Қатерлi үш анық: Путиннiң ұсынысы. «Алтын» ақша. Теңгенi жерлеу
Апта басында Алматыдағы “Астана” қонақ үйiнде өткен “Ортақ валюта: аңыз бен ақиқат” атты дөңгелек үстелде айтылған пiкiрлердiң кейбiр бөлiгi Ресей валюталық интеграцияны тым тездету арқылы геосаяси мақсаттарды көздеп жатыр дегенге сайды. Бүгiнгi нөмiрде назарларыңызға жиынға қатысқан экономистердiң баяндамасы мен азаматтық белсендiлердiң ой-пiкiрлерiн ықшамдап ұсынып отырмыз.
ВАЛЮТАЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ТҰЗАҚТАРЫ
Дөңгелек үстелдi ұйымдастырған “Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың” жетекшiсi, саясаткер Төлеген Жүкеев Путиннiң наурыз айында Ресей үкiметiне валюталық интеграция жөнiндегi iс-шараларды жасақтау туралы тапсырма жүктеуi Қазақстанда бiрыңғай валюта төңiрегiндегi пiкiрталас пен талқылауларға жол ашқанын еске салды. Т.Жүкеев бұл тақырыпта әртүрлi пiкiрлер айтылып жүргендiктен, жиынға экономикалық, инвестициялық мәселелермен жете таныс сарапшыларды шақырғанын айтты.
Осындай мамандардың бiрi, Tengri Partners-тiң басқарушы серiгi Әнуар ҮШБАЕВ “Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы валюталық интеграция тұзақтары” атты баяндама жасады.
– Ақша деген не? Бұл сұрақтың өзi экономистер арасында пiкiрталас тудырады. Ол қайдан пайда болады? Бiреулер оны үкiмет жасайды десе, бiрi коммерциялық банктер жасайды дейдi. Ендi бiрi орталық банк жасайтынын алға тартады. Шын мәнiнде, орталық банк елдегi ақша массасының 2-3 пайызын ғана жасайды. Қалғанын коммерциялық банктер жасап шығарады. Қолыңызға ұстаған әрбiр теңге, доллар, сом, кез келген ақша бiрлiгi – бұл мемлекеттiң қарызы немесе коммерциялық қарыз.
Негiзi, валютаны кiм көрiнген шығара алады. Бiрақ басты мәселе – кiм көрiнген шығарған ақшаға тауар немесе қызмет сатып алуда. Мемлекет өзi эмиссиялаған валютаның белгiлi бiр сұранысына кепiлдiк бередi. Әрине, ол үшiн қалыптасқан институционалды құрылымдар керек. Жеке сектор салық төлеуi үшiн оған мемлекеттiк валюта керек екенi түсiнiктi. Осылайша мемлекеттiк валютаға деген табиғи сұраныс қалыптасады. Бұдан кейiн осы валютада транзакция жүргiзу тәрiздi талаптар қойылады. Мұндай жағдайда жеке сектор өздерi пайдаланатын валютаны айналымға жiбермей, ақша табуға мәжбүр.
Ендi шығыс пен кiрiске келсек, кiрiстiң жалпы көлемi шығысқа тең. Барлық шығыс бiреудiң кiрiсiне айналады. Жалпылама алғанда, шығыс шығарып, кiрiс табатын үш-ақ сектор бар: бұл мемлекеттiк, жеке және сыртқы секторлар. Бiрақ белгiлi бiр жағдайда жеке сектор шығынын азайтып, өзi жинайтын ақша қорын арттыруы мүмкiн. Мәселен, дағдарыс туғанда немесе адамдар ертеңгi күнге сенiмдi болғанда осындай жағдай орнауы мүмкiн. Мұндай жағдайда қызық феноменды байқаймыз. Қорға жиналған әрбiр ақша бiрлiгi жұмсалмайды. Олай болса, бiреудiң қорда жиналған сомаға тең табысы төмендейдi деген сөз. Демек, жеке сектордың ақша жинауы табыстың төмендеуiне және ақша қорының азаюына әкеп соқтырады.
Өмiр сүрудiң деңгейi мен табысты қамтамасыз ету үшiн мемлекет мұндай жағдайда өз шығынын арттыру арқылы жеке сектор үшiн табыс тудыра алады. Алайда мемлекет өз шығынын облигация шығару арқылы қаржыландыратын болса, бiрақ инвесторлар болашаққа сенiмсiз болғандықтан бұл облигацияларды сатып алуға дайын болмаса ше? Немесе ақылға қонбайтын пайыздық табыс сұраса ше? Бұл – өз валютасын шығаратын мемлекет үшiн мүмкiн емес жағдай. Өйткенi мемлекет әр уақытта орталық банктi кредитор ретiнде пайдалана алады. Әрине, бұл мемлекет күнi бойы ақша басып, оны жұмсау керек деген сөз емес. Өйткенi ондай жағдайда Зимбабве әлемдегi ең бай мемлекетке айналар едi. Кез келген шығынның инфляциялық салдары бар. Бiрақ бұл қаржы экономикадағы тоқыраған, тоқтап қалған ресурстарға жұмсалса, инфляцияның алдын алуға болады.
