Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客 » sjanbolat
Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

«Халықтың бағы байланса, ...»

$
0
0

«Халықтың бағы байланса, ханның тағы шайқалады»

Президент сайлауын мерзiмiнен бұ­рын өткiзуге конституциялық негiз жоқ емес. Конституцияның 41-бабының 3-тармағында: “Республика Президентiнiң кезектi сайлауы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi және мерзiмi жағынан Республика Парламентiнiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиiс” делiнедi. Сол тұспа-тұс 2016 жылға келiп тұр. Олай болса Президент сайлауын бiр жылға кейiн шегерiп, 2017 жылы да өткiзуге болады. Мәжiлiс сайлауын 2015 жылы өткiзiп, Президент сайлауын өзiнiң заңды уақытында өткiзуге де болады, сондай-ақ Ассамблея ұсынғандай 2015 жылда да өткiзуге болады. Бiрақ бұл конституциялық мәселенiң шешуi Ассамблея құзырындағы мәселе емес, Конституциялық кеңестiң басқа тараптармен ақылдасып ойластыратын мәселесi. Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуi – советтiк менталитеттiң айнасы.

АЛЫСТАҒЫ ЖАУДЫҢ ДҮБIРIНЕН ҚОРЫҚПА, ҚАСЫҢДАҒЫ ЖАУДЫҢ КҮБIРIНЕН ҚОРЫҚ!
2015 жылдың 11 ақпанында президент Н.Назарбаевтың қатысуымен Үкiметтiң кеңейтiлген отырысы өттi. Онда жаһандық дағдарыстың ешбiр елдi, әлемдiк нарықпен байланысты бiртұтасып кеткен бiздiң елдi де айналып өтпейтiндiгi айтылды.
Қазақстан ерте қамданды. Президент жолдау жариялап, жаңа экономикалық саясатымызды ұсынды. Үкiметке күнi бұрын тапсырма берiп, дағдарысқа қарсы нақты жоспар бекiттi. Әлемдегi ахуал қалай өрбiсе де, соған бейiмделетiн нақпа-нақ есептi әзiрлеттi. Ал бұл жиын – сол түзiлген мiндеттердi тағы бiр пысықтап алудың қарекетi. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президентi: – Бiздiң қазiргi экономикалық саясатымыздың бағыты дұрыс, келеңсiздiктер сыртқы нарықтың әсерiнен, – дедi. – Қазақстанның iшiнде экономикада дағдарыс жоқ. Бiз қиындықтарды күтiп қарап отырмай, оның алдын алу үшiн жедел шараларды қолға алдық. Бiз әлеу­меттiк мiндеттемелердi мұқият сақтай отырып, кейбiр жоспарларымызға өзгерiс­тер енгiзетiн боламыз. Бiрақ бiздiң халқымыздың алаңдауына ешбiр негiз жоқ,– делiндi үкiмет отырысында.
Ендi 14 ақпанда Ассамблеяның кеңесi мүшелерi: «жоқ, алаңдауға негiз бар, Президент сайлауын кезектен тыс 2015 жылы өткiзу керек» деп үндеу жариялады. Алаңдататын iшкi жағдайлар емес, әлемдегi тұрақсыздық дедi олар. Сайлау өткiзсек “халқымызды бiрiктiрiп, мемлекеттi дамытудағы маңызды мәселелерге ден қоюға мүмкiндiк аламыз”, – дестi.
“Жаһандық сын-қатерлер кезеңiнде елiмiздiң президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанды дағдарыстан алып шығуына мүмкiндiк беретiн жаңа сенiм мiндетi берiлуi қажет” дедi үндеушi­лер.
Бiздiң саяси менталитетiмiз әлi де советтiк дағдыдан арылмаған, бүкiл пәленi шеттен кө­рiп, өзiмiзге сын көзбен саралауға бара бермеймiз. Уа­қыт, заман өзгергенмен, бұрынғы кеңес адамдары өзгерген жоқ.
