АЛАҢДАҒЫ ЖҰРТТЫҢ АЙТҚАНЫ АҚОРДАҒА ЖЕТТІ
Жер тағдырына алаң болған атыраулық ағайынның, Астана, Алматы, Орал қалаларында өткен наразылық шараларындағы елдің талабы Елбасының құлағына жетті. «Ана тіліміз қағажу көреді. Жас ұрпақ мәңгүрттенуі мүмкін» деп көпшілік дабыл қаққан «үш тілді оқыту» жүйесіне, жалпы білім реформасына қатысты да президент пікірін білдірді.
Алдыңғы күні Бас прокуратурадағы жиында Елбасының заңдар тиісті деңгейде халыққа түсіндірілмейді дегені тегін емес. Елбасы ел ішіндегі әңгімеден хабары болмаса, халықтың наразылығын сезбесе мұндай мәлімдеме жасар ма еді?
Кешегі өткен халық Ассамблеясының съезінде де жер мәселесі көтерілді. Президент көпті алаңдатқан өзекті мәселеге нүкте қоярлық сөздер айтты. «Қазақтың даласы – халықтың меншігі. Қазақстанның 14 мың шаршы км шекарасын шегендеу үшін мен 8 жыл келіссөздер жүргіздім» деген Н.Назарбаев мемлекет жердің жат жұрттықтардың меншігіне өтіп кетпеуі үшін бар қажетті жасайтынын басып айтты.
Білім жүйесіндегі былықтан да біразымыз хабардармыз. Төменгі сынып оқушысы күн сайын мектепке арқалап баратын сөмкесінің салмағы оның мектепте алатын білімінің салмағына сай еместігін де білеміз. Біз ғана емес, оны Елбасы да білетін сияқты. Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевті сынаған Елбасының нақты пәндерге қатысты айтқандары әзірге ұсыныс күйіндегі сөздер екенін ескере отырып, Президент бұл тарапты да бақылауында ұстап отырғанын көресіз.
Бұларды тізбектей отырып айтпағымыз не? Айтпағымыз, халық үнін естір құлаққа жеткізетін жолдар бар. Ол жолды да халықтың өзі тауып отыр. Осы күнге дейін ел азаматтарының билік органдарына бағыттаған түрлі ашық хаттары мен петицияларына көпшілік түрліше баға берді. Біріміз жарыса қолдап, қол қойсақ, енді біріміз «Өнбейтін іс» деп қолды бір-ақ сілтедік. Тіпті, білім беру саласындағы реформаларға алаңдаушылық білдірген халықтың ашық хатын сала басшысы «Олар өздерін ғана ойлайтын эгоистер. Басқа жұрттың сапалы білім алғанын көре алмайды» деп айыптауға дейін барды. Е. Сағадиев мырза кеше сол сөздерін неге Елбасының алдында айтпады? Ашық хат жазғандар «байдың малын қызғанған байқұстар» екеніне сенімді болса, «шу көтергіш, оңбағандардың айыбын» беттеріне басар еді ғой. Олай істей алмады.
Демек, халық белсенділері ұйымдастырған ашық хаттар өз міндетін атқарды. Елдің үні Елбасыға жетті. Бұл – сөзсіз халықтың жеңісі. Ал, кешелі бері көтеріліп жатқан «әлеуметтік желілерді жабу керек» деген бастамалар, Елбасыны елінен қызғанған әлдебір топтардың әрекеті болуы мүмкін.
Дархан Мұқантегі
«Қамшы» сілтейді