Еуроаймақтың тәжiрибесiне тоқталсақ, 1951 жылы Еуропалық декларацияға қол қойғандар бiрiгiп дамудың басты мақсаты – соғысты миға қонымсыз және материалдық жағынан мүмкiн емес нәрсеге айналдырып, демократияны күшейтудi көздедi. Яғни Еуроодақ Еуропаның бұрынғы Византия, Рим, Бiрiншi Француз империясы, Австро-Венгрия, т.б. түрiндегi империя мен одақтардың жаңа кейпiне ие болып, демократиялық принциптер мен жаңа бейбiт философияның бiрлестiгiне айналды. Бүгiнде Еуроаймақтың бүкiл мемлекеттерi де-факто АҚШ-тың жеке-жеке штаты тәрiздi. Әрi әр елдiң мемлекеттiк табыс көлемi жөнiнен нақты бюджеттiк шектеуi бар.
Қызығы, Нобель сыйлығының лауреаты, канадалық Роберт Манделлды “еуроның әкесi” деп атайды. Десек те Р.Манделлдың өзi зерттеуiнде Еуроаймақ валюталық аймақ талаптарына жауап бермейдi деген қорытындыға келген. Еуропадағы монетарлы интеграция валюталық одақтың көптеген шектеуi мен кемшiлiктерiне қарамастан , саяси интеграция үшiн жасалды.
Одаққа мүше мемлекеттер монетарлы саясаттың кейбiр параметрлерiн өткiзiп беру арқылы тәуелсiздiгiн жоғалтты. Бұдан бөлек экономикалық құбылулар әр елге әртүрлi әсер еттi. Бұл да өзiнше бөлек проблема тудырды.
Р.Манделл мұндай ассиметрияны жою үшiн Еуроаймақ жұмыс күшiн емiн-еркiн геограциялық қозғалысына жол ашуы керек дедi. Ал американдық ғалым Питер Кенен фискалды интеграцияның болуы немесе болмауы үлкен рөл ойнайтынын айтты. Он жыл өткеннен кейiн Кененнiң теориясы дұрыс болғанын көрсеттi.
Валюталық интеграцияны жақтаушылар мынандай дәлелдердi келтiредi:1. Одақ iшiнде транзакциялық шығынның қысқаруы: 2. Валюталық тәуекелдер мен волатильдiлiктiң қысқаруы; 3. Бәсекенiң өсуi; 4. Қатысушылар арасында өзара сауда мен инвестицияның өсуi. Айта кететiнi, еуроның енгiзiлуi Еуроаймаққа кiретiн елдер арасындағы өзара саудаға серпiлiс бере алмады. Оның үстiне Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты мұндай дәлелдер жүрмейдi. Өйткенi Ресей де, Қазақстан да одақ iшiндегi әрiптестермен салыстырғанда басқа елдермен көбiрек сауда-саттық жасайды. Еуропа қайта құру және даму банкiнiң зерттеуi бәсекенiң артуы қатысушы елдердiң экономикаларына әр кезде жақсы әсер етпейтiнiн көрсеттi. Мәселен, дамыған елдердiң одағында бұл жақсы нәтижелерге әкелуi мүмкiн, ал дамушы мемлекеттер одақ құрған жағдайда, өзара тең емес мүмкiндiктерге әкелiп, өзгелерден экономикасы жақсырақ дамыған ел пайда табады.
Қазiр Еуроодақтың болашағы көп талқыланып жүр. Мемлекеттер еуро аймағынан шығып, Еуропалық монетарлы жүйеге қайтып оралады деген пiкiр бар. Әрине, мұның бәрiн уақыт көрсетедi, десек те бiр анығы – еуропалықтар ортақ мемлекетке айналу үшiн тәуелсiздiгiн құрбан етуге дайын емес. Еуроаймақ фискалды интеграция мәселесiн шешетiн күн әлi де алыс тәрiздi. Осының өзi Еуропада ортақ валютаны дұрыс жетiлдiрiлмеген түрде енгiзу саяси консенсусты көздегенiн көрсеттi.
Еуроодақтың болашағы фискалды саясатқа байланысты. Ендi мұның анық-қанығын қарастырсақ. 2011-12 жылы Испанияның фискалды ахуалының (бюджеттiк дефициттiң/профициттiң iшкi жалпы өнiмге қатысы) Ұлыбританиядан айтарлықтай айырмасы болған жоқ. Бiрақ облигация арқылы 10 жылға қаржыландырудың құнында айтарлықтай айырма болды. Бұл айырма өз валютасын шығаратын эмитент-мемлекет техникалық дефолтқа ұрынуы мүмкiн емес, ал Еуроаймаққа қатысушы ел дефолтқа әбден ұрынуы мүмкiн екенiн көрсеттi. Бiрақ 1990 жылы инвесторлар тарапынан ешқандай алаңдаушылық пен “қарыз бойынша дағдарыс” болған жоқ. Өйткенi еуроны енгiзгенге дейiн бұл елдер өздерiнiң жеке валютасының облигациялары бойынша дефолтқа ұрынуы мүмкiн екенiн ешкiм болжамады.