Аспанды алақандай, жердi тебiнгендей қылатындай сырттан төнiп тұрған тосын, айтулы қауiп жоқ, ал заман қашан да күрделi, қашан да қауiп-қатерге толы, солай бола бередi де. Әлемде қалыптасқан жағдай барлық елдерге ортақ. Мемлекеттер iшкi-сыртқы мүмкiндiк­терiн саралап дағдарыстан шығу жолдарын ойлап жатыр. Ал бiздiң Ассамблея ел президентке сенiмсiздiк бiлдiрiп жат­қандай, халықтың оған сенi­мi сарқылғандай ой туғызып, ендi тiптi жаңа сенiм мандатының қажеттiгiн алға тартады. Президентке сенiм бiлдiремiз деп, Ассамблея бүлдiрiп отыр ма дейсiң олардың үндеуiн оқы­ғанда.
Бабаларымыз iшкi-сыртқы қауiптi жауға балап, ең алдымен iштегi қатерден сақтан­дыр­ған. Атасы бөтеннiң арасынан жау шықпасын, ауы­лы бөтеннiң арасынан дау шықпасын, елi­мiз­ден әдi­лет кетпесiн деген.
Сенiм ескi ия жа­ңа болмайды. Сенiм – өте күрделi де қым­бат iшкi құн­ды­лық. Халықтың президентке сенiмi же­ке өзiне ғана сенiм емес, ол Парламентке, Үкiметке, сот органдарына, құқық қорғау органдарына, Ұлттық банкiге (ұлттық валюта – теңгеге), билiк пар­тия­сына, әкiмдерге тiреледi. Себебi осы құрылымдардың жұмысын реттейтiн президент. Сенiм – этностар мен дiндер арасындағы, жұмыс берушi мен жұмысшы, билiк пен интеллигенция, бизнес пен билiк арасындағы түсiнiстiк. Сенiм – президент пен депутаттардың сайлау алдындағы уәдесiне сену ия сенбеуi. Iшкi қоғамдық ахуалға жеңiл-желпi қарауға болмайды.
Бiздiң халық әлi енжар, қалыптасқан саяси билiк пен экономикалық жағдайды мойындаған. Салыстырмалы түрде жағдай тұрақты. Елде тыныштық болса, ел басқаға көп алаңдамайды, бұл жағдайды аңқау, аңғал демократия дейдi Ба­тыс­та. Демократия бiздiң елге терең тамыр жаймаған. Жемқорлықты көргенде бiздiң халық тiптi диктатор Сталиндi аңсайды, бiрақ ол қуғын-сүргiндi аңсағаны емес. Үлкендер негi­зi­нен елдегi саяси режимдi қолдайды. Сонымен бiрге сая­­си сахнаға жаңа ұрпақ шығып келедi, бұл алғашқы пост­кеңестiк топ: олар қиындық көрмеген, дүниеқоңыздық психологиясы жайлаған, кредитпен өмiр сүрiп жатқан ортада тәрбиеленген прагматиктер, дегенмен оларға ұлттық құндылықтар да жат емес. Ата-баба ұрпағымен, мемлекетпен рухани байланыс оларда әлi әлсiз. Көбi ақылы бiлiм алған, болмаса бiлiм ақылы болғандықтан оқи алмағандар. Алған бiлiмi бойынша жұмыс таба алмай, тапқан жұмысымен күн көредi.
Саяси режим өзгерiп жат­са, олар қарсы емес, себебi бүгiнгi саяси режимдегiлер өз қара бастарының қамын ойлайды деп есептейтiндер баршылық. Олар күнделiктi саяси уақиғаларды БАҚ-тан, әлеу­меттiк жүйелерден қадағалап отырады. Сайлаулардың қымбаттығын айтып, “қалтамызбен дауыс беремiз” дейтiн жастар да бар. Бiр сөзбен айтқанда, iшiмiзде де мазасыздануға себеп аз емес. Көп жылдар бойы елiмiз Н.Назарбаевты елдiң басын бiрiктiрушi тұлға ретiнде қолдап келдi. Ол рейтинг те жағдайға қарай өзгерiп отырады. Iшкi және сыртқы саясаттың сабақтастықпен жалғасын табуы да түсiнiктi. Бiрақ қауiп-қатердi сырттан iздеу, елдiң iшiндегi өткiр экономикалық, саяси, әлеуметтiк, мәдени, құқықтық мәселелердi тек мезгiлiнен бұрын Президент сайлауын өткiзумен байланыстыру, қызды-қыздымен халыққа артық уәде беру – қалыптас­қан жағдайға жеңiл-желпi қа­рау. Жаңа ұрпақтың психологиясы мен ұстанымы төңiре­гiнде ойланатын жағдаяттар да жеткi­лiктi.

