Әлиевтi кiм өлтiргенiн Әблязов бiле ме?
Рахат Әлиев Вена түрмесiнде белгiсiз жағдайда өлген соң оның бiр кездегi жауларының өзi Әлиевтiң әрекетiн ақтап алуға тырысып жүр. Кеше – Мұхтар Әблязов, бүгiн – Болат Атабаев... Мұны қалай түсiнуге болады? “Өлген адам туралы не тек жақсы нәрсе айту керек, не ештеңе айтпау керек” деген тәмсiл ме? Әлде мұның бәрi саясат үшiн бе?
Жақында Мұхтар Әблязов Фейсбуктегi парақшасында Р.Әлиевтiң өлiмiне қатысты өз болжамын жазды. Францияның түрмесiнде отырған адамның әлеуметтiк желiнi қалай емiн-еркiн пайдаланғаны – басқа тақырып.
Әблязов былай дейдi: “Бiз Рахат Әлиев екеумiз 30 жылдан астам уақыттан берi таныс едiк. Мен Рахатты өте жақсы бiлетiнмiн. Рахаттың түкiрiгi жерге түспей тұрғанда арамызда “әскери” қарым-қатынас болғанын да жұрт бiледi. Бiр кездерi ол Назарбаевтың сенiмдi көмекшiсi болды. Бизнесте де, саясатта да, отбасылық мәселеде де. Ол Назарбаевтың ғана тiкелей тапсырмасын орындайтын.
“Күндердiң-күнiнде Рахат Әлиевтiң қылмыстық әрекетiне Назарбаевтың көзi жеттi” деген ертегiге сенудiң қажетi жоқ. Назарбаев төңiрегiндегiлердiң не iстеп жүргенiнен әрдайым хабардар болды”.
Осылай деген М.Әблязов бұдан әрi Рахат Әлиевтi ақтай жөнеледi. Әблязовтiң пайымдауынша, Әлиевтiң 2007 жылы Назарбаевпен келiсуге мүмкiндiгi болыпты. Бiрақ Әлиев күрес жолын таңдаған-мыс.
Сөйтедi де Мұхтар Әблязов Рахат Әлиевтi “күрескер, қазiргi саяси режимнiң бiтiспес қарсыласы” етiп көрсетiп, саяси қуғын-сүргiн құрбандарының қатарына апарып қосқысы келедi.
Адам өлтiрудi ақтауға болмайды. Мейлi, ол қанқұйлы қылмыскер болса да. Осы тұрғыдан қарағанда, Әблязовтiң әрекетi дұрыс. Ең бастысы, жұрт әлдекiмдер естiп қоймасын деп сыбырлап айтып жүрген болжамды Әблязов ашық мәлiмдептi. “Рахат Әлиев өзiн-өзi өлтiрдi деген аңызға сенбеңiздер. Мынаны бiлiп жүрiңiздер: Рахатты өлтiрген – Назарбаев, ал австриялық билiк – сыбайласы” деп қорытыпты М.Әблязов.
Е.Көшербай.