Жоғарыда айтып өткенiмдей, экономикадағы үш сектор ғана шығын шығарып, табыс таба алады: бұл мемлекеттiк, жеке және сыртқы сектор. Ал басқа бiр сектор тапқан табысынан көп шығын шығармаса, жеке үй шаруашылығы тапқан табысынан аз шығын жұмсай алмайды. Осы секторлардың арасында тәуелсiз валютасы бар, шетелдiк валютада қарызы жоқ мемлекет қана өзi шығаратын валюта бойынша мiндеттемесiн орындай алмай қалуы мүмкiн емес. Мемлекеттiк, жеке және сыртқы секторлар бiр уақытта профицитте немесе дефицитте болуы мүмкiн. Жеке сектор үшiн ең ыңғайлы ахуал – оң мәндегi жиналған қор. Жеке сектордың несиеленуi өсе беруi мүмкiн. Бiрақ оның да белгiлi бiр шегi бар. Күндердiң күнiнде экономикалық белсендiлiк төмендеп, жарылатын “көпiршiк” пайда болады. Несиелендiру деңгейiн төмендету үшiн жеке сектор аз қаржы жұмсап, қарызды қайтару үшiн көбiрек ақша жинауы тиiс. Бұл табыстың жалпы деңгейi мен iшкi жалпы өнiмнiң төмендеуiне әкеп соқтырады. Осындай жағдайдың алдын алу үшiн контрциклдi фискалды саясат түсiнiгi бар. Қолжетiмдi ставкалар бойынша қорландыруға қол жеткiзе алатын мемлекет осы саясатты жүзеге асырмады. Бiрақ Еуропа мемлекеттерi контрциклды фискалды саясатты iске асыра алмай қалды. Оларда жеке сектор қарызды өсiру есбiнен экономикалық өсiмге серпiн бере алмады. Мұның себебiн өздерiнiң валютасын қорландыра алмаудан iздеймiз. Еуроодақ елдерiнде ағымдағы төлем балансы бойынша табыс жоқ. Бюджет тапшылығын өсiрудiң мүмкiндiгi де жоқ. Осы себептi экономистер Еуроодақтың тұтастығы мен болашағы мүше елдер ортақ бюджет пен ортақ үкiметi бар нақты федерацияға бiрiгуге бара ма, соған байланысты деп есептейдi.
Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасына қатысты күлкiлi дәлелдер келтiрiледi. “Үлкен нарыққа жол ашыладыдан” бастап “бiздiң алтын әлемдегi валюталарға қосылып, еуроны тықсырып шығарадыға” дейiн. Бiрақ бiз валюталық одаққа кiрсек, бастапқы кезеңде Қазақстан дағдарыс уақытында Ұлттық қордан жалпылама сұраныстың сыртқы компонентiн жасанды жолмен жасау арқылы iшкi сұранысты қамтамасыз ете алады. Ал ары қарай ше? Қазақстанның өз iшiнде аз тауар шығарылатындықтан, мемлекеттiк шығын импортталатын тауар түрiнде жұмсалады. Осылайша Ұлттық банк резервтерi мен теңгенiң айырбастау бағамына қысым жасайды. Сондықтан жауыр болған мәселе – индустриализация мен экономиканы әртараптандырмайынша, оны шеше алмаймыз.
“ЭКЮ” МЕ, ӘЛДЕ ЕУРО МА?
Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, экономист, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының жетекшiсi:
– 1994 жылы бұрынғы Кеңес одағына мүше мемлекеттер еркiн сауда туралы келiсiм жасады. Бұл жобаны Ресей ұсынды. Бұл уақытта әр мемлекеттiң өз валютасы болды. Айта кететiнi, баж салығы не төмен болды, не нөлдiк деңгейде болды. Демек, Кедендiк одаққа кiрмес бұрын баж салығында айтарлықтай айырма болған жоқ. Сонда Кедендiк одақтың еркiн сауда аймағынан не айырмасы бар? Жоғарғы ұлттық орган пайда болды, iшкi шекара жойылды, кедендiк табыс бөлiндi. Бiрақ нарыққа қолжетiмдiлiк өзгерген жоқ. Интеграцияның келесi кезеңi – Еуразиялық экономикалық одақ. Мұның Кедендiк одақтан не айырмасы бар? Кедендiк одақта тек тауар қозғалысы болса, мұнда қызмет пен еңбек күшiнiң қозғалысы қосылды.
