“Жетiншi құрбандық” желкесiнен шықпаса...
«Жас Алаштың» коллажы
“НЕМЦОВҚА ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚТЫҢ ҚҰПИЯСЫ БҮГIН-ЕРТЕҢ АШЫЛМАЙДЫ”
“Борис Немцовқа қастандық жасады” деген күдiкпен наурыздың 6-сы күнi Ингушетияда Заур Дадаев тұтқындалды. Тағы бiр күдiктi Беслан Шиванов 7 наурызда өзiн-өзi гранатамен жарып жiберiптi. Екi күннен соң Мәскеудiң Басман соты З.Дадаевты және тағы төрт адамды – Шагит пен Анзор Губашев, Рамзат Бахаев, Темiрлан Ескерхановты тұтқындауға қаулы шығарды. Дадаевтан өзгелерi “бұл қылмысқа қатысымыз жоқ” дейдi. Тергеу органының хабарлауынша, Дадаев қылмыс жасағанын мойындаған. Қылмысты қалай ұйымдастырғаны, саясаткердi қалай атқаны белгiсiз. Оның тек Немцовтың “Шарли Эбдо” басылымына қатысты пiкiрiн “көтере алмағаны” әңгiме болып, “Мен Мұхаммед пайғамбарды сүйемiн” деген бiр ауыз сөзi ғана ғаламторды кезiп жүр.
“КРЕМЛЬ ҚАПҚАЗДЫҚТАРДЫ ҚАЛҚАН ЕТУIН ҚОЯР ЕМЕС”
Осы оқиғадан соң түрлi-түрлi ауыздардан мынадай пiкiр айтыла бастады: “Мазасы қашқан Солтүстiк Қапқазды Кремль қалқан етуiн қояр емес”. Бұлай деуге негiз бар. Бұған дейiн де Солтүстiк Қапқаздың ұйымдасқан топтары бiрнеше қылмысты өз мойындарына алған. “Азаттықтың” жазуынша (мақаланың авторлары – Дейзи Синделар мен Анна Клевцова), Солтүстiк Қапқаздың тумалары Бесландағы мектептi басып алуды, “Норд Ост” мюзиклы кезiндегi қырғынды, 2004-10 жылдары Мәскеу метросындағы жарылыстарды мойнына алған. Олар мойнына алмаса да күштеп таңылған қылмыстар аз емес. 1999 жылы Мәскеуде, Волгодонскiде, Буйнакскiде тұрғын үйлер жарылып, 300-ге жуық бейбiт тұрғын опат болды.
2002 жылы Кремль ресми түрде Солтүстiк Қапқаздың боевиктерiн айыптап, арнайы жүргiзiлген операция барысында жетекшiсi Хаттабты және тағы жетi күдiктiнi өлтiрiп тастады. Бұдан өзге де “ашылмай қалған” немесе “тапсырыс берушiсi табылмаған” ауыр қылмыстар бойынша осы Солтүстiк Қапқаздың қылмыстық топтары төбе көрсеттi.
“ҚҰРМЕТ” ОРДЕНI... НЕ ҮШIН?
Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыров күдiктi Заур Дадаевты “Ресейдiң патриоты” деп мәлiмдедi. “Мен Заурды Ресейдiң патриоты ретiнде бiлетiнмiн. Оның Ресейге шын берiлгенiне, Отаны үшiн жанын қиюға даяр екенiне нық сенiмдiмiн”, – дептi Рамзан Қадыров.
З.Дадаев шешендердiң “Север” батальоны командирiнiң орынбасары болған. “Севердi” полковник Әлiмбек Делiмханов басқарған. Ол – Мемлекеттiк Дума депутаты Адам Делiмхановтың бауыры. Ал Делiмхановтар – Рамзан Қадыровтың жақын туыстары.
“Север” және “Юг” батальоны Қадыровтың алқалауымен 2006 жылы құрылған. Қызметкерлерi, негiзiнен, Шешенстанның терроризмге қарсы орталығы мен Шешен Республикасы президентiнiң қауiпсiздiк қызметiнiң бұрынғы жауынгерлерiнен құралған. Қағаз жүзiнде Ресей IIМ iшкi әскерiнiң Солтүстiк Қапқаз аймағына қарағанымен, iс жүзiнде Қадыровтың айтағымен жүрiп-тұрады. Мiне, Заур Дадаев осы арнайы құрылымға он жылға жуық қызмет еткен. 2010 жылы ол “Ерлiгi үшiн” орденiмен марапатталыпты.
