Амангелді Айталы: Олжас Сүлейменов не дейді?
oljas aitaly
2015/06/18 Әр тараптан 6 Пікір 1 112 Рет
Өзін-өзі білген ер бақытты,
Өзін-өзі билеген ел бақытты.
(Халық даналығы)
Соңғы кезде жаһандану үдерісіне байланысты ұлттық құндылықтар төңірегінде үлкен пікірталастар жалғасып жатыр. Осы күрделі мәселе төңірегінде О. Сүлейменовтың ұлттар тағдыры туралы ойлары назар аудартады. «Ел аралаған сыншы» дегендей, О. Сүлейменов талай елдің қайғы-қасіретін бөліскен, саралаған, салыстырған, сондықтан, көп күрделі мәселелер туралы кесім-пішімін айтуға тәжірибесі мен білімі мол азамат. Оны айтпағанда, 70-жылдары «Аз и я» кітабымен тек қазақтар ғана емес, кеңес жастарына ой салған, рухын оятқан ақын.
О. Сүлейменовтың тәуелсіздіктің шектеулі болатыны, абсолюттік тәуелсіздіктің болмайтыны туралы пікірін, кейбір басылымдардың сынауы, меніңше, білместік. Өзара тәуелділік, ықпалдастық пен әрекеттестік, өз «меніңді» шектеу тек ұлттық мемлекеттерге ғана емес, жеке тұлғалардың, діндердің, әртүрлі қауымдастықтардың, жалпы адамзаттың өмір сүру амалы. Өзара ықпалдастық – дамудың әмбебап заңдылығы. Әлихан Бөкейхан айтқандай: «Бұрынғы ескі тарихты оқығандар біледі: адам баласы біріне-бірі өкімші де, біріне-бірі құл да болған» (Шығармаларының толық жинағы, І том, 449 бет.)
Марк Твеннің Италия туралы мына бір сөзі бар: «Италия ежелгі арманына жетті: тәуелсіздік алды. Бірақ, тәуелсіздікке қол жеткізіп, саяси лотереяда пілді ұтты, енді, оны асырай алмай отыр» деген. Тәуелсіздіктің жауапкершілігі, салмағы, жүгі пілдей ауыр. Әр мемлекет өз ортасына тәуелді, байланысқа, алыс-беріске мұқтаж. Ал, тәуелсіздік алған жас мемлекет сыртпен араласқа тіпті де мұқтаж. Халықаралық экономикалық қатынастарға енбеу, мүмкіндікті пайдаланбау, табыстан айырылуға әкеледі. Бүгін оған мысал ретінде «чучхе» идеясы негізінде тек өз мүмкіндіктеріне сенген Солтүстік Корея мен ашық саясат ұстанып, бүкіл әлеммен өзара қарым-қатынасқа түсіп, қуатты он мемлекеттің қатарындағы Оңтүстік Кореяны айтуға болады. Сондай-ақ, санкцияға ұшырап, бірқатар мемлекеттермен экономикалық, басқа да қарым-қатынастары шектелген Ресей мен Иран да біршама пайдадан айырылуда. Жалпы, авторитарлық саяси жүйе оқшаулануға, автаркияға бейімді болса, демократиялық режим, ашық экономика өзара алыс-беріске икемді.
Глобализм және ұлттар тағдыры
О. Сүлейменовтың «Беседы с Олжасом» (2004-2011г.) Алматы, 2011ж.) атты сұхбаттары, «Қазақ әдебиетіндегі» «Кім отаншыл?» (13.03.2015ж.) сұхбаты, басқа да басылымдардағы пікірлері ұлттардың тарихи сахнадан ығысатыны, мәнін жойып, құнсызданатыны туралы пікірді алға тартады.
Алдымен жаһандану және оған байланысты саяси-философиялық ағымдарға тоқталайық.
Бүгін жаһанданған ақпараттанған қоғам қалыптасып, халықаралық қатынастар жүйесі де өзгере бастаған тұста, ұлт ұлттық мемлекет, ұлттық құндылықтар, олардың ертеңгісі туралы проблема өткір мән алып отыр. Осыған байланысты батыс саяси ғылымында екі бағыт қалыптасып келеді. Алғашқысын саяси реализм дейді, бұл бағыт басқа факторларды жоққа шығармаса да, ұлттық мемлекетті тарихтың, халықаралық қатынастардың басты күші деп есептейді. Екінші ағым – либеральдық интернационализм – Біріккен Ұлттар Ұйымымен қатар басқа да халықаралық басқару органдарын құруды, оларға мол өкілеттік беруді, әлемді федерацияға, болмаса конфедерацияға айналдырып, мемлекеттерден жоғары тұратын әлемдік үкімет құруды, адамзатты тұтас бір ұлтқа, адамдарды әлемдік азаматқа айналдыруды ұсынады. Әр адам адамзат өкілі екені даусыз, бірақ, бұл жерде отансыз, ұлтсыз адам, азамат туралы сөз болып отыр. Бұл ағымды О. Сүлейменов те қолдайды. Осындай ой түюге негіз де бар. Мәселенің мәні мынада.