Еуразиялық экономикалық одақтың төрт жобасы болды. Талқылай келе, алғашқы нұсқалардағы шекараны қорғау, ортақ парламент секiлдi саяси баптар алынып тасталды. Одақ туралы келiсiмге қол қойылған соң Еуразиялық экономикалық комиссия кеңсесi Мәскеуде, Жоғарғы экономикалық сот Минскiде болады деп келiсiлдi. Ал бiзге ортақ қаржылық қадағалау жағы бұйырды. Ол 2025 жылға қарай құрылады.
Валюталық одақтың форматы қандай? Мәселе осында. Егер жоғарғы ұлттық валюта жөнiнде сөз қозғалса, пiкiрталас өз-өзiнен шешiлер едi. Өйткенi жоғарғы ұлттық валюта мемлекеттiң ұлттық валютасымен қатар қолданыста жүре бередi. Сонымен, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қандай валюта жөнiнде сөз қозғалып отыр? Ол еуро форматы ма, әлде “ЭКЮ” ма? “ЭКЮ” форматы болса, бұл ұлттық валютамен айналыста қатар жүре бередi. Ресейлiк ақпарат құралдары Қазақстан президентi ортақ валюта туралы айтқанда, еуро форматын меңзедi дейдi. Бiрақ бiздiң президент “ЭКЮ” форматын ғана айтты. Ұлттық валюта алынып тасталады дегендi айтқан жоқ.
Ал егер ортақ валюта төңiрегiнде сөз болса, бiз өз шығынымызды жаба алмай қаламыз. Орталық банктен валютаны алақан жайып сұрайтын жағдайға жетемiз. Орталық банк Алматыда орналасады деген күннiң өзiнде эмиссия туралы шешiмдi қабылдау бiздiң ғана қолда болмайды.
Ал ендi валюта бағамының тұрақтылығына тоқталсақ. Бiз қазiр теңгенiң тұрақтылығын қамтамасыз ете аламыз. Ал ортақ валюта енгiзiлсе, оның тұрақтылығы бiздiң қолымызда болмай қалады. Оның үстiне ондай ортақ валюта бағамының динамикасы 90 пайызға рубльге байланысты болмақ. Рубль онсыз да жиi құбылатын валюта екенi түсiнiктi.
Ал жоғарғы ұлттық валюта – “ЭКЮ”-ге келсек, ол Еуропада 1979 жылы енгiзiлiп, 1995 жылы алынып тасталды. Еуропаға оны ендiрмес бұрын 20 жыл қажет болды. Мұндай форматтағы валютаны ендiру үшiн алдымен ортақ қаржылық қадағалаушы орган керек. Келiсiмшарт бойынша, ол 2025 жылы құрылады. Демек, жоғарғы ұлттық валюта ендiру жөнiнде 2045 жылы сөз қозғауға болады. Ал бұл уақытқа жеткенше барлық тәуекелдер айқындалады. Бұл мәселе еуроның болашағына байланысты. Егер оған дейiн еуроаймақ ыдырап кетсе, мәселе өз-өзiнен шешiледi.
Жоғарғы ұлттық валютаға келсек, Ресей өз экономикасындағы мәселенi шешiп, рубльдi халықаралық резервтi валюта қатарына қосуға әрекет етуi керек. Егер оны iстей алмаса, жоғарғы ұлттық валютаны енгiзу пайда бермейдi.
Қысқасы, 2025 жылға дейiн ортақ қаржылық қадағалаушының құрылғанын күту керек. Оған дейiн көп нәрсе өзгередi, барлық салдарына көз жеткiземiз.
ЖОҒАРҒЫ ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА ДОЛЛАРҒА ТӘУЕЛДI БОЛМАҚ
Iлияс ИСАЕВ, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетiнiң доцентi:
– Әлемде валюталық интеграцияның екi түрi бар. Алғашқысы – асығыс түрде қаржылық бақылаудың жоғарғы ұлттық органын құру. Елдiң өз бетiнше жүргiзетiн ақша‑несие саясатын сол органға өткiзiп берiп, ортақ валютаны құру. Екiншi нұсқа – бастапқы кезеңде есеп айырысатын бiрлiк (валюта емес) енгiзiп, оның ұлттық валюталармен қатар жүруi. Екiншi нұсқаны кезiнде Еуропа елдерi қолданды. Ал алғашқы нұсқа әзiрге әлемнiң ешбiр елiнде қолданыс таппады. Екiншi нұсқаның өз проблемасы бар. Мәселен, Еуропа “ЭКЮ” бiрлiгiн енгiзбес бұрын ұзақ уақыт өттi.
Бiрыңғай валюта құрудың функционалды, экономикалық, техникалық, саяси және құқықтық аспектiлерi бар. 1978 жылы Еуропада валюталық комитет одағын құру ұсынылды. Осы одаққа бұрынғы орталық банк жетекшiлерi, ғалымдар кiрдi.
