ҰЛТ РУХЫН ШЕКАРАМЕН БӨЛМЕЙІК
Қасиет тұнған қара жердің төсінде он бес миллионнан астам қазақ бармыз. Оның он миллиондайы атажұртта отырмыз. Қалған үштен бір бөлігі жұмыр жердің әр пұшпағында, шекара сыртында өмір сүруде.
Сол шекарамыздың екі беті бары белгілі. Сырттағы ағайындармен, яғни шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерімен байланыс жасау Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығына жүктелген. Мұның өзі өте кең көлемді жұмыс. Бұлай болатыны, алдымен диаспора ұғымының аясы өте кең. Себебі, тағдырдың жазуына сәйкес, өз жерінде отырып та шет мемлекеттер құрамында қалып кеткен қазақ ауылдары аз емес. Мұндай елді мекендер Қазақстанмен көршілес елдердің бәрінде бар. Олардың қазақ ирреденттері деп аталуға тиіс тұрғындарын да қазір біз диаспора атандырып жүрміз. Қауымдастықтың ең негізгі міндеті осы диаспора өкілдерінің рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру, тілін, мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтауына жәрдем ету, атажұртқа деген ықыласын ояту болып табылады. Кейбіреулер ойлағандай, Қауымдастық көші-қон мәселесімен айналыспайды. Көші-қонмен, оралмандар мәселесімен қазір атағынан ат үркетіндей, еліміздің үш бірдей министрлігі айналысуда. Қауымдастық үшін қазір диаспора өкілдерімен рухани жақындық алдыңғы орынға шығып отыр. Сан-салалы бұл істің бір көрінісі ретінде біз қазір шетелдік қазақ авторларының туындыларын жариялауға, қазақстандық авторлардың еңбектерін диаспора өкілдері арасында тарату мен насихаттауға көңіл бөлудеміз. Шекара арқылы бөлінген бір ұлт өкілдерінің арасын жақындатуға тиіс істің қай-қайсысы да біздің ұйым үшін жат емес.
Шекара атаулының екі беті бары белгілі, дедік. Өзіміз қазанында қайнап келген бергі беттегінің бәрі де бізге түсінікті. Тура алақандағыдай. Ал, арғы бет туралы не білеміз? Қазақ қай жерде жүрсе де оның түп-тамыры, тілі мен мәдениеті бір екендігін бәріміз мойындағанымызбен, біз мойындауға тиіс тағы бір ақиқат бар. Ол – арғы беттегі қандастарымыздың жандүниесін түсінуіміз әлі де төмен екендігі. Қазіргі әдебиетіміздегі үңірейген осынау олқылықтың орнын Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан шығып жатқан кітаптар біршама толықтыра алады. Тақырыптық, идеялық, көркемдік жағынан қайталанбас ерекшеліктерге толы, еларалық маңызға ие шетелдік қазақ авторларының кітабын басып шығаратын бұл баспа орнының өнімдері өзгеше. «Атажұрттан» шыққан кітаптар алыстағы ағайынның жанын бізге жақындата түсуге арналған.
«Алғаш шекара түбіне келгенде маңайыма үдірейе де таңқала қарап қалдым. Дәл алдымыздағы тор темірдің ар жағында бірнеше жылдан бері бізге қауіп төндіреді деп айғайлап, бірден-бір жау санап келген Совет Одағының территориясы көсіліп жатыр», деген жолдарды өз қандасымыз, Қытайдағы талантты қазақ жазушысы Тұрсынхан Әлқанұлы бауырымыз жазған. Арғы беттің сан түрлі саяси өткелегін бастан кешірген Қытай қазақтарының бергі бет туралы ойлары қызық. «Түнде ұйықтап жатқанда Совет Одағының шпиондары баспалап келіп, байлап алып кететіндей, болмаса олардың тыңшылары ағаш-ағаштың арасында тығылып жатқандай елестейді» оларға... Сөйте тұра қанмен берілген түйсік арқылы атамекен – Қазақстанды ерекше қадір тұтады. Т.Әлқанұлының «Тірліктен теріп алғандар» атты повестер мен әңгімелер жинағындағы арғы бет кейіпкерлерінің жүрегінде атажұртқа деген сартап сағыныш бар. Шекара түбіндегі Мойке деген жерде шөп шауып жүрген «жігіттер... темір тордың ар жағына аяқтарын алмакезек өткізіп, «міне, мен де Совет Одағына бардым» деп жырғап қалатын», – дейді автор.
Кереғар дүние-ай, десеңізші!.. Бала кезімізде қазақ жерін «басып алған» қытайлықтар бергі беттегі біздің де түсімізге жиі енуші еді ғой.
