«БҰРЫННАН БАР АДАМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА МӘН БЕРУГЕ ТИІСПІЗ»
Қазақстан тәуелсіз даму жылдарында әлеуметтік саланы реформалаудың бірқатар көрсеткіштері бойынша ТМД елдерінің алдын орап, ілгері озып кетті. Елімізде әлеуметтік саланы дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен миллиардтаған қаржылар бөлінді. Осы шаралардың жемісі де жоқ емес. Дегенмен, Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тапсырмасында айтылғандай, «Әлеуметтік жаңғырту «тіптен де мемлекет» үшін жасалмайды, ол әрбір нақты азаматқа қызмет етіп, пайда әкелуі тиіс. Бүгінде әлеуметтік салаға әшейін «түпсіз» қаржылық құюлар маңызды емес». Мемлекет басшысы өзінің осы мақаласында азаматтық қызметті заңдық реттеудің маңызына тоқталып, мұғалімдер мен дәрігерлерді жаңғыртудың басты күші екенін, олардың құқықтары мен міндеттері заңдық негізде реттелуі тиістігін, осындай сапалық өзгерістерсіз білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерінде табысқа жету өте қиынға түсетінін ескертті.
Оңтүстік Қазақстан облыстық кардиологиялық орталығы Елбасының берген тапсырмаларына сәйкес ашылып, аз уақыт ішінде республикадағы маңдайалды медициналық мекемелердің біріне айналды. Аз уақыт ішінде орталықта бұрын-соңды болмаған күрделі оталар жасалды. Мекемедегі жеткен жетістікті мемлекет тарапынан берілген қолдаумен, сонымен бірге, осында еңбек етіп жатқан әрбір кәсіп иесінің өз міндетіне жауапкершілікпен қарауының арқасы. Орталықтың бас дәрігері, медицина ғылымының докторы Спандияр Бекжігітовпен арадағы әңгімеміз тек жеткен жетістік қана емес, дәрігерлік жауапкершілік, әрбір маманның өз ісіне деген сүйіспеншілігі турасында өрбіді.
Адам денсаулығының 15 пайызы ғана медицинаға байланысты
– Спандияр Байжігітұлы! Сіз Шымкентке келгенге дейін Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында директордың орынбасары қызметін атқардыңыз. Профессорсыз, медицина ғылымдарының докторысыз, еліміздегі көрнекті ғалымдардың бірісіз. Республикадағы халқы ең көп өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ең түйткілді мәселелер деп нені айта алар едіңіз? Оларды шешудің қандай жолдарын ұсынған болар едіңіз?
– Медицинаның басты мақсаты: халықтың денсаулығын жақсарту, өлім-жітімді, мүгедектікті, аурушаңдықты азайту. Себебі, елдің экономикасын көтеру үшін қоғамға дені сау, жұмысқа қабілетті адам керек. Жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болуды азайту үшін ең бірінші, халықтың әл-ауқатын көтеріп, олардың жүйке-жүйесіне түсетін салмақты азайту қажет. Әрбір азаматты жыл сайын профилактикалық тексеруден өтуге міндеттейтін заң керек. Сондай-ақ, әрдайым дәрігерлік шараларды жүргізе отырып, экологиялық мәселелерді дер кезінде шешкеніміз жөн. Барлық деңгейде штат құрылымдарын толық мамандармен қамтамасыз етуге тиіспіз. Реабилитациялық орталықтар ашу керек. Сонымен қатар, дәрі-дәрмектің бағасын қалыпқа келтіріп, медициналық сақтандыруды дамытуымыз қажет. Кәсіби қауымдастықтардың ролін көтеруге тиіспіз. Елбасы, Үкіметіміз бен облыс басшылары медицинаға үлкен көңіл бөліп отыр. Миллиардтаған қаржыларды аямай берді. Соның арқасында облыстағы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жағдайы жақсарды. Заманауи инновациялық технологияларды енгіздік. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін үнемі оқытып көтеріп жатырмыз. Жылдан-жылға өлім-жітім, мүгедектік азайып келе жатыр. Ендігі кезекте, халықпен жұмыс істеу қажет. Халықты салауатты өмір салтын қалыптастыруға бейімдеу керек. Халықтың медициналық сауатын көтеру керек, оның тамақтану мәдениетін көтерген жөн. Ауру астан деген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша, адамның денсаулығы 15 пайызға ғана медицинаға байланысты. Ал 85 пайызы адамның өмір сүру салтына байланысты. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек. Тағы бір айта кететін жәйт: облысымыздағы ведомствоаралық, сектораралық іс-әрекеттер орындалмай отыр. Әрбір мекеме басшысы қарамағындағы жұмысшыларының денсаулығына жауапты болуы керек. Олардың мезгілінде профосмотрдан өткен-өтпегенін қадағалауы тиіс. Сондықтан денсаулық саласына бүкіл ел болып күш салуымыз қажет. Медицинаның негізі – профилактика. Бүгінгі күні облысымызда негізгі өлім-жітім инсульттен болып отыр. Оның негізгі екі себебі бар. Біріншісі, қан қысымының көтерілуін уақытылы емдетпеу. Екіншісі, жүрек ырғағының бұзылуын дұрыс емдемеу. Халықтың көпшілігі бұл екі жағдайды байқамайды да, дәрігерге көрінбейді. Сондықтан бастапқы санитарлық медициналық көмек көрсететін дәрігерлер үй-үйді аралап, халықтың қан қысымын өлшеп, жүрек ырғағына көңіл бөлулері керек. Жүрек-қан жүйесінде кінәраты бар адамды дереу диспансерлік есепке алып, сауықтыру шараларын жасауы тиіс. Халықтың менталитетін білесіз, олар өздігінен дәрігерге барып тексеріле қоймайды. Әр үйде бір тонометр болуы уақыт талабы. Әр адам қан қысымын өлшеуді үйреніп, оны бақылауда ұстауға дағдылануы тиіс. Бүгінгі күні осы бағыттағы талапты күшейту қажет.
– Дәрігер болу үшін адамға не қажет? Осы кәсіпке деген туабітті бейімділік пе, әлде білім бе?
– Әрине, бәрі де қажет. Дәрігер деген атқа лайық болу үшін ол адам бірінші кезекте өз мамандығын шексіз сүюі керек. Солай болғанда ғана жетістікке жетуге болады. Мамандығын сүйген адам оны үнемі дамытуға, жетілдіруге ұмтылады. Медицинаны оқып тауысу мүмкін емес. Мамандығын сүймегендер өзінің жұмысын жеке бас пайдасына ыңғайлап алады. Сондықтан дәрігердің жауапкершілігі басқа адамдарға қарағанда әлдеқайда жоғары тұруы тиіс. Оның қателесуіне жол жоқ.
Сонымен қатар, дәрігер деген ол үлкен адамгершілік қасиеттің иесі болуы керек. Оның бойында кісілігіне кішілігі сай, ізгілік, мейірбандық, имандылық, қайырымдылық, адамға деген жанашырлық сияқты қасиеттер болуы керек. Ешкім дәрігер болып туа салмайды. Ол осы қасиеттерге өсе келе ие болады. Әрине, дәрігер болып жұмыс істеу үшін біріншіден, кәсіби біліктілік керек, екіншіден, көптеген дәрігерлік әдістерді, іс-әрекеттерді меңгеруі шарт, үшіншіден, ерекше дәрігерлік тұлғалық қасиет, ойлау қабілеті мен мінезі, моральдік-этикалық және деонтологиялық тазалығы болуы тиіс. Себебі, дәрігердің тұрмыс-тіршілігі, барлық іс-әрекеті халықтың көз алдында болғандықтан, оның емдік-диагностикалық, профилактикалық жұмыстарының әлеуметтік маңызы өте зор. Дәрігердің басты міндеті – адамның өмірін, денсаулығын сақтау. Сондықтан оның еңбегін теңгемен есептеу мүмкін емес. Оның басқа мамандықтардан ерекшелігі де осында.
Уәдеде тұра алу – адамның ой-өрісіне, ақыл-парасатына байланысты
– Өкінішке қарай, дәрігерлік міндетіне жауапсыз қараудың салдарынан адам өліміне алып барған жәйттар да кездеседі. Дәрігерлік антына адалдық таныта алмағандарды қылмыскер деп те атап жатады. Жалпы, ақ халатты абзал жан деген мәртебелі атаққа ие болған маман үшін дәрігерлік ант деген ұғымның маңызы қаншалықты?