Әзiрге бiрыңғай валюта туралы сөз қозғау ерте. Валюталық, ақша‑несиелiк, фискалды саясатты үйлестiруге болады. Ал келесi кезең – үйлестiру. Үйлестiру кезеңiнде Еуропа “ЭКЮ” бiрлiгiн енгiздi. “ЭКЮ” мемлекеттердiң ұлттық валюта бағамдарының ауытқу деңгейi мен доллардан ауытқу деңгейiн анықтауға көмектестi.
Еуропа еуроны енгiзудi 51 жыл күттi. 1948 жылы Еуропадағы өнеркәсiп соғысқа дейiнгi көрсеткiш деңгейiне жеттi, сөйтiп, сыртқы сауда мәселесiн көтердi. 1949 жылы одақ құрылды. 1999 жылы еуро шықты. Бiзге ортақ валютаға жету әлi қайда. Ресей болса, оны қысқа мерзiмде құрғысы келедi. Ол үшiн алдымен үйлестiру кезеңiн аяқтау керек. Өнеркәсiп өндiрiсi саласын үйлестiру қажет. Сосын машина жасау, азық-түлiк қауiпсiзiдiгi, ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң одағын құрсақ қана Еуразиялық экономикалық одақтың валюталық интеграциясын талқылауға болады.
Экономикалық аспектiге келсек, валюталық интеграция – экономикалық өндiрiстiң соңғы кезеңi. Бiз әлi экономикалық өндiрiстi аяқтамадық. Сауда соғысы, АЭС салу төңiрегiнде, мұнай өңдеу зауыты жөнiнде талас-тартыс жүрiп жатыр. Еуропаның он екi мемлекетi саудасы алпыс пайызға жеткенде ғана валюталық жүйе жөнiнде мәселе көтерiлдi. 1958 жылы Батыс Еуропаның өзара экспорты 5,14 пайызға жеттi. Ал 1979 жылы бұл көрсеткiш 54 пайыздан асты.
Валюталық жүйенiң құрылуы Еуропа экономикасының жақсы жағдайымен тұспа-тұс келдi. Яғни, экономикасы өсу үстiнде болды, сосын еуропалық валюталық жүйе мәселесiн көтердi. Бұл уақытта Батыс Еуропа әлемдегi алтын қорының 40 пайызына ие болған едi.
Егер ұлттық валюталармен қатар жүретiн бiрлiк енгiзiлсе, ол бәрiбiр долларға тәуелдi болмақ. Өйткенi орталық валюта бағамын долларға қатысты қарастырамыз. Ол уақытта юань резервтi валютаға айналуы мүмкiн. Онда бағам доллар, юань, алтынға шағылып есептелуi керек. Ол қауiптi. Қажет десеңiз, АҚШ долларды құбылтып, валютаның негiзiн шайқауы мүмкiн.
Техникалық аспект бұл – эмиссия. Валюта өзiнiң жеке-дара кредиттiк эмиссиялық негiзiне қойылғанда ғана ақша жүйесi iшкi конъюнктураға тәуелдi болады.
Саяси аспектiге келсек, Еуропада валюталық одақ мәселесi Еуропарламент құрылғанда шешiлдi. Ал бiзде ондай ортақ парламент жоқ.
Екiншi форматтағы валютаға жету үшiн әлi инстуционалды құрылымдар жасақтау керек. 1950 жылдары Еуропалық төлем одағы құрылды. Оның мақсаты төлем балансын реттеу болатын. Кейiн бұл одақ Еуропалық валюталық келiсiм болып өзгердi. Ол келiсiм сосын 40 жылдан соң Еуропалық валюталық жүйе болып өзгердi. Валюталық әрiптестiктiң еуропалық қоры кейiн “ЭКЮ” эмиссиясының негiзi болды.
Қазiр валюталық жүйе мен одақтың қажеттiлiгiн зерттейтiн арнайы комитет пен топ құруға болады. Валюталық одақ – бұл экономикалық интеграцияның соңғы кезеңi.
ЛУКАШЕНКО АЙТАРЫН АЙТТЫ, АЛ НАЗАРБАЕВ ҮНСIЗ...
Тоқтар ЕСIРКЕПОВ, экономика ғылымдарының докторы:
– Астанаға келген Путиннiң айтуынша, бiрыңғай валюта енгiзсек, ортақ қаржы нарығымыздың қорғанысы берiк бола түседi-мiс.
Еуразиялық экономикалық одақтың шартында ортақ валюта туралы құқықтық норма жоқ.
2025 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердiң қаржы нарығын жүйелеп отыратын арнайы орган құрылады.
Еуразиялық экономикалық одақтың қалай өмiрге келгенi, идеяның авторы кiм екенi соқырға таяқ ұстатқандай белгiлi. Экономикалық одақ деген әп-әдемi атауды жамылушы, ар жағында саясы одақтың төбесi қараң-құраң ететiн бұл “апанға” жол бастаушы алғашқы баспалдақ – Кедендiк одақ болды. Одан кейiн бiрыңғай экономикалық кеңiстiкке енiп, жақындай түстiк. Еркiн сауда айналымы, валюталық одақ та саяси одақтың құрығын мойнымызға iлуге септiгiн тигiзетiнi анық.