Орден демекшi, наурыздың 9-ы күнi Ресей президентi Владимир Путин “РФ мемлекеттiк наградаларымен марапаттау туралы” жарлыққа қол қойды да, Шешен Республикасының басшысы Рамзан Қадыровты “Құрмет” орденiмен марапаттады. “Еңбекте қол жеткiзген жетiстiгi, белсендi қоғамдық жұмысы және ұзақ жылдар бойғы адал қызметi” үшiн.
Қадыровтың “адал қызметi үшiн” алған орден-медальдары жетерлiк. Ресейдiң тергеу комитетiнiң төрағасы Александр Бастрыкин биылғы жылдың басында Р.Қадыровты “Айбын және жанқиярлық” (“Доблесть и отвага”) медалiмен марапаттады. Соның алдында ғана Кремьде Қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшысы Николай Патрушев Р.Қадыровтың омырауына “Ұлттық қауiпсiздiктi сақтауға қосқан үлесi үшiн” медалiн таққан.
Қадыровтың алған марапаттары жиырмадан асыпты. “Ресей Федерациясының батыры”, “Қырымды азат ету медалiнiң” иегерi, “РФ қылмыстық-атқару жүйесiн дамытуға қосқан үлесi үшiн” медалiнiң иесi, тағысын-тағылар.
Бұл марапат-қошеметтердiң бәрiнiң өз уақтысында өзiндiк себебi болды: террористермен жағаласты, Путиннiң атына мадақ айтты, жауларына сес көрсеттi. Ал ендi соңғы “Құрмет” орденiн не үшiн бердi? Қандай “құрметi” үшiн?..
СУЫҚ СӨЗ БЕ?
“Бiз қазiр ортағасырлық ислам инквизициясының куәсi болып жүрмiз. Уақыт өте келе ислам өсiп-өркендейдi, ал терроризм кешегi күннiң еншiсiнде қалады. Бiрақ солай екен деп қол қусырып қарап отыру жөн емес. Террорды ешқашан ақтауға болмайды. Кейбiреулер “Мұхаммед пайғамбарды мазақ еткен карикатуристердiң өздерi кiнәлi” деп жазып, адам өлтiрудi ақтамақ болды.
Адам өлтiру – өте ауыр күнә, Құран бойынша да солай. Ал сатира күнә емес. Карикатурист пен адам өлтiрушi фанатты салыстыру – террористердi одан әрi екiлендiредi”.
Бұл – Борис Немцовтың француздық “Шарли Эбдо” журналына қатысты оқиғаға байланысты айтқаны. Ресейдiң ресми тергеу органына сенсек, Немцовтың дәл осы “суық сөзi” оның ажалына себеп болыпты. Қайталап оқып көрiңiзшi, осы сөзi саясаткерге оқ атқызуы мүмкiн бе?
РЕСЕЙДЕ САЯСИ ҚАСТАНДЫҚТАРДЫҢ БIРДЕ-БIРI АШЫЛҒАН ЖОҚ
1995 жылы 1 наурызда белгiлi журналист Владислав Листьевтi Мәскеудiң Новокузнецскi көшесiндегi пәтерiнiң алдында атып кеттi. Бiр оқ – басына, екiншi оқ қолына тиген.
Ресейдiң сол кездегi президентi Борис Ельцин Листевтiң туыстарына көңiл айтып, құқық қорғау органдарының бiрқатар шенеунiгiн қызметтен алды. Одан берi жиырма жыл өттi. Қылмыстық iс тоқтап тұр. 2013 жылы тергеу комитетiнiң өкiлi В.Маркин “дерек шықса, iстi қайта қозғаймыз” деген. Дерек те табылмады, iс те қозғалмады.
1998 жылдың қара күзi. Ельциннiң тұсы. Мемлекеттiк думаның депутаты, беделдi құқық қорғаушы Галина Старавойтованы өз үйiнiң ауласында атып өлтiрдi. Көмекшiсi Руслан Линьков ауыр жараланды.