– Бір кезеңнен екінші кезеңге ауысар өткінші кезеңде қоғам азғындыққа ұшырай бастайды «лай суда балық қармаққа тез ілігеді» («Рыба легко ловится в мутной воде») деген орыстың мақалы бар емес пе?! Күйреген кеңестік жүйеден егемендіктің есігін ашып, ескінің қирап, жаңаның бой түзеп үлгермеген аласапыран аралығында тек медицинада ғана емес, барлық салада талай пайдакүнем пысықайлар мүмкіндігінше елдің ортақ дүниесін талан-таражға салып, молынан қарпып қалуға тырысты. Ал талай тәжірибелі, ұятты медицина мамандары басқа да бюджет саласының өкілдері сияқты күнкөріс, жанбағыс қамымен базар жағалап, бизнеске ауысып кетті. Ал айлығы аз, оқитын төлем ақысы жоғары медициналық оқу орындарына барам деушілер азайып, оған орташаның ар жақ, бер жағындағы, қалтасы көтеретін талапкерлер түсіп, олардан ортан қолды мамандар даярланып шығып жатты.
Нарықтың жоғары сатысында сана ақшаны билесе, ең төменгі жабайы сатысында ақша сананы билейді емес пе? Біз қазір сол жабайы капитализмде өмір сүріп жатырмыз. Кешегі өтпелі кезеңнен ілескен осы бір пайдакүнемділік инфекциясы қоғамның барлық саласына эпидемия болып жайылды. Пайда ойламай, ар ойлайтындар азайды. Оның ішінде медицинаң да бар.
Адамдардың өзі уәдеде тұра алатындар және тұра алмайтындар болып екіге бөлінбей ме? Уәдеде тұра алатындарды азамат деп сыйлайсың, тұра алмайтын тайғанақтарға «әйтеуір аман бол» деп қолыңды бір-ақ сілтейсің. Уәдеде тұра алу – адамның ой-өріс, ақыл-парасат, мәдениеттілік деңгейіне байланысты. Ал дәрігерлердің Гиппократ антын бұзып, ақша алушылығы туралы не айтуға болады. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, ақ халаттылардың атына кір келтіріп жүрген пайдакүнем құмалақтар аракідік жолығып та қалатын шығар. «Пәлен ауруханада ақша бермейінше дәрігерлері қарамайды да, сөйлеспейді де екен» деген сыбыстарды ұзын құлақтан естіп қалып жатамыз. Көзбен көріп, қолмен ұстамағасын бекер әңгіме шығар деп қоямыз. Мен өз дәрігерлеріме парақорлықтан аулақ болуды, жемқорлықтың жемтігі боп кетпеуді әрдайым қатаң ескертіп отырамын. Өлім мен өмір арпалысында жатқан науқасқа қол ұшын созбай, бейтараптық көрсететін дәрігер – нағыз қылмыскер. Оны адамгершілік жағынан да, кәсібилік жағынан да еш ақтай алмайсың. Ондай қылмыс үшін жердегі қағази заңды былай қойғанда, көктегі Алланың жазасынан қорқу керек. Қай саланың маманы болсаң да ең алдымен адамгершіліктің заңына бағынуы тиіс. Өз басым, алдымен адамдық, содан кейін мамандық заңдарына бас ұратын адаммын. Қағазда жазылмаса да ұлттық қанға жазылған қағидалардан да аттап кетуге болмайды.
Ақша кімге керек емес? Жұрттың бәріне керек. Бірақ ақша табам деп адамгершіліктен аттауға болмайды. Ұрлықпен емес, адал жолмен, маңдай тер төгілген еңбекпен табу керек. Тазалықты, әділеттілікті, абыройды сақтау керек. Қазір ақшаға адамды да, басқаны да сатып алуға болады, бірақ абыройды ешкім ақшаға сатып ала алмайды. Қызмет қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ. Сондықтан әрбір адам соңынан жақсы сөз, жақсы іс пен жақсы із қалдыруды ойлағаны абзал.
– Ұлттық рухтың қайнар көзі – тіл, дін, діл екенін Сіз жақсы білесіз. Жастардың бойында еңбексүйгіштік қасиет қалыптастыру үшін осы ұлттық рухты бағыт-бағдар етіп ұстанудан бүгінде нақты нәтиже шығаруға бола ма? Жастар бой түзеп, тәрбие аларлық қарияларымыз бар ма?