Одаққа мүше үшiншi ел Беларустiң президентi Александр Лукашено “Блумберг” медиахолдингiне сұхбат берiп бүй деген-дi: “Ортақ валюта енгiзiлсе немесе валюта одағы құрылса қалай жұмыс iстемек? Астанадағы басқосуда ортақ валюта енгiзу жайы сөз болып иi қанғанша талқыланды. Путин экономика саласы бойынша тереңге бойлап серiктесуге сеп болады деген болуы керек, ортақ валюта туралы сауалды талқылауды да ұсынды. Мәселен, Еуроодақтың валютасы бар, мүмкiн, сол секiлдi ортақ ақша айналымға енгiзiлетiн шығар. Бiрақ бұл дәл бүгiнгi күннiң шаруасы емес. Ортақ валюта туралы Путинмен ақылдасқанымызда ол бiзден осы мәселенi сарапшылардың да сүзгiсiнен өткiзiп, саралауына қалай қарайсыздар деп сұрады. Бiз несiне қарсы боламыз, ортақ валюта туралы бұрыннан да айтып жүрмiз, сарапшылар да пiкiрiн бiлдiрсiн. Бұл мәселе бiздiң одағымыздағы соңғы әрекет болуы мүмкiн. Еуразиялық экономикалық одақтың атқаруға тиiс шаруалары шаш етектен. Әзiрге ортақ валюта енгiземiз деп даурығудың қажетi жоқ. Ең алдымен бiз ортақ валютаны айналымға шығаратын кезеңге жетiп алуымыз қажет. Ортақ валюта туралы әңгiменi талқыға салған – ресейлiк сарапшылар. Шынтуайтына келсек, Еуразиялық экономикалық одақта мұндай сұрақ күн тәртiбiне шығарылған емес”, – дедi.
Лукашенко асықпайық деп аптығымызды басады. Бiз неге өлермендене ұмтылуымыз керек? Валюта одағын құру мәселесi екi-үш адамның ғана ақылдасуымен жүзеге аспауы керек. Кәдiгулi мамандар, ғалымдар, сарапшылар һәм осы салаға қатысы бар мамандардың қатысуымен талқыға салынуы тиiс.
“Еуразиялық интеграция” деген желеумен 2010 жылдың 1 қаңтарынан Кедендiк одақ қызметiн бастады, 2012 жылдың 1 қаңтарынан Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң бойына қан жүгiрдi. Биылғы қой жылының 1 қаңтарынан берi Еуразиялық экономикалық одақ аясында өмiр сүрiп келемiз. Соңғы кездерi Валюталық одақ жайлы да айтылып, құлағымызды үйрете бастағандай.
БIРЫҢҒАЙ ВАЛЮТАНЫ ҚОЙЫП, ЭКОНОМИКАНЫ РЕТТЕП АЛСЫН
Меруерт МАХМУТОВА, экономист, Қоғамдық мәселелердi талдау орталығының жетекшiсi:
– Бiрыңғай валютаның айналымға енгiзiлу қаупiнен бұрын, басқа да негiзгi сұрақтарға тоқталып көрсек. Қазақстанның өз валютасынан бас тартып, Ресей валютасының ығына жығылу мәселесi әу баста қарастырылмады. Сол себептi Еуразиялық одақ аясында қол қойылған келiсiмшартқа сәйкес, Қазақстан ортақ валютаның шеңберiнде өз валютасынан бас тартуына қақысы жоқ. Сондықтан да мен бiрыңғай валюта идеясын Путиннiң жүзеге асуы күмәндi жеке ұсынысы деп қабылдаймын. Өйткенi Ресейдiң де Қазақстанның да экономикалық проблемалары уақыт өткен сайын қордаланып келедi. Ал бiздiң экономикамыз халықаралық сауда нарығына тәуелдi. Ресейдiң экономикасы 2015 жылы мұнай бағасымен бiрге күрт құлдырағаны мәлiм. Мұндай экономикалық құлдырау сол ел халқының әлеуметтiк жағдайының төмендеуiне де қатты әсер ететiнi белгiлi. Тұрғындардың кiрiс ақшасының көлемi азаюына, жұмыссыздықтың өсуiне, кедейшiлiк белдеуiнiң артуына экономиканың тоқырауына үлкен әсер етедi. Сондықтан Қазақстан қазiргi кезде халқының кiрiс табысы көлемiнiң азаю мәселесiне, әлеуметтiк проблемалардың көбеюiне жiтi назар аударып, экономикалық құлдыраудың алдын алуға кiрiсуi керек. Бұл тұрғыда елiмiзде Ұлттық қордағы қаржыдан ақша бөлу жолдары қарастырылды. Әрине, Ресей де, Қазақстан да жинақтаған қордағы ақшалармен мәселенi шешуге кiрiсiп кеттi. Алайда қордағы қаржыдан гөрi экономикалық тығырықтан шығу үшiн ең алдымен мемлекеттiк шығындар көлемiн азайтуға тиiспiз. Мұндай шығындар қатарына ЭКСПО, олимпиада, универсиада өткiзу сынды iс-шараларды қосуға болады. Сондай-ақ, Ресейдегi секiлдi кедейшiлiк деңгейiн анықтап, орташа табыс мөлшерiн белгiлеп алғанымыз жөн. Өкiнiшке қарай, күнi бүгiнге дейiн Қазақстанда кедейшiлiк деңгейi мен ортақ табыс көлемiне қатысты шынайы дерек жоқ. Қазiргi кезде үкiмет пен билiк ең алдымен әлеуметтiк саясатқа жiтi назар салып, осы мәселенiң түйiнiн тарқатуға күш салуға тиiс. Ал ортақ валютаға келiсiм беру – Қазақстанның өз тәуелсiздiгiнен бас тартуы болмақ.