Б.Ельцин: “Бiздiң парызымыз – қылмыскерлердi табу және жазалау! Бiздiң парызымыз – Галина Васильевна өмiрiн арнаған демократиялық құндылықтарды сақтау!” – деп тепсiнген. Қылмыс жасады деген төрт адам тұтқындалды, бiрақ тапсырыс берушi әдеттегiдей табылған жоқ.
1989 жылдан берi “Форбс” журналында қызмет ететiн Павел (Пол) Хлебников 90-жылдардың басынан Ресей туралы жаза бастады. 2004 жылдан “Форбстың” ресейлiк нұсқасына жетекшiлiк еттi. Оның басшылығымен журналдың төрт нөмiрi шықты. 2004 жылы 9 шiлдеде П.Хлебниковқа редакцияның жанында қастандық жасалды. Оны ауруханаға жеткiзуiн жеткiзгенiмен, лифтiде тұрып қалып, жаралы журналист үзiлiп кеттi...
“Мен Путиндi не үшiн жек көремiн? Қарабайырлығы, арсыздығы, нәсiлшiлдiгi, өтiрiгi, бас-аяғы жоқ соғыс бастағаны үшiн жек көремiн! “Норд-Осттағы” газ үшiн, оның тұсында жазықсыз көз жұмғандар үшiн жек көремiн!” – деп жазған Анна Политковскаяның өзi күндердiң-күнiнде құрбандыққа шалынды. 2006 жылы 7 қазанда оны өз үйiнiң лифтiсiнде атып кеттi. В.Путин сонда былай дедi: “Оның (Политковскаяның – ред.) өлiмi қазiргi Ресей билiгi мен Шешен Республикасының басшылығына жазған-сызғандарынан гөрi ауыр шығын келтiрдi”.
“Политковскаяға қастандық жасады” дегендер ұсталды, бiрақ тапсырыс берушiлер тағы анықталған жоқ.
Федералдық қауiпсiздiк қызметiнiң (ФҚҚ) бұрынғы офицерi Александр Литвиненко 2000 жылы Ұлыбританияға қашып барды да, Ресей билiгiнiң бiтiспес жауына айналды. Ол “ФҚҚ Ресейдi жарып жатыр” деген кiтап жазып, 1999 жылы Ресейде болған жарылыстарға арнайы қызметтi айыптады.
2006 жылы 1 қараша күнi А.Литвиненко бизнесмен Андрей Луговоймен кездескеннен кейiн жағдайы нашарлап, ауруханаға түстi. Литвиненко 23 күн азаптанып жатып көз жұмды. Өлерiнен үш сағат бұрын ғана оның радиоактивтi полониймен уланғаны белгiлi болды.
“Адам өлiмi – қашанда қайғылы. Менiң бiлуiмше, британдық дәрiгерлердiң медициналық қорытындысында оның азаптан өлгенi айтылмаған. Ендеше, бұл туралы сөз етуге негiз де жоқ”, – дедi Ресей президентi В.Путин.
2007 жылы күдiктi А.Луговойды сұратқан британдықтардың сөзiне ешкiм құлақ аспады. Ал Луговой болса, сол жылы дума депутаты болып шыға келдi.
“Мемориал” құқық қорғау орталығының Грозныйдағы бөлiмшесiнде қызмет еткен Наталья Эстемированы 2009 жылы 15 шiлдеде тапа-тал түсте ұрлап әкеттi. Сол күнi кешке оның өлi денесi Ингушетия аумағынан табылды. Эстемироваға Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыровтың қоқан-лоққы жасағаны сөз болды.
“Тағдырдың айдауымен” президент бола қалған Д.Медведев “қылмысты ашу үшiн қолдан келгеннiң бәрiн iстеймiн, iстi өз бақылауыма аламын” деген. Медведевтiң қолынан ештеңе келмедi...
Ресейде дүниенi дүрлiктiрген осындай саяси қылмыстар жасалған сайын президент Владимир Путин қастандық құрбанының туыстарына көңiл айтады. Бұл жолы да сөйттi. Немцовтың туыстарына да “қайғыларыңызға ортақпын” дедi. Бiрақ мұнысы көбiне айтуға тиiс болған соң айта салғандай көрiнедi де тұрады. Әйтпесе, мұндай саяси қылмыстар әлсiн-әлсiн қайталанбас едi ғой.
erik_r@bk.ru
Ерiк РАХЫМ