– Қазіргі жастар үшін қуанамын. Қуанатыным – бүгінгі техникалық прогресс заманында жастар қарыштап алға ұмтылып бара жатыр. Жаһандық даму процесінде интеллектуалды дамыған, саламатты, білімді, жан-жақты дамыған жастар жетіліп келеді. Жаңалыққа жаны құмар, заман талабына сай. Жастарымызды кімге болсын, ұялмай көрсете аласың. Жастарда ұлттық рух мүлдем жоқ деп те айта алмаймын. Түрлі білім мен ғылым бәсекелесінде, спорттық олимпиадада, өнер сайыстарында көк туымызды желбіреткен бәсекеге қабілетті жастарымыз – ел мақтанышы. Ал енді жаһандануға жұтылып кетпеудің бір
амалы – ұлттық рухқа бекем болу десек, сол ұлттық рух кей жастарда кемшін түсіп жатады. Тәрбие ұлттық дәстүр негізінде берілгенде ғана ұлттық рух нәр алады. Жастардың жүрегіне рухани дән егіп, қайырымдылыққа, ізгілікке, өнегелілікке тәрбиелеуде, азамат боп қалыптасуына көркем әдебиеттің, өнердің ролі зор. Ал жастар көркем әдебиетті аз оқиды, не оқымайды. Театрға бармайды. Елбасының өзі жастарды белсенді түрде еңбек етуге, жан-жақты болып, спортпен шұғылдануға, өнерге қызығуға, ғылыммен, тілдерді меңгерумен айналысуға шақырды. Отандық және әлемдік әдебиетке терең бойлауға үндеді. Интернеттің рухани азық болар кітапты алмастыра алмайтынын ескертті. «Тәрбие тал бесіктен» деп, бесікте жатқаннан немересіне ермек үшін емес, ұрпағының келешегі үшін, парасатты тәлім-тәрбие беру үшін ертегі айтып беретін бұрынғы әжелеріміз қайда? Қазіргі әженің өзі де немересімен қосылып интернетте отыр, рульде отыр, белді шарт буып іскер боп кетті. Немереге, ертегіге уақыты жоқ. Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріміз жоқ болғандықтан әркім бас-басына өзіне-өзі би. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы» деген екен. Білім мен ұлттық рухани адамгершілік тәрбие қатар ұштасқанда ғана ұлттық рух өлмейді деп ойлаймын.
– Облысымызда жүрек, қан тамырлары ауруларын емдеу қандай дәрежеде? Алға жылжушылық бар ма? Соңғы кездерде жүрек ауруына шалдыққандар жасарып бара жатқан сияқты. Осы бағыттағы еңбектің өтеуі қандай болып жатыр?
– Мен еңбек жолымда Мәскеуде жұмыс істедім. Ол кезде коронография жасату, тамырдың өту қабілетін тексеріп, күретамырға стент қою тек бір-ақ жерде – Бүкілодақтық кардиологиялық ғылыми орталықта жасалатын. Оны екінің бірі жасай да алмайтын. Оған бүкіл одақ көлемінен науқастар айлап-жылдап кезекке тұрып жүріп, қалтасы көтеріп, аяғы жеткендері ғана барып жасататын. Сонда «Шіркін-ай, біздің қазаққа да емдік әдіс-тәсілдер мен қымбат диагностикалық құрал-жабдықтар жетіп, ажалға араша тұрар мүмкіндіктер қашан туар екен» деп армандайтынмын. Мен осы әдісті меңгерген алғашқы қарлығаштардың бірі болдым. Тәй-тәй басып, қаз-қаз тұрып келе жатқан мемлекетіміз мен елге оралған 1993 жылы құны 1,5 миллион доллар тұратын ангиографиялық аппаратты алуға мұршасы келмеді. Бізден халқы да, жері де әлдеқайда аз қырғыздарда сол кезде бір емес 2 аппарат болды.
Бүгінгі таңда Аллаға шүкір, елімізге сол арман болған аппаратуралардың неше түрі алынып, аталған емдік-диагностикалық әдіс-тәсілдер Астана, Алматы тұрмақ, әр облыс орталықтарында жүзеге асып, мыңдаған науқастарды ажал тырнағынан арашалап алып қалып жатырмыз. Біздің облысымызда өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің үлкен қолдауы арқасында жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу дәрежесі дамыған елдермен деңгейлес болып қалды десем, артық айтқандық емес. Мамандарымызды шет елдерге, атап айтқанда, Литва, Польша, Россия, Израильге барып, ғылымның соңғы жаңалықтарын, жаңа инновациялық технологияларды меңгеріп келіп жатыр. Жұмысқа кіріскелі шетелдерден қаншама мамандарды шақырып, мастер- класс өткіздік. Осында жұмыс жасап жатқан жас мамандардың барлығын шет елдерге жіберіп, оқытып, тәжірибе алмасып отырмыз. Қазір Оңтүстік Қазақстан облысында 3 миллионға жуық халық бар. Солардың ешқайсысын шет ел былай тұрсын, Алматы не Астанаға сабылтпай, кардиологиялық, кардиохирургиялық көмектің бәрін осы орталықта жасаймыз. Жүрек алмастырып салудан басқа отаның бәрі жасалады.