ИНТЕГРАЦИЯДА САЯСИ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЛМАҚ ТЕҢ БОЛУЫ КЕРЕК
Дастан ҚАДЫРЖАНОВ, саясаттанушы:
– Бiрiншi – экономика, сосын – саясат дейтiн түсiнiктiң жаңсақ екенiн уақыт дәлелдеп бердi. Өйткенi экономика мен саясатты бөлiп қарастыру мүмкiн емес. Сондай-ақ, саясат пен экономиканың байланысы бiздiң елдiң болашағын айқындап беретiнiн ұмытпайық. Экономикалық интеграция тақырыбын сөз еткенде бiр тарап прагматикалық түсiнiкке негiздесе, келесi тарап көп аспектiлi өз ұстанымын ортаға салады. Интеграция мәселесi бiздiң елден басқа да мемлекеттер арасында барын ескерсек, уақыт талабының өзi осындай интеграциялардың қажеттiгiн көрсетедi. Осыған дейiнгi интеграцияланған елдердiң тәжiрибесiне көз салсаңыз, экономикалық күш-қуаты басым елдiң саяси үстем екенiн де көруге болады. Интеграция дегеннiң қазiргi кездегi анықтамасы жаңа саяси күштердiң ортақ бiрiгуi дер едiм. Кезiнде осындай үлкен күшке АҚШ пен КСРО иелiк еттi. 1990 жылдары КСРО-ның күйреп, өзiнiң саяси, экономикалық күш-қуатынан айырылғаны мәлiм. Интеграцияның өзiндiк құндылықтары бар. Мәселен, Батыс елдерiнiң интеграциясы демократиялық принциптерге негiзделген. Десек те, бұл елдердiң арасындағы интеграция әртараптандырылған. Мысалы, БҰҰ аясында құқықтық тақырыптар қамтылса, ал ендi бiр елдердiң ұстанымы мәдени-әлеуметтiк бағытты дамыту мақсатында. Кезiнде Араб әмiрлiктерiнiң интеграциялық идеясына бiрнеше мемлекеттер топтасқан едi. Араб елдерiнiң федерациясы, Араб елдерiнiң мемлекеттерi деп, кейiнiрек Араб әмiрлiгiне қарасты елдер деп аталған бұл мемлекеттердiң қазiргi жағдайы қалай болғанына куәмiз. Судан, Ливия, Ирак, Иран секiлдi мемлекеттер өзара соғысып, саяси қарым-қатынасы тiптi ушығып кеттi.
Қазақстан мен Ресей, Беларусь елдерi арасындағы интеграцияны әзiрге экономикалық интеграция деп атап, сол байланыс аясында қызмет ету жоспары түзiлген. Алайда әзiрге осы үш елдiң арасында орнатылған интеграцияның өзара саяси, экономикалық салмағы тең емес. Өйткенi кез келген интеграцияның мәселесi сол мемлекеттердiң iшкi мәселесiмен өлшенуi керек. Сондықтан осы орайда ортақ валюта тақырыбын жүзеге асырмас бұрын басқа да келелi проблемаларды шешiп алғаны жөн. Ал ортақ валюта – әлi пiспеген тақырып.
БIЗГЕ ТӘУЕЛСIЗДIК ТЕ, ТЕҢГЕ ДЕ ҚЫМБАТ
Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, “Жас Алаш” газетiнiң бас редакторы:
rys51@mail.ru
– Еуразиялық экономикалық одақтың төл теңгемiзден айыру қаупiн төндiрерiн және саяси тұрғыдан да қысым жасаушылықтың басталатынын сан рет айтқан едiк. Мұның бәрi түптеп келгенде, мемлекетiмiздiң Тәуелсiздiгiне төнген нақты қатер боларын бұрын да ескерттiк, қазiр де қайталаймыз. Бiрыңғай валюта туралы Ресей тарапынан ресми түрде жасалған ұсыныс тықырдың таянғанын бiлдiредi. Бүгiнгi басқосуда кәсiби маман сарапшылардың дәлелдi, ғылыми негiзделген пiкiрлерiн тыңдадық. Отаншыл әрбiр азаматтың өз түйгенi бар. Мен сол тұрғыда сөз қозғайын.
Бiрыңғай валютаның тағдыры үш адамның қолында, олар қандай шешiм қабылдаса, солай болады. Ал ол үшеудiң кiм екенiн және бұлардың өз елдерiндегi денi дұрыс пiкiрлермен санаса қоймасын да бәрiмiз бiлемiз. Соған қарамастан, бұл тақырыпты бүгiнгi жиындағыдай жерiне жеткiзе талқылау керек. Тым құрығанда халықтың көзiн ашу үшiн, билiк басындағылардың қылмысқа тең қателiктерiн қаперлерiне салу үшiн. Бiрыңғай валюта күн тәртiбiнде тұрған жоқ қой деп жақауратушылардың сөзiнде пәтуа жоқ.
Президенттердiң бiреуi ойлап тапқан болып, екеуi қолдай жөнелген одақтың шынайы мәнi барған сайын ашылып келедi. Экономикалық ынтымақтастықтан саясаттың күлiмсiген исi бұрқырап шыға бастады. Путин ұсынған бiрыңғай валюта – жымысқы ойдан туған жұлынды үзер қатерлi ойын! Мемлекеттiк тәуелсiздiктiң бедерлi белгiсi саналатын төл теңгемiздi тәрк ету – Егемендiк туын жығу. Мұны патриоттық сезiмнен жұрдайлар да түсiнедi.
Ресейдегi путиндiк билiктiң көксегенi баяғы ұлы державаны барынша қалпына келтiру. Оны жасырып-жаппайды да. Өз еркiмен қосылған, бiрақ өз еркiндiгiн сақтаған, тәуелдi емес мемлекеттерден құрылған одақ арқылы ұлы державаға айналу мүмкiн емес. Одақтастардың еркiндiгiн шектеудiң, оларды тәуелдi етудiң бiр жолы – ұлттық валюталарды керексiз еткiзiп, өз елiнде, яғни Ресейде басып шығарылатын бiрыңғай ақшаны енгiзу.
Теңгесiнен ажыраған Қазақстанның жайын көзге елестетiп көрiңiз. Ол бұрынғыдай ақша – несие саясатын өз бетiнше жүргiзе ала ма? Экономикаға салар қаражат көлемiн дербес белгiлеп, қалағанынша, қажетiнше ақша жұмсау мүмкiндiгiн пайдаланады деп ойлайсыз ба? Несие беру үшiн бiреуге жәудiреп, алақан жаймасына кепiлдiгiңiз қайсы? Бюджеттiң тапшылығын өздiгiнше қаржыландыруға қауқары жоқ ұлттық Үкiмет кiмге қызмет етедi? Пайыздық ставкiлердi белгiлеу үшiн ақша шығарушыдан әрi соны берушiден келiсiм сұраудың машақатын татпайды деуге иланасыз ба? Валютаның бағамын белгiлегенде Қазақстан мүддесiн ескеретiн кiм бар? Бұл сұрақтардың жауабына үңiлсеңiз, бiрыңғай валютадан түңiлерiңiз ақиқат. Ақша тек тауар мен көрсетiлген қызметке төлем жасаудың, сауданың құралы емес, ол саясаттың да құралы. Қаржылық тәуелдiлiк мемлекеттiң дербестiгiн номиналды жағдайға келтiредi. Бiзге керегi осы ма? Әрине, мұның бiзге түкке де керегi жоқ!
Қазақстанға ғана емес, Белоруссияға да қажетсiз. Айтарын лақ еткiзетiн Лукашенко бiрыңғай валютаға қатысты көзқарасын дереу бiлдiрдi. Ал Назарбаев әлi үнсiз. Сайлау алдында Путиннiң қырына iлiнбеудi қалағаны ма дерсiң. Жұртшылықтың жүрегiн күптi еткен мәселенiң түйiнiн тарқатып берудiң орнына, “бiз неге Батыс Еуропа немесе Араб әмiрлiктерi, АҚШ- тағыдай өмiр сүрмеймiз” деген сауалға жауап айтып жүр. Аталған елдерден артта қалуымыздың себебiн ауа райына сiлтеп ақталғанына күлген, президенттiң тапқырлығына таңданған ел-жұртына ол бiрыңғай валюта туралы өз сөзiн қашан айтар екен? Бәлкiм, сайланып алған соң Владимир Владимирұлының қалауына келiспейтiнiн, теңгемiздi тұғырдан түсiрмейтiнiн мәлiмдер. Оған батылы жете ме, жетпей ме, оны ешкiм де болжап болмас.
Ақорданың Кремльге мойынсұнуы, алдынан қия өтпеуге көндiгуi бiрыңғай валюта енгiзiлсе, тiптi жеделдейтiнi хақ. Елiмiзге ондай күндi көруге жазбасын!