ЖАЛҒЫЗ ШАПҚАН АТ ЖҮЙРIК
Ассамблея советтiк психология iзiмен президент сайлауына шынайы демократиялық қағидалар тұрғысынан емес, үстiртiн, немқұрайды қарайды.
Конституцияның 3-бабының 2-тармағындағы “Халық би­лiктi және еркiн сайлаулар арқылы жүзеге асырады” деген заңды ереженi ескермей, сайлау заңдарымен есептеспей, мезгiлiнен бұрын сай­лау­ды демократия көрiнiстерiн сырттай сақтап, шындығында бiр адамның өкiлдiгiн созу туралы ұсыныс айтып отыр. Тағы да президентке жақсылық жасаймыз деп қолайсыз ахуал туғызады. Сайлау – ол саяси бәсекелестiк. Бiрақ Ассамблея мүшелерi де бiлiп отыр: сай­лау­да сөзсiз жеңетiн фаворит – бүгiнгi президент пен “қауiп­сiз”, дауыс ала алмайтындар түседi. Бұл тек Қазақстан емес, кейбiр посткеңестiк ел­дердегi ортақ жағдай. Сондықтан Президент сайлауына беделдiлер түспейдi де, күл­дiргi, сайқымазақтар түсiп жатады. Сондықтан сайлау пре­зиденттiң өкiлдiгiн созғанмен бiрдей. Дегенмен Елдi сыйлап, сайлайтын да, таңдайтын да ел ғой, Н.Назарбаевқа жаңа мандат беру үшiн демей, мезгi­лiнен бұрын жаңа Президент сайлауын өткiзейiк деуге де Ассамблея кеңесi мүше­лерiнiң мәдениетi жетпептi. Шiркiн, жағымпаздық, қоше­мет­­тi­лiк не дегiзбейдi!
Әрине, Президент сайлауын өткiзу идеясы күнiбұрын жасал­ған сценарий бойынша басталып, Ассамблея үндеу жариялап, қалғандары массовка кейiпкерлерi сияқты қолдаушылар болып жатыр. Қалыптасқан елдегi конформистiк психология, “көп айтса көндi” дегендей ойланып жатпай, ақпараттық машинаның көрiгiн қыздырды. Немiс философы Гегельдiң елдiң бәрi бiрдей ойласа, онда елдiң ештеңе ойламағаны дегенi болды. Сайлау қай жылдары өтседе (2015, 2016, 2017) жеңiске Н.Назарбаев өзiнiң елдегi рейтингiсi, қаржылық, әкiмшiлiк, ақпараттық қолдау, халықтың “бұдан да төмен жағдайға тап болармыз” деген психологиясы негiзiнде жеңiс­ке жетедi. Дегенмен, сай­лау­­ды қолдап жүрген интеллигенция өкiлдерi арасында жеке басқа табынудан сақтану ойы да жоқ емес. Француз қайрат­керi Бенжамен Констанның “Тек бiр ғана адамның батырлығымен жеңiске жеткен мемле­кеттiң бақыты ұзақ болмайды, тiптi, сол адамның көмегiмен де алысқа бармайды, оған бас ию ағаттыққа соқтырады” деген. “Халықтың бағы байланса, ханның тағы шайқалады” деген бабамыз. Халықтың ең алдымен өзiне өзiнiң сенiмi, болашағына сенiмi – кейде қымбаттап, кейде арзандап тұратын мұнаймен, газбен салыстыруға кел­мейтiн аса қымбат құндылық. Елiмiзден құт-береке қашпасын деген қазақ Ассамблея ұран тастағандықтан емес, дос­тықты өз келешегi үшiн бағалайды, тыныштықты, бiрлiктi қолдайды.
А.Айталы, философия ғылымының докторы, профессор
Ақтөбе қаласы.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 778

Trending Articles