Таяуда ғана министрліктің селекторлық жиналысында біздің мекемені ең алдыңғы қатарлы кардиологиялық орталық ретінде атап өтті. Сондай-ақ, басқа облыстардағы денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына «өз мамандарыңызды Шымкентке осы орталықтан тәжірибе алмасуға жіберіңіздер» деген пікірін білдірді. Бұл бағалау бізді қуантады. Содан бері Өскемен, Павлодар, Қызылорда, Тараз, Қостанайдан мамандар топ-тобымен келіп, біздің тәжірибемізді үйреніп кетті.
Соңғы бес жыл шамасында ашық жүрекке 2300 адамға ота жасалды. 6000-нан астам адамның жүрегіне стенд қойылды. 13 мыңдай науқасқа коронароангиография жасалынды.
Қанша адамның жүрегі аяқ астынан тоқтап қалады. Міне, өткен 5 жылдың өзінде 480 адамға ота жасадық. Олар қазір электрокардиостимулятормен жүр. Жыл сайын жоғары технологиялық ота жасау әдістерін енгізіп жатырмыз.
Ең бастысы, профилактикалық ем-дом. Жаппай зерттеу жасап, профилактикалық тексеруден өткізіп, соның арқасында сырқаттарға дер кезінде көмек көрсету. Сонда ғана өлім-жітім, аурушаңдық азаяды. Науқастарға қалай диета сақтау, қалай өзін-өзі күту керектігі айтылады. Олар үнемі бақылауда болады. Жүрек ауруларының қандай қауіпті факторлары бар екендігі ескертіледі. Сондай факторларға көңіл аударып, онымен қалай күресу керектігін білген адам өзін- өзі күтеді және аурудың да алдын алады. Жалпы, халықтың медициналық сауаттылығын көтермей, бұл тірлік алға баспайды. Кеңес үкіметі кезінде «Сіздің денсаулығыңыз сіздің қолыңызда» деген ұран жазылып тұратын. Бұл тегіннен-тегін айтылған жоқ.
Бізге министрліктен республикалық жылдық қорытынды келеді. Сол есепке қарап отырып, біздің облысымыздағы кардиологиялық қызметтің көрсеткіші бәрінен жоғары тұрғанын аңғардым. Өлім-жітімді төмендету жағынан алда тұрмыз. Ауруларды ең алғашқы сатыда анықтау, профилактикалық тексеру жағынан да оқ бойы озықпыз. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Аудан, қалаларға бір-бір дәрігерді куратор етіп бекіттік. Тоқсан сайын ұжым болып аудандарға шығамыз. Науқастарды анықтап, ауруханаға жатқызып, ем-дом жасап, ота жасалуға тиістілерін Облыстық кардиологиялық орталыққа алып келіп, тиісті қызметтерді көрсетеміз. Профилактикалық жұмыстарды тыңғылықты жүр-гізудің арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырмыз. Республика бойынша алдыңғы қатардан шығуымыздың түп-төркіні осында жатыр.
Жұмысқа қуанып келіп, қуанып үйге қайтатындай атмосфера болуы керек
– Тәуелсіздік ұғымының ауқымы кең. Біз тәуелсіздік үшін не істей алдық, енді не істей аламыз деген сауалды Елбасы алқалы жиындарда қабырғасынан қойып жүр. Осындай сұрақ Сізді толғандыра ма?
– Тәуелсіз елдің халқы қандай болу керек деген сұрақ мені де мазалайды. Бұрынғы әміршілік-әкімшілік тоталитарлық жүйеде ойыңда да, бойыңда да тұсау болды. Еркін ойлау, еркін ойға еркін бойлау коммунистік идеологияға қайшы келетін. Қазір ел өзін-өзі жұмыспен және кәсіпкерлікпен қалай қамтимын десе ерік өзінде, жол ашық. Мемлекет қолдан келетін шараның бәрін жасап жатыр. Оның бәрі халық үшін, мемлекет үшін. Отанның отбасыдан басталатынын, мықты мемлекет болу әрбіріміздің іс-әрекетімізге байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
– Еңбегінің жемісін жеу үшін адамға қандай мінез керек?