Т.Әлқанұлының «Тірліктен теріп алғандар» жинағындағы қысқа әңгімелерді, әсіресе, «Апам қашып кетіпті» повесін қазіргі әдебиетіміздің үздік туындылары қатарына жатқызуға болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнаулы бағдарламасы бойынша кітаптары шығарылып, еліміздегі ең ірі кітапханалар жүйесі арқылы таратылғанымен, көпшілік назарынан орынсыз сырт қалып келе жатқан шетелдік талантты қазақ авторлары аз емес. Бұлардың қатарына Қытай қазақтарының арасында алғашқылардың бірі болып, роман жанрына қалам тартқан жазушы, марқұм Күнгей Мұқажанұлын жатқызуға болар еді. Тіл мен стиль жөнінен ол дара тұр. Бұл ерекшелігі Күнгей шығармашылығын шеберлік шыңына жетелеп әкелгендей көрінеді. Кестелі, оралымды тіл мен селкеусіз стиль жазушы әңгіме, повестерінің өн бойына қан жүгіртіп, жан бітіріп тұрғандай сезіледі. Әр сөз бен сөйлемнің ар жағынан тірі бейнелер, таныс кейіпкерлер бой көрсетіп отырады. Сондықтан болу керек, К. Мұқажанұлы шығармаларының кейіпкерлері әрбір қазақ ауылында жүргендей болып тұрады. «Ортеке» тарихи әңгімесіндегі Мырза Залың атанған Ботыхан бейнесін алайықшы. «Марқұмның мұраты – мақтан еді. Соның құлы болып, не алуан қиындыққа шыдағаны бар» деп әңгімеленетін Ботыхандар қай ауылда жоқ. Басқа ел, басқа жүйеде өмір сүргенімен, ол бергі беттегі біздерге де жат емес.
Әркімнің мақтаны әртүрлі. Семіздікті бақуаттылықтың белгісі деп ұққандықтан шығар, Мырза Залың өзінің етжеңділігін көрсетіп қалуға құмар. Елден асқан ірі емес. «Түйе үстінде тымақтай болып Ботекең отырды» деп суреттелетін ол өзін атан түйе ғана тарта алатындай салмақ иесі сезінеді. Төңірегіндегілердің үнсіз әжуаға айналдырып жүргендігімен мұның шаруасы жоқ. Ботыханның айналасына қарап, қазақы келемеждің құдіреттілігіне таңқаласың. Шаруасын дөңгелентіп, тәп-тәуір мал мен бас құрап отырған Ботыханның қазақы әжуаны суша сіміріп, майша сіңіретініне еріксіз күлесіз.
Жылылыққа толы Күнгей Мұқажанұлы шығармаларының атажұрттағы оқырмандарымен толық қауышар күні де, шынайы бағасын алар кезі де алда екендігі анық.
«Атажұрт» баспа орталығынан соңғы жылдары жарық көрген сүйекті шығармаларды шола қарағанда, Сұлтан Жанболаттың «Ежелгі ұлыс тарихы» кітабы ерек көзге көрінеді. Бұл кітап – жанкешті еңбек жемісі. Автор қазақ жеріндегі ең көне, ежелгі тайпалардың бірі саналатын Үйсін елінің тарихын зерттеуге 30 жыл өмірін арнапты. Ол Қытай жылнамаларындағы қазаққа қатысты талай шындықтың бетін ашады. Шыңжаң өңіріндегі белгілі ғалым, айтулы қаламгердің сараптаулары сарабдал, ойлары дәйекті, тұжырымдары берік. Үйсін ұлысының б.з.б. ІІ – І ғасырларда өз заманына сай ірі де қуатты мемлекет болғандығын С. Жанболат жан-жақты ашып көрсетеді. Бір сүйсінерлігі, бұл шығарма жергілікшілдіктен, жікшілдіктен ада-күде таза.
Моңғолиялық Ғалыммұрат Хабсатарұлының «Қазақ болмысы» кітабын ұлт жанашырының үні, тіпті, жанайқайы деп қабылдағанымыз абзал. Ата-бабалары Баян-өлгейге қоныстанғалы талай ғасыр өтсе де, Қазақстанды Отаным деп білетін Ғ. Хабсатарұлының туындысын шынайы патриотизм жемісі деуге болады. Шығармада ұлттық болмысымызға қатысты құбылыстарға байыпты талдау жасалынып, соқталы ойлар айтылады.
Тәпей Қайысқанның «Сексеуілдің шоғы» жыр жинағы, Өнерхан Өгізбайұлының «Тағдыр талқысында» атты повестер мен әңгімелер жинағы да оқырман ықыласына лайық дүниелер. Шекара сыртындағы ағайындарымыздың рухани әлемін танытарлық мұндай шығармалардың жиі жарияланып тұруы керек-ақ, әрине.
«Атажұрт» баспа орталығынан соңғы жылдары ғана жарияланған кітаптардың кейбіріне қысқаша шолу жасап өттік. Ал, Қауымдастық баспа орталығы жұмыс істей бастаған 2000 жылдан бері еліміздің мәдени-рухани өміріне үлес болып қосыларлықтай басқа да сүйекті туындылар аз жарияланған жоқ. Қажығұмар Шабданұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Батырхан Құсбегин, Халифа Алтай, Жақсылық Сәмитұлы, Зардыхан Қинаятұлының шығармалары қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, тарихына айтулы жаңалық болып енді. Түптеп келгенде, диаспора өкілдерінің шығармашылығына қамқорлық жасау шекараның екі бетіндегі ұлтымыздың тұтастығына қызмет етумен тең. Соңғы кезде бұл іске ҚР Мәдениет министрлігіндегілердің ықыласы неліктен азая бастағаны түсініксіз. Министрліктің бағдарламасына шетел қазақтары шығармаларының енуі қиын болып барады. Өзіндік ерекшеліктерге, еларалық маңызға ие шетелдік қазақ авторларының кітабын басып шығару ісіне арнайы бағдарлама арқылы ұзақ жылдар бойы қамқорлық танытып келген ҚР Мәдениет министрлігі ұстанымының берік болуын қалар едік.
Серік Рәсілов,
Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығы
«Атажұрт» баспа орталығының бас редакторы.