Жаһанданған әлемдік қауымдастық өмірге трансұлттық корпорацияларды әкелді. ХХІ ғасырдың басында олар 64 мыңды құрады, олардың 830 мың шетелдік филиалдары бар, олар біздің елімізде де жұмыс жасап жатыр. Оларда 73 млн.адам жұмыс жасайды, жылына 1трлн. долл. астам өнім береді. Ал, олардың басқа да қосымша салалармен жұмыс жасайтынын ескерсек, олар жұмыспен 150 млн. адамды қамтамасыз етіп отыр. Басқаша айтқанда, трансұлттық корпорациялар дүниежүзілік өнеркәсіп өндірісінің 50%, әлемдік сауданың үштен екісін басқарады. Олар патенттер мен ғылыми жаңалықтар лицензиясының 80% иеленіп, жаңа технология мен ноу-хауға бақылау жасайды («Общественные науки и современность» 2014, №4, 168бет). Осының өзі бүгін экономиканың қозғаушы күші ұлттық мемлекеттер емес, трансұлттық компаниялар мен банктер деуге негіз болып отыр. Қуатты жаһандық экономика, жаһандық саясат ұлттық мемлекеттер дербестігін әлсіретті, үйде кім қожа екенін біліңдер дегендей пікір ұялатуда. Мемлекеттің маңызды функцияларын бүгін сырттан келген инвесторлар атқарып жатыр. Экономика өзара тәуелділік ортаға бейімделген сайын, ұлттық мемлекеттер, аймақтық билік қауқарсыз болып отыр. Инвесторлар ұлттық мемлекеттерге емес, мемлекеттер инвесторларға тәуелді болып барады. Жаңа жұмыс орындарын ашу, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешу, табысты бөлу, басқа да мәселелер қолдан шығып бара жатыр. Гиперглобализм жақтастары айтуынша, бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптасқан тұста ұлттық мемлекеттер қажетсіз, тіпті, бүгін ұлттың өзі де кедергіге айналып барады. Шындығында да, жаһандану тұсында мемлекет тек экономика ғана емес, саяси, мәдени салаларда да іштей бақылай, реттей алмай отыр, оның ықпалы азайып барады. Оны қатардағы халық, кейбір әлеуметтік топтар әлі толық сезінбейді, мемлекетке бұрынғыша иек арта береді. Бүгін осы мәселе төңірегінде көптеген саммиттер өтіп, ұлттық интеллигенция, үкіметтік емес ұйымдар да ойлана бастады. Инвесторлармен жұмыс жасайтын ұлттық интеллигенция, әсіресе, қаржы, технология, хұқық саласындағы мамандар мемлекет мүддесінен алшақтай бастады. Парламент сайлаулары да бұл мәселеге көз жұмып, айналып өтуге тырысады. Бүгін ұлттық мемлекеттер Халықаралық Валюта қоры (МВФ), Дүниежүзілік Банктердің тар құрсауынан шыға алмайды. Трансұлттық компаниялардың мүддесін қорғайтын көптеген ұйымдардан тұратын жүйе қалыптасты. Билік соларға қарай ауысты («передислокация» власти), олар оппозиция емес, парламентті де сырттай айналып өтуде, тіпті, мойындамайды, олардың кірісі мен шығысы әлі де толық жария емес. Ұлттық мемлекет бүгін маңызды мәселелер де шектеулі, билігі формалды ғана, ал, қоғамдық өмірді реттейтін дәстүрлі тетіктер бүгін тиімсіз деген ой тарады.
Жаһандану бүгін ұлттық мемлекеттер төңірегінде түрліше ойларға жетелеуде. Мемлекеттер өз территориясын басқа мемлекеттердің экономикалық, әскери, саяси, ақпараттық үстемдігінен қорғай алмай отыр. Әсіресе, табиғи байлыққа ие бола алмау мемлекетті бәсекеге қабілетсіз етеді. Мемлекет өз өкілеттігімен инвесторлармен, одақтармен бөлісті, ал, мемлекеттен, ұлттан жоғары органдар алдымен өз мүдделерін орындауды мақсат етеді. Сонымен бірге, әлемде ұлттық-патриоттық ағым да зор ықпал етуде. Бүгін көптеген елдерде, мысалы, Ирландия, Ирак, Ауғанстан, Индия, Испания, Италия, Бельгия, Ұлыбритания, Канада, АҚШ, Ресей және басқа да елдерде ұлт мәселесі, этникааралық қақтығыстар әлемдік сипат алып отыр. Кеңес Одағы мен Югославия ыдырағаннан кейін, әлемде жаңа 20-ға жуық ұлттық мемлекеттер пайда болды. Бүгін әлемдік, жалпы өркениеттік сәйкестіктен гөрі (идентичность) этникалық қауымдастықтың мәні өткір болып, ұлттық құндылықтар алға шықты. ХХІ ғ. басында еуропалықтардың 90% өздерін ең алдымен өз ұлтының өкілі екенін алға тартқан. Шындығында, Еуропа бүгін терең этникалық жікке бөлінді, сырттан келген қоныс аударушылар көбейді, мұсылмандардың саны 25 млн. жетті деген деректер келтіруде. Олар өз дініне, дәстүріне берік, бөтендерге сіңісіп кетпейді. Осының өзі ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар туғызуда. Сондай-ақ, Латын Америкасынан АҚШ-қа ағылып келіп жатқан негізінен испан тілділер бұл елді де екі халыққа, екі мәдениетке, екі тілге бөлуде.
Глобализм, әлемнің тұтастығын, өзара байланысын, өзара тәуелділігін, өзара икемділігін санаға сіңіреді. Шындығында, бұл бүкіл әлемді бір қалыпқа салу емес, бірлесу, әр түрлі, әр текті ұлттық, діни, саяси мүдделердің ықпалдасуы. Жаһанданудың сапалық мәні осында. Бірақ, жаһандану қоғамның барлық саласына ықпал жасайтын күрделі, екі жақты құбылыс. Оның төңірегінде бүгін екіұдай пікір қалыптасып отыр. Ұлттық мемлекеттегі интеллигенцияның бір тобы, олар көп емес, әсіресе, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер, кейбір әдебиет, өнер қайраткерлері ұлттық құндылықтарды менсінбейтін космополиттік бағыт ұстанса, екіншілері патриоттық, ұлттық мүддені жоғары бағалайтындар, оларды, шүкір, бүгін басымдық топ деуге болар. Бұл екіге жарылу Батыста да, Шығыста да, біздің Қазақстанда да бар. Космополиттер-жаһандану, ұлттан алыстау-бүгін прогреске жетудің жалғыз жолы деп есептейді. Өз қарсыластарын надан, тар шеңберде ойлайтындар деп сынайды.
Космополитизм көріністері және
ұлттық мемлекеттер
Жаһандану идеологы Э. Гидденс ұлттық «Мен» игілікке емес, дауға, жанжалға апарады деп есептеп, космополиттік ұлт, планетарлық үкімет идеясын алға тартты. «Оны кім жасайды?» деген сауалға, – «билік басында элита жасайды», – деген. О. Сүлейменов те діни, ұлттық сана адамзатты жікке бөліп, бір-біріне қарсы қояды, өзара сыйластыққа, парасатқа бейімдемейді дейді. Адам-Ата мен Хауа-Ана ұрпағы бір халыққа біріккен де ғана ізгілік жолына түседі деп түйеді. «… на свете есть более пяти тысячи этносов, народов, племени каждый этнос обладает национальным, религиозным сознаниеми все эти обособленные мирощущения в той иной степени изолируют этносы друг от друга, и сегодняшнее человечество – это собрание племен с изолирующими сознаниями» «Беседы с Олжасом» (2004-2011г.Алматы, 2011ж. 10бет.).
Ұлттық, діни қауымдастықтар алыс-беріске, байланысқа қарсы емес,тек мәдениет, экономика саласында үстемдікке қарсы. О. Сүлейменов Еуроодақ елдерінің американдық киноларға шек қоятынын жақсы біледі. Әсіресе, француздар американдық, басқа да шет ел музыкасына, әртістердің ағылып келуіне, оларға ұлттық өнер иелерінен артық еңбекақы төлеуге, шет елдік қойылымдар мен киноларға шектеулер белгілеуде («Социально-гуманитарные знания», 2007ж., №3.70-бет). Басқа мәдениеттерге айқара есік ашу, еуропалықтар айтқандай, оны қаржылай қолдау деген сөз. Сондай-ақ, кино, театр ұлттың мінез-құлқына, ойлау мәдениетіне ықпал етеді. Бұл жаһандануға қарсылық емес ұлттық құндылықты қорғау.
«Космополиттік мемлекет», «космополиттік ұлт» идеялары «Ғалам азаматы» идеясына ұласады. Олжас Омарұлы былай дейді: «Супер-народ-Гомо Сапиенс, человек разумный. Это нация будущего, которую я приемлю, гражданином которой смею себя считать» (Сонда, 137бет). Сөз жоқ, әр адам адамзаттың өкілі, өз елінің азаматы, өз ұлтының перзенті. Ұлттардың мәні жойылып, тәуелсіздіктің кескін-келбеті бұлдырай бастады деушілер бүгін «аяғым қайда болса, отаным сонда» дейтін болды. Алайда, ұлттың шамалы бір бөлігінің азғындауы, ұлтсыздануы орын алғанымен, ұлттық болмыстың өзегі, адамгершілік астарлары құбылмалы сән сияқты өзгере қоймайды, тіпті, жағымсыз сыртқы қарсылық танытады. Сондықтан, жаһандану ықпалымен мәдениеттер түбегейлі өзгере салады, өмірге жаңа қауымдастық келеді деп айту жалған пікір.
О. Сүлейменов сияқты ұлттың жаназасын шығарушылар бұрын да болған. Соның бірі – тегі орыс, американдық социолог, философ Питирм Александрович Сорокин (1885-196
. Ол қазіргі Коми автономиялық облысында туған. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген, большевиктермен айқасқан ғалым. «Ресейдің бүгінгі жағдайы» атты еңбегінде ол бүгін біз көп айтып жүрген адамдық капитал идеясын алға тартты: «Әрбір қоғамның тағдыры оның адамдарының сапасына байланысты … Ақымақтар мен қабілетсіздерден тұратын қоғам еш уақытта табысқа жетпейді. Олардың қолына керемет конституция, бағдарлама берсең де тамаша қоғам жасай алмайды. Керісінше, жігерлі, білімді адамдардан тұратын қоғам жетістікке жеткізеді. Сондықтан, қазір қоғамның адамдық материалының сапасы қандай болса, болашағы да сондай болады…» – деп, ол большевиктердің социалистік қоғам құру идеясына үлкен күдік келтірді. «Надан елде социализмді тек күшпен, зорлықпен енгізуге болар…» деген оны большевиктер, әрине, ұнатқан жоқ. Ресейден кетуін талап етті. 1922 жылы 15 қарашада «Философский пароход» деп аталып кеткен кемемен большевиктердің көңілінен шықпаған философтар шетелге бағыт алды. Олардың ішінде П.А.Сорокин де бар болатын. Ол АҚШ-қа барып қоныс тепті. П.Сорокиннің адамдар сапасына байланысты ойлары «Мәңгілік ел» идеясын терең негіздеуге және жан-жақты ойлануға жетектейді.
Сорокин «Революция және социология» атты еңбегінде «Ұлт» деген ұғымды талдауға аса зор мән берді. «Ұлт деп кейбіреулер қан, тек, нәсіл бірлігін айтады. Шындығында таза неміс, ағылшын қаны деген қан жоқ. Қан тазалығы жылқы зауыттарында кездеседі, «таза қанды» айғырлар ғана бар. Ал, адамдарды қан біріктіреді деу қате…» – дейді ол. «Иванов пен Петров» – бір ұлттан, оларды жақындататын қандарының химиялық құрамы емес». Бұл да сол кісінің уәжі. Кейбіреулер ұлттан ұлтты айыратын тіл дейді. Бір тілде сөйлейтіндер бір ұлтқа жатады делінеді. П.Сорокин оны да теріске шығарады: «Егер, тіл – ұлттың шешуші белгісі болса, венгер тілі мен неміс тілін бірдей білетіндерді кім дейміз? Ағылшындар мен американдықтар да негізінен ағылшын тілінде сөйлейді, бірақ, әртүрлі ұлттар.
Дін де ұлттың белгісі бола алмайды, себебі, бір дінді көп ұлттар ұстанады. Ортақ экономикалық мүдде де ұлттың белгісі бола алмайды. Экономика саласында әртүрлі ұлттар өкілі еңбек ете береді.
Мәдениет те ұлттың белгісі бола алмайды. Егер, тіл, дін, экономика әртүрлі ұлтқа ортақ болса, онда мәдениеттен не қалды?».
«Кейде ұлттық психология, мінез-құлық ортақ деген пікір айтылады. Шындығында адамдардың мінезі ұлтына қарай емес, кәсібіне қарай қалыптасады…» – дейді автор.
Сонымен, оны ешқандай ұлт туралы теория қанағаттандырмайды. Ұлт әртүрлі элементтерге бөлініп жоқ болды. «Нация исчезла», – деп түйеді автор. Ал, «еврей мәселесін», «армян мәселесін», «украин мәселесін», «поляк мәселесін», «бұратаналар мәселесін» қайтеміз, бұл – ұлт мәселесі емес пе? Ұлт жоқ болса, бұл мәселелер қайдан туды? – деген сұраққа, П.Сорокин оларға астамшылықпен қараудан аулақ екенін айта келіп: «Аталған ұлттардың мәселелері бір-біріне ұқсас емес, бірақ, олардың астарында құқықтық теңсіздік жатыр, ал, ол – ұлт мәселесі емес» – дей келе ол теңсіздік қоғамдағы жалпы теңсіздіктің бір қыры», дейді. Эмиграцияда өмір сүрген П.Сорокин Ресейді сағынды, аңсады, оның ұлт деген көзқарасына күрделі өзгерістер әкелді. «Социология жүйесі» атты еңбегінде символдар, әсіресе, ұлттық символдар, ұлттық идеялар жөнінде терең ойланады. Ұлттық идея ұлттың арқауы, түйіні, оның байланыстырушысы, біріктірушісі дейді. Өмірінің соңғы кезеңінде сағым емес, нақты рух екенін мойындайды.
«Ресей» деген атау – біздің көз алдымызда Иван Грозный заманын да, бүгінгі күнді де елестетеді. Қай заманды айтсақ та, бұл – бөлінбейтін, ажыратуға келмейтін символ. 1919 жыл – Грозный заманының жалғасы. Уақыт өтсе де, ұрпақтар алмасса да, адамдар қауымдастығы өзін неге орыспыз деп атайды, себебі, ұрпақтар арасында тығыз байланыстар, өзара көріне бермейтін рухани қатынастар орнаған. Көзқарас, дәстүр, әдет, салт, талғам аға ұрпақ арқылы жас буынға беріледі, олардың арасында азды-көпті ұқсастық қалыптасады, ол – тілдің, наным-сенімнің, салттың, әдет-ғұрыптың ұқсастығы, қысқаша өмір-салт бірлігі».
П.Сорокин ұлт бірлігін қалыптастыратын тілдің қызметіне зор мән береді: «Различные поколения говорят на одном и том же языке, например, на русском, но это влечет за собой уравнение и сближение одинаковоязычных лиц и поколений.. оказываются связанными друг с другом, мыслями как нечто единое». Сонымен бірге, жер, су, қала, деревня, «Иван Великий», «Василий Блаженный», «Москва» сияқты атаулар, бас иетін қасиетті орындар – «шіркеу», «икондар», тағы басқалар да ұлт идеясын сіңіреді. Ұлт ұғымы белгілі құндылықтардың басын қосушы жиынтығын білдіреді дейді: «Нация – это территориальная +языковая+государственная кумулятивная группа, является для нашего времени группой нормальной, солидарной и типичной».
Жасы келген шақта П.Сорокин АҚШ-қа барған орыс философтарымен жақын танысуға ұмтылған. Жоғарыда айтқанымыздай, П.Сорокин – Кеңестер Одағынан қуылған, өлім жазасына кесілген ғалым. Кеңес ғалымдарына онымен кездесуге тыйым салынған. Бірақ, бірен-саран ғалымдар, тәуекелге барып, онымен кездескен де. П. Сорокин оларды қонаққа шақырғанда, оның Ресейді сағынатыны үйінің тек орыстың Кремлі, Василий Блаженныйдың шіркеуі, Санкт-Петербургтің көріністерімен безендірілгенінен көрініп тұрады. Әңгіме барысында оның В.Ленинге қастандық жасау ниеті болғаны да сөз болып қалады. Дегенмен, ол әңгімені басқа арнаға бұрып: «Біздің арманымыз өлер алдында Ресейді бір көру. Біздің басқа Отанымыз жоқ, болуы да мүмкін емес. Біз – Кеңес үкіметінің жауы да, оппоненті де емеспіз. Біздің ортақ мүддеміз көп», – дейді. Бірақ, В.Ленинге қастандық жасауға ниеттенген адамға Кеңес еліне келу мүмкін емес еді. Осылайша оның арманы орындалмады.
Тәуелсіздіктен бас тартып, әлемдік үкімет құру идеясын қолдаушылар Біріккен Ұлттар Ұйымына мол өкілеттіктер берілсе, әлемдік қазнашылық, әлемдік бюджет, әлемдік арбитраж экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге кепілдік береді дейді. Осы ұсынысты жүзеге асыру үшін бірінші кезеңде бүгінгі ұлттық мемлекеттерді 12-15 федерацияға бөлуді ұсынады. Әлемдік үкімет қайшылық тудыратын ұлттық мемлекеттерді ыдырату арқылы ғана өмірге келеді. «Бұл жағдайда әлем азаматтарының саяси баспана сұрайтын мүмкіндіктері де болмайды-ау» деген бір автордың әзілі еске түседі. Планетарлық үкімет – күдікті жоба, ол қызығушылық та туғызар, бұл бірақ айналып келгенде баяғы «жұмысшылардың отаны жоқ» деп Маркс пен Энгельс айтқандай, коммунистік арман сияқты утопия, әйтеуір, революциялық төңкеріске шақырмайды.
Глобализмге, планетарлық үкімет сияқты идеяларға талай ғасырлық, рухани мұрасы бар 2 млрд. астам христиан, 1,6 млрд. мұсылман, миллиардқа жуық будда діндері мен ұлттық мәдениеттер қарсы. Әр өркениет өз құндылықтарын қорғауда, бүгін батыс құндылықтары мен мұсылман, конфуциялық, басқа әлемнің құндылықтары бәсекелестік, қайшылық жағдайда өрістеуде. Ол бәсекелестіктің астарында ұлттық мемлекет мүдделері де жатқаны белгілі. Тағы да бір мәселені айта кетейік. Болашақ әлемдік мемлекет туралы сөз болғанда, тарихи сахнадан кететін елдерге АҚШ, Жапония, Германия, Англия, Франция сияқты мемлекеттерді қоспайды. Демек мәселе Қазақстан сияқты мемлекеттер туралы болып отыр.
Ұлттық мемлекет – ұлттық құндылықтардың тірегі
Сөз жоқ, ұлттық мемлекеттердің глобализм жағдайына және космополитизм ағымына қарсы тұруға әлі бейімделе алмай жатқаны белгілі. Бұл тұста салмақ мемлекет құрушы ұлттың намысына, таңдауына, ұстанымына, бірлігіне, жаңа ізденістеріне және елдегі демократиялық ахуалға да байланысты. Мәселе, тіпті мемлекеттің кейбір өкілеттігін ұлттан жоғары органдарға бергенде де емес, егер ол қадам белгілі шарттармен, есеппен берілген болса. Бүгінгі экономикалық дағдарыс жағдайында ұлттық мемлекеттер мен орталық банктер жалпы экономикалық саясатты үйлестіру де айтарлықтай күш салып жатыр. Бүгінде терроризммен күресте де негізгі салмақ ұлттық мемлекеттерге түсуде. Ұлттан жоғары құрылымдар ұлттық мемлекеттерсіз бүгінгі адамзат алдындағы қарусыздану, экология, демография, энергетика, дағдарыстардың алдын алуда күрделі мәселелерді шеше алмайды. Бірқатар мемлекеттер, мысалы, АҚШ мемлекеттік аппаратты күшейтіп, мемлекет әкімшілігінің ықпалын арттыруда, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын жетілдіруде. Ешқандай құрылым ұлттық мемлекетті алмастыра алмайды. Қазіргі кезде әлеуметтік салада, қауіпсіздік мәселелерінде, адам хұқын қорғау, ұлтаралық, дінаралық қатынастарды реттеу мен ұлттық құндылықтарды қорғауда мемлекеттің орны бөлек. Ұлттық мемлекет, ұлттың тағдырын болашақта жаһандану қатеріне бейімдей, мемлекет басқаруды жетілдіріп, ұлтты сақтай алады. Ғалымдардың айтуынша, ұлттық мемлекеттен, ұлттық идеядан бас тарту мүмкін емес.
О. Сүлейменов өзара тәуелділік әрқашан да тиімді деп есептейді. Ал, ұлттық мемлекеттер халықаралық одақтарға, байланыстарға сын көзбен қарайды. Жан-жақты бәсекелестікке түскен қазақ елінің ұпайы түгел болар ма екен деген сауал көп қазақтың көкейінде. Мемлекеттер қарым-қатынасы әрдайым әділ, өзара сыйластыққа негізделе бермейді, біржақты үстемдікте орын алатын жағдайлар баршылық. Қайшылықтар тіпті, ымыраға келмейтін қайшылықтар, барлығы белгілі: бір жақ ұлттық мүдделерді қолдаса, екінші жақ, қарама-қарсы, ұлттан жоғары сырт мемлекеттердің мүддесін қорғайды. Осы тұста қайшылықтарды еңсеру, ортақ шешімге келу, келісу, келістіру, өзгені де ойлау, ұтылыста қалмау саяси шеберлікті, терең талдауды қажет етеді. Күтпеген, төтенше жағдайлар да айқын, күмәнсіз шешім қабылдауды талап етеді. Өзара тәуелділік, экономикалық одақтарға кіру, ұлттық мүддеге нұқсан келетін тұста олардан шығудың да жолдарын мемлекеттер ойластырады. «Мен бір рет айттым, тағы да қайталап айтам, тәуелсіздікке нұқсан келтіретін болса, ондай ұйымдарда Қазақстан ешуақытта болмайды. Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз – Тәуелсіздік! Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек. Сондықтан бұл жөнінен ешқандай күдік болмасын» –деді Н.Назарбаев («Егемен Қазақстан», 26тамыз, 2014жыл.).
Кейде Олжас Омарұлы өзара қарым-қатынасқа тек қазақтар мүдделі дегендей ой айтады: «Мыңдаған жылдар өзара қарым-қатынастағы, 7 мың километрге созылып жатқан ресми ортақ шекарамыз бар Ресейден толық тәуелсіз бола аламыз ба? Немесе Қытайдан? Сондай-ақ, Қырғыз, Өзбек, Түркмен, Әзірбайжаннан? Қазір де, ешқашан да бола алмаймыз?» («Қазақ әдебиеті», 13.03.2015ж.). Дұрыс, адам күні адаммен, мемлекет күні басқа мемлекеттермен. Бірақ, тек қазақ сол мемлекеттерге тәуелді емес, Ресей, Қытай, Қырғыз, Өзбек, Түркмен, Әзірбайжанның да күндері бізге түсіп тұр. Сондықтан да бүгінгі заманды өзара тәуелділік заманы дейміз.
Кейде АҚШ пен Батыс санкция жариялаған, валютасы құнсызданған, турасын айтсақ, изоляция жағдайындағы Ресеймен Одаққа кіріп, неге асығыстық жасадық деген пікір де айтылып қалады. «Ресей халқы, мүмкін, бұл қиындықтарды көтерер, ал, қазақстандықтарға олардың ауыртпалығын бөліскендей қандай мұқтаждық бар еді?», – дегендей сауалдар қойылады. Ол сауалға Н. Назарбаев: «Біз осыны пайдаланып, Ресейге азық-түлік өнімдерін көбірек шығаруымыз керек. Фермерлеріміз көкөністі, ет, сүтті, басқа да тамақ түрлерін көбірек әзірлеп, көптеп сатып, пайда табады», – деп, мемлекеттік мүдде тұрғысынан мәселені түсінікті жеткізді («Егемен Қазақстан», 26 тамыз, 2014 жыл).
Белгілі АҚШ саясаткері Збигнев Бжезинский Н.Назарбаевтың еуразиялық концепциясын саяси прагматикалық идея деп бағалағаны белгілі. Экономиканы айтпағанда, бұл идея ішіміздегі орыс диаспорасының қазақ мемлекетіне сіңісуіне, елдің тұтастығына жұмыс жасап отыр. Ұлттық мүддені ойлағанда, тағы бір өткір мәселе алға шығады. Ол өзара байланыстар, тәуелділік төңірегіндегі саяси – психологиялық ахуал, экономика, қаржы мәселелерін реттейтін мемлекеттердің, мысалы, Қазақстан мен Ресейдің, шенеуніктерінің, заңдарды ратификациялайтын депутаттардың ұлттық позициясы мен ұстанымдары. Ресейді жақсы білетін О. Сүлейменов былай дейді: «Однако часть политической элиты до сих пор вдохновляет имперская модель. Кое-кто не понимает, что былое слияние невозможно» (212бет). «Аз и я» еңбегіндегі өркениеттер байланысы идеясын әлі қабылдамайтындар көп: «Я высказал в этой книге некоторые идеи, которые не услышаны и не поняты до сих пор», – деп ренжиді Олжас Омарұлы. Ал, кейбір ресейлік саясаткерлер мен депутаттардың пікірін тыңдағанда, олар психологтар емес, психиатрдың көмегіне мұқтаж ба деп қаласың. Осы тұста тағы да Збигнев Бжезинскийдің Ресей туралы сөздері ойға оралады: «Ключевые институты советской власти – хотя слабые, деморализованные и коррумпированные-остались». Автордың айтуынша, коммунистік, билеп-төстеп қалған жүйе әлі тек санада ғана емес, іс-әрекеттерде де көрініп тұр. Бұрынғы кеңес республикаларын ортақ қораға қайтару саясаты әлі де басшылыққа алынуда. Сондықтан, тәуелсіз елміз деп оқшаулану (автаркия) қандай қауіпті болса, ойланбай өзара тәуелділікке бара беру де сондай қатерлі екенін біз түсініп келеміз. Бірақ, біздің сыртқы қатынастармен айналысатын мамандардың ұлттық мүддені терең түсінуі, оны қорғауына көп мәселелер байланысты екені белгілі.
Космополитизм мен нигилизм егіз
Космополитизм, астамшылық нигилизммен, ұлтын кемсітушілікпен ұштасатыны заңды құбылыс. О. Сүлейменовтің де осы дертке ұшырағаны көрініп тұр.
Төртінші жүз
О. Сүлейменов: «Әзірше бізді ұстап тұрған Төртінші жүз. Республикамыздың көп ұлттан құралған халқы. Қазақстан халқының тұтастығын сақтау үшін де Төртінші жүзді сақтау керек» – дейді («Қазақ әдебиеті», 13.03.2015ж.). Келісімге, тұрақтылыққа, бірлікке ешқандай балама жоқ. Еліміздегі қазақ емес диаспоралар, бауырлас төртінші жүз, төрт жүздің достығы елдің тұтастығының кепілі десек, барлығы түсінікті болар еді. Бірақ, О.Сүлейменовтің сөзінен руға, жүзге бөлінген қазақтың басын қосатын, қазаққа төрешілдігін айтатын, керіскендерін келістіретін төртінші жүз – қазақтар емес деген ой өзінен-өзі туады. «Бірыңғай армяндардан тұратын Армения қалай төртінші жүзсіз өмір сүріп жатыр екен?» – деген сауал туады. Бұл мәселеде әлеуметтану зерттеулеріне жүгінейік. Еліміздегі қазақтар мен басқа этникалық топтардың бағыт-бағдарлары әртүрлі. Мәдениет және ақпарат министрлігі тапсырысы бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеулер мынаны көрсетеді. «Сіз өз балаларыңыздың болашағын қазақ халқының ертеңімен байланыстырасыз ба?» – деген сауалға қазақтардың 96,9%, орыстардың 53,5%, басқа диаспоралардың 78,5% «ия» – деп жауап беріпті.
Қазақстандықтар ұлтына қарамастан еліміздегі ұлтаралық қатынастарды негізінен тұрақты деп есептейді. Социологиялық зерттеулер олардың 48,7% «ешқандай проблема жоқ, қарым-қатынастар достық сипатта» депті, екінші топ балапан басына, тұрымтай тұсына дегендей, ортақ мүдделер жоқ дегенге келеді, олар 27,9% құрапты. «Егер қақтығыстар сіздің ұлтыңыздың мүддесіне қатысты болса, сіз араласар ма екенсіз» деген сауалға 42% «жағдайға байланысты», 35,6% «ешқашанда араласпаймын», 12, 4% – «сөзсіз» деп жауап беріпті (Социологические исследования» 2014, №8, 57бет). Жағдай әр кезде мамыражай бола бермейді. Достыққа, бірлікке қазақстандықтар мүдделі, соның ішінде мемлекет құраушы қазақ ұлты мүдделі және ол өз айналасына барлығын топтастырып отыр.
Рушылық пен рушылдық
О. Сүлейменов қазақтарды тағы бір қырынан сынға алады: «Өткен ғасырлардан бері әлі күнге халықты біріктіретін ұлттық сана-сезім қалыптаса алған жоқ. Әзірше аталастық, рулық, әрі кеткенде жүздік пікір жатқанын түсіне қоямын» – депті. Руға, жүзге бөліну екі жақты құбылыс деп есептейді ғалымдар. Бір жағынан, руға, тайпаға бөліну ұлтты әлсіретеді. Екінші жағынан, қазақ руын білу арқылы, өз тегін, тарихын таниды. Кейде алғашқысын рушылық деп, жағымды мағынасында айтса, екіншісін рушылдық деп, жағымсыз негативтік мәнінде айтады. Академик Салық Зиманов былай деген: «Қазақ даласындағы бытыраңқылықтың, өзара араздықтың бірте-бірте бірігушілік идеяларына қарай ойысуы елдегі қоғамдық қатынастардың бір қалыпқа түсуіне және еркіндік, бейбітшілік, ел бірлігі рухынан нәр алған хұқықтық ережелердің ролін арттыра түсті». Ал, Олжекең: «В Афганистане нет национального самосознания. У них есть племенное сознание. Они союз племен до сих пор. В этом смысле мы ближе к Афганистану и Ираку, чем к Франции. Сейчас мы обьединяемся, как казахи, только когда рядом есть другие национальности» (41бет). Бізді қазақ етіп жүрген баяғы төртінші жүз туралы әңгіме қайталанады. Ұлттық сананың өрбуі, дамуы бөлек әңгіме. Ұлт табиғатында бытыраңқылық пен бірлік, жікшілдік пен тұтастық үрдістері әрдайым күрделі қайшылықта дамып, ұлт тағдыры шешілетін тұста бірлікке құлшыныс басым болған. Мамыражай, бейбітшілік жағдайында жікшілдіктің, бытыраңқылықтың көріністері жиі байқалады.
Бірақ, осыдан 550 жыл бұрын қазақ хандығын құрған халықты біріктірген рулық, жүздік психология емес, ел боламыз деген биік мерей, бытыраңқылық емес, бірлікті, тұтастықты мұрат еткен ұлттық сана.
Кемелдік пе, кемсіту ме?
Тәуелсіздікпен бірге қазақ ұлтының мәселелері түгел шешілгендей, Олжас Омарұлы енді басқа ұлттарды қазақтардан қорғауды, әсіресе, орыс тілін қолдауды мақсат етеді: «Но теперь мне приходится отстаивать права, русского языка, доказывая просвещенным невеждам, что этим защищаю казахский народ, нашу государственность» (106 бет). Сырттай елдің тыныштығын ойлағандық болып көрінгенмен, бұл пікірдің астарында екі жақты сенімсіздік жатыр. Бір жағынан, орыс диаспорасын бөтенге санап, қауыпты солардан күтіп, қазақтардың мемлекеттілігі, солардың тілінің жағдайы мен көңіл-күйіне байланысты деген астарлы ой айтылады. Екінші жағынан, қазақтарға, әсіресе, «білікті надандарға» күмән туғызады. Еліміздегі ұлттық саясат барлық этностардың сұраныстарын қанағаттандыруға қызмет жасайды, сондықтан да ұлтаралық келісім, тұрақтылық барлық азаматтар үшін құндылық. Ұлттың кемелдігінің белгісі өз кемшіліктерін өзгеге сынатпай, өзінің ащы тілімен, әзілмен сынға алуы. Бірақ, О.Сүлейменовтың қазақтарды сынаудан гөрі кемсітуге жақындығын аңғартады. «Сөз қару, бұны бұзуға жұмсасаң бұзады. Түзеуге жұмсасаң – түзейді. Сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастаған жұрттың өзі түзелуге бет алғанын көріп тұрмыз», – деген Әлихан Бөкейхан (Шығармаларының толық жинағы, ІІІтом, 369 бет).
О. Сүлейменов кейде қазақтарға ренжулі: «напрочь отказывают в патриотизме мне. Только потому, что я люблю русский язык, литературу» (83бет). Орыс тілі мен әдебиетін сүйетін, сыйлайтындар, орыс тілінде жазатын қазақтар арасында баршылық, оларды ел құрметтейді. Олардың арасында ана тілін толық меңгермегендері үшін ұялатындар да көбейіп келеді. О. Сүлейменовтың ұлттық құндылықтарға бейжай қарағаны, жастарды ұлтсыздыққа бейімдейтіні алаңдатады. О. Сүлейменовтың ол ұстанымдарын қабылдамайтындар баршылық.
550 жылдық мемлекеті бар қазақ ұлттық намысын қолдан бермеген. О. Сүлейменовтың бабасы, Олжабай батырға аға да, замандас та болып келетін Қаздауысты Қазыбек бидің (1660-1757жж.) Қоңтажының «Датыңды айт!» дегендегі монологы күрделі саяси-психологиялық тартыстың үлгісі. Бабамыз әңгімесін қазақтың бейбіт халық екенінен бастайды: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз», – дейді. Сөзін жалғастыра артындағы елінің намысты да халық екенін баса айтып: «елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын, деп найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз», – дейді. Дегенмен, жағдайды шиеленістірмейін деп, «достығымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз» дей келіп, тағы да намыс отын қыздырып, «асқақтаған хан болса, ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз», – дейді. Ұлттың биік мерейін, атақ-даңқын сақтай отырып: «Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз»,- дейді. Дегенмен, сабырлық танытып, тағы да достыққа шақырады:
«Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, қалмақ қазақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге табысқалы келгенбіз» дейді де, «танысуға көнбесең шабысқалы келгенбіз», – деп ұлттың намысын қолдан бермейтінін айтады. Сонда, Қоңтажы не дерін білмей сасып қалған. Қазақтың ұлттық намысы – жаһандану заманында космополитизммен күресте ең қымбат капитал.
Амангелді Айталы,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің
профессоры
"Ақиқат" журналы