– Жас кезімізде 60-қа келген адамды «ой, қартайып біткен шал ғой» деп ойлайтын едік. Енді өзіміз де осы жасқа келіп байқап жатырмыз. Қартайған ештеңем жоқ. Өзім де жаспын, көңілім де жас. «Алпыс – тал түс» деген рас екен. Зейнеткерлікке дейін әлі біраз уақыт бар. Істелінетін жұмыс көп, жоспар көп. Сондықтан шаршамай-шалдықпай әлі де біраз белестерге шығамыз деп ойлаймын.
Ал енді мінез жағына келетін болсақ, мен айтар едім, адамның мінезі біреуге бақ, біреуге сор. Ол атаның қанымен, ананың ақ сүтімен берілетін нәрсе. Айналып келгенде, адамның тағдырын да шешетін сол мінезі. Сондықтан адам өз мінезіне көңіл бөліп, баға беруі керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, мінезін тәрбиелеуі керек. Өз мінезінен запа шегіп жүргендер өте көп. Кішіпейілділіктің, адамға жұғымды болудың пайдасы көп. Мен өз тағдырыма ризамын. Ол менің жайлы мінезімнің арқасында деп білемін. Ешкімге бөтен мінез көрсетпеймін. Ал енді маған бөтен мінез көрсететіндерге міндетті түрде жауап беремін.
– Кәсіби мерекелеріңіз де таяп қалды. Мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек айтасыз? Олардың еңбек құқығын қорғау бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Ұжымда 370 адам жұмыс істейді. Оның 90-ы дәрігер, 135-і медбикелер. Қалғаны – санитарлар және әкімшілік қызметкерлер. Ұжымның ауызбіршілігі өте жақсы. Ынтымағы жарасқан, өзара сыйластық қалыптасқан. Мен осы қызметіме кіріскелі ешкімді жұмыстан шығарған жоқпын. Көп жерде командалық әдіс деген бар қазір, бастық ауысса, ол өздерінің адамдарын алып келеді де, бұрыннан жұмыс жасап жатқан білікті мамандарды жайлап шетке ысырып тастайды. Бұл әдіс ұжымның шырқын бұзады. Мен мұндай іс-әрекетке түбегейлі қарсымын. Ол нағыз сыбайлас жемқорлықтың бір түрі. Келген бастық бұрыннан жұмыс жасап жатқандардың еңбек етуіне мүмкіндік беруі керек. Білмегенін үйретсін, талап қойсын. Істемейтін адам жоқ. Қазір «Шаш ал десең, бас алатын» бастықтар көбейіп кетті. Бұрыннан бар адами құндылықтарға мән беруге тиіспіз. Қызметкерлерді тыңдап, олардың қандай мұң-мұқтажы, қандай ұсынысы бар, солармен санасып жұмыс жасау керек. Олардан да көп нәрсе үйренуге болады. Өзіңді сыйламағаннан кейін қарамағыңдағылар да саған адал болып, беріліп жұмыс істемейді. Айқайлап, ұрыспай-ақ, жай сөзбен санасына жеткізіп, түсіндіріп, ұялғаннан істейтін деңгейге жеткізу керек. Ауруға шалдыққан жандар, ең алдымен жылы сөз арқылы емделеді. Дәрігердің өзіне деген жылы қарым-қатынасынан да көңілі сергіп, тезірек сауығып кетуге тырысады. Менің түсінігімде жалпы ұжымда жұмысқа қуанып келіп, қуанып үйге қайтатындай атмосфера болуы керек. Медицина саласындағылар өмір бойы оқуы, күндіз-түні жұмыс істеуі, үнемі ізденісте болуы керек. Бұл ғылымды оқып тауыса алмайсың. Қазір қағазбастылық деген көбейіп кетті. Дәрігерлер ауруды емдеудің орнына қағаз толтырумен көп уақытын кетіріп отыр. Және бәрі өте шұғыл, дер кезінде жауап беруге тиіс. Сол уақытта қайта науқастың қасында аз-кем отырып, жағдайын білсе, бұл әлдеқайда пайдалы болар еді. Қағазбастылық дәрігерлерге біраз қолбайлау болып тұр.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық әріптестерімді алдағы кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Баршасына зор денсаулық, отбасыларына амандық пен құт-береке, қуаныш тілеймін. Орталық ұжымына халқымыздың денсаулығын сақтау, қорғау майданындағы еңбектеріне жігер мен жеңістер тілеймін!
Әңгімелескен Айнұр Оңғарбай.
Оңтүстік Қазақстан облысы.