң елдiң бүгiнi мен ертеңiне тигiзген терiс әсерi жайында ашық әңгiме басталуы тиiс. Сол әңгiме барысында бiз билiк басында отырған президенттiң отбасы мүшелерiнiң қоғамдағы рөлi туралы келесi тақырыпқа бiр табан жақындаймыз. Өкiнiшке қарай, ол тақырыптан көп адам қашады, өзiне қауiптi деп санайды. Ал ауруын жасырған адам қалай өлетiнiн атам қазақ о баста айтып қойды емес пе?!...
Сергей ДУВАНОВ, публицист: ӘЛИЕВТЕ ҚҰПИЯ АҚПАРАТТЫҢ БОЛУЫ ӘБДЕН МҮМКIН
– Рахат Әлиевтiң өлiмi бойынша екi ықтимал нұсқа бар. Алғашқысы – ресми, яғни ол өзiне-өзi қол жұмсады. Ал екiншiсi – Әлиевтiң көзiн жою үшiн суицидтi ұйымдастырды. Бұл жерде екiншi нұсқаның ықтималдығы басым. Өйткенi Р.Әлиев өмiрiмен қош айтқысқысы келiптi деуге негiз жоқ. Онымен соңғы уақытта кездескендердiң сөзi мен Фейсбукте жарияланған хаты Әлиевтiң iшкi жан дүниесi қалыпты болғанын айғақтайды. Ал Әлиевтiң өлгенi кiмге тиiмдi дегенге келсек, ондай адамдардың бар екенi анық. Осы жерде Әлиев Австрия түрмесiне қалай түскенiн еске түсiру керек тәрiздi. Бостандықтағы жеке қауiпсiздiгiне ешқандай кепiлдiк болған жоқ. Қастандық ұйымдастырылуы мүмкiн екенiн бiлгендiктен, ең қауiпсiз жер ретiнде австриялық түрменi таңдады. Австрия түрмесiне осы қауiптен қорқып жасырынды. Бiрақ ол қауiп түрмеде iске асты дегендi жоққа шығаруға болмайды.
– Әлиевте билiктiң тiкелей жанды жерiне тиетiн ақпарат болуы мүмкiн бе?
– Оның қолында билiктi бопсалау үшiн соңғы сәтке дейiн ұстап отырған ақпараты болды дегендi жоққа шығаруға келмейдi. Оның өлiмi кiмге қажет болды дегендi де осы тұрғыдан түсiндiру керек. Қазақстанның қазiргi жағдайында Р.Әлиев саяси өлiк едi, ешқандай саяси қызығушылық тудырмайтын, жақтастары мен серiктерi жоқ, оппозицияға да жатпайтын, ешқандай саяси қауiп төндiрмейтiн тұлға. Сондықтан, бәлкiм, онда құпия ақпарат бар болған шығар.
– Расында да, қуғынға ұшырағаннан кейiн, бiрнеше жыл бұрын Әлиев өзiнде А.Сәрсенбайұлының өлiмiне қатысты ақпарат бар екенiн айтты. Өзiне айып тағылған соң да шындықты ашамын деп сес көрсеттi. Ондай ақпарат қолында болса, неге оны өлiмiне дейiн ашпады?
– Ол туралы бiрдеңенi кесiп айтудың өзi қиын. Ол жүргiзген ойынның анық-қанығы, ақпарат расында болды ма, әлде жай ғана үркiтiп-қорқыту үшiн айтылған нәрсе ме, бұл да белгiсiз. Әйтеуiр “Өкiл қайын ата” кiтабында билiк үшiн жағымсыз ақпарат бар. А.Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiнiң қазасы жөнiнде сонша күткен ақпарат бермегенi басқа мәселе. Мүмкiн, ол мұны саналы түрде жасап, билiктi бопсалап, келiссөз жүргiзу үшiн пайдаланған шығар.
– Ал ендi онда компромат бар болды деп жорамалдасақ, сол құпия мәлiметтiң жарыққа шығуы мүмкiн бе?
– Мүмкiн. Ол соншалықты ақымақ емес едi, ақпарат өзiмен бiрге кетпеуiн күнi бұрын ойластырды деп есептеймiн. Ол ақпарат басқа дерек көзде жатыр және сол дерек көз оны белгiленген уақытта шығаруы ықтимал дегендi сызып тастауға болмайды. Бiрақ ондай жағдайда Ақорда бәрiн жоққа шығаратыны түсiнiктi. “Әлиевтiң өзi жоқ, билiкке қарсы кез келген адам оны ойдан шығарды” дейтiнi анық.
Гүлжан ЕРҒАЛИЕВА, журналист: РАХАТТЫҢ ӨЛIМIНЕ ҮШIНШI КҮШТЕР МҮДДЕЛI
– Рахат Әлиевтiң өзiне-өзi қол жұмсауына еш уақытта батылы жетпес едi. Ол қайткен күнде де өмiрге жармасып, онымен қош айтыспайтын адамдар қатарынан. Бұл – бiр. Екiншiден, Р.Әлиевтiң алдағы уақытқа жоспары бар болатын. Ол алдағы саяси ойынға дайындалды. Ондай “салмақты” жоспар құрған адам өмiрмен қош айтысуды ойламайды. Осы белгiлерге қарасаң, өлiмi суицидке ұқсамайтын тәрiздi.
– Егер өзiне-өзi қол жұмсауға ұқсамаса, оның өлiмiне кiм мүдделi?
– Оның өлiмiне Назарбаев мүдделi емес. Әлиевтiң өлiмiне Қазақстан президентiн өзiне қауiп санайтын тұлғалар мүдделi. Осы күштерге билiк жайлы жағымсыз әңгiмелер туындап, кең талқылауға түскенi тиiмдi.
– Сонда ол қандай күштер? Болашақта билiкке таласатын күштер ме, әлде?..
– Осы жерде билiкке таласушы тұлғалар немесе президент көнбей отырған шарттарды қабылдатқызу үшiн оған қысым көрсеткiсi келетiн сыртқы күштер болуы мүмкiн. Яғни қысым көрсету құралы ретiнде пайдаланғысы келедi. Қандай себептер жатқанын тап басып айту қиын. Бiрақ бұл да – “Арқанкерген”, шекара қызметi басшыларының тiкұшақ апаты қатарындағы қанды оқиға. Мұндай қанды оқиғалар үлкен саясатта пайдаланылады.
– Ал Әлиевте құпия ақпарат болды, оның ашылуына мүдделi емес тұлғалар бұрынғы күйеубаланы өлтiруге барды деген нұсқаға қалай қарайсыз?
– Қазiр сайлаудың алдында осындай әңгiмелердiң таралуына мүдделi адамдар үшiн бұл өте жақсы нұсқа. Әлиевте саяси өлiмдер бойынша ақпарат болыпты-мыс, өлiмге сол себеп болыпты дегенге сендiру үшiн. Бiрақ Қазақстан билiгi өздерiне тиiмсiз, өздерiн жағымсыз тұрғыдан көрсететiн әңгiменi тудыратын ақымақ емес деп ойлаймын. Менiңше, бұған үшiншi күштер мүдделi.
Әлиев өзiнде бар компроматтардың бәрiн бұған дейiн жайып салды. Оны ешкiм атқан жоқ қой. Оның Алтынбек Сәрсенбайұлының өлiмi мен өзге қылмыстар бойынша өз нұсқасы бар болды. Соны саудаға салып, билiктi бопсалап жүрдi. Одан басқа ешқандай ақпараты болған жоқ оның.
– Сонда Әлиев айтып жүрген дәлелдер, аудиоәңгiмелер шын мәнiнде жоқ нәрсе ме?
– Ол өзi айтқан нұсқаны дәлелдей алмады. Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары мен серiктерiн Әлиев кездесуге де шақырды. Бiрақ ол өзi тайқып кеттi. Соған қарағанда, бұл жай ғана ойын сияқты көрiнедi.
Арат НАРМАНБЕТОВ, ҰҚК-нiң бұрынғы қызметкерi: ДӨП БАСЫП АЙТУ ҚИЫН
– Р.Әлиев психологиялық қысымшылық көрдi. 2007 жылдан берi қашқында жүрген, күн сайын түрлi қылмыстық айыптар тағылған адамның психикасына үлкен салмақ түскенi анық. Қазақстанда шалқып-тасып күн кешкен адамның шетелде қашып-пысқан өмiрiнде үлкен айырмашылық бар ғой? Сөйтiп жүрген Рахаттың түрме камерасында басқа қылмыскерлермен бiрге отыруы, әрине, нонсенс болды. Өз өктемдiгiн ғана жүргiзiп үйренген адамға жанындағы адамның әрбiр әрекетi де жүйкесiне тиiп, соның салдарынан жалғыз адамға арналған камераға ауыстыруды сұраған болар. Батыстағы сот жүйесi бiздегiдей емес, кез келгеннiң саяси саудасына көнбейдi. Осындай жайттарды ескерсек, ақпанның 23-i күнi өтуге тиiс сот отырысының алдында Р.Әлиевтiң өзiне-өзi қол салуы мүмкiн деген жорамал шындыққа жанасады. Өзiне тағылған көптеген қылмыстар жазылған iспен танысу барысында жазықсыз екенiн дәлелдей аларлық еш дәлел таппауы өлiмге итермелеуi де мүмкiн. Р.Әлиевтi әлдекiмнiң тапсырыспен өлтiруi мүмкiн деген болжамға күмәнмен қараймын. Өйткенi еуропалық түрме камераларында тәулiк бойы бақылау орнатылған. Жалғыз адам отырған камерада бейнабақылау орнатылғанына кәмiл сенiмдiмiн. Әзiрге Р.Әлиев отырған түрменiң iшкi тергеу-тексеру жұмыстары жүргiзiп жатыр. Нақты әлдененi дөп басып айту қиын.
Досым СӘТБАЕВ, саясаттанушы: БӘРIН АЙТЫП ҮЛГЕРМЕДI
– Рахат Әлиевтiң жағдайын Борис Березовскийдiң басындағы оқиғамен салыстыруға келедi. Екеуi де – шетелге қашқан элитаның бұрынғы өкiлдерi. Березовский Путинге қарсы ақпараттық соғыс ашса, Әлиев президент Назарбаев пен оның айналасына қарсы ақпараттық майдан ашты. Березовский өз-өзiне қол жұмсағаны дәлелденсе, Әлиев өзiне-өзi қол жұмсады деген болжам бар. Әлиевтiң өзiне-өзi қол жұмсауына түрткi болатын себеп бар ма дегенге келсек, адамның iшiне кiрiп шыға алмайсың. Березовский тәрiздi Әлиев те өмiрiнiң соңғы жылдары көп нәрсе жоғалтты. Ол қаржы ресурстарынан айырылды, мүлiгi тұтқындалды, оффшорлы компаниялар мен шоттар тексерiле бастады. Батыста өмiр сүруге мүмкiндiк беретiн қаржылық әлеуетiнен айырылды. Березовский тәрiздi Әлиевте де қарсыластарына қысым көрсететiн тетiктер қалмады. Қолында бар компроматын ашты, ал жаңа ақпаратқа қол жеткiзе алмады. Сонша жыл бойы Путинге қарсыласа жүрiп күрескен Березовский өзiне қалай қол жұмсады деген сұрақты Әлиевке де қарата қоюға болады. Бәлкiм, ол тығырыққа тiрелiп, түрменiң ар жағындағы өмiрi ұзаққа созылатынын түсiндi ме екен. Бұл жерде экстрадиция туралы сөз жоқ. Экстрадицияның болуы екiталай едi. Айыптау қорытындысы дәлелденiп, айыптау үкiмi оқылып, ұзақ жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкiн едi. Осыған көзi жеткен Әлиев масқара шешiмнiң артын тоспай, осындай жолды таңдаған шығар.
– Ал егер бұрынғы күйеубала өмiрiмен өз еркiмен қош айтыспады деген нұсқаны алға тартсақ, оның өлiмiне Ақорда мүдделi болуы мүмкiн бе?
– Бұл – өте танымал нұсқа, қорғау тарабы мұны алға тартады ендi. Бiрақ Ақордадан бөлек Әлиевке қарсы науқанды бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин жүргiзгенiн де ұмытпау керек. Ол шетел ауғанда Әлиев оның оққағарлары мен күзетшiлерiн қинап, азаптап, өзiне қарсы жауап беруге мәжбүрлегенiн айтқан. Демек, Әлиев тек Қазақстан билiгiмен ғана емес, басқа да саясаткерлермен текетiрестi.
Ал оны бiреу өлтiрдi ме дегенге келсек, бұл нұсқа әлi талай мәрте алға тартылып, қызу талқыланады. Бiрақ оның өлiмiне Ақорда мүдделi деген тым әсiреленген нұсқа тәрiздi. Бұл жерде нақты тиiмдi тұстардан гөрi тәуекелдер басым. Р.Әлиев айтқысы келгенiн айтты. Ол көп уақыт бойы бостандықта жүрiп, өзiнде бар компроматын жариялап жүрдi. Өзi әсiрелеген компроматтың бiр бөлiгi “Өкiл қайын ата” кiтабында жарық көрдi. Ақорда тергеу кезiнде билiкке қарсы жауап бере бастайтын едi деген де әсiреленген сияқты. Ол айтарын айтты. Керiсiнше, Қазақстан билiгi iстi соңына дейiн жеткiзiп, Әлиевке адамдарды өлтiрдi деген айып мойнына жария түрде тағылып, жаза арқалауына мүдделi едi. Осылайша Қазақстаннан қашқан адамдар мiндеттi түрде оппозиционер емес, бiреуi қылмыскер, ендi бiрi қаржылық алаяқ дегендi Батысқа көрсеткiсi келдi.
Жалпы, Қазақстан билiгi сот әдiлдiгiне келгенде таңдаулы түрде әрекет етедi. Айталық, бiреу жай ғана ақшаны басып қашса, шетелде үндемей жатса, оған тиiспейдi. Бастапқыда Виктор Храпуновпен осылай болды. Оппозициялық басылымдарға шыға бастап едi, айып тағылып, қудалай бастады. Ал ендi егер Р.Әлиев ақша жымқырып, шетел ауса, онда тып-тыныш өмiр сүрiп, билiкке қарсы шықпаса, онда Қазақстан билiгi оған тиiспей, көз жұма қарайтын ба едi деген болжам жасауға болады.
Қысқасы, Әлиевке билiк қастандық жасапты деген – Ақордаға керi әсер ететiн, көп мәселе тудыратын нұсқа.
Әлиев құпия ақпаратты ашқысы келсе, оны жария етер едi. Билiкке соққы жасайтын уақыты жеткiлiктi болды. Бостандықта жүргенде, билiкпен текетiрескенде неге жасамады оны? Соған қарағанда, оның қолында нақты дәлел болған жоқ. Болса да онда оларды неге ертерек жарыққа шығармай ұстап отырғаны түсiнiксiз. Билiкпен саудаласу үшiн ұстап отырды ма? Сауданы ертерек жүргiзу керек едi. Тiптi кезiнде билiк Әлиевпен келiссөз жүргiзбек болды деген ақпарат шыққан. Қалайда Әлиев айтып үлгермеген, айтқысы келмеген немесе тiптi өзiнде жоқ құпияны өзiмен бiрге